ТУҒАН ӨЛКЕМІЗДІҢ МЕРЕЙІН АСЫРУҒА БІРЛЕСЕ, БЕЛСЕНЕ АТСАЛЫСУҒА ШАҚЫРАМЫН

0
47

Қыркүйектің екінші жұлдызында Парламент палаталарының бірлескен отырысында жария етілген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұңғыш Жолдауы ел талқылауында. Әуелгі қадамдарын әлеуметтік жәрдем­ақыны көбейту, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтардың несиелік жүктемесін азайтуға болысу, мұғалім­дердің еңбекақысын еселей көбейту сынды бұқараның көңілінен шыққан елеулі шаралармен бастаған ел Прези­дентінің Жолдауын бұқара «қандай жаңалығы болар екен?» деп күткені де рас. Жалпы жұртшылықтың Жолдаудан «жеке басына қатысты» зейнетақының, еңбекақының көтерілуі сынды жаңалық­тар күтетіні де бар. Әрине, бүгінгідей көзі ашық, көңілі ояу қоғамда елдің жалпы түрде даму бағыт-бағдары да қызық­тырып, ілгері тірлігі ынталандырып, жігерлендіретіні де рас.

Қ.Тоқаевтың Жолдауынан бірталай жұртшылық «жеке басына қатысты» да, жалпы жұртшылық ел дамуы тұрғысын­дағы елеулі жаңалықтарға қанықты. Ал Үкімет, әкімдіктер үрдісті ретпен Жолдаудан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытындағы іс-шараларын қамдауға кірісіп кетті.

Өткен бейсенбіде облыс әкімдігінде облыс активі бас қосқан жиында Жолдау­дың елге берері, осы бағыттағы міндет­тердің бізге керегі жайында айтылды. Жиналған көпшілік қатарында ардагер­лер, облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық мәслихат депутаттары, қала, аудан әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау саласы басшылары, ҮЕҰ, БАҚ өкілдері бар. Жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ұлан Сарқұлов қатысты. Жиналған көпшілік алдында облыс әкімі Қуаныш­бек Ысқақов «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Президент Жолдауынан туындайтын міндеттер жайында кеңінен баяндады.

Жақында облыстық мәслихаттың хатшысы Наурызбай Байқадамовты өзіне орынбасар етіп тағайындаған облыс әкімі облыстық мәслихат хатшысы болып Қылышбай Бисеновтің сайланғанын жеткізді. Көп жылдар бойы Қорқыт ата университетінің ректоры, Парламент Мәжілісінің депутаты сынды биіктерден көрінген Қ.Бисеновтің бұл қызмет тізгініне ұсынылғаны зор сенім. «Отызда орда бұзған, қырықта қамал алған» дегендей алпыстың да алар асуы осал көрін­бейді. Алпыстың асқарында билік­тің биігіне өрлеген жерлестеріміз дәлел бұған. Дегенмен, елге қызметте ұлық, кішік дегендей дәрежелер есеп еместігі де айтылатыны бар. Қағидатты түрде сонау Үкіметте ме, қияндағы ауылдың әкім­дігінде ме, халық қызметшісі деген бәріне ортақ дәреже, бәрінен биік болуы тиістілік.

Сонымен Жолдау жайын баян еткен облыс әкімі Қ.Ысқақовтың сөзінен білгенімізді жеткізейік.

— Бұл Жолдау өзінің әлеуметтік халықтық сипатымен ерекшеленіп отыр. Мемлекет басшысы азаматтардың көкейінде жүрген әлеуметтік мәселелерді, негізгі проблемаларды ел алдында жасырмай айтып, оны шешудің нақты жолдарын көрсетіп берді. Президент Үкіметке, салалық министрліктерге, әкімдерге, жауапты тұлғаларға ел экономикасын серпінді дамыту бойынша зор міндеттер жүктеп, нәтижеге қол жеткізуді тапсырды. Өз кезегінде әрбір қазақстандықтың әл-ауқатын жақсарту мен елімізді әлемде көшбасшы мемле­кеттердің қатарына қосу Қасым-Жомарт Кемелұлының басты назарындағы мәселе екендігіне тағы да көзіміз жетті. Сондықтан сәт сайын құбылған геосаяси жағдайдың жылдам өзгеріске ұшырап жатқан сәтінде Президент тапсырмалары мен бастамаларын бұлжытпай орындап Сыр елінің ауызбірлігі мен сын шақтарда сыр бермейтін игі қасиеттерін көрсетуіміз қажет. Бұл орайда біздің ендігі міндет әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту арқылы тұрақтылық пен татулықты нығайту. Бұл баршамыздың бірлесе атқаратын жұмысымыз, — деген облыс әкімі бірлесе атқарылатын жұмыс­тарды жүйелеп атап өтіп, салалар бойын­ша орынбасарларына, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді.

Жолдаудың негізгі түйіні — сындарлы қоғамдық диалог тұрғысында Қ.Ысқақов:

— Қоғамның ашықтығы, түйткілді мәселелерді бүкпесіз ашық айту бұл біздің жұмысымыздың негізгі бағыттарының бірі болуы керек. Азаматтық қоғам, өзге де партиялармен тығыз қарым-қатынас орната отырып Үкіметтік емес ұйым­дардың ролін арттыратын боламыз және әлеуметтік топтармен байланысты күшейтіп, халықтың мұң-мұқтажын шұғыл шешу арқылы ашықтық пен қоғамдық диалогты қамтамасыз етеміз.

Мемлекет басшысы Жолдауда «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырым­дамасын іске асыру бәрімізге ортақ міндет екендігін ерекше атап көрсетті. Мемлекет басшысы азаматтардың конституциялық құқықтарына сәйкес егер кейбір акциялар заңның шеңберінен шықпайтын және азаматтардың тыныштығын бұзбайтын болса жиындарды өткізуге арнайы орын бөлуді ескертті. Бүкіл қазақ қоғамының бірлескен еңбегінің нәтижесінде қолымыз жеткен қоғамдық келісімді одан әрі нығайту баршамыздың парызымыз, — дей келіп облыс әкімі осы ретте халықпен кері байланысты күшейтуді, азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жеделдетіп әрі тиімді қарастыруды мемлекеттік органдар Үкіметтік емес ұйымдар арқылы үйлес­тіруді орынбасары Наурызбай Байқада­мовқа тапсырды. Сондай-ақ, жеке мәселе­лердің жалпы мәселеге айналып, белгілі бір шиеленісті орта тудырмау үшін мемлекеттік органдардың басшылары қоғамдық тыңдауларды, жеке қабыл­дауларды белгіленген кестеде, мекеме ғимаратында ғана емес, түрлі форматта ұйымдастыруы қажеттігін атап өтті облыс әкімі. Бұл тұрғыда Қ.Ысқақовтың әкімдік қызметке кіріскен бойда қалалық қоғамдық көлікке мініп, халықпен «басқаша форматта» жүздескені де іс басындағыларға бір үлгі болса керек.

* * *

Президент Жолдауында: «2020 жыл­дан бастап біз мемлекеттік қызметшілер­дің санын біртіндеп қысқартуға кірісіп, үнемделген қаражатты неғұрлым пайдалы қызметкерлерді ынталандыруға жұмсай­мыз. 2024 жылға қарай мемлекеттік қызметшілердің және ұлттық компания­лар қызметкерлерінің санын 25 пайызға қысқарту қажет» деген болатын. Осы орайда облыс әкімі халық саны бірдей өңірлер бөлінісінде штат санын қайта бөлу маңыздылығын атап өтті. Мысалы халық саны бірдей өңірлерде мемлекеттік қызметшілер саны Ақмола облысында 3391, Павлодар облысында 2929, Қызыл­орда облысында 1992 бірлікті құрайтын көрінеді. Бұл жайтты пысықтау, яғни Ұлттық экономика министрлігіне штат бірлігінің алшақтығы туралы ұсыныс енгізу облыс әкімінің аппарат басшысы Ғалым Әміреевке жүктелді. «Мәселе өте маңызды. Президент тапсырмасын орын­дауымыз қажет», — деді бұл орайда Қ.Ысқақов. Штат саны өңірлер бөлінісіне сай түзелгенде штат күзеле ме, әлде?.. Қалай болғанда да 25 пайыз қысқарту бұл тараптағыларға оңайға соқпас. Сон­дықтан міндеттілер халыққа қызмет­шілікке барын салмаса болмайды.

Мемлекеттік қызметте түбірімен жойыл­май келе жатыр сыбайлас жем­қорлық кеселі. Ертеректегідей «шабақтар мен шортандар» мәселесі көпе-көренеу көрініс бере қоймағанмен «жемқор­лықсыз қоғам» деген елдік мақсатты тәрк етушілер «шабақ демей, шортан демей» әр-әр жерде әлі табылып жатыр.

— Елімізде күн тәртібінен түспей келе жатқан күрделі мәселенің бірі сыбай­ластыққа қарсы іс-қимылды жүйелі жүргізу. Алдағы уақытта мемлекеттік органдардың қызметшілері сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқық бұзу­шылық жасаған жағдайда тікелей басшылардың жауаптылығы заңмен реттелетін болады. Бұл барлығымыздың жауапкершілігімізді талап етеді, — деді бұл орайда облыс әкімі.

* * *

Шикізатқа байланған менталитеттен бас тарту, экономиканы әртараптандыру Президент Тоқаев Жолдауында алға қойылған міндеттердің бірі. Сонымен қабат еліміз өзінің даму жолында бұл міндетті азды-көпті дегендей еңсеру бағытындағы тірлік барысында. Оның азды-көпті нәтижесі индустрияландыру бағдарламасы бойынша жүзеге асырылған жобалар, агроөнеркәсіптік кешендегі ілгерілеу көрсеткіштері, ішкі жалпы өнімнің өскені. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қазақстан эконо­микасы жаһандық сипаттағы қиын­дықтарға қарамастан алға ілгерілеп келеді. Жыл басынан бері оның өсімі орташа әлемдік көрсеткіштен жоғары болды. Егер қажетті құрылымдық өзгерістерді жүзеге асырсақ, 2025 жылға қарай ішкі жалпы өнімнің жыл сайынғы тұрақты өсімін 5 пайызға және одан да жоғары деңгейге жеткізуге болады», — деген еді. Өткен жыл қорытындысында өңір бойынша ішкі жалпы өнімнің көлемі 1,7 трлн. теңгені құраған.

— Жалпы өңірлік өнім құрылымында өнеркәсіп өндірісінің үлесі 40 пайызды құраса, өнеркәсіп өндірісіндегі тау-кен өндірісі өнеркәсібінің үлесі 85 пайызды құрап отыр. 2019 жылдың қаңтар-шілде айларында өнеркәсіп өндірісі нақты көлем индексі 91 пайыз, өңдеу өнеркәсі­бінің нақты көлем индексі 92,4 пайыз өсім қамтамасыз етілді. Осы ретте өңдеу өнеркәсібінде мұнай өндіруге тәуелділікті төмендету мақсатында біз өңдеу өнер­кәсібін дамыту бойынша белсенді жұмыс­тар жүргізуіміз қажет, — деді облыс әкімі.

Индустрияландырудың үшінші бес­жылдығына аяқ басар тұста өңір өнер­кәсібінің өрісі қандай? Екі бесжылдықта еңсерген жұмыстың нақты нәтижесі қандай?

— Биыл индустрияландырудың екінші бесжылдығын қорытындылап, үшінші бесжылдығына аяқ басамыз. Президен­тіміз индустрияландырудың үшінші бесжылдығын жүзеге асыру бағытында бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеру қажеттігін атап өтті. Жалпы индустрияландырудың бірінші және екінші бесжылдығы аясында өңірімізде құны 150 млрд. теңгені құрайтын 24 жоба жүзеге асырылып, 1,6 мың жұмыс орны ашылды. Оның 18-і өнімді қамтамасыз етуде. Нәтижесінде өнеркәсіп өніміндегі өңдеуші өнеркә­сіптің үлесі 2010 жылғы 4,3 пайыздан, 2018 жылы 12,6 пайызға жетті, яғни бұл көрсеткіш 3 есеге артты. Сонымен қатар шикізаттық емес экспорт көлемі соңғы 3 жылда 2 есеге өсті. Екінші бесжылдық аясында 28 жобаның 7-і іске қосылды. Жыл аяғына дейін 4 жобаны іске қосу жоспарлануда. Олар шыны, кірпіш, балық өңдеу және құрама жем зауыты. Қалған жобалар 2020 жылға өтеді, — деді облыс әкімі екі бесжылдықта еңсерілген шаруа жайын баяндай келе.

Мемлекет басшысы Жолдауда тап­сырмалағандай алдағы бесжылдықта бұрынғы жіберілген қателіктерді қай­таламау міндет. Қателіктер өңір жағ­дайында да орын алғанын атап өтті Қ.Ысқақов.

— Жүргізілген талдау нәтижесінде бағдарлама аясында кейбір жобалар кемшілікпен жүзеге асырылғанын көрсетті. Мысалы, мия тамырын өңдеу сияқты жобалардың нарығы, шикізаты шешілмеген. Сондықтан үшінші бесжыл­дықта жүзеге асырылатын жобаларда осындай кемшіліктердің болмауына жұмыс жасауымыз қажет, — деді бұл орайда облыс әкімі.

«Голландтық аурудан сақтанайық, шикізатқа тәуелділіктен құтылу керек» деп экономикалық сарапшылар ой қозғап, мемлекет тарапынан бұл бастамаға бетбұрыс саясаты жүргізіле бастаған сонау жылдардан бері «басталып тастал­ған» жобалар жалпы қай жерде де бар­шылық-ау. Одан бұрынғысын айтпағанда нақты бағдарлама аясында респуб­ликалық немесе өңірлік жол картасында белгіленді деген жобалардың өзінің құрдымға кеткені қызылордалық жұрт­шылықтың да есінде болса керек. Мысалы, сонау елордадағы жәрмеңкеге барып таныстырылған қамыстан тақтай шығаратын «бірегей» жоба, «шикізатын Шығыс өңірден аламыз, жергілікті нарықтағы бағаны тұрақтандыруға септеседі» деген өсімдік майын шығару жобасы қайда қалды? «Инвесторлар арасында қаржыға байланысты кикілжің болып соттасып жатыр» деп, қамыс-тақтай жобасы ғайып болды. «Шикізаты болмай қалды, соған байланысты әзірге тоқтап тұр» — деп, өсімдік майы жобасы жоғалды. Бірақ, басқа өңірлердегі «компьютер құрастыру, вертолет құрас­тыру» дегендей жалған жобалардың хабарын естігенде «біздікі әшейін майда-шүйде екен ғой» деген мұндағы жұрт. Яғни, Президент тапсырма беріп, облыс әкімі жауаптыларға нақты жүктеген бұл міндет әбден негізді. Бұл орайдағы жауаптылық облыс әкімінің орынбасары Мұрат Имандосовқа, облыстық индус­трияландыру және инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұл­тангереевке жүктелді. Іс басындағылар үшінші бесжылдыққа өтпелі жобаларды индустрияландыру картасына енгізуге, шикізаттық емес, экспортқа бағытталған инвестициялық жобалардың бағдарламаға енгізілуіне және индустриялық аймақ­тарды жаңа жобалармен толықтыруға жұмыс жүргізуі керек.

Индустрияландырудың үшінші бесжылдығында алға қойылып отырған тағы бір міндет еңбек өнімділігін арттыру. Бұл ретте еңбек өнімділігінің нақты өсімін кем дегенде 1,7 есеге арттыру қажеттігін айтты Президент.

— Үстіміздегі жылдың бірінші тоқ­санында өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі жан басына шаққанда 4 мың АҚШ долларын құрап, 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артты, — деп атап өтті облыс әкімі.

* * *

— Президент жергілікті атқарушы органдарға артқан міндеттердің бірі шетелден тікелей инвестиция тарту. Облысымызда инвестиция тартуды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. 2016 жылдан бастап инвестициялық ахуалды жақсарту жөнін­дегі кеңес жұмыс жасауда, — деген облыс әкімі инвесторларға қолайлы жағдай жасау бағытында 12 мекеменің 66 қызмет түрлерінің «Бір терезе» қағидаты негізінде жүзеге асырылатынын, т.б. жалпы осы тарапта жүргізіліп жатқан шаралар нәтижесімен кейінгі 2 жыл көлемінде өңірге тартылған инвестиция көлемі 17,7 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібіне тартылған инвестиция көлемі кейінгі 3 жылда 32,6 пайызға артқанын жеткізді. Ендігі ретте өңір экономикасына инвестиция тарту жұмысын әрі қарай жетілдіру жөніндегі нақты шаралар қабылдау облыс әкімінің орынбасары М.Имандосов пен индустрия және инновациялық даму басқармасының басшысы Р.Сұлтангереевтің жауапкерші­лігіндегі жұмыс.

* * *

«Біз шағын кәсіпкерлікті бүкіл қоғам болып қолдауымыз керек. Үкіметке микро және шағын бизнес саласындағы компанияларды табысқа салынатын салықтан үш жылға босату үшін дина­микалық база әзірлеуді тапсырамын. Заңнамаға енгізілетін түзетулер 2020 жылдан бастап күшіне енуі керек. 2020 жылғы қаңтардан бастап микро және шағын бизнес субъектілеріне тексеріс жүргізуге үш жылға тыйым салу туралы шешімім күшіне енеді. Біз бизнестің адал әрі заңға сәйкес жүргізілетініне сенеміз. Бизнес өкілдері тұтынушылар мен азаматтар алдында жауапты болуы тиіс. Мораторий кезеңінде өзін-өзі реттеу, қоғамдық бақылау тетіктерін жандандыру керек. Бизнес өкілдері санитарлық-эпидемиологиялық саладағы нормалар мен ережелерді бұзатын болса, ондай компаниялар жабылып, иелері жауап­кершілікке тартылады. Осылайша, шағын бизнеске түсетін ауыртпалықты азайта­мыз», — деген еді Қ.Тоқаев халыққа Жол­дауында. Қалың жұртшылық бәрекел­ділеп қабыл алған бұл игіліктің жай-жапсарын баяндай келіп облыс әкімі атқарылатын жұмыстың тиімділігі ең алдымен жаңа жұмыс орындарының ашылуымен бағамдалатынын жеткізді. Осы орайда өңірде кәсіпкерлік салада еңсерілер саланың бірі туризмді, оның ішінде эко және этномуризмді дамыту екенін атап өтті облыс әкімі. Бұл бағыт­тағы нақты шаралар қабылдау кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фирдоуси Қожабергеновке жүктелді.

* * *

Президент Жолдауында цифрлық экономиканы дамыту бойынша көп жұмыс атқарылуы керектігі айтылған.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру тарапында өңірде бірқатар шаралар жүзеге асырылуда.

— Атап айтқанда «Ақылды қаланың» кейбір компоненттері, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің автоматтанды­рылуы, балабақшаға кезекке қою, оқушыларды мектепке, мұғалімдерді жұмысқа қабылдау, дәрігер қабылдауына жазылу, ауыл шаруашылық өнімдерін делдалсыз сату секілді қызметтер «Ақылды қала» бағытында Қызылорда қаласын және білім беру ұйымдарын толықтай бейнебақылау камераларымен қамтамасыз ету мақсатындағы жұмысты үйлестіруді Қызылорда облысының полиция департаменті мен облыстық білім басқармасына тапсырамын.

Мемлекеттік органдардың ашықтығы мен қолжетімділігін, тұрғындармен тығыз қарым-қатынасын Президент Жол­дауында аталып өткен «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын қалыптастыруға арналған жедел әрекет ету орталығын құруды, 109 және 112 қызметтері ақпараттық жүйелерін енгізуді облыс әкімінің аппарат басшысы Ғ.Әміреевке тапсырамын, — деді облыс әкімі.

* * *

«Ауыл шаруашылығы біздің негізгі ресурсымыз, бірақ оның әлеуеті толық пайдаланылмай отыр. Ел ішінде ғана емес, шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар. Біз суармалы жер көлемін кезең-кезеңмен 2030 жылға 3 миллион гектарға дейін ұлғайтуымыз керек. Бұл ауылшаруашылығы өнімінің көлемін 4,5 есе арттыруға мүмкіндік береді». Бұл Президент Жолдауында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағытында алға қойылған міндеттің бірі. Президент айтқандай ел экономикасының негізгі ресурсы ретінде ауыл шаруашылығының әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жылма-жыл жалғасын тауып, ілгерілеп келе жатқандығы белгілі. Өңір деңгейінде «Мал басы көбейді, Сыр салысынан рекордтық өнім жиналды» дегендей бірталайдан бері көпшілік құлағдар мәліметтер мұның нақты дәлелі. Дегенмен байтақ далада түрен тимеген тың мүм­кіндіктер қанша?! Сондықтан әлеуетті арттыра түсу міндет. Әлеует арта түспек. Жылма-жыл, жылдан-жылға өріс ке­ңейіп, егіс көбейіп, ел ырысқа кенеле бермегі керек.

«Ауыл шаруашылығы әлеуетін толық пайдаланбай отырмыз» дегенде облыс әкімінің де атап айтқаны суармалы жер көлемін ұлғайту жайы болды.

— Облыста суармалы жердің көлемін 300 мың гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Ағымдағы жылы облыста пай­даланылмай тұрған суармалы жерлердің техника-экономикалық негіздемесін әзірлеп жаңадан суармалы жерлерді игеру бойынша 96 мың гектар жерді нақтылауы­мыз керек. Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдері көлемі өсіп қосымша жаңа жұмыс орындары ашылатын болады, — деді бұл орайда облыс әкімі.

«Ырысты күрішті Қызылорда!» деген даңқы бар әуелден аграрлық аймақ саналатын біздің өңір үшін бұл саланың тыныс-тірлігі, тұтас өңірдің ахуалы десе де артық емес. Жер қойнауынан қара алтынды көсіп ала бастағанға дейін бұл алтын аймақта дән егіп терлеген Ыбырай ата, Ұлбала апалардың даңқы өрлеген!..

Жалпы агроөнеркәсіптегі әлеуетті арттыра түсудің өңірде белгіленген жоспары қандай?

— Мемлекеттің тұрақты қолдауының арқасында агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып ел экономикасының негізгі сала­ларының біріне айналды. Ендігі мақсат саладағы еңбек өнімділігі мен ауыл шаруашылығы өнімдері экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есеге арттыру. Осы мақ­сатқа жету үшін агроөнеркәсіп кешенінің жағдайы мен мүмкіндіктері, өнімдерді өткізу нарығына кешенді маркетингтік зерттеулер жүргізіліп, облыстың агро­картасы қабылданды. Нәтижесінде соңғы 5 жылда облыстың ауыл шаруашылығы өнімділігі 2,6 пайыздан 3,7 пайызға артты. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім­ділігі көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 34,3 млрд. теңгеге артты. Ауыл шаруашы­лығының негізгі қорына салынған инвестиция көлемі 45,9 есеге артты. Аймақтың экспорттық әлеуеті артып, облыс ауыл шаруашылығы тауар өндіру­шілері алыс-жақын шетелдерге өз өнімдерін шығаруға мүмкіндік алды.

Біздің өнімдер әлемнің 17 еліне экс­портталады. Олар: Ресей, Түркия,  Қыр­ғызстан, Азербайжан, Украина, Грузия, Германия, Қытай, Нидерландия, Польша, Монғолия, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Иран, Біріккен Араб әмірліктері, — деп атап өтті облыс әкімі. Алдағы меже жыл сайын өңделген ауыл шаруа­шылығы өнімдері көлемін ұл­ғайта беру. Бұл ретте белгіленген міндет­тер үде­сінен шығу жауапкершілігі облыс әкімінің орынбасары Б.Намаевқа жүктелмек.

Мемлекет басшысы Жолдауда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді тиімді игеру турасында айта келіп: «Жұрт­шылықты толғандырып жүрген жер мәселесіне арнайы тоқталғым келеді. Мемлекет басшысы ретінде мәлімдеймін, жеріміз шетелдіктерге сатылмайды. Оған жол берілмейді. Бұл мәселе бойынша қауесет таратуды доғару керек. Бірақ жерді тиімді пайдалануды қамтамасыз ету біздің міндетіміз. Жер ресурстарын тиімсіз пайдалану мәселесі өте өзекті болып отыр», — деген еді.

Қ.Ысқақов осы мәселе тұрғысындағы облыстағы жағдайды да атап өтті.

Мемлекет басшысы жеріміз шетел­діктерге сатылмайды дегендей, біздің өңірімізде ауыл шаруашылығы мақсатын­дағы жерлер шетелдіктерге  табыстал­мағандығын да жеткізді облыс әкімі. Дегенмен табысталған жерді табыс көзіне айналдырмақ түгілі тақырға айналдырып отырған жерлестеріміз де бар.

— Қызылорда қаласының іргелес аумағында жерді пайдаланбай отырған жер пайдаланушылардың бары белгілі, — деп атап өткен облыс әкімі ауыл шаруа­шылығы мақсатындағы жерлерге бақы­лауды күшейтіп, талдау жасай отырып игерілмеген жерді мемлекетке қайтару­дың қамы жасалуы керектігін айтты. Бұл тапсырманы орындау тиісті басқарма басшыларына жүктелді.

* * *

«Ауыл тұрмысының сапалы болуын қамтамасыз етпей, ауыл шаруашылы­ғының өнімділігін арттыру мүмкін емес. Біз Елбасының «Ауыл — ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруды жалғастыра­мыз», — деген еді Президент Тоқаев ауыл әлеуетін көтеру хақындағы қыруар міндеттер тізбегінде.

Шындығында да, «Гүлденсе ауыл гүлденеміз бәріміз» демекші, ауылдың тұрмысын түземей діттеген мақсат үдесінен шыға қою қиын болмақ.

Биылғы жылы «Ауыл — ел бесігі» жобасын жүзеге асыру бойынша өңірге 1,7 млрд. теңге қаражат бөлініпті. Бұл қаражатқа білім, денсаулық сақтау, мәде­ниет саласы мекемелері жөндеуден өткен. Алдағы уақытқа бірқатар елді мекендер бойынша белгіленген жобалар да бар. Президент Жолдауында: «Үкіметке «Ауыл — ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» деген болатын. Бұл қаражаттан өңірдің алар үлесі болатыны анық. Бұл орайда ел қажеті мен игілігі үшін тиісті жобаларды тиісті тарапқа уақытылы жеткізу маңыз­ды. «Әлеуметтік және инженерлік инфра­құрылымдарға бағытталатын дайын жобаларды дер кезінде тапсыруын қамта­масыз ету» де тапсырылды міндетті қыз­метшілерге. Үрдісті түрде стратегия­лық бағыт-бағдарды ұстанған нақты кезеңге іс-қимыл жоспары болып табы­латын Жол­даудан туындайтын міндеттер аз бол­майды. Бұл ретте міндетті қызмет­шілердің мүлтіксіз қызметі маңызды, әрине.

* * *

Жолдаудың «Әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі» тарауы бойынша белгіленген міндеттер тізбегіндегі білім беру сапасын жақсарту, қала мен ауыл мектептері ара­сындағы орта білім сапасының алшақ­тығына байланысты шаралар қабылдау негізінде өңірде қандай бастамалар жасалмақ?

Бұл тарапта кейінгі жылдары өңірде елеулі жұмыстар жасалып келе жатқаны белгілі. Олардың кейбірін облыс әкімі де атап өтті.

— 3 жыл қатарынан қызылордалық түлектердің университеттер мен колледж­дерге түсу көрсеткіші 97 пайызға жетті. Облыс экономикасын білімді кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы аймақтағы маман­дарға деген сұраныс негізінде орналас­тырылды. Нәтижесінде 2019-2020 оқу жылында 22 жаңа мамандық ашылды.

Облыста барлық мектептер кең жолақ­ты интернетке қосылған. Аймақ мектептерінің 60 пайызы жаңа модифи­кациялық пәндік кабинеттермен қамта­масыз етілген. Өңірде 46 инновациялық мектептер желісі құрылып, ғылыми инно­вацияға математикалық жобалау, робото­техника бағыты дамытылды. Биылғы оқу жылында Арал ауданында облыстық дарынды балаларға арналған жаңа мек­теп-интернат ашылды, — деді облыс әкімі.

Алда белгіленген міндеттер қандай дегенде облыс әкімі: «Ендігі міндет түлектеріміздің әлемнің ең үздік оқу орындарына түсуге жағдай жасау: Ауыл мен қала мектептері арасындағы сапа айырмашылығын болдырмау үшін дарынды балаларды анықтау, дамыту, қолдау. Бұл ретте дарынды балалардың қабылетін дамытудың жол картасы жасалуы тиіс», — деді. Осы негіздегі мін­деттерді жүзеге асыру облыстық білім басқар­масының басшысы Майра Мелде­бекова жүктелді. Қаржылық қамтамасыз ету қамын облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы  Н.Қордабай жасайды.

* * *

— «Бала құқығын қорғау және тұр­мыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне басымдық беруіміз қажет», — деді Жолдауда Президент отбасы және бала институтының қолдау инклюзивті қоғам құру тарапындағы өзек­ті мәселелерді және олардың шешім­дері жайын алға шығарып. «Биылғы Жолдаудың ерекшелігі отбасы мен бала­лар құқығы және инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерінің көтерілуі» деп атап өтті бұл жайды облыс әкімі. Ата заңы­мызда көрсетілгендей адамның өмірі басты құндылық, дегенмен қоғамда осы құндылықты тәрк еткендей жайттар жоқ емес. Соның бірі «тұрмыстық зорлық-зомбылық» аталатын қасыретті жағдай. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбы­лықтан зардап шеккендерге қамқорлық жасайтын орталық құру қажеттілікке айналған. Мұндай орталық біздің облыста да жұмыс істейді. «Бүгінгі таңда орталық 20 орыннан екі есе ұлғайтылды. Ол үшін облыстық бюджеттен 7,3 млн. теңге қосымша қаржы бөлінді», — деді облыс әкімі соңғы кездері отбасы құндылық­тарының әлсіреуі белең алып бара жатқанын айтып.

«Атаулы әлеуметтік көмек алуға бай­ланысты көпбалалы отбасылардың ажы­расуы жиілеп кетті. Әкелер мемле­кеттен көмек алу үшін балаларынан бас тартып жатыр», —  дей келе облыс әкімі отбасы құн­дылықтарын дәріптеу ауқы­мын ке­ңей­ту қажеттілігін атап өтті. Оның бір шарасы ретінде Елбасы Жарлығымен бекітілген «Мерейлі отбасы» республи­калық байқауына орай, қыркүйектен қыркүйекке дейін жыл бойына  шаралар тізбегі дайындалуы керектігін айтты об­лыс әкімі. Елімізде отбасы күні қыркүйек­тің екінші жексенбісі деп бекітілгені белгілі.

Президент Жолдауында аталып өткендей бұқаралық спортты дамыту жайы да өзекті міндеттер тізбегінде. Бұл ретте облыс тұрғындарын жаппай дене шынықтырумен айналысуға тарту және спорттық инфрақұрылымды дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған Жол картасы жүзеге асырылуда.

* * *

«2020 жыл «Волонтер жылы» деп жарияланды. Еріктілік қызметте азамат­тардың әсіресе жастардың, студенттер мен оқушылардың қатысу аясын кеңейту, олардың бойында белсенді өмірлік ұста­нымдарға қатысты дағды қалыптастыру — маңызды міндет. Бұл азаматтық қоғамды нығайту жөніндегі жұмысымыздың маңызды құрамдас бөлігі», — деді Президент Жолдауында.

Осы орайда облыс әкімі орынбасары Наурызбай Байқадамовқа, ішкі саясат басқармасының басшысы Талғат Маха­новқа, жастар саясаты мәселелері басқар­масының басшысы Қуаныш Жанұзақовқа бұл бағыттағы жұмыстардың өз деңгейінде жүргізілуі мен волонтер жылын өткізу бойынша арнайы жоспар жасалуын тапсырды.

— Еріктілік біздің қоғамда ерекше құрметке ие. Осы ретте ата-бабамыздан келе жатқан жылу жинау, асар, кеусен беру салтымызды жандандырғанымыз жөн, — деп атап өтті облыс әкімі.

* * *

Денсаулық сақтау саласының жұмы­сын ілгерілету бұған дейінгі жиырмадан астам Жолдаулардың ешбірінен қалыс қалмаған тақырыптың бірі. Медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетім­ділігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар міндеттер Президент Тоқаев Жолдауында да алға шығарылды. «Әсіресе ана мен сәби өліміне қатысты көрсеткіштерден өңірлік теңгерімсіздігі айқын көрінеді. Дегенмен бұл көрсеткіш төмендеп келеді. Бірақ әлі де жоғары, сондай-ақ дамыған елдердің деңгейінен айтарлықтай көп» деген болатын Қ.Тоқаев. Саладағы өзекті мәселе өңір үшін де өзекті Ана мен сәби өлімі азайды дегенмен, (ана өлімі көрсеткіші 46,8 — 9,3-ке, сәби өлімі көрсет­кіші 10,9 — 9,4-ке) әлі де республикалық көрсеткіштен жоғары екенін, осы орайда сала басшысы Ж.Абдусаметовке ана мен бала денсаулығына байланысты инди­каторлық көрсеткіштеріне қол жеткізу міндеттелетінін атап өтті облыс әкімі. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады. Сала басшылығына бұл орайда жүктелер жауапкершілік аз емес.

— Медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі қамтамасыз етілуі тиіс. Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі қысқартылмайды және ол барлық тұрғындарға қолжетімді. Бұл мақсатқа аймаққа 50 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінеді, — деп атап өтті Қ.Ысқақов.

* * *

«Біз мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтарға жеткілікті түрде көңіл бөлмей отырмыз. Олардың еңбек­ақысы соңғы жылдары мүлде көбейген жоқ. Соның салдарынан мәдениет қызметкерлері әсіресе жас мамандар жеңілдігі бар тұрғын үй бағдарлама­ларына қатыса алмайды. Мұндай ахуал осы кәсіптің беделін түсіріп, лайықты кадрлардың тапшылығы айқын сезілуде. Келесі жылдан бастап Үкімет мәдениет қызметкерлерінің еңбекақысын көбейтуі тиіс. Сондай-ақ білім беру және ден­саулық сақтау саласындағы міндетті әлеу­меттік жеңілдіктер мәдениет саласының өкілдеріне де берілуі керек» — деп Пре­зидент Тоқаев мәдениет саласы қызмет­кер­леріне лайықты қолдау жасалуын алға шығарған. Шындығында еңбегі елеулі болғанмен мәдениет саласы қызметкер­лері сынды «әлеуметтік теңсіздіктегі» мамандық иелері аз емес. Жалпы кейін қалып бара жатқан саланы ептеп ілгері­лету, қайта жаңғырту дегендей тірліктің өзі тоқсан тарау, миллиардтаған қаржыны талап етеді. Бәлкім таяудағы, бәлкім таяу бола­шақтағы игіліктегі тұтас қоғам үшін, тұтас қоғамның игілігі үшін тірлік барысында көрінеміз…

«Мәдениет саласында жұмыс істейтін азаматтардың 60 пайызы жастар. Сон­дықтан бұл салаға әлеуметтік қолдауды жандандыра түсеміз» деп атап өтті Президенттің бұл тапсырмасын орындау хақында облыс әкімі. Президент Жол­дауында айтылған Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай тиісті шараларды іске асыру жайын да атап өткен облыс әкімі тиісті атқарушыларға осы тұрғыдағы дайындық шараларын қамдауды тапсырды.

* * *

«Конституция бойынша біздің еліміз — әлеуметтік мемлекет. Сондықтан мемлекетіміз азаматтар алдындағы міндеттерін орындауы тиіс. Үкімет өз жұмысында осы қағидатты басшылыққа алуға міндетті» деп әлеуметтік бағдарлы міндеттер жөнінен атқарушыларға нақты талап қойды Президентіміз.

— Мемлекет басшысы мүмкіндігі шек­теулі жандарға қолайлы мүмкіндіктерді құруды міндеттеді. Үкіметке осы мақсатқа алдағы 3 жылға 58 млрд. теңге қаражат бөлуді тапсырды. Өңірде 30 мыңнан астам мүм­кіндігі шектеулі жандар бар. Оның 5008-і 18 жасқа дейінгі балалар.  Қазақстан Рес­публикасындағы мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі ұлттық жоспарды жүзеге асыру мақсатында өңірлік жол картасы әзірлену­де, — деген облыс әкімі, облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсенбаевқа, облыстық эконо­мика және бюджеттік жоспарлау басқар­масының басшысы Нұрғали Қордабайға алдағы жылдың қазанына дейін респуб­ликадан бөлінетін қосымша қаражаттан тиісті қаражатты алуға уақытылы қарекет етуді тапсырды.

Тиісті қаражат демекші жоғарыда аталғандай атаулы әлеуметтік жәрдемақы алу үшін көпбалалы отбасыларда ата-аналардың ажырасумен бірге, жәрдемақы алуға негіз талаптарға сай болу үшін азаматтардың жұмыстан шығуы, табысты жасыруы, мекен-жайын ауыстыруы сынды жайттар көбейген.

— Біздің аймақтың өзінде 1 сәуірден бастап жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар 3,7 есеге (34312 адамнан 128736 адамға) артты. 8 айда 26 мыңнан астам отбасындағы 129 мыңға жуық адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Соның ішінде 18 жасқа 78131 балаға кепілдендірілген төлем төленді, — деді облыс әкімі атаулы көмек масылдық пиғылға негіз болмау керектігін айтып.

* * *

Тұрғын үй саясаты мемлекеттің әлеу­меттік әлеуетінің негізгі көрсеткіші екені аян. Осы ретте елімізде кейінгі жылдары елеулі ілгері қадамдар жасалып жатқаны да белгілі. Дегенмен, әлеуметтік нақты ахуал тұрғысынан алғанда бұл шаралар әлі де жетімсіз болып жатқаны да дәлел­деуді қажет етпейді. Осы орайда Президент Жолдауында: «Мен сайлау алдындағы бағ­дарламамда бірыңғай тұрғын үй сая­сатын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын­мын. Негізгі қағидат — тұрғындар, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтары үшін баспананың қолже­тімділігін арттыру» деп, Үкіметке жүйесіз бағдарламалар қабылдау тәжірибесін тоқтатып, тұрғын үй саясатын жетіл­діру­дің бірыңғай моде­лін әзірлеу қажеттігін тапсырды. Мәсе­лен, жуырдағы «7-20-25» бағдарламасы аясында тұрғын үй қарызын алу үшін отбасылық табыс айына 320 мың теңгені құрау керек екен. Одан берідегі «Бақытты отбасы» бағдарламасы (алғаш­қы жарнасы 10 пайыз, 2 пайыздық жеңіл­детілген мөлшерлемемен берілетін баспана) баспа­наға мұқтаж отбасылар үшін тиімділігін дәлелдеуде. Президент бұл бағдарлама негізінде жыл аяғына дейін 6 мың отба­сын, 2020 жылдан бастап жылма-жыл 10 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етілетінін айтты.

Біздің өңірде бұл бағдарлама бойынша әзірге 2 отбасы ғана үй алған. Жалпы «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысының мемлекеттік бағдарламасы аясында бүгінде 1997 пәтерді құрайтын 46 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде екен. Оның 91 пәтерлі 23 үйі — сатып алу құқығынсыз, 830 пәтерлі 17 үй несиеге беріледі. 266 пәтерлі 6 тұрғын үй жеке компаниялар есебінен салынуда екен.

Кейінгі жылдары тұрғын үй құрылы­сы жөнінен аймақтар ауқымында алдыңғы қатарда саналып жүрген Қызылорда да осы жыл көлемінде 720,8 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспар­ланған. Бірінші жарты жылдықта бұл жоспар 341,4 мың шаршы метрге орындалыпты.

Бүгінде облыс ауқымында 29289 аза­мат тұрғын үй кезегінде тұрған көрінеді. Олардың қатарында көпбалалы отбасы­лар санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандар саны 2961 екен. Биылғы жылы Қызылорда қаласы аумағындағы «Бәй­терек» ауданында «Баламекен» жобасы жүзеге асырылып, «Болат Өтемұратов қоры» демеушілігімен баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасылар баспаналы болғаны белгілі (100 пәтерлі 50 үй). Аудандар бойын­ша жеке шаруашылықтар, кәсіп­орындар қолдауымен 18 отбасы баспа­налы болған.

Президент Жолдауында  бағдарға алынған «Бақытты отбасы» бағдарла­масын облыста жүзеге асыру жөнінде Қ.Ысқақов орынбасары М.Делмұханов, Б.Жахановқа нақты тапсырма берді.

— «Бақытты отбасы» бағдарламасымен Үкіметпен бекітілген қағидаға сәйкес мемлекеттік қолдау ретінде алғашқы жар­наның жартысын жабу үшін әлеуметтік көмек немесе әлеуметтік қолдау ретінде тұрғын үй сертификаттарын беру қарас­тырылған. Осыған орай берілетін тұрғын үй сертификаттарының санын, қажетті қаржы көлемін және жұмысшы орган әкімшісін анықтап бір апта мерзімде нақты ұсыныс беруді тапсырамын, — деді облыс әкімі.

* * *

Бүгінгі өскелең замандағы тірлік өзегі инфрақұрылымдық даму міндеттері бұл Жолдауда да қалыс қалмады. Бұл орайда Мемлекет басшысы «еліміздің әр аймағы­ның тұрғындарының таза ауыз суға, табиғи газға, көлік инфрақұрылы­мына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес» деп атап өткен болатын. Облыс әкімі баянда­масында бұл жағдайды да өңірге қатысты дәйектеп өтті. Өңір бойынша бұл тарап­тағы көрсеткіштер едәуір ілгері.

— 2019 жылғы 1 қаңтарынан бастап коммуналдық мекемелердің инвести­циялық бағдарламаларының көлемінің азаюына байланысты

— жылу энергиясының орташа тарифы 4,2% (5762,32-ден 5522,69 теңгеге дейін), соның ішінде тұрғындар үшін 12% (3221,39-дан 2834,82 теңгеге дейін);

— электр энергиясымен жабдықтау қызметі 4,4% (17,6-дан 16,91 теңгеге дейін);

 — сумен жабдықтау қызметі 22,6%-ға  (77,42-ден 59,88 теңгеге дейін);

— су бұру қызметі 11,4%-ға (100,46-ден 89,05 теңгеге дейін) төмендетілді.

2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ бұйрығына сәйкес, тұрғындар үшін газдың бағасы 1,3%-ға (21182,54-тен 20902,93 дейін) төмендетілді.

Қызылорда облысының коммуналдық қызметтерінің тарифтері басқа өңірлер­мен салыстырғанда орташа деңгейде сақталуда.

Атап айтқанда жылумен қамту тари­фы 9 өңірден төмен, электрмен қамту 5 өңірден төмен болса  сумен қамту респуб­ликаның барлық өңірлерінен төмен,- деп мағлұмат­тады облыс әкімі тарифтер туралы.

Осы орайда облыс әкімі орынбасары Марат Делмұхановқа, табиғи монопо­лияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау департаменті басшысы Гүлмира Өтегеноваға коммуналдық қызмет тариф­терінің негізсіз өсуіне жол берілмеуін тапсырды.

* * *

Елімізде ауыз су бағдарламасы неше жылға жалғасып келе жатса да, бұл қажет­тілік әлі де толығымен қамтамасыз етіл­мей келе жатқанын Мемлекет басшысы сынға алғаны белгілі. Үкімет енді бұл өзекті мәселені түбегейлі шешу­дің нақты мерзімі 2023 жылдың соңы деп отыр екен. Атқарушыларға елді мекен­дерді 2023 жылдың соңына дейін 100 пайыз ауыз сумен жабдықтау турасында тапсырма беріпті Үкімет басшысы Асқар Мамин.

Біздің өңірдегі жағдай 100 пайыз болмаса да республикадағы алдыңғы көрсеткіш екендігі бұған дейін де айтылып жүрген. Облыс әкімі келтірген дерекке сүйенсек, облыстағы 232 ауылдық елді мекеннің 194-і немесе 84 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Халықтың 95 пайызы ауыз сумен қамтылған. Енді Үкімет тапсыр­масына сәйкес 100 пайыз деген көрсет­кішке жеткізу міндет. Қазірде алдыңғы көрсеткішке ие  облыс бұл жоспарды мерзімінен бұрын орындаса да ғажап емес. Бұл орайда қала, аудан әкімдеріне, облыстық энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысы М.Усаинға тапсырма жүктелді.

* * *

Атқарушылардың «халық игілігіне» деп атап айтып атқарып жататын көп жұмыстарының көзге көрініп, бәрекел­ділететіні де бар ғой, әрине. Сондай шын игіліктің бірі — газдандыру. Сонау 2004 жылдан бастап облыс аумағын көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысы жүр­гізілді. Ал кейінгі жылдары қалаға қарасты ауылдар, аудан орталықтары көгілдір отын тұтына бастады. Осы уақытқа дейін 4 ауданмен қабат, Байқоңыр қаласына газ берілді.

— Нәтижесінде халықтың 63 пайызы табиғи газ тұтыну мүмкіндігін алды. Биыл 4,2 млрд. теңге қаржы бөлініп 3 аудан орталығының ішкі газдандыру жұмыс­тары басталды. Бұл жұмыс келер жылы то­лығымен аяқталады. Газдандыру жұмы­сын жалғастыруға 2019-2022 жыл­дарға 22 млрд. теңге жоспарланып отыр. Аталған қаржыға Арал ауданы Сексеуіл кенті, Қазалы ауданы, Қазалы қаласы, Қармақ­шы ауданы Төретам, Ақай елді мекені, Қызылорда қаласы, Наурыз, Махамбетов елді мекендерін газдандыру жұмысы жүргізіледі, — деді облыс әкімі аталған жұмысты мерзімінде аяқтау жөнінде тиісті сала басшысы М.Усаинға  тапсырма үстемелеп.

Нәтижесінде облысты көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші 64 пайыздан 72 пайызға жеткізіледі екен.

* * *

— Аймақта жаңартылатын энергия көздерін пайдалану бойынша да жұмыстар жалғасуда. 

Қазіргі уақытта Шиелі және Жалағаш ауданында жалпы қуаттылығы 80 МВт-ты құрайтын 2 күн электр станциясының құрылысы іске асырылуда. Аталған жобалар жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.

— 2020 жылы Жаңақорған ауданында қуаттылығы 10 МВт-құрайтын күн электр станциясының  құрылысы басталады.

Мақсатымыз бүгінгі күнгі аймағы­мыздың электр энергиясын сырт көздер­ден алынуынан арылу, яғни, күн сәулесі немесе жел күші болсын табиғаттың әлеуетін пайдаланып, электр энергиясына деген тәуелсіздікке қол жеткізу болып табылады, — деді облыс әкімі.

Бұл жобалардың жүзеге асырылуына тиісті министрліктермен бірге жұмыс жүргізу сала бойынша орынбасар М.Дел­мұхановқа, облыстық энергетика және тұр­ғын үй коммуналдық шаруашылық бас­қарма басшысы М.Усаинға және жүктелді.

* * *

Жолдауда азаматтарды табиғи құбы­лыстар мен техногендік сипаттағы апат­тар­дан қорғау мәселесіне де баса мән беру керектігі айтылған болатын. Қ.Ысқақов бұл тарапта да белгіленген шаралар жайын атап өтті. Биыл да жыл­дағы үрдіс­пен Сырдарияның қорғаныс бөгеттерін нығайтуға бірталай қаражат жұмсалған. 692 млн. теңге екен. Алдағы уақытта су басу қаупінің алдын алуға байланысты бірқатар жобалар жос­парлануда.

Атап айтқанда Қызылорда қаласының шегіндегі Сырдария ауданы арнасын тазалау жобасы 5 млрд. теңге;

«2017-2020 жылдарда Қызылорда облысында су тасқынын алдын алу және жою бойынша кешенді шаралар» жобасы, құны 4,5 млрд. теңге;

«Қызылорда облысының басқару органдары мен халқын құлақтандырудың кешенді жүйесін құру» жобасы, құны 1,4  млрд. теңге.

Соңғы жоба бойынша 124 елді мекенге бірыңғай басқару тетігімен басқарылатын 167 сиреналық дауысты қондырғыларды орнату және 1 цифрлық телеарналарға қо­сы­лу жабдығы орналастырылмақ екен. Бұл ретте тиісті басшыларға тапсырмалар берілді.

* * *

Халық көкейіндегі көптеген мәсе­лелердің нақты шешімі белгіленген Президент Тоқаевтың Тұңғыш Жолдауы бәлкім бүкіл мазмұнымен болмаса да, біраз тұстарында сол көпшіліктің көңі­лінен шықса керек. Елдің тұрақтылығы мен өркендеуіне негіз әлеуметтік бағ­дарлы Жолдауда алға қойылған міндеттер облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақовтың баяндамасында баяндал­ғандай облыста тиісті тараптарда орын­далмақ. Жолдау шын мәнісінде халық игілігіне жасалатын игіліктерге жолашар десек әсіре айтқандық болмас.

Сөз қорытындысында облыс әкімі:

— Біз бүгін  Қазақстан Республикасы­ның Президенті  Қасым-Жомарт Тоқаев­тың алғашқы Жолдауының бағыттары мен одан  туындайтын міндеттерге   тоқталдық.

Бұл жұмыстар күннен-күнге жалғаса­тын болады. Баршамызға өңіріміздегі  ше­ші­мін табуы тиіс өзекті мәселелер белгілі.

Ендігі жерде бірлесіп ортақ міндет­терді шешуге кірісіп, туған өлкеміздің мерейін асыруға бірлесе, белсене атса­лысуға шақырамын! — деп әріптестерін игі іске жұмыла кірісуге шақырды. Іске сәт ендеше, басшы болып, қосшы болып қауымдас, барша халық қызметшісі! Ортақ игілік үшін жұмыл, жұртшылық!..

* * *

Келесі кезекте жиын қатысушылары қатарынан қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов, «Q-MED» қоғамдық қоры жетекшісі Раушан Базарбаева сөз алып, Жолдау жайында ой-пікірлерін ортаға салды.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here