Еңбекті байлық еткен Жалағаш елі…

0
229

Облыстың орталық ауданы Жалағаш жұрт­шылығы байырғы кәсібі диқаншылық пен мал шаруашылығында береке арттырып, дүйім елмен бір тыныста кәсіп көзін іздеп, меңгеру барысындағы ел. Жер қойнауынан көсіп алып жатқан кен байлығы болмаса да ел байлығы атадан үрдіс -ұлы еңбек деп біледі бұл жұрт. Кәсібін дөңгелетіп, ел ырысын молайтқан жалағаштықтар қатарының өскелеңдігі мұның дәлелі. Жалпыға ортақ Еңбек қоғамы жалаң ұран емес, кешеден үлгі, бүгін де, ертең де өзекті, өміршең қағидат, өмір талабы.

Жалағаш ауданының әкімі Қайратбек Әубәкірұлы Сәрсенбаевпен сұхбатымыз­дың желісі байырғы диқан, малшының ізін жалғастырып, еңбекті үрдіс еткен бүгінгі күннің озықтары — кәсіпкерлер бастама­лары, жалпы  ауданның ілгері тыныс-тірлігі жайында болды.

— Қайратбек Әубәкірұлы, ел Президенті Жолдауының жарияланғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Осы орайда Жолдаудың жала­ғаш­тықтарға қандай игілігі болады?

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауы халықтың жоғарыға жетпей жүрген мәселелерін шешуге бағытта­лып, мұң-мұқтажын ескеріп құлақ асқан Жолдау болды. Оның игілігін Жалағаш халқы да көреді.

Жолдауда көтерілген көп­теген мәселелердің бірі сот жүйесінің әділдігі. Биліктің жоғары сатысы — соттың өзінде әділеттілікке жете алмай жүргендер бар. Сот жүйесінде бүгінде Жоғары соттан бастап жұмыс жүргізіліп жатқандығы әділеттілікке жетудегі бір қадам.

Жолдаудың берері көп. Шағын кәсіпкерлікті табысқа салынатын салықтан үш жылға босату, тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу жөнінде айтылды. Бұл шағын кәсіпкер­лерге үлкен көмек, үш жылдың ішінде кәсіпті дөңгелетіп алып кетуіне мүмкіндік. Мысалы, Жалағаш ауданында жерасты байлығы, ірі кәсіпорындар жоқ.

Негізінде ауыл шаруашы­лығы бағытындағы, облыста күрішті ең көп егетін ауданбыз. Ауданда кәсіпкерліктің дамуы да ауыл шаруашылығы бағы­тында. Ауыл шаруашылығы кәсіпкерліктің дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймыз. Осы бағытта кәсіпкерлер өткен жылы 3 млрд. теңге көлемінде несие алды. Биылғы жылы да сондай көлемде несие алу жоспары бар. Қазір 1 млрд. 506,5 теңге несие алынды. Жалпы несие алып, кәсібін бастауға талпынған адамдар көп. Оларға тиісті деңгейде қолдау жасалады. Бұрындары керек есікке кіре алмай, табалдырықты тоздырып жүретін болса, қазір ауыл әкімдері кімнің кәсіпке бейімі, талабы бар, соларды облысқа алып барып, бүкіл қаржы институттарының есігін қағып, көмектесіп жүр. Бастысы, кәсібін баста­ғандардың қара­жатты тиімді пайдала­нып, кәсіпті дөңгелетіп алып кеткені.

Жолдауда аз қамтыл­ған және көпбалалы от­ба­сыларды қолдау бағы­тында тағы да бірқатар шаралар белгіленді. Бұған дейін көпбалалы, аз қамтылған отбасылар­ға берілетін әлеуметтік қаражат мәселесі қолға алынғаны белгілі. Нәтижесінде бұл қаражат еселеп өсті. Біздің Жалағаш ауданында да жылдың басындағы қаражат 8-10 есе өсіп, қазір бір айда 100 млн. теңгеге дейін барды. Осы орайда, үйде отырып та 100 мың теңге аламыз деп 40-50 мың теңге айлық алатын жұмысын тастап, табысын азайту мақ­сатында қорадағы малын сатып, етке жіберіп жатқан теріс пейілділік те байқалып жатыр. Біздің міндетіміз шынайы мұқтаж адамдарды анықтау.

— Егін науқаны жүріп жатыр. Күріш өнімділігі жоспардағыдай ма? Қанша гектар, қандай сорттар егілді, жергілікті сорттар көлемі қанша?

— Ежелден диқаншылықты кәсіп еткен, маңдай терімен елдің қамбасына мол өнім құюды дәстүр еткен, жалағаш­тық диқандар биылғы егін жинау науқанына да мол табыстармен келді деп айтуға толық негіз бар.

Жалағаш ауданы бойынша 2019 жылы  ауыл шаруашылығы дақылдары бекітілген сызба­сына сәйкес  36 675 гектарға агротехникалық талаптарға сай егіс орналастырылды. 

21800 гектар күріш дақылының 19 063 гек­тары «Лидер», 2411 гектары  «Янтарь», 268 гектары «Фаво­рит», 30 гектары «Маржан» сорттары. Вегатациялық мер­зімі 105 күн болатын  жергілікті «Сыр сұлуы» сортын 28 гектарға ектік.  Егілген 21 800 гектар күріш егісі алқабының 85 % жақсы, 12,5% орташа, 2,5% қанағаттанарлық деңгейде.

Ауданда егінге орақ салу жұмыстары тамыздың 25-нен басталды. Бүгінгі күні егілген 21 800 гектар күріш дақылының 7 192 гектары орылып («Байта­бын» ЖШС-600 гектар, «Сәрке батыр» ЖШС-500 га, «Манақ баба» ФҚ-500 га, «Егінші» ЖШС-450га), оның 5 189 гектары бастырылды, орта өнім 1 гек­тардан 48,0 центнерді құрайды.

Егілген 2210 гектар мақ­сары, 306 гектар бидай, 50  гектар жаздық арпа толық жиналып, мақсары дақылынан 1481 тонна, бидай дақылынан 339 тонна, арпадан 32,5 тонна өнім жиналды.

Ауданда көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 500 гектар картоптың 205 гектары 1000 гектар көкөністің 793 гектары, 1200 гектар бақшаның 852 гектары жиналды.

Күзгі егін жинау жұмыс­тарына қатысатын 402 трактор, 240 комбайн, 103 жатка, 100 жүк көлігі және 155 тіркемесі бар. Бүгінгі күнге ауыл шаруашы­лығы техникаларының 100 пайызы жөндеуден өткізілген.

2018 жылы ауа райының қолайсыз болуына және су тапшылығына қарамастан егілген 22 382 гектар күріш дақылының әр гектарынан 56,6 центнерден өнім жинау қамтамасыз етілді. Биылғы жылы ауа райы қолайлы болды және су тапшылығы орын алған жоқ. Мерзімінде агро­техникалық талаптарға сай орналастырылған 21 800 гектар күріштің әр гектарынан 58,0 центнер­ден өнім жинауды  меже­леудеміз.

— Жылма-жылғы тір­лік егін шаруашылы­ғында жылдан-жылға әртараптандыру, сумен қамтамасыз ету, т.б. бағыттарда  Жала­ғаш­та нендей жаңалық?

— Әртараптандыру бағытында суды аз қажет ететін дақылдар майлы дақыл: мақсары, мал азы­ғындық дақылдар: жо­ңыш­қа, дәнді дақыл: арпа, бидай дақылдарының егіс көлемі жылдан жылға артып келеді.

Қашаннан диқаншылықты кәсіп еткен Сыр бойы диқан­дары үшін инженерлік жүйеге келтірілген жердің маңызы өте зор.

Ұзақ жылдар агротехника­лық талаптардың, ауыспалы егіс тәртібінің және суландыру режимінің сақталмауынан, көптеген инженерлік жерлердің айналымнан шыққандығы бел­гілі. Осы мақсатта ирригация дренажды жүйелерін жаңғырту жобасының 2 кезеңі бойынша құны 12 млрд 500 млн болатын бірден бір жоба Жалағаш ауданында жүзеге асырылуда. Инженерлік жүйеге Аққұм, Бұқарбай батыр, Таң және Мәде­ниет ауылдық округте­рінен 15 123 гектар жер айна­лымға қосылып, келешекте мол өнімнің негізі қаланады деп отырмыз.

— Мал шаруашылығы саласы бойынша нақты көр­сеткіштермен қабат жалпы жағдай қалай? Алдағы жоспар қандай?

— Аудан көлемінде барлығы 32308 бас  ірі қара, 47968 бас  уақ мал,  12934 жылқы,  521 бас түйе, 9663 бас құс өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда МІҚ 102 %, жылқы 105,4%, түйе 101,1%, қой 94,3%, ешкі 100,3 %, құс 113 % орындалды.

Аудан бойынша 2019 жыл­дың 1 тамызына барлығы 1814,08 тонна (тірілей салмақта) ет,  5489,7 тн сүт, 127,5 мың жұ­мырт­қа өндірілді.  Өткен жыл­мен салыстырғанда ет 102,8 пайыз­ға, сүт 100,8 пайызға, жұмыртқа 101,0 пайызға орын­далды.

Етті мал шаруашылығын дамытудың 2018-2027 жылдар­ға арналған бағдарламасы бойынша индикативтік көрсет­кіштерге сәйкес 200 бас  шет елдерден ірі қара малын сатып алу жоспары бар .

Биылғы жылы Аққұм ауыл­дық округіндегі «Бақдәулет 57» ШҚ Иран мемлекетіне 127 бас қой экспорттады. Алдағы уақытта осы шаруашылық 240 бас қой малын экспорттайды

— Ауыл жұрты үшін үй жанындағы шаруашылық қалыпты жағдай. Дегенмен аяқ судың жетімсіздігі бау-бақша өсіруге қолбайлау, қорадағы бір-екі бас малдың ауыл маңайындағы өрісі тар, қысқы шөбін қамдау да қиын… Осындай жағдай Жалағашта да жоқ емес шығар? Шешімі қандай?

— Жалағаш ауданы бойынша барлық ауылдық округтердегі ауыл тұрғындары  аяқ сумен қамтамасыз етілген. Өткен жылы Аққыр елді мекенін аяқ сумен қамтуда қиындықтар орын алған болатын. Осы мәселені түбегейлі шешу үшін су шаруашылығы мамандары­мен жұмыс жасалып, жаз айла­рында Аққыр елді мекені тұрақты аяқ сумен қамтылды. Алдағы жоспарға Еңбек ауы­лындағы «Ауыл арығы» каналын, Жаңадария ауылдық округін­дегі «Мүлкілән» және «Жаңа Арна» каналдарын тазалау жоспары бар. Жаңадария  ауыл­дық округінің жері бау-бақша дақылын егуге қолайлы. Алайда аяқ судың тапшылығынан әрбір аулаға бау-бақша егуге мүмкін­дік болмай отыр.   Аталмыш каналдар қалпына келтірілген жағдайда ауылдық округ аума­ғынан 500 -700 гектар жерлерге бау-бақша дақылдарын егуге қол жеткізуге болады.

Биылғы жылы аудан бойын­ша 500 гектар картоп, 1000 гектар көкөніс, 1200 гектар бақша дақылдары егіліп, орна­ластырылды. Осы дақылдар­дың басым көпшілігі ауыл тұрғындарының үйіргелік бақ­ша­лықтарында егілді.

Жекелердің иелігіндегі мал күнделікті бағытына сәйкес ауыл аумағындағы жайылым­дық жерлерде жайылады. Со­ны­мен қатар жылма-жыл қазан – наурыз айларында күзгі егін жинау науқаны аяқталған­нан кейін егістік жерлерге жайылуға мүмкіндік бар. Күнделікті жеке­лердің иелігіндегі малды жаюға барлық ауылдық округтердегі жер үлесшілерінің пайдала­нуын­дағы 247 548 гектар, елді мекен жерлеріндегі 35 896 гектар, барлығы 283 444 гек­тарды құрайтын жайылымдық жерлерді пайдалануға болады.

Ал, болашақта ірі мал шаруа­шылығымен айналысатын тұлғаларға елді мекендер ау­мағынан емес, шалғайдағы Қарақұм және Қызылқұм өңірлерінен жайылымдықтар табысталатын болады.

Қазірдің өзінде сәуір айынан бастап қазан айының соңына дейін  шаруашылықтардан  Қарақұм бағытына 2200 бас жылқы 2000 бас қой, 1200 бас ірі қара, Қызылқұм бағытына 5000 бас қой , 1500 бас ірі қара, 3000 бас жылқы малы шығарылады.

— Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытын­дағы ілгерілеу қаншалықты? Бір-екі жобаны іске асырып алып, соны жылдан-жылға «міне, өңдеп жатырмыз» деп жарнамалап жүретін жалпы жағдай бар. Осы тұрғыда Жалағашқа қатысты айта­рыңыз?…

— Ауданда бұл бағытта бір­қатар жұмыстар ұйымдасты­рылып келеді. Жыл сайын аудан­дағы ауылшаруашылығы құрылымдары жинаған күрішті Қызылорда қаласына тасып, өңдейтін. Осы орайда, был­тыр­ғы жылы Таң ауылдық округінде «Таң ЛТД» ЖШС қаржылан­дырумен (149,0 млн. теңге) қуаттылығы тәулігіне 100 тонна күріш ақтайтын зауыты ашыл­ды. Қазіргі уақытта 15 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Сонымен қатар, биылғы жылы Аққұм ауылында 187,0 млн теңгені құрайтын «Бақдәулет-57» ШҚ жанынан тәулігіне 100 тонна күріш ақтайтын зауыт, Жалағаш кентінен тәулігіне 60 тонна күріш ақтайтын «Иса­ханов» ЖК  күріш ақтау зауыты салынып, пайдалануға берілді. Зауыттың жалпы құны 100 млн теңгені құрап отыр. 6 адам жұмыспен қамтылған.

Бұл дегеніміз жиналған күріш өз ауданымызда өндірі­ліп,  аудан тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз ететін боламыз деген сөз.

Биылғы жылы Таң ауылдық округінде «Агролидер Таң» ЖШС қожалығындағы ет өнім­дерін қайта өңдеу цехының құрылыс жұмыстары толықтай аяқталып, құрал-жабдықтар алынды. Цех ғимаратының құны — 53 млн, құрал-жабдықтарының құны 58 млн. теңге.  Биылғы жылдың 1 қазанынан бастап іске қосылады. 11 адамды жұмыспен қамтиды.

Сондай-ақ, Ақсу ауылдық округіндегі «Айбике -2018» АӨК сүт өнімдерін өңдеу жұмыс­тарымен айналысуда. Биылғы жылдың 1 маусымына дейін тәулігіне 200 литр, бүгінгі күн­дері 100 литр сүт өнімдерін өңдеп, халыққа сатуда. Өндір­ген өнімді  өзіміз өңдесек жұм­сал­ған шығын, еткен еңбектің қайтарымы да еселенетіні белгілі. Сондықтан шағын да болса қайта өңдеу зауыттары аудан экономикасын көтереді деп есептейміз.

— Жылыжай шаруашы­лығы жайынан нендей жаңа­лық?

— Жалағаш ауданы бойынша 5 ауылдық округте 15,3 гектар жерге  құны 79 млн. теңгені құрайтын 5 алма бағы орна­ластырылған. Оның ішінде 11,5 га жерде тамшылатып суару әдісі қолданылады.

Сонымен қатар биылғы жылы аудандағы шаруашылық басшыларының қатысуымен кеңейтілген жиналыс өткізіліп, Жалағаш кенті және ауылдық округі әкімдеріне шаруашылық басшыларымен бірлесіп, әр ауылда бір жылыжай кешен­дерін салу жөнінде тапсырма берілді.

Қазіргі таңда 9 жылыжай кешенінің құрылыс жұмыстары жасалды. 6 жылыжай іске қо­сылып, қызанақ, қияр, гүл көшеттері егіліп, өнім өнді­рілуде.

— Жалағаштың индус­триялық аймағында нендей жаңалық?

— Ауданда жерасты байлығы жоқ. Бізде уран, цемент, тас, қиыршық тас шығып жатқан жоқ. Өндірісіміз де ауыл шаруа­шылығы саласымен байланыс­ты. Сондықтан индустриалды аймақты аграрлы-индустриал­ды аймақ деп өзгерткенбіз. Жалағаш кентінің батыс бөлі­гінде «Серпін» аграрлы-индустриалды аймағы 22 гектар жерге орналастырылған.

Аграрлы-индустриалды аймақ инженерлік инфра­құры­лымдармен автожол, телефон, ауыз су және  электр желілері­мен толық қамтылған 

Қазіргі таңда 22,0 гектар жер телімінің 5,0 гектары инженерлік инфрақұрылым жүйесіне тиесілі болса, 12,7 гектары кәсіпкерлерге табыс­талған. Бүгінгі күнге аграрлы-индустриялды аймақтың жалпы пайдалануға жататын 17,0 гектар жер телімінің 25,3% немесе 4,3 гектар жер телімі әзірге пайдаланылған жоқ.

«Серпін» аграрлы-индус­триалды аймағының 3,5 гектар жерінде бүгінгі күнге жалпы құны 217,0 млн. теңгені құрайтын 8 өндіріс орындары іске қосылып, 79 адам жұмыс­пен қамтылған.

Сонымен қатар, «Серпін» аграрлы-индустриялды аймағының 9,1 гектар жеріне жалпы құны 431,0 млн теңгені құрайтын 9 жоба іске асыру жоспарлануда. Аталған жоба­ларды жүзеге асыру үшін қажетті жер телімдері толық табысталды. Қосымша 70 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Қазіргі таңда бұл жоба­лардың ішінен құны 136,0 млн теңгені құрайтын 4 жобаның құрылыс жұмыстары басталды. Қалған 5 жобаның құрылысы 2019 жылдың аяғына дейін басталатын болады.

«Серпін» аграрлы-индус­триалды аймақтың пайдаланыл­май отырған 4,3 га жер телімін толықтай пайдалану мақса­тында «Темір бұйымдарын жасау» цехыжәне мал азығын дайындау мақсатында «Шөп түйіршіктерін дайындау» цехынажер учаскелерін табыс­тау бағытында жұмыстар жүргізілуде.

— Жалағаш жұртының кәсіпке бетбұрысы қалай? Осы тарапта бірегей жоба деп бөле-жара айтатын жобалар бар ма?

— Аудан тұрғындарының кәсіпкерлікке бетбұрысы жыл­дан-жылға артып келе жатыр. 2017 жылы 174 кәсіпкерлік субъектісі 1 млрд 408 млн теңге несие қаражатын алып, кәсібін бастаса, 2018 жылы 295 кәсіпкерлік субъектісі 3 млрд 159 млн теңге несие қаражатына қол жеткізді.

Ал, ағымдағы жылдың 8 айында ауданнан 230 кәсіп­керлік субъектісі 1млрд 506,5 млн теңге көлемінде несие қаражатын алып, өз кәсібін бастады.

Ағымдағы жылдың басынанаудан бойынша жалпы құны 556,4 млн теңгені құрайтын 10 жоба бойынша 71 жаңа жұмыс орны ашылды.

— Сонау 90-жылдары ауылды құлдыратқан жұ­мыс­сыздық мәселесі әлі де өзекті. Жалағаштың қазіргі жағдайында қалай? Сондай-ақ, ауыл жастарының жұ­мыссыздық деңгейін нақтыласаңыз.

— 2019 жылдың 1 қыркүйегіне аудан бойынша жалпы жұмыс­сыздық деңгейі — 5,0%, облыста бұл көрсеткіш — 4,8 пайызды құрады. Экономикалық белсен­ді халық саны 17206 адам, оның ішінде жұмыспен қамтылғаны 16346 адам, жұмыссыздар 860 адам болды. Жұмыспен қам­тылған 16346 адамның 8496-ы жалдамалы жұмыскерлер, 7850-і  өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар.

Жұмыссыздық деңгейі 2016 жылы-5,2%, 2017 жылы-5,1% құрап, жылдан жылға 0,1% төмендеп келеді.

Ауданда 14-29 жас аралы­ғындағы 8865 жас тіркелген. Бұл көрсеткіш жалпы халық саны­ның 25,0 пайызын құрайды.

Аудан бойынша  жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі  15-24 жас аралығы 5,0 пайыз, 15-28 жас аралығы 4,4 пайызды құрайды.

— Жастар жылында «бо­лып өтті» деген шараларды айтпағанда жастардың өмірін жақсарту үшін нақты қандай игі істер атқарылуда?

— Жастар — қоғамның қоз­ғаушы күші. Елбасының жас­тарды қолдауға арналған шара­ларды қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды плат­фор­масын қалыптастыруды тап­сыра отырып, 2019 жылды «Жастар жылы» деп атауында үлкен мән жатыр.

Ауданда 36 мыңға жуық халық тұратын болса, оның 8865-і яғни, 24,7 пайызын жас­тар құрап отыр. Олардың білім алуы, жұмысқа орналасуы мем­лекеттің тұрақты бақы­лауында.

2017 жылғы жастар фору­мында жастар саясаты сала­сындағы қаржы көлемін екі есеге дейін ұлғайту туралы ұсыныс айтылған болатын. Ұсыныс қолдау тауып, былтыр­ғы жылдан бастап мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңбе­ріндегі  жастарға арналған 4 әлеуметтік жоба жүзеге асы­рылып, қаржы көлемін екі есеге ұлғайттық. Сонымен бірге жас­тар форумында аудан жас­тарының атынан жастар сыйлы­ғын ұйымдастыру жөнінде де ұсыныс түскен болатын. Біз бұл ұсынысқа да қолдау білдірдік. 2018 жылы “Халықаралық жас­тар күні” қарсаңында ауданда алғаш рет Жалағаш ауданы әкімінің “Жалын” жастар сый­лығы ұйымдастырылып, бел­сенді жастарға табысталды. Бұл игі шара биылғы жылы да дәстүрлі жалғасын табатын болады.

Үстіміздегі жылы мемлекет­тік жастар саясатын қаржы­ландыруға республикалық бюджеттен 3 млн 143 мың, жергілікті бюджеттен 13 млн 077 мың, барлығы 16 млн. 220 мың теңге бөлінді.

Ал, соның ішінде аудандық жастар ресурстық орталығының қызметін ұйымдастыруға 9 млн. 497 мың теңге қарастырылған.

Жалағаш ауданында «Жастар жылын» атап өтудің кешенді жоспары қабылданды. Жастар ресурстық орталығы жанынан жастардың бос уақы­тын тиімді ұйымдастыру мақ­сатында «Coworkіng» орталығы ашылды. Оған жергілікті бюд­жеттен 5 млн теңге қаржы бөлінді.  Аталған орталықта жас­тардың тұлғалық қалыпта­суына арналған тақырыптық семинар-тренингтер, түрлі бағыттағы спорттық шаралар өткізіледі, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға барлық жағдай бар. Сондай-ақ, мұнда жастар­ға арналған үстел теннисі, аэрохоккей, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ спорттық жаб­дықтар, музыкалық аппарату­ра, видеоойындар бөлмесі мен компьютерлік қызметтерді тегін алуға мүмкіндіктер жасалған.

Жалағаш ауданының жас­тары барлық салаларда жоғары жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Білім, мәдениет, өнер, спорт салаларында ауыз тол­тырып айтарлықтай жетістік­теріміз де аз емес. Аудан жас­тары жаңа бастамаларға ұйыт­қы болып, әрдайым белсенділік танытып келеді. 

Жастар арасында жұмыс­сыз­дықты жою мақсатында оларды кәсіпкерлікке тарту жолға қойылған. Өткен жылы ауданда 219 жас кәсіпкер болса, биыл олардың саны 317-ге жетіп отыр. Бұл да болса жастардың белсенді өмірге деген құлшынысының артып келе жатқанының бір дәлелі.   

Аудан жастарының потен­циалы жоғары, біз оларға сенім арта отырып, олардың жаңа­шыл идеяларына үнемі қолдау көрсетеміз.

— Әлеуметтік ахуал жөнінде айтарыңыз?..

— Жалағаш ауданы бойынша  қоғамдық-саяси ахуал тұрақты.

Аудан көлемінде шиеленісуі мүмкін жағдайлар, ішкі саяси жағдайдың тұрақтылығына кері әсерін тигізуі мүмкін болжам­дар, іс-шаралар, түрлі саяси партиялардың іс-қимылдары, бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер мен демон­страциялар өткізілгендігі және өткізуге арыздар тіркелген жоқ.

— «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында Жала­ғаштағы мәдениет тынысы қалай?

—    Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында Жалағаш ауданында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, ауданымызда бес жоба бекі­тіліп, өңірлік Рухани жаңғыру жобалық офисіне жолданды. «Туған жерге саяхат» , «Ақындар айтысы» үйір­месі , «Жас қалам», «Цифрлы Қазақ­стан», «Жүрек жылуы» жоба­лары жұрт көңілінен шықты.

Бағдарламаның негізгі ба­ғыт­тарының бірі – халықтың білім­ге деген құштарлығын арттыру болып табылады. Соған сәйкес,  кітапханаларды тек кітап оқитын орынға емес, түрлі семинарлар, тренингтер, дәріс­тер өтетін, жастар жиі бас қосатын нағыз білім орталығына айналдыру мақсатында биылғы жылы  Мәдениет, Аққұм ауыл­дық округі кітапхана жанынан «Coworkіng» орталықтары ашылды.

 Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 2 млн теңге қаржы бөлініп, Бұқарбай батыр, Еңбек, Есет батыр, Таң, Темірбек Жүргенов, Жаңадария ауылдарында көше кітапха­налары ашылды.

«Тәрбие және білім»  бағдарламасына орай жас ұрпақты отансүйгіштікке, пат­риоттыққа тәрбиелеу бағы­тындағы шаралар қамтылуда.

Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанындағы «Театр баспалдағы» атты жобасы аясында шығармашылық қыз­меткерлер түрлі  жанрлар бойынша  жас өнерпаздарды кәсіби маман болуға бағыт-бағдар беріп келеді.

Айта кетерлігі, аудан өнер­паздары халықаралық, респуб­ликалық, облыстық бай­қаулар­дан жүлделі орындарды иеле­ніп, жоғарғы нәтижеге қол жет­кізуде. Аудан мәдениетін облыстық, республикалық мә­де­ни кеңістікке ықпалдастыру, насихаттау мақсатында Қ.Қазан­таев атындағы мәде­ниет үйінің жанынан құрылған халық театры Орал қаласында өткен «Өнерге тағзым» атты аймақтық халықтық театрлар фестиваліне қатысып, «Ең үздік театрлық эксперимент» номи­нациясын иеленді. «Жігер» этно-фольклорлық ансамблі Тараз қаласында өткен «Көне Тараз күмбірі» атты республикалық этно-фольклорлық ансамбль­дер байқауынан Ықылас Дүкенұлы атындағы арнайы жүлдемен марапатталған.

Елбасы мақаласынан бастау алатын «Туған жер» бағдар­ламасына орай да жұмыстар өз нәтижесін беруде.

 Ауданымызда туып, бүгінде еліміздің әр қиырында абы­рой­мен қызмет атқарып жүрген жерлестеріміз туған елін, туған жерін, өсіп-өнген ауылын көр­кейту үшін өз үлестерін қосып, барынша қолдау көрсетуде. Соның бір айғағы ретінде ау­данда туып, осында білім алған жерлесіміз кәсіпкер Ерлан Са­ғын­баев жеке қаражаты есебі­нен аудан орталығында мешіт және мешіт жанынан асхана құрылысын салуда. Мешіт және асхана ғимаратын жақын арада халық игілігіне пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз.

— Қайратбек Әубәкірұлы, аудан жағдайы дегенде нендей мәселелерді алға шығарар едіңіз? Ауданда шешімін күткен мәселелер қандай?

— Экономика дамуы үшін шағын және орта кәсіптің үлесі арту керек.  Кәсіпкерлікті қолдау арқылы халықтың жағдайын жақсартамыз. Қайта өңдеу көле­мін көбейтсек. Өндірілген өнімді сыртқа тасып кетпей ауданда өңдесек. Аудан орта­лығының дамуы кенжелеп қалға­ны рас. Кентіміз ықшам ғана, көшелері түп-түзу, жасыл же­лек­ті, бірақ жақсартуға көп жұмыс жасалуы керек. Көше­лерді жөндеп жатырмыз. Абай көшесі толығымен асфальт­талды. Бұқарбай көшесі жөн­деліп жатыр. Бұрындары бат­паққа батып жататын тұрғындар жиі мәселе етіп көтеретін Нысанбай жырау көшесі толық асфальтталды. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 5 көше жөнделеді.

Аудандық аурухана апаттық жағдайда болатын. Жаңа ауруха­наның құрылысы басталды. Келесі жылы пайдалануға беріледі. Аудандық әкімдік 60-жылдары салынған көне ғима­ратта отыр.  Жаңа ғимарат құ­ры­лысы жүріп жатыр. Қара­жатқа байланысты, биыл немесе келесі жылы құрылысы аяқталады. Аудандағы музыка­лық мектеп те апаттық жағдай­да. Музыкалық мектеп пен оқушылар үйінің құрылысын келесі жылы салсақ деп отыр­мыз, сметасын жасап қойдық. Ауданда жеткіншек жас спорт­шыларымыз баршылық. Әлем чемпионаты, Азия чемпиона­тына қатысып жүлдемен оралып жатқандары бар. Ауыр атлети­кадан әлем чемпионы Есенгелді Сәпи, дзю-додан Азия чемпио­на­тының жүлдегерлері Арайлым Ханзада, Арайлым Оразбай, т.б. Осындай спорт­шыларымыз дайындалатын типтік жобадағы спорт кешені жоқ облыстағы бірден-бір ауданбыз. Сондық­тан келесі жылы спорт кешенін салу жоспары да бар.

Аудан орталығын көгілдір отынға қосу жұмысы басталды. Келесі жылы Жалағаш кенті толық көгілдір отынмен қамта­масыз етіледі.

Бір сөзбен айтқанда халық­тың көңіліндегі мәселелерді шешуге тырысып жатырмыз. Қазір заман талабы өсіп келеді, шама-шарқымызша заман та­ла­бына ілесуіміз керек. Халық­тың бірінші кезектегі қажетті­ліктерімен бірге, кенттің, елді мекендердің бет-бейнесін жақсартуымыз керек.

— Атқарушы биліктің халықпен әлеуметтік желі арқылы байланысына маңыз берілуде. Осы тарапта жала­ғаштықтар қандай талап-тілектер білдіруде? Іс бары­сында назарға алғандары­ңыз бар ма?

— Әлеуметтік желіде парақ­шамды ашып қойғанмын. Күн­делікті қарап отырамын. Кемші­лік болып жатса халықтың пікірін білдіріп, ойымен бөліскені дұрыс. Бірақ әлеуметтік желіні дұрыс қолдану керек. Соның «қызығына түсіп» алғандар да бар. Сауатсыз жазылған жазба­лар да өте көп. «Әркім өз ойы­нан хабар береді» дегендей біреулер жақсы ой білдіріп жат­са, біреулер теріс пікір білді­реді. Назарға алынған мәсе­лелер де бар. Мысалы, жолдар­дың жағдайына байланысты.

— Әкім қабылдауына тұр­ғындар қандай мәселелер­мен келеді?

— Көпшілігі жұмыс сұрап келеді. Әйел азаматтар көбіне еден жуушы, ер азаматтар күзетшілік жұмыс болса дейді. Шаруашылықтардағы жұмыс­тарға «денсаулық жарамайды» деп барғысы келмейді. Жұмыссыздық мәселесінің бір себебі осында. Бар жұмысты істегісі келмейді. Жұмыс болмаса қаптаған өзбек ағайындар неғып жүр? Барын салып еңбек етіп, қомақты қаражатты қалтасына басып кетіп жатыр, келіп жатыр.

Біздің ауданда құрылыс жүргізетін бірде-бір серіктестік жоқ екен. Қазір жеке үй салып жүрген қолынан іс келетін аза­маттар бар. Алдағы уақытта соларды ұйымдастырып жер­гілікті құрылыс мекемесін құр­сақ дейміз. Жұмыс көзі болады ғой. Бұрын ауданда 4-5 ПМК болған екен. Ізінде қалған бірде-бір мекеме жоқ.

— Азамат ретінде сізді қоғамдағы қандай мәселе­лер толғандырады?

— Азаматтарымыздың, жет­кін­шек жастарымыздың ой-өрісі кең, деңгейі жоғары болса дей­сің. Аталарымыз небір тауқы­метті бастан өткерді. Ашаршы­лықты, соғысты көрді, маңдай терін төгіп еңбек етті. Сондай адамдардың ұрпақтары «Шы­бық тимей шыңқ етер». Заман­ның жақсылығын бағаламай, жамандықты көруге бейім. Жақсарту үшін «мемлекет маған не берді? деп емес, мен мем­лекетке не беремін?» деп ұм­тылмайды. Маңдайынан шып-шып тер шығып еңбек етпей табысқа жетсем дейтіндер көп. Мысалы биыл Қызылордада кірпіштің бағасы өткен жылғы 25-26 теңгеден 45 теңгеге дейін көтеріліп, кірпішті Түркістан­дағы құрылысқа алып кетіп жатты. Кірпіш зауыттарының 3 ауысыммен жұмыс істеп, жұмыс қолы жетіспей жатқандары бар. Жұмыссыздық мәселесінің бір шешімі еңбекке тәрбиелеуде деп ойлаймын. Жеткіншектерді еңбекке баулу керек. Жақында ауданымызда жүзге келген үш әженің мерейтойын салтанат­пен атап өттік. Үш әжеміз де еңбек адамдары болған. Көп­балалы аналар. Жүз жасаған әжелерімізге, сондай-ақ қазір Тасбөгет кентінде тұратын Гүл­сара Қуандықова деген жала­ғаштық еңбек ардагеріне «Құрметті азамат» атағын беруге шешім қабылданды. Көп баланы дүниеге әкеліп, өсіріп, азамат етіп, маңдай терін төгіп еңбек еткен ақ шашты әжеле­ріміз қандай құрметке де, жас буын үлгі тұтуға лайық. Нағыз Еңбек Ерлері осындай ардагер­леріміз!..

— Сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here