СЫРДАРИЯНЫҢ ДҮКЕНІ — БАҒА САЯСАТЫНЫҢ БОС ЕМЕСТІГІ

0
174

Халық күнделікті тұтына­тын негізгі азық-түліктердің бағасын тұрақтандыру, осы өнім түрлерін әлеуметтік қолдауды қажет ететін тұр­ғындардың қажеттілігіне базар бағасынан төмен ұсыну үшін жер-жерде әлеу­меттік дүкендер жұмыс істей­тіні белгілі.

Бұл аттас дүкендердегі өнім сапасы төмен, ал бағасы базардағыдан сәл-пәл ғана жеңіл­дікті болып, халық сұраны­сына ие болмаған кездері де бар. Мұндай жағдай кей тұста әлі де көрініс беретінін ешкім жоққа шығара алмас. Әйтпесе, мысалы облыс орталығының әр мөлтек ауданында орналасқан кез-келген тұтынушы үшін есігі ашық әлеуметтік дүкеннен әлеумет арылмас еді.

Жалпы, тап бүгінгі күндері әлеуметтік дүкендер мақсат­ты үдесінен қаншалықты шығып жатыр? Бәрі іс басын­дағылар айтатындай жіптік­тей ме?..

Дегенмен, біздің бүгінгі әңгімеміздің арқауы «атына заты сай» әлеумет көңілінен шыққан әлеуметтік дүкен жайында болмақ.

Айтпағымыз, Сырдария ауданы, Тереңөзек кентінде орналасқан, бірнеше жылғы игілікті қызметімен тұтыну­шыларының шынайы риза­шы­лығына бөленген әлеумет­тік дүкен жайында. Елорда­дан, басқа өңірлерден ат терлетіп келетін ресми қонақ­тарға облыстағы біре­гей әлеуметтік жоба ретінде көрсетіліп жүретін әлеуметтік дүкеннің осы күндердегі жұмысын арнайылап барып, біз де көріп қайттық.

Кент орталығындағы әлеу­меттік дүкен аптасына 2 күн, сейсенбі және бейсенбі күндері жұмыс істейді екен. Біз бейсенбіге туралап барғанбыз.

«Әлеуметтік дүкен» деген маңдайшасымен менмұнда­лаған шағын дүкенге жақын­дап барғанымызда бір қап ұнды велосипедке артып жатқан азаматты байқадық. Дүкен ішінен және бірді-екілі тұтынушы кезекті.

Сөрелерде күріш, өсімдік майы, қант, ұн сияқты күн­делікті қажеттіліктегі азық-түлік өнім­дері тұр. Тұтынушы құқығына орай бағалары да жазылып қойыпты. Өсімдік майының бағасы басқа дүкендерде 400 теңгеден болса, Тереңөзектің әлеу­меттік дүкенінен тұтынушы оны 30 пайыз жеңілдікпен литріне 280 теңгеден, 50%-дық жеңілдікпен литріне 200 теңгеден ала алады. Қант келісінің базардағы бағасы 200 теңгеден болса, әлеу­меттік дүкенде 30%-дық жеңіл­дікпен келісіне 140 теңге, 50% жеңіл­дікпен тіпті 100 теңгеден екен. Күрішті ауданның әлеуметтік дүкен­індегі күріштің бағасы 30 пайыздық жеңілдік­пен 105 теңгеден, 50 пайыздық же­ңіл­дікпен бар-жоғы 75 теңге­ден болып тұр екен.

Сөреде сондай-ақ келі­сіне 30 пайыздық жеңілдікпен 61,6 теңгеден, 50 пайыздық жеңілдікпен 44 теңгеден ұн да тұр. 30 пайыздық, 50 пайыз­дық жеңілдік әлеумет­тік дүкен тұтынушыларының отбасы мүшелерінің санына қарай беріледі екен. (Адам саны көбірек болса 50 пайыз). Дүкен тұтынушыла­рын да сөзге тарттық. Тереңөзек кенті тұр­ғыны зейнеткер Роза Қой­шықова отбасында 3 адам барын, ересек екі ұлының бірі денсаулығына байланысты жұмысқа қабілетсіздігін және бір ұлы қоғамдық жұмысқа тартылғанын, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасы ретінде әлеуметтік дүкеннің игілігін көріп келе жатқанын жеткізді. Көзінің ағы мен қарасындай екі ұлының бірінің денсаулығына байланысты қолына қарап қалғанына ана көңілі аса жабырқаулы екені жүзінен де, сөзінен де аңға­рылды. Ұлының денсаулығына байланысты жәрдемақы ала алмайтынына да қапалы екенін білдірді ана. Кім-кімнің де жігерін құм ететін мұқтаждыққа ұрпағының қамын жеген мұң қосылғасын ана жүрегі жыла­масын ба?.. Десе де, тұрмыс қажетін өтеуге болысқан әлеуметтік дүкен қызметіне шын көңілден рахмет айтатынын жеткізді зейнеткер.

Әлеуметтік дүкеннің және бір тұрақты тұтынушысы Тереңөзек кентінің тұрғыны Елена Голобородько да, дүкен қызметіне ризашылық біл­дірді. Өзі өкпе аурулары ауруханасында кіші меди­циналық қызметкер жұмы­сында, жолдасы денсаулы­ғына байланысты зейнеткер, отбасында 7 бала тәрбие­ленуде екен. Бүгінде 42 жас­тағы Елена балаларының үл­ке­ні жуырда әскери боры­шын өтеп келіп, енді отба­сында өзіне қолғабыс тигі­зетініне қуанышты екенін де риясыз жеткізді. Одан кейінгі бала­лары студент, мектеп оқушы­лары, кішісі 7 жаста. — Осы дүкен ашылғалы игілігін көріп келеміз. Базардағы баға қандай болса да бұл дүкендегі баға өзгерген жоқ. Бұл — үлкен көмек. Мысалы, қазір базарда күріштің бағасы 300 теңгеден асып кетті. Мен бұл дүкеннен күріштің келісін 75 теңгеден аламын. Айына 25 келі күріш, 9 келі ет, 9 келі құмшекер т.б. қажетті өнімдерді аламын. Бұл өнімдерді базардан алсам ақшаны еселеп көп жұмсауға тура келер еді,- дейді көпбалалы ана Елена Голобородько.

Кент тұрғыны Қарлығаш Акимжанова да 5 баланың анасы ретінде осы дүкеннен 30 пайыздық жеңілдікпен ай сайын 18 келі күріш, 3 литр өсімдік майын, 6 келі қант, 33 келі ұн, 6 келі ет алатынын айтады. Мамандығы заңгер Қарлығаш жолдасы қайтыс болғаннан кейін балалардың жағдайымен үйде отыр екен. Екі баласы науқас, баста­рында меншікті баспанасы жоқ, бүгінде жатақханада тұратын көрінеді. Күнкөріс­тері әлеуметтік жәрдемақы және осы әлеуметтік дүкен­нен алатын азық-түлік көп жәрдем. «Тиісті жәрдем­ақыны алып жатырмыз. Әкімдік те қолдау жасайды, ешқандай шағымым жоқ»,- дейді қайрат пен сабырдың бағасын жастай сезінген жалғызбасты ана «нендей мұқтаждықтарыңыз бар?» деген сауалымызға орай. Әрине, бес балаға бір өзі қамқор жалғызбасты ананың зәрулігі болмасын ба? Дегенмен, әлеуметтің әл-ауқатын оңалтудың шара­лары жасалып жатқанын да терістеуге болмайтынын айтады Қарлығаш.

Дүкен меңгерушісі, 2015 жылы дүкен ашылғаннан осы қызметтегі Мария Сейпулова 30 пайыздық және 50 пайыздық жеңілдікпен 9 адам тұратын отбасының әлеуметтік дүкеннен алатын азық-түліктің есеп-қисабын шығарып берді. Айталық, 50 пайыз жеңілдікпен 9 адамнан тұратын отбасы 9 келі етті келісіне 625 теңгеден алған­да бар-жоғы 5625 теңге. 30 пайыздық жеңілдікпен келі­сіне 875 теңгеден алғанда 7875 теңге жұмсайды екен. Нақтылағанда ет 9 келі х 625тг=5625тг., күріш 25 келі х 75тг=1875тг., өсімдік майы 5 литр х 200тг=1000тг., қант 13,5 келі х 100 тг=1350тг., ұн 50 келі х 44тг=2200тг. Барлығы 12050тг. Тиісінше 30 пайыздық жеңілдікпен: күріш 25 келі х 105тг= 2625тг; өсімдік майы 5 литр х 280тг=1400; қант 13,5 келі х 140тг=1890; ұн 50 келі х 61,6тг=3080тг. Барлығы 16780 теңге. Ал енді осы азық-түлік түрі мен көлемін базар бағасымен есепте­генде 35110 теңге болады екен. Нақты атап өтсек, ұн 50 келі х 260тг=3510тг; өсімдік майы 5литр х 420тг=2100тг; күріш 25келі х 320тг=8000тг; ет 3 келі х 1700тг=15300тг. Әлеу­мет­тік дүкен ашылған уақыты сонау 2015 жылдан бері баға өзге­ріссіз қалғанын жоғарыда айттық. 30-50 пайыз жеңіл­дік сол тұрақты бағаға жасалады. Бұл баға тұрақ­тылығын сақтау саясаты­ның бос сөз еместігінің дәлелі. Бірақ бұл баршаға ортақ игілік емес.

Аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдар­ламалар және азаматтық хал-актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Абзал Ұзақбаев­тың айтуынша жоғарыда аталған 5 түрлі азық-түлік өнімдері жеңілдетілген баға­мен 1 адамға бекітілген нор­маға сәйкес айына 1 мәрте беріледі екен.

— Әлеуметтік дүкеннен бүгінде 359 мүшесі бар 78 отбасы 30-50 пайыз жеңіл­детілген бағамен азық-түлік сатып алады. Тұтыну­шылар тізімін Тереңөзек кенті әкімі жанынан құрылған комиссия қалыптастырады. Комиссия құрамында аудандық қоғам­дық кеңес төрағасы, аудан­дық «Тіршілік тынысы» газе­тінің редакторы, аудандық әйелдер кеңесінің төр­айымы, Тереңөзек кенті арда­герлер кеңесінің төр­ағасы бар. Комиссия ай сайын тізімді қарап, зерттеп, тізімді қажеттілігіне қарай жаңартып отырады,- дейді әлеуметтік сала басшысы. Яғни, тізімдегі азаматтар жұмысқа тұрып отбасы бюджеті жақсарған болса, тізімнен шығарылады, қажет­тілігіне қарай тізімге әлеу­меттік қолдауға мұқтаж басқа азаматтар енгізіледі.

Жоғарыда атап өткені­міздей дүкен сөрелерінде негізгі азық-түліктің 4 түрі тұр. Әлеуметтік дүкен тұтынушылары тізіміндегі азаматтардың отбасылары­на күні ертеңгі құрбан айт мерекесінде тегін ет те берілмек екен. Одан бөлек таяудағы бау-бақша жиын-терімінде дүкен сөрелері қауын-қарбыз, картоп, сәбіз, асқабақ т.б. өнімдермен байи түспек. «Елде болса ерінге тиеді» дегендей әлеу­меттік дүкен демеушілері аудандағы жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, бұл қатарда мұнайшылар да бар екенін, олардың ешбірі қол­дан келер көмектен аянып қалмайтынын жеткізді А.Ұзақ­баев. Сондай-ақ ау­данның бюджеттік сала қызметкерлері бір күнгі еңбекақысын әлеуметтік қолдауға арнайды екен.

Осы орайда әлеуметтік бағытта атқарылып жатқан шаралардың нәтижесі болса керек, кейінгі жылдары әкімдікке тұрмыстық қажет­тілігі жөніндегі мәселемен келетіндер жоқтың қасы дегенді айтады аудандық әкімдіктегілер.

Дүкен қабырғасындағы «Біздің демеушілеріміз» де­ген құрмет тақтасына да көзіміз түсті. Тақтада әлеу­мет әл-ау­қаттылығына болы­сып жүрген сырдариялық азаматтар бы­лайша тізбе­леніпті.

Аудан әкімі Ғанибек Қазантаевтың бастамасы­мен ашылған әлеуметтік дүкен жобасының нәтижелі жұмысы ең алдымен осы азаматтардың лайықты үлесі екені де анық. Аудан әкімінің адал басшылығы, елге шынайы жанашырлығы деп те бағалайды мұны ел. «Ғанибек Қонысбекұлының елге ықыласты қызметін көргенде біз де елдің игілігіне ризашылықпен атсалысуға барымызды саламыз», — дейді аудандық мәслихат депутаты, «Мәді қажы» ЖШС басшысы Сейт­камал Сұлтанов.

Иә, ел қашан да тұлғалы азаматтарымен еңселі, ырыс-берекелі. Баршаға үлгіге алынғандай сыр­дариялықтардың бірегей бірлескен қарекетінің басы-қасындағы аза­мат­тарға мың алғыс, ендеше.

P.S. Айтпақшы, әлеуметтік дүкеннің бір бұрышында киім-кешекке де орын берілген. Тереңөзек тұрғындары «мүмкін қажетке жарар» деген артық-ауыс киім-кешекті әлеуметтік дүкенге әкеліп береді екен. «Second hand» киім-кешектер тегін беріледі.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here