Кәріз жүйелеріне күрделі жөндеу жүргізілуде

0
41

Қазақстан Республикасы Ұлттық Экономика Министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бастамасымен «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны мекемесіне қарасты Есенов, Абай көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің алдындағы кәріз жүйелері мен «Мерей Ақмешіт» ықшам ауданындағы 4 скважиналы су стансасының жұмыс барысы тексерілді.

Облыстық БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен шарада ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстардың жай-жапсары мен ауқымы таныстырылып, тұрғындардың талап тілектері тыңдалды. 

— Басты мақсат тұрғындар жағдайын жақсарту. Өңірлік даму бағдарламасы негізінде және басқа да мемлекеттік бағдарламалар аясында тиісті жұмыстар жасалуда. Авариялық жағдайда деп танылған құбырлар ауыстырылуда. Барлық мақсатымыз халықтың сұранысын қанағаттандыру. Қазіргі таңда қала тұрғындарын ауыз сумен 24 сағат тұрақты қамтамасыз етіп келеміз. Тасбөгетте су қоймасының бас тоғаны жоғары деңгейде жұмыс жасап тұр. Қаладағы көпқабатты үйлердің 4-5 қабаттарына су көтерілу жағдайы жақсы жолға қойылған. Ауыз судан мәселе жоқ. Кәріз су қалдықтарын ағызатын арнайы құбырлар ескіргендіктен жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Оның сапасын өзіміз қадағалап комиссия құрып тексеріп қабылдаймыз,- дейді Қызылорда қалалық су жүйесі басқармасының басшысы Марат Жәмиев.

Құрылыс жұмыстарын «Нұрай Ақ жол» ЖШС мекемесі жұмысшылары жүргізуде.

— Арнайы қаражат бөлініп жұмысымызды жасап жатырмыз. Біздің негізгі міндетіміз тұтынушылар талаптарын орындау болып табылады. Қаладағы кәріз жүйелеріне 1970 жылдардан бері жөндеу жүргізілмеген. Құрылысқа 130 млн. теңге бөлініп, шілде айында бастаған болатынбыз. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айына дейін толыққанды бітіреміз деген жоспарымыз бар,- дейді құрылыс мекемесінің маманы.

Салтанат көшіндегі Сыр елінің бас қаласы – Қызылорда шаһары жыл сайын даму динамикасы жоғарылап келе жатқан өңір. Оның әр саласында серпін бары ақиқат. Қаладағы жасалып жатқан қыруар шаруалардың түпкі мақсаты халық ахуалын арттыру. Су – тіршілік нәрі. Сала басшысы журналистерге шаһарда ауыз су мәселесі оң шешімін тауып отырғанын атап өтті. Ендігі міндет кәріз жүйелерін қайта жаңарту кезегі. Бастысы атқарылған істен ақау шығып ел көңілі су сепкендей басылып жүрмесе игі.  Сонда ғана еңбектің жемісті болғаны.

Т.ШАЙДІЛДӘҰЛЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here