240 салымшы қоныс тойын тойлайды

0
38

Қызылорда қаласындағы дарияның сол жағалауындағы тұрғын үйлер қатары көбейіп, қалың қонысқа айналып келеді. Сол жағалауда бой көтерген көпқабатты 4 үй жуырда пайдалануға берілмек. Бұл тұрғын үйлердегі 240 пәтердің иелері «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» өткізетін байқау нәтижесінде анықталатын болады. Байқау 28 тамыздан бастап 11 қыркүйек аралығында өткізіледі. 12 қыркүйекте байқаудың қорытындысы шығарылып, 240 пәтердің иелері анықталады.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Ілияс Жұрынов және «Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы» бөлімі басшысының орынбасары Біржан Далабаев мәлім етті.

— Банкіміздің 240 салымшысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша қоныс тойын тойлайтын болады, — деп сүйіншілеген І.Жұрынов «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында банкі салымшыларына қойылатын талаптарды атап өтті. — Ең алдымен салымшы тұрғын үй бағасының 20 пайызын депо­зитте жинауы керек. Осыдан кейін ғана салымшы баспананы жылдық 5 пайыз мөлшерлемемен сатып алу үшін жеңілдетілген несие алады. Яғни, алғашқы жарна 20%, несиелік үстемақы 5%. 8 жылдан кейін пайыздық мөлшерлеме 3,8%-ға төмендейді. Пәтердің шаршы метрінің бағасы 140 мың теңге.

2 бөлмелі (57 шаршы метр) пәтердің бағасы 7 млн. 980 мың теңге, 3 бөлмелі (67 шаршы метр) пәтердің бағасы 9 млн. 380 мың теңгені құрайды. Егер салымшы 2 бөлмелі пәтер алса алғашқы жарна 1 млн. 596 мың теңгені құрап, 8 жылда айына 44 мың теңгеден, 8 жылдан кейін пайыздық мөлшер­леме 5%-дан 3,8%-ға төмендегенде айына 36 мың теңгеден төлейтін болады, — деп түсіндірді І.Жұрынов.

Осы орайда және атап өтерлігі, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша  жеңілдетілген шарттармен үй алғысы келетін азаматтар ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматы немесе оралман мәртебесі болуы шарт. Өтініш беру кезінде ел аумағында салымшының атына немесе отбасы мүшелерінің атына тіркелген үйдің болмауы шарт.

Төлем қабылеттілігін растауы шарт. №№23, 24, 25, 26 үйлердегі 240 пәтердің 100 пәтері — 2 бөлмелі, 140 пәтер — 3 бөлмелі екен. Пәтер алуға өтініштер baspana.kz сайты арқылы беріледі. Салымшылар аталған портал арқылы пәтерді таңдап байқауға қатыса алады.

Б.Далабаев аталған 4 үй бойынша байқауға банктің жоғарыда айтқан талаптарына сай келетін жергілікті атқарушы органдарда тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған азаматтар қатыса алатынын айтты. Бұл ретте ең алдымен Ұлы Отан соғысы ардагерлері, келесі кезекте жетім және ата-анасы­ның қамқорлығынсыз қалған балалар, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы санатындағы азаматтар, мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлері, атындағы жалғыз баспанасы апаттық деп танылған азаматтар, көпбалалы отбасылардың мүмкіндігі ескеріледі.

Нақты айтқанда 240 пәтердің 50 пайызы (120 пәтер) тұрғын үй кезегінде тұрған банк салымшы­ларына беріледі. «Осы орайда кезекте тұрған азаматтардың салымшы болуы негізгі шарт екенін атап өткен ләзім», — дейді Б.Далабаев, әйтпесе кезекте тұрғандар арасында кей-кейде түсінбестік туындап жататыны да бар екен. Сондай-ақ, өтініш берушілер баллдық жүйе бойынша іріктелетінін ескеру керек. Үй сатып алушылар пулына ең көп балл жинаған адамдар кіреді. Балл саны депозитті толтыру жиілігіне, мерзіміне байланысты болады. Салымшы шоты неғұрлым ертерек ашылып, тұрақты толықтырылып отырған болса, оның балл саны соғұрлым жоғары болады. Баллды есептеу автоматты түрде жүргізіледі.

Брифинг барысында БАҚ өкілдері тарапынан тұрғын үйге қол жеткізуге бағытталған басқа да бағдарламалар жайы сұралды. Басты тақырып — 240 пәтерге жарияланған байқау жайы.

Банк депозитінде жинақтаған қаражаты пәтер бағасының 20 пайызына жеткен, баспанаға мұқтаж азаматтар байқауға қатысуға асықсын! Байқау 11 қыркүйекте аяқталады!

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here