ШЕЖІРЕСІНДЕГІ ДАҢҚТЫ БЕТТЕРІ АЗ ЕМЕС…

0
225

Облыс аумағындағы ауыл атаулыға үлгі, «Әдемі ауыл, ауқатты ауыл» даңқы дүйім елге жетіп жатқан Нағи Ілиясов ауылындай болмаққа елге жанашыр­лықпен іс тетігін таба білсе барша ауылдарымыздың мүмкіндігі барға ұқсайды. Әр ауылдың меншікті «Абзал и К»-сы болмаса да, ілгері тұрмысқа жетелейтін егіншілік, мал шаруашы­лығы деген байырғы кәсіп көзі негізінен бар жағдай. Жалпы бүгінде «Ондай болмақ қайда?» деп «көктен тілеп» отырған жұрт та көрінбейді. Күні бүгінгі «біреуден ілгері, біреуден кейін» дегендей мүмкіндігіне сай жұрт болып жұмылып игілікке ұмтылыста.

Бұл еңбегі далаға кетпей уақыт озған сайын тұрмыс жағдайы көш ілгерілеп, өрге шауып жатқаны да баршылық. Сырдарияның Шіркейлісі сондай ілгері елді мекеннің бірі.

Іргетасы өткен ғасырдың 30-жыл­дары кеңестік шаруашылық ретінде қаланған Шіркейлінің шежіресіндегі даңқты беттер аз емес. Ал бүгінгі тұрмыс-тірлігі бүкіл шежіренің ең жарқын беттері сыңайлы. Мұны шіркейлілік ағайынның өзі айтады. Таяу күндері мал бағып, егін салып, кәсіпкерлікке бағыт алған ауылдың тұрмыс-тірлігімен танысып қайтқан едік.

***

Бүгінде Шіркейлі ауылдық окру­гінде 510 отбасы түтін түтетіп, 2745 халық тұрып жатыр екен. 2017 жылдың науры­зынан ауылдық округ әкімі қызметін Шіркейліде туып өскен, еңбек жолын да ауыл мектебінде инфор­матика пәнінің мұғалімі ретінде бастап, ауыл әкімі қызметіне келгенге дейін мектеп дирек­торының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болған Талғат Ізтайұлы Құламқадіров атқаруда екен. Шіркейлі шежіресінде 1967 жылы «Қызыл Ту» колхозы Шіркейлі совхозы болып құрылғаннан бастап шаруашылық директоры болып ұзақ жылдар қызмет атқарған Жаңабай Азаматовтың есімі ерек аталады. Заманында Ж.Азаматовтың басшылығымен Шіркейлі бойынан ұзындығы 25 шақырымдық Бесөзек (Қожарық) арнасы қазылып, бұл арна елге құт-береке әкелген екен.

Жаңабай Азаматов сынды ел азамат­тарының ерен еңбекті жолы қашанда үлгі екенін айтады бізбен әңгімеде кешегі тәрбие завучы, бүгінгі ауыл әкімі, қырықтың қырқасына шыққан Т.Құлам­қадіров. Шіркейлінің «жаңа тарихында» да жалпы ауылдас қадір тұтар, өскелең жас үлгіге, өнеге алар азаматтар аз көрінбейді. Солардың бірі де, бірегейі ретінде 2014-2017 жылдар аралығында ауылда әкімдік қызмет атқарған, бүгінде «Мәді Қажы» ЖШС төрағасы қызметін­дегі аудандық мәслихат депутаты, осы ауылдың тумасы Сейткамал Сұлтанов есімі аталады.

Ел үшін бар қажыр-қайратын салып еңбек еткен Жанабай Азаматовтың есімі бүгінде ауылдың ең көрікті орны Орталық алаңға берілген. Аға ұрпақтың үлгілі ізін жалғап, ауылда егін салып, мал өсіріп, өндіріс орнын ашып, ел ырысын молайтуға тынбай үлес қосып жүрген С.Сұлтановтың да есімін ауылдастары ілтипат, құрметпен атайтынға ұқсайды. Сұлтановтың әкімдік қызметі тұсында ауылдастың игілігі үшін ұйтқы болып атқарған қызметі де баршылық көрінеді. 2014-2017 жылдар аралығында ауылда 600 орындық мектеп, емхана жаңадан бой көтеріп, әуез мектебі, спорт мектебі филиалы ашылған. Ауыл көркіне айналған Ж.Азаматов атындағы Орталық алаңның жаңа келбетке келтіріліп, көркейтілгені де әкім Сұлтанов тұсында жасалған игіліктің бірі.

Жалпы, «Еңбегіне қарай бермегі» дегенді алдыңғы толқыннан үрдіс еткен шіркейліліктер шаруақор жұрт десе болғандай, Шіркейлінің бетке ұстар мақтаны «Мәді Қажы» серіктестігінен де бөлек ауылдың ортақ игілігіне атсалысып, үлес қосып жүрген «Ысамаддин», «Құлболды Ишан» сынды шаруа қожалықтарының басшыларына ел алғысы ерен көрінеді. Иә, мақталса еңбеккер мақталып, құрметтелсе еңбеккер құрметтелсін…

***

Байырғы шаруақор Шіркейліде бүгінде не тірлік дегенде бұл ең алдымен ата кәсіп мал шаруашылығы мен егіншілік. Заман талабынан қалыс қалмай кәсіптің басқа да түрлерін меңгеріп, береке тапқан жұртшылық қатары да баршылық.

Жыл басындағы есеп бойынша шіркейліліктер иелігіндегі мал басы (шаруа қожалықтарын қоса есепте­генде) 2470 бас ірі қара, 50 бас уақ мал, 1315 бас жылқы болған екен. Шіркейліліктер иелігінде сондай-ақ, 1000 бас құс өсірілуде екен. Ауылда «Мәді Қажы» ЖШС-нен басқа 16 шаруа қожалықтары мал шаруашылығы, егіншілікпен айналыса­тын көрінеді. Ауылдастарын жұмыспен қамтып, ауылдың ортақ тірлігіне атсалысып, қолғабыс тигізіп отырған да осы ірілі-ұсақты шаруашылықтар. Биылғы жылы да 2500 гектар күріш, бидай, жоңышқа егіп ауылдастардың әл-ауқатын арттыруға қомақты үлес қосып келе жатқан «Мәді Қажы» серіктестігінің басшысы С.Сұлтанов бидайдың түсім­ділігі жақсы болғанын, жоңышқаның бітік шыққанын айтады.

Күріш егісінің де түсімділігі межеден шығарға ұқсайды. Ал өткен жылы бұл серіктестік күріштің әр гектарынан 50 центнерден, жалпы көлемі 121500 центнер өнім жинапты. Ұдайы ілгерілеуді мақсат тұтқан «Мәді Қажы» ЖШС-ның биылғы межесі мұнан төмен болмасы анық.

***

Шіркейлілік 2745 тұрғынның 1089-сы экономикалық белсенді халық санатында тіркелген екен. Жыл басын­дағы есеп бойынша экономи­калық белсенді тұрғындар саналатындағы 962 адам жұмыста, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар есебінде болса және 177 адам жеке негіздегі жұмыста деп тіркеліпті. Шаруақор Шіркейлі­дегіде жұмыссыздық деңгейі өткен жыл аяғындағы ресми ақпаратқа сүйенгенде түсті делінгенмен 5,2 пайызды құраған. Өткен жылғы ста­тистика бойынша ауылда жұмыссыз ретінде тіркелген 94 адамның 86-сы жұмысқа орналасыпты. Бәріне бірдей тұрақты жұмыс табылмаған. 18 адам қоғамдық жұмысқа тартылған екен. (Бұл бөлек әңгіменің арқауы) Шір­кейліге сапарымыздың барысындағы сұхба­тымызда «Мәді Қажы» серік­тестігінің басшысы С.Сұлтанов ком­панияның өз еңбеккерлеріне, ауыл­дастарына демеу­шілігі туралы айтқан. Компания әлеу­меттік жауапкершілік дегенге жүрдім-бардым емес, аса мұқият қарайтынға ұқсайды. Ауыл кәсіпкерлерінің бұл тұрғыдағы мүдде­лестігімен өткен жылы 120 адамға 820 мың теңгенің киім-кешегі мен азық-түлігі берілген екен. Ауылда әрдайым әлеуметтік қолдауды қажет ететін 114 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Көп балалы отбасылардың көптеген қажеттілігіне болысу да парыз. Ауылда 44 «Алтын алқа», 55 «Күміс алқа» иегері бар. Сонымен қатар бейнеттің зейнетін көруі тиіс 272 зейнеткер де әлеуметтік қол­даудан қалыс қалмауы тиіс. Ауыл кәсіпкерлері елдің қажетіне байла­нысты әлеуметтік шаралардың деніне ықылас­пен атсалысатынын айтады ауыл әкімі Т.Құламқадіров.

***

Ауылдың мектебі, дәрігерлік емха­насы кейінгі жылдары салынған жаңа ғимараттар. 1983 жылы типтік жобада салынған 400 орындық еңселі Мәде­ниет үйі де күрделі жөндеуден өткізіліп, талапқа сай жұмысын жүргізуде екен. Ауылда 2011 жылы пайдалануға берілген 90 орындық балабақша да бар. Шіркейлілік жеткіншектердің жан-жақты дамуына негіз салған әуез мек­тебі, спорт мектебі де бар. Әуез мектебі, №12 Шаған мектебінің филиа­лы ретіндегі спорт мектебі 2016-2017 оқу жылында ашылған. Әуез мекте­бінде домбыра, қобыздан бастап фортепиано, баян, вокал, хореография сыныптары жұмыс істеп, жүзден астам бала музыкалық дәріс алуда екен. Шіркейлілік жас музыканттардың аудандық, облыстық деңгейдегі бай­қауларды айтпағанда, республикалық деңгейде өткізілетін байқаулардан жүлдемен оралып жатқандары баршылық.

Тоғызқұмалақ, қазақша күрес, еркін күрес, таэквандо, дзюдо, шахмат үйірмелері жұмыс істейтін спорт мектебінде қазір де 250-ден астам жеткіншек шымырлыққа бапталуда екен. Спорт мектебі шәкірттері қатарында да аудандық, облыстық, республикалық бәйгелерден оза шауып келіп жатқандар баршылық көрінеді. Күні ертең Шіркейлі атын дүйім елге, жер жаһанға жария етер хас жүйріктер шықса да ғажап емес.

Шіркейлілік жеткіншектердің жан-жақты дамуы үшін жасалып жатқан игіліктер орайында тағы бір игі іс, өткен оқу жылында 600 орындық №129 Әбдірәш Жәмішев атындағы мектеп-лицейіне 6 млн. теңгеге физика каби­неті, 3,5 млн. теңгеге робототехника кабинеті жабдық­талыпты. Сондай-ақ, «Мәді Қажы» ЖШС директоры С.Сұлтанов мектеп игілігіне «Hyndaі Drand Starex» микроавтобусын сыйға тартқан. Ал «Құлболды Ишан» шаруа қожалығының төрағасы 350 мың теңгеге мектепке 5 ноутбук алып беріпті. Қамқорлық, қолдау аясындағы мектептің жетістіктері де баршылық. Айталық, өткен оқу жылында мектеп директоры Жанболат Назаров «Bіlіm-orkenіty» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруы­мен өткізілген республикалық «Үздік директор» байқауында жеңімпаз атан­ған «Ұстаздан шәкірт озады» демекші мектеп оқушыларының қатарында да түрлі деңгейдегі білім сайыстарында жүлдегер атанған оқушылар да баршылық көрінеді. Әуез мектебінен бөлек Мәдениет үйінде ауыл өнер­паздарының өнерін шыңдап, өрісте­туге 7 үйірме жұмыс істейді екен. Ауыл­дықтардың рухани қажеттілігіне кітап­хана жұмысы да үздіксіз. Ауылдағы №9 кітапхана филиалының оқырмандар саны 905, кітап қоры 20 мыңнан астам екен. Кітап қоры 100 пайыз Рабис бағдарламасына көшіріліпті.

Жаңа ғимаратта орналасқан дәрігер­лік емханада да қажетті құрал-жабдық­тармен, тиісті мамандармен қамтамасыз көрінеді. Ауылдық емха­нада 5 орындық күндізгі станционар да қарастырылған екен.

3 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда 14 дүкен жұмыс істейді. Мал шаруа­шылығы, егіншілік кәсібінен бөлек, «Мәді Қажы» серіктестігінің құрылыс өнімдерін шығаратын өндіріс цехтары іске қосылып, ауылдағы жұмыссыздық деңгейін азайта түсуге септесуде.

Бір сөзбен айтқанда қажеті түгелденіп, ісі ілгерілеу барысындағы ауылда­рымыздың бірі Сырдарияның Шіркейлісі де.

***

Ауылдағы жұмыссыздық деңгейі көрсеткіші жыл басындағы есеп бойынша 5,2 болған екен.

Ал енді осы теріс көрсеткішті кеміту бағытындағы жұмыстар қандай? Ауыл­дық округ бойынша 85 кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, оның 78-і нақты жұмыс істеп тұр екен. Ауылдықтар мал шаруашылығы, егіншіліктен бөлек, құс шаруашылығымен айналыса бастаған. Ауылдастың қажетіне ТЖО, ағаш шеберханасы, кондитерлік цех, тігін, қыз жасауы шеберханасы, компьютерлік қызмет сынды кәсіп көздерін ашқандар бар. Шаштараз, монша деген қа­жеттіліктер де өтелген. Дүкендер де баршылық.

***

Дүйім елге ұран да ұлы іс нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік қолдау шараларынан бұл ауыл жұрт­шылығы да әлбетте шет емес.

Өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті» дамыту бағдарламасы бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 2 адам; «Өңірлік инвестиция­лық орталығы» МҚҰ ЖШС арқылы 8 адам (18,2 млн. теңге) қаражат алып, кәсібін жалғастырған.

«Бизнестің жол картасы — 2020» бағ­дарламасы негізіндегі грантқа шіркейлі­ліктер 9 жоба ұсынып, 3 жоба жеңімпаз атанған. Сөйтіп ауыл тұрғыны Айдарбек Байсейітов «Кондитерлік цех» жобасына 530 мың теңге, жеке кәсіпкер Нұрмұ­хаммед Әбілқасымов балық шаруашы­лығы жобасына 2 млн. 586 мың теңге, жеке кәсіпкер Жұмабек Көпбергенов «ТЖО» жобасы бойынша 600 мың теңге қаражат алған «Агро-бизнес — 2020» бағдарламасы бойынша 1 жоба 5,5 млн. теңгеге қаржылан­дырылған. «Өзіңе сене баста» атты облыстық мүмкіндігі шектеулі кәсіп­керлер арасындағы байқауға қатыс­қан ауылдың 3 тұрғынының әрқайсысы 50 мың теңге көлемінде қаражат алған.

«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қам­туды және жаппай кәсіпкерлікті дамы­тудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарла­масына» қатысуға ауылдық округтен 7 жоба ұсынылып, 6 жоба жеңімпаз болып, бастамашылар бұл тараптан 1 млн. 440 мың қаражат алған. Кәсіпкерліктің дамуы әлеумет әлеуе­тінің алдыңғы көрсеткіші болғандықтан бұл шарадан шіркейлі­ліктер де қалыс қалмауға белсеніп жатқанға ұқсайды. Нақты көрсеткіштер жоғарыдағыдай.

***

Табиғатынан көкорайлы ауылды өз кезегінде көркейту, сәулеттендіру жұмыстары жүргізіліп ауыл бүгінде күтімді келбетке келіп қалған. Өткен жылы облыстық бюджеттен бөлінген 37 млн. теңгеге Шіркейлі — Қоғалыкөл бағы­тындағы көпір жөнделіпті. Жергі­лікті өзін-өзі басқару есеп шотына түскен қаражат үгіт-насихатқа жұм­салып көше бойларына бильбордтар жасалып, ілінген.

***

Бұрынғы облыс әкімі Қырымбек Көшербаев әрбір кіші әкімге мықтап жүктеп, мезгіл-мезгіл есебін алып отыра­тын әрбір елді мекенде жұмыс­сыздықты азайту, кәсіпкерлікті өріс­тету, салық жағдайын нығайту, қоғам­дық-саяси ахуалдың тұрақты­лығын қамтамасыз ету сынды  міндеттерге жаңа әкім Қуанышбек Ысқақов өз тарапынан толықтырулар енгізбесе, өзгертпейтіні хақ. Осынау қағидатты міндеттер қабатында ауылды көркейту, сәулет­тендіру жұмыстарын жалғастырып, ауыл көшелерін асфальт­тау, көгал­дандыру, абаттандыру жұмысы­ның қамында болмақ кіші әкім Құламқа­діров. Ауылдың 6 көшесін жөндеу үшін аудандық бюджеттен 102 млн. теңге қаржы қаралып, жоба-сметалық жобасы жасалған екен. Ауылдың кіреберісі мен Қоғалыкөл ауылы бағытына шығатын жолына, ауыл балабақшасына бейне­бақылау орнату жоспары да алға қойылған. Басқарушылар үшін басты міндеттің бірі бюджеттен бөлінген қаражаттың уақытылы, мақсатты, сапалы игерілуін қамтамасыз ету екені де белгілі. Ал енді кәсіпкерлік, жұмыспен қамту деген міндеттер елмен бірге жүзеге асырылады.

Ел де бүгін қара нанның қамымен ғана күнелтуді қаламайды. Қолдан келгенше қарекет жасап елден қалмай тұрмыс түзеп, береке табуға ынталы. Ынталы жұртқа «ылдым-жылдым» қызметші керек.

Шіркейлі әкімі Т.Құламқадіров «сол жұмысты жасап жатырмыз»,- дейді…

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here