Кімдердің несиесі кешірілмейді?

0
155

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова ОКҚ өткен брифингте тұрғындардың қарыздық жүктемесін азайту аясында кейбір азаматтардың несиелері неліктен кешірілмегенін айтты деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ

Жақыпова бұл акция банктер мен микроқаржы ұйымдарында кепілсіз тұтынушылық несиелері бар азаматтарға қатысты екенін еске салды.

2019 жылдың бірінші шілдесіне дейін қарыз алушылардың несиесі кешірілгенін атап өтті. «Бұл мерзім өткеннен кейін несие алғандар кешірілімге сүйене алмайды. Көпбалалы аналар келіп, олардың несиелері неліктен кешірілмей жатқанын айтуда, алайда олар несиені бірінші шілдеден соң рәсімдеген. Екінші шарт — несинің сомасы 3 млн теңгеден аспау керек. Сондай-ақ, коллекторлық компанияға өткен несиелерде кешірілмейді», — деді вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, тізімде тұрған адамның кредиті өтелмей жатса, басқа да себептер бар. Атап айтқанда, тиісті құжаттар ақпараттық базада тіркелмей тұруы мүмкін. Ал кредиті өтелетін азаматтардың тізімі сол ақпараттық базаларда көрсетілген мәліметтің негізінде жасалады деп жазады Sputnik Қазақстан.

«Бірінші себеп, неке қию туралы куәліктер базада тіркелмеген болып шығады. Сол себепті біз ондай азаматтарды әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне тіркеуге жібереміз. Олар АХАЖ бөлімдері арқылы өз мәліметтерін тіркейді. Екінші себеп, асыраушысынан айырылған азаматтардың мәліметтері болмай шығады. Оларды да әділет министрлігіне жіберіп отырамыз», — деп атап өтті Жақыпова.

Бұдан бөлек, көпбалалы отбасының балалары жоғары оқу орнында білім алып жатқаны туралы мәліметтің болмауы да кредиттің өтелмей жатқанына себеп болады. Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық базасында асыраушысынан айырылған балалар туралы мәлімет те аз.

Ондайда осы министрлікке барып, тиісті жеке мәліметті базаға енгізу керек. Сосын баланың туу туралы мәліметтері де ақпараттық базада жиі тіркелмей қалады. Ал ақпараттық базада оның мәліметі шықпаса, көпбалалы отбасының құрамына кіреді деп көрсетілмейді. Ондай отбасының кредиті де өтелмейді.

Ал, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков банктер коллекторлық компаниялармен екі формада жұмыс жасап жатқанын атап өтті.»Бірінші — өндіріп алуға беру, яғни несие банктің балансынан кетпейді, коллекторлар банктен қарыз алушымен өзара байланысады. Мұндай несиелер банк балансында сақталып, соған сәйкес акцияға қатыса алады.

Егер несие қайта тағайындалса, яғни коллекторлық компанияларға сатылып кетсе, онда ол ФАА мен банктің баланс периметрінен шығып кетеді (несиені кешіру акциясына қатыса алмайды — ред.)», — деп нақтылады Смоляков.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here