Атаулы әлеуметтік көмек: 600-ден астам отбасы алған қаржыларын қайтарып жатыр

0
106

Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеумет­тік бағдарламалар басқармасы­ның басшысы Талғат Дүйсебаев биылғы жылдың І жартыжылды­ғында атқарылған жұмыстарын баяндады.

Биылғы жылы облыс бойынша «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдар­ламасы бойынша 18722 адам қатысушы ретінде енгізілген. Бұл бағдарлама қатысушыларды техникалық, кәсіптік және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету; жаппай кәсіпкерлікті дамыту; халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы деген 3 бағыт бойынша жұмыс жасайды.

– Бірінші бағыт бойынша 2019 жылы техникалық және кәсіптік білімі бар кадр­ларды даярлауға 1515, қысқа мерзімді оқуға 1067 адам жолданып, Ұлттық қордан қосымша 4400 адамға 1,1 млрд. теңге бөлінді. Жаппай кәсіпкерлікті дамытуда «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 825 адам кәсіпкерлік негізде­ріне оқытуға жолданса, бүгінде оның 757-сі оқуды аяқтап, 141-і шағын несие, 309-ы мемлекеттік грант алды. Тағы бір айта кетерлігі, облыстағы ауылдағы және қалалардағы кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бойынша 598 адамға шағын несие беріліп, 467 тұрақты жаңа жұмыс орындары ашылды. Жаңа бизнес идеяларды іске асыру үшін 2662 адамға 1137,2 млн.теңге мемлекеттік грант бөлінді. 757 адам өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Үшінші бағыт яғни, халық­ты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқы­лы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шаралары­мен 17295 адам қамтылды. Бос жұмыс орындарына 8337 адам орналасса, әлеуметтік жұмыс орындарына 1039, жастар тәжірибесіне 2508, қоғамдық жұмыстарға 5411 адам жолданды. Жалпы, жұмыссыздықты азайту мақса­тында Арал, Сырдария аудандарында жеке жұмыспен қамту агенттіктері ашыл­ған болатын. Қазіргі таңда, осы арқылы 148 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр, — дейді Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеу­меттік бағдарламалар басқарамасының басшысыТалғат Дүйсебаев.

Брифинг барысында жаңа формат­та­ғы атаулы әлеуметтік көмек жайы да айтылды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, облыста 125160 адамға барлығы 10,4 млрд.теңге АӘК төленген.

– «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде Елбасы халықтың әл-ауқатын жақсартуға тиімді әсер ететін аз қамтыл­ған және көп балалы отбасы­ларға мақсатты қолдау көрсетудің жаңа тәртібі туралы мемлекеттік бағдар­ламаны ұсынған болатын. Бұл мақсатқа бюджеттен 14 млрд.700 млн, теңге қаржы қаралды. Сонымен сәуір айынан бастап 25658 отбасына атаулы әлеуметтік көмек төленсе, 5886 отбасына 211 млн.теңгеге тұрғын үй көмегі, жергілікті өкілетті органдардың шешімімен жекелеген санаттағы 8126 адамға 650,5 млн.теңгеге әлеуметтік төлем төленді. Жалпы, жыл басынан бері, 2906 отба­сына қайырымдылық көмек көрсе­тілді. Оған 127 млн.теңге жұмсалды, — дейді басқарма басшысы.

Жалпы, кезінде Елбасы «Nur Otan» партиясының ХVІІІ съезінде «Кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен отбасыларға 20789 теңге беріледі» деген болатын. Мұны естігендер әрине қуанды. Десе де, артынша бұл «жәй ғана бос әңгіме, кейін бермей қояды» деп жорамал жасағандар да, атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін небір қитұрқы әрекеттерге барғандар да болды. Дәл осы орайда басқарма басшысы жәрдем­ақыны табысын жасыру секілді басқа да жолдармен алғандарға қатысты нақты шындықты айтты.

– Иә, табысын жасырғандар тіпті, қағаз жүзінде ажырасып кетіп жатқан­дар, мекен-жайын өзгертіп жатқандар да бар. Дәл қазіргі таңда 3000-нан астам отбасын зейнетақы қоры арқылы, т.б жолдар арқылы тексеріп анықтаудамыз. Осы тексерістің арқа­сында 500 миллионнан астам артық төлем жасалғаны белгілі болды. Бұл шамамен 600-ден аса отбасы. Ең бірінші кезекте біз бұл адамдарға берілетін төлемді тоқтатып отырмыз. Себебі, олар бұрын алған көмекті кері қайтаруы керек. Қазіргі таңда 3 млн. теңгедей қаржы ғана кері қайтарылды. Көбісі алған қаржыны жұмсап қойған­дықтан, ақшаны бөліп-бөліп қайтаруға мүмкіндік беруді сұрап отыр. Негізі бұл азаматтардың алған қаржысы бюджетке міндетті түрде қайтарылатын болады. Ал, ақшаны қайтармаймын дегендерді амал жоқ сотқа беру арқылы өндіріп алатын боламыз. Енді атаулы әлеуметтік көмек тоқтатылады деген әңгімеге келер бол­сақ, бұл заң шеңберінде қаралған. Сон­дықтан бұл көмек тоқтатылмайды. Төлеу механизмінде өзгерістер болуы мүмкін. Өйткені, бұл көмекті алаяқтар да алып кетіп жатыр. Шындығына келгенде облыс­та расымен де осыған мұқтаж азаматтар бар, бірақ алаяқтықпен яғни, қағаз жүзінде барлығын заңдастырып алып кетіп жатқандар да баршылық, сол себепті біз АӘК ережесіне өзгерістер енгізуге тиісті ұсыныстар бердік. Бірақ атаулы әлеуметтік жәрдемақы тоқтайды деген қауесетке сенбеңіздер, — деді Талғат Дүйсебаев. 

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here