ШІРКЕЙЛІНІҢ ЖАС ЖАҚАЕВШЫЛАРЫ

0
81

Білек күшімен канал қазып, егін салып ел ырысын тасытқан байырғы диқан ауылдың бірі Шіркейліде күрішші жастар бригадасы құрылыпты. Өңіріміз «Ырысты күрішті — Қызылорда» аталып даңқы өрлеген кешегі Кеңес үкіметі тұсында кіріштен мол өнім жинап, Еңбек Ері атан­ған Балдырған Мұстафаеваның ізін жалғастыруға талаптанған жастар бригадасы егін еккен алқапқа арнайылап бардық.

Ауыл әкімі Талғат Құлам­қадіровтен егін бригадасы ауыл­да жұмыссыз жүрген жастардан құралғанын білгенбіз. Жігер-күші бойында тулаған, тепсе темір үзетін жастардың жұмыс­сыз болғаны қиын әлеуметтік жағдай екені белгілі.

Сырдариялықтардың жастар жылында қолға алған бастама­ла­рының бірі жастар еңбек бри­га­далары осы түйткілді мәселені ше­шудің бір шарасы десе де болады.

Заманында ауыл-ауылда жас­тарды еңбек майданына бірлес­тірген жастар бригадасын қайта түлету бастамасы қаншалықты нәтижелі болмақ? Ол алдағы уақыт еншісінде. Ал қазір, екі қол­ға бір күрек таба алмай дағ­дар­ған жастардың бұл тобы­ның тұрақты жұмысы, тұрақты табысы бар. «Жас келсе іске» дегендей құрбы-құрдаспен бір­лескен еңбек шаршатса да жалықтырмайтынға ұқсайды. Мұны жастар бірлестігіне қолдау көрсетіп, ұйтқылық жасап басы-қасында жүрген ауыл әкімі Т.Ізтайұлымен әңгімеден пайым­дадық. Жастар бригадасы жұмыл­ған еңбектің нәтижесін көзбен көрмекке егін алқабын бетке алдық.  Жастар бригадасы­ның егін алқабы ауылдан 6 ша­қырымдай қашықтықта орна­ласқан «Сазкөл» учаскесінде екен. Тез-ақ жетіп қалдық.

Бір шеті сонау көкжиекпен астасқан кең алқап егістіктің қай тұсында жүргенін біле алмадық, жас диқандармен кездесудің сәті түспеді. Дегенмен, диқандар бригадасының жетекшісі десе болғандай жас агроном Жазылбек Абдикадировпен жолымыз тоғы­сып, жұмыс барысынан бірер сөз лебіздесе алдық. Еңбек адамы биік мәртебеленген Кеңес зама­нында Еңбек Ері атанған шопан Жазыл­бек Қуанышбаевпен аттас жас агроном жастар брига­дасының алғашқы қадамы оң болып, егістік шығымы жақсы екенін жеткізді. Жас диқандар бригадасының құра­мында 2 звено бар екен. Әр звенода звено жетек­шісінен басқа және 2 күрішшіден бар. Бастамалы жылы әр звено 120 гектардан кү­ріш егіпті. Уақытылы тыңайтқыш­пен қорек­тендіріп, тиісті агротехника­лық шара­лар­дың жасалуымен, жас диқан­дар­дың еңбегінің нәтижесі тиісті күтіммен егін жақсы өсіп жетіліп­ті. Әне-міне орақ түспекке қараған.

— Қазіргі уақытта күріштіктің суын байладық. Тамыздың екінші онкүндігінде орақ түседі деп межелеудеміз. Гектар түсімділігі 50 центнерден кем болмайды деп отырмыз. Биылғы егіншілік мау­сы­мында су тапшылығы болма­ғандығы да өнімділікке жол ашты,- дейді агроном жігіт. Агро­ном күрішші жастардың еңбекке ықыласпен жұмылғаны да өз нәтижесін бергенін жеткізді. «Жастардың еңбекке ықыласы жақсы»,- дейді ол.

Жастар бригадасында 2 звено күрішшілермен қабат жас механи­заторлар да бар екен. Күні бүгін­дері де егінші ауылдардың кей­бірінде кездесетін ауыл шаруа­шылығы техникаларын меңгерген жас мамандардың жетіспеушілігі деген мәселеден бұл ауыл ада көрінеді.

Шіркейлі жастары қатарында ауыл шаруашылығы техникала­рының құлағында ойнайтын жас­тар қатары да баршылық екен. «Жас механизаторларымыз жет­кілікті»,- дейді ауыл әкімі бұл орай­да. Жастар бригадасының құрамында да 4 механизатор жұмыс істейтінін білдік. Бұлар комбайншылар Батыржан Алиха­нов, Еркін Айтқо­жаев, трактор­шылар Ділдәбек Әбдіқа­лықов, Нарұл Тә­ңір­бергенов. Күріш­шілер қатарында Қанат Ахметов, Нұрбол Алиханов, Нұрболат Әбеков, Асылхан Мәліков, Айдос Асқаров, Асхат Файзуллаев­тар еңбек етуде екен. Қанат Ахме­тов пен Асылхан Мәліков жастар бригадасының звено жетекшілері.

Агроном Жазылбек Абди­кади­ров бұл алқапта және бүкіл Шіркейлі ауылының шаруашы­лықтарының барлығында күріштің «Лидер» сорты егілгенін айтты.

Иә, ауыл шаруашылығы құл­дырауға ұшыраған сонау жылдары тұқым шаруашылығы да тұралап қалғаны белгілі. Сол кездері «Маржан» сорты ауруға шал­дықты, «Кубань» көнерді» деп жүріп, жергілікті диқандар алыс­тан арбалап әкеліп Краснодардың күріш тұқымдарын еге бастаған. Көнерген «Кубанның» орнын «Лидер», «Янтарьлар» басқалы да бірталай жыл. Кейінгі жылдары Жақаев атындағы күріш ғылыми-зерттеу институты күріштің жаңа сорттарын шығарып, оларды тәжірибеден өткізіп жатқандары да бар. Дегенмен, олардың өн­діріске кеңінен енгізіле қойғаны сирек. Бірер шаруашылықтардың «Қаз Ер-5», «Қаз Ер-6», «Айсәуле» сорттарын жылма-жыл егетіні бар екен. Дегенмен, облыс шаруашы­лықтарында көбіне-көп Крас­нодар сорттары қолданыста. Сондай-ақ, өзбекстандық күріш сорттары елеулі қолданыста көрі­неді. Кейінгі 2-3 жылда экспортқа деп ирандық күрішті егіп беріп жатқандар да бар.

Бір сөзбен айтқанда красно­дарлық сорттардан басым түсетін күріш болмай тұр әзірге.

Мүмкін «Маржан» сынды жергілікті сорттың даңқын жаң­ғырту бастамалары баянды болса Шіркейлідегі жас диқандарға бұйырар. Қалай болғанда да ақ күріштің атасы Жақаев жолын жалғастырған шіркейлілік жас­тарға сәттілік!

Әне-міне орақ түскелі тұрған алтын аймақ жастар бастама­сы­ның баяндылығын айғақтаған­дай…

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА    

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here