Жолдар мен көліктер жайы қалай?

0
65

Дала мен қаланы, ел мен елді жалғас­тыратын жолдардың маңызы баршаға белгілі. «Жол мақсаты жету» дегендей барар жерге қиындықсыз жеткізетін сапалы жол қай жерде де керек. Сондықтан да сырт көз келімді-кетімді жолаушының жолдың жағдайына қарап елдің жағдайын бағамдайтыны да бар. Жолдың жағдайы елдің жағдайының бір көрсеткіші дегенде, осыдан біраз жылдар бұрын облыс орталығының өзіндегі жолдардың жағдайы қандай болғаны көзкөрген көпшілікке мәлім. Жылма-жыл жамап-жасқағанмен орталық көшелердің өзі ой-шұқыры бітелмей, көлік жүргізушілердің ығырын шығаратын, көрер көзге де қораш, көріксіз болатын. Атам заманғы қоныстай құрғақшылықта шаң боратып, жауын-шашында иленіп жататын «қалтарыс» көшелер қаланың өн-бойында әлі де баршылық дегенмен, қала көшелері кейінгі жылдары ауқымды жөнделгені мәлім. Жылма-жыл бюджет қауметіне қарай және жөнделіп жатыр, жөнделу үстінде.

Бүгінде облыс аумағында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 3451,139 шақырымды құраса, оның 1016 шақырымы республикалық, 563,24 шақырымы облыстық, 1871,849 шақырымы аудандық маңызы бар автомобиль жолдары екен. Өткен жылы ауылдағысы бар, қаладағысы бар жалпы ұзындығы 272 шақырым жолдар жөндеуден өткізілген. Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеу, көлік инфрақұрылымын дамытуға өткен жылы 12,9 млрд. теңге қаражат бөлінген. Бұл мәлі­метті жуырда өңірлік коммуникациялар қызме­тінде өткен брифинг барысында Қызылорда облысының жолаушылар көлігі және автомо­биль жолдары басқармасы басшысының орын­басары Мұрат Жолкелдіұлы Тлеумбетов айтқан-тын. Басқарма басшысының орынбасары салада атқарылып жатқан, межеленген жұмыстар жайын баян етіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына орай кейбір жай-жапсарды түсіндіріп өтті. Біткен істің бірі аудандық маңызы бар жолдардың бойында орналасқан 5 көпір өткелдеріне қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жүргізіліп, пайдалануға берілген. Бүгінде облыс аумағында және 2 көпірдің құрылысы жүргізілуде. Бұл Қазалы ауданындағы Әлсейт көпірі мен Қызылорда қаласындағы Шіркейлі көпірі. Биылғы жылы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеуге және көлік инфрақұрылымын дамытуға барлығы 12 млрд. теңге бөлініп, 192 шақырым автомобиль жолдары, көшелер мен көпірлерді жөндеу жоспарланған.

Жалпы облыс аумағында «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 17 жоба жүзеге асырылса, биылғы жылы 30 жобаны жүзеге асыру межеленген. «Республикадан бөлінген қаражатқа облыстық және ауданаралық маңызы бар жолдардың индикаторын 64 пайызға жеткізу межеленген. Қазір бұл жолдардың 63,8%-ы қанағаттанарлық және жақсы жағдайда. Белгіленген межеден шығатынымызға сенімдіміз», — дейді М.Жолкелдіұлы жол жағдайын айта келгенде.

Жолдың жай-жапсары дегенде «Қызыл­орда — Жезқазған» жолының мәселесі көлденеңдейтіні белгілі. «Жол азабын тартқан біледі» демекші, бұл жолдың жыры жырланып келе жатқалы қанша жыл. Бірсыпыра жылдар бұрын (2014 ж.) Елбасының «Нұрлы жол- болашаққа бастар жол» Жолдауында көліктік-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту бағытында бірінші кезекте негізгі автожолдар жобасын жүзеге асыру бойынша «Қарағанды — Жезқазған — Қызылорда» жолы да аталғанда, төте жолды алыс еткен жол азабын бастан өткерген мұндағы жұртшылық бәрекел­ділеп қалған еді. Дегенмен, әне-мінемен келіп, бүгінгі күнге жетті. «Жоба-сметалық құжаттары дайындалып жатыр. 2020-2021 жылдары іске асырылады. 2021-2012 жылдары жөнделіп болады», — дейді Мұрат Жолкелдіұлы. «Жол жөнделгенде Түркістан облысы, Шымкент, Өзбекстаннан көлік қатынасы жақын жолмен жүзеге асырылады. Жол бойында сервистер құрылып, кәсіпкерлікке мүмкіндік туады», — дейді ол. «Жезқазған жолы» жырының «жаңа тарауларын жалпы мазмұндап».

«Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомагис­тра­лының «Қызылорда — Ақтөбе» аралығын­дағы 2 жолақты жолды 4 жолақты ету жайы жол тара­пындағы кезек күттірмес мәселе болып тұрғаны белгілі.

«Соңғы уақытта жол бойында апаттық жайттар орын алып, адам өлімі де болды. Сондықтан Үкіметке ұсыныс жасап отырмыз. Бұл жол жақын уақытта 4 жолақты болады», — дейді М.Тлеумбетов. Осы орайда жуырда өткен облыс­тық мәслихаттың кезектен тыс 35-ші сессиясында аталған жол мәселесінің өзекті­лігін облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов та айтып, бұл тұрғыда Үкіметпен мәміле барын жеткізген. Сол сессияға қатысып, «Қызылорда — Жезқаз­ған» жолының мәселесін қаузаған сенатор М.Бақтиярұлы «2020 жылға қаржы тағы қаралмай қала ма?» деген қаупін білдірген. Ал іс басындағы басшылық, «жол жөнделеді», деп отыр. Жолаушылаған жұртшылық игілігіне солай болғай, әрине.

«Жезқазған жолы» жасамыс мәселесінің анық шешім табарының айғағы да шығар, алдағы уақытта Өзбекстанмен екі аралықта жол салу «ойда барын» жеткізді М.Тлеумбетов. «Жалағаштың Аққыры арқылы Өзбекстанның Үшқұдығынан бермен қарай жол салу ойда бар. Бәрін қаржы шешеді. Біз ұсыныс жасап отырмыз. Республикалық деңгейде шешіледі. Бұл жоба туризмге, кәсіпкерлікке де мүмкіндік», — дейді сала басшысының орынбасары.

Иә, көлік жолдары елдің экономикалық әлеуетінің көрсеткіші, экономикалық әлеуетке зор үлесті негізгі салалардың бірі. Сондықтан халықаралық қарым-қатынасқа дейін барып, жүктемесі жылдан-жылға арта түскен жол сапасы адам өмірінің қауіпсіздігімен тікелей байланысты болғандықтан өзекті де, маңызды екені айқын.

* * *

Бүгінде облыс аумағында 212 елді мекенді аудан орталығы мен облыс орталығы Қызылор­да қаласымен байланыстыратын 211 бағыттағы автобус қатынасы ұйымдастырылған. Сондай-ақ, астанамыз Нұр-Сұлтанға, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Түркістан, Жезқазған т.б. қалаларға 12 бағыт бойынша автобус қатынасы бар. Жолаушы тасымалы қызметін көрсететін жеке компаниялар мен жеке тұлғалар мемлекеттік сатып алу байқауы нәтижесімен іріктелетінін де айтады жолаушылар көлігі жайын жеткізген М.Тлеумбетов.

Биылғы жылдың бірінші жартыжылды­ғында қызмет көрсетушілер 180,2 млн. жолау­шы тасымалдапты. Бұл көрсеткіш өткен жыл­дың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,5 пайызға өскен көрінеді.

Жолаушы тасымалындағы бір жаңалық өткен жылдың шілде айынан бастап «Қызыл­орда — Ташкент — Қызылорда» бағыты іске қосылған. Алдағы уақытта Тараз қаласымен тікелей бағытты іске қосу жоспары бар екен. Бұл ұсыныс Индустрия және инфрақұрылым­дық даму министрлігіне жолданыпты.

Өткен жылдан бері сондай-ақ «Қызылорда — Арал — Ақтөбе», «Әйтеке би — Ақтөбе», «Арал — Әйтеке би — Түркістан», «Арал — Әйтеке би — Алматы» бағыттары бойынша тұрақты автобус қатынасы да ұйымдастырылған.

Облыс аумағында жолаушыларға қызмет көрсету сапасының арта түскенінің бір көрсет­кіші, автовокзал, автостанциялар саны арта түскен, бұл тізімде бүгінде 4 автовокзал,  9 авто­станса бар. Қызылорда қаласындағы Автопарк­тің іске қосылуы да саладағы игі жаңалықтың бірі. Бүгінде Қызылорда автопаркінің еншісіндегі 120 жаңа автобус қала халқына қызмет көрсетуде. Басым дені қаланың орталығындағы бағыттар бойынша жүріп жатқан үлкен сыйым­дылықтағы автобустардың қоғамдық көлік жағдайын едәуір жақсартқаны да белгілі. Дегенмен қоғамдық көлікке қойылатын талап деңгейінен шықпай жатқан тұстар әлі де баршылық.

«32 бағыт бойынша қаланы толық қамта­масыз ету үшін 680 автобус керек. Автопарк 6 маршрутқа егелік етуде. 26 маршрутқа жеке кәсіпкерлер (кіші сыйымдылықтағы автобустар) қызмет көрсетеді, — дейді М.Тлеумбетов.

Жеке автобустардың жай-күйі ертеректегі жағдаймен салыстырғанда едәуір ілгерілегені­мен, түп-түгел тәуір болып кетпегені тұтынушы­ға аян. Басқасын айтпағанда орындықтары қисайып, сынған, орындық жапқыштары кірден көрінбейтін автобустар шет аймақ жағында әлі де баршылық. Боқтампаз жүргізушілер, дөрекі кассирлер сынды қоғамдық орын мәдениетін өрескел  бұзушылықпен қабат автобустардың жарысы, «жатып қалуы» сынды тәртіпсіз­діктердің түбегейлі тыйылмағаны және белгілі.

Үлкен автобустарда болмаса, кіші сыйымдылықтағы автобустарда билет бірде бар, бірде жоқ. «Қызмет сапасы, автобустардың уақытылы, толық қызмет жасауы Автопарктің мойнында», — дейді М.Тлеумбетов.

Қалаішілік жолаушылар тасымалын жақ­сарта түсу үшін жасалатын шараның бірі сапалы қызметті қамтамасыз ететін жаңа автобустар қатарын көбейту екені белгілі. «Қаражат жағ­дайы­на қарай биыл қазақстандық зауыттардан 100 немесе 50 автобус алу ойымызда бар», — дейді бұл орайда басқарма басшысының орынбасары. Осыған дейін жаңа автобустардың Еуропалық қайта құру және даму банкінің қаражаты арқылы алынғаны белгілі. «Қарызды уақытылы өтеп жатырмыз», — дейді М.Жол­келдіұлы.

Жолаушылар көлігі дегенде теміржол көлігі мен әуе қатынасы дейтін үлкен салалардың да бары белгілі.

Бүгінде облыс орталығынан 6 жұп пойыз қатынасы ұйымдастырылған. Атап айтқанда №21/22 «Қызылорда — Алматы — Семей», №55/56 «Қызылорда — Көкшетау», №75/76 «Қызыл­орда — Петропавловск», №91/92 «Қызылорда — Нұр-Сұлтан Нұрлы жол» (Тальго пойызы), 617/618 «Қызылорда — Нұр-Сұлтан», 6843/6844 «Қызылорда — Бесарық — Түркістан» пойыздары.

Бұл тараптағы игі жаңалықтың бірі — биылғы жылдың 16 шілдесінен «Марал-Нұр» ЖШС «Қызылорда — Жезқазған — Нұр-Сұлтан» пойызына өз қаржысымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған 4 вагон сатып алып, қызмет көрсетуде екен. Сондай-ақ, жергілікті жұртшы­лық қажетіне «Қызылорда — Бесарық — Қызылорда» пойызы игі қызмет жасауда екен. Бірінші жарты жылдық көлемінде бұл пойыз 19,8 мың жолаушыға қызмет көрсеткен.

«Облысымыздың бір артықшылығы бүкіл аудандар теміржол бойында орналасқан» деп жиі айтылатынындай, облыс аумағынан өтетін темір жол желісінің жалпы ұзындығы 1055 шақырымды құрайды. Темір жол бойында Қызылорда, Шиелі, Жаңақорған, Сексеуіл, Арал, Қазалы, Жосалы, Төретам аталатын станса­ларда 8 вокзал орналасқан.

«Қорқыт Ата әуежайы» АҚ 2014 жылдан халықаралық рейстерді қамтамасыз ететіні белгілі. Бүгінде әуежай арқылы аптасына 34 тұрақты рейс орындалуда екен. Мәскеуге 4 рейс, Нұр-Сұлтан қаласына — 13, Алматыға — 14, Қарағандыға — 2 рейс, Анталияға аптасына 1 рейс орындалады. Әуе көлігімен биылғы жылдың 7 айында 62,7 мың адам жолаушы­лапты. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,7 пайызға артқан көрінеді.

Алдағы уақытта Мәскеумен тікелей әуе қатынасын арттыру жоспары бар екен. Бұл ретте облыс әкімдігі «Аэрофлот» компаниясына хат жолдапты. Бұл әуе бағыты бойынша 121 рейс орындалып, 13,3 мың адам жолаушылаған екен.

Әуе көлігі саласы дегенде жиі айтылатын бір мәселе әуе жайдың жолаушылар термина­лын салу жайы. Халықаралық мәртебеге ие әуежайға керек дүниенің жайы айтылғалы да біраз жыл болғанмен түрлі себеппен сәті түспей жүрген. Бұл іске енді аты мәшһүр ВІ Group құрылыс холдингі мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде кірісуді ұйғарыпты. Компания бүгінде жоба-сметалық құжаттамасының техника-экономикалық негіздемесін жасауға кіріскенін сүйіншіледі М.Жолкелдіұлы. ВІ Group істі бастап кетсе «терминалды бір-ақ жылда салып тастаймыз» деген көрінеді.

Жолаушылар көлігі саласындағы «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы орайында білгеніміз Қызылорда қаласындағы «Салтанат» ЖШС автовокзалы «НАС» автоматтандырылған басқару жүйесіне енгізілген. Қызылорда қаласындағы қоғамдық көліктерге электрондық билеттік жүйе орнату бойынша «ALEMPAY» ЖШС-мен келісім шарт жасалған. Қоғамдық көлік қатынасы саласының тұрақты бағыттар бойынша қызметкерлерін (аудан­аралық, қалааралық, облысішілік) бірыңғай киім үлгісімен қамтамасыз ету жоспарлануда екен. Көлік саласында міне, осындай жаңалықтар.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here