Халықтың өз бетінше алған электронды қызметтері ұлғайды

0
145

Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте Халыққа қызмет көрсету орталықтарының рөлі зор. Жұрт бұрынғыдай БТИ-ға барып едім, анықтама ала алмадым, немесе жер кадастрынан жеткілікті ақпарат жетпеді деп ренжімейді. Кез-келген құжатты рәсім­деуге ұзақ уақыт алатын кезек те жоқ. Бұл бір жағы болса, екінші жағынан халыққа көрсетілетін мемле­кеттік қызмет түрлерінің бір орынға шоғырлануы халық үшін қолайлылық тудыруда. Осы ретте «Аза­мат­­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіліп жатқан қызметтердің санымен қатар, сапасын да бағамдау мақсатында жергілікті филиал директоры Айдын Қайруллаевпен сұхбат­тасқан едік.

— Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі. Жұмыстың көптігі қызмет сапасына әсер етпей ме?

— Қазір мемлекеттік Реестрдегі 742 қызметтің    635-і, яғни 85 пайызы корпорация арқылы көрсе­тіледі. Осы қызметтердің 532-сі электронды форматта қол­же­тімді. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің сапасын арттырып, оңтайландырды. Жыл соңына дейін корпорация қызметтерді электронды форматқа көшіруді 71 пайыздан 80 пайызға, ал 2020 жылы 90 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, корпорацияның Қызылорда облысы бойынша филиалы 2019 жылдың 6 айында 573 мың қызмет көрсетті. Бұл былтырғы жылмен салыс­тыр­ғанда 108 мыңға (15 %) азайған. Себебі қызметтердің басым бөлігін азаматтар электронды үкімет порталы немесе барлық фронт-офистерде ұйымдастырылған өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары арқылы алып жатыр. Бұл секторларға арнайы мамандар бекітіліп, қызмет алушыларға өздігінен қызмет алу жолдары үйретілуде. Секторлар арқылы 2018 жылдың 6 айында 360 мың мемлекеттік қызмет электронды түрде алынса, 2019 жылдың 6 айында бұл көрсеткіш 628 мыңды құрап отыр. Бұдан халықтың өз бетінше электронды түрде алған қызметтер саны 42%-ға ұлғайғанын байқауға болады.

Мемлекеттік қызметтердің сапасын оңтайлан­дыру және арттыру мақсатында бүгінде корпора­циямен бірнеше қызметті бір композитке біріктіру бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда. Қазірдің өзінде 25 мемлекеттік қызметті қамтитын 11 композиттік қызмет іске қосылды.

Мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру аясында іске қосылған пилоттық жобалардың бірі — проактивті форматта туу туралы куәлік рәсімдеу. Жоба іске қосыл­ғаннан бері облыс бойынша 4862 тұтынушы Егов базасына тіркеліп, сәбилі болған 2376-ден аса анаға проактивті қызметтерді алуға SMS-ұсыныс жолданды. Туу туралы куәлік 2321 адамға табыс­талды. Бүгінде балабақша кезегіне 820 бала тіркелген. 675 балаға жәрдемақылар тағайындалып, толық циклда көрсетілген қызметтер 485-ті құрады.

Бүгінде «Азаматтарға арналған» мемлекеттік қызметтерді ұсынудың барлық арналары  қамта­масыз етілуде. Мысалы egov.kz электрондық үкімет порталы, Telegram-бот мобильді қосымшасы, мемле­кеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі 1414 бірыңғай байланыс орталығы сияқты мемлекеттің халықпен байланыс арналары бар.

Соның ішінде халық арасында кеңінен тарағаны Телеграмм бот мобильді қосымшасының EgovKzBot жүктемесі арқылы қызмет алу. Қолданушылар ара­сында танымал болған телеграм-бот 25 түрлі мемле­кеттік қызмет пен сервистерді алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде мекенжай, соттылықтың бар-жоғы, пси­хиа­триялық, наркологиялық диспансердің анықта­малары жиі сұралады. Сондай-ақ, бот арқылы азаматтар зейнетақы қорындағы салымы туралы ақпарат алып, өз үйінде тіркелгендердің тізімін қарай алады. Сервисті қолданушылар дәрігердің қабыл­дауына жазылып, борышкерлер тізімінде бар-жоғын тексеріп, бос жұмыс орындарын да қарай алады. Смартфондағы бұл сервис түрін пайдалану үшін азаматтар кез келген ХҚО-ға келіп мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс.

— Өзіңіз айтқандай, қажетті анықтамаларды смартфон арқылы алу өте тиімді. Осы қызмет түрі халық арасында қалай насихатталып жатыр? Жалпы бүгінде қызылорда­лық­тардың электронды қызмет алу көрсеткіші қай деңгейде тұр?

— Әрине, ХҚО-ға бармай-ақ арнайы қосымшалар арқылы, өзіңізге ыңғайлы орында он­лайн түрде алған өте ыңғайлы, уақытыңыз бен жол шығын­дарын үнемдейді. Алайда бір ғана анықтама үшін орталыққа келіп жүрген азаматтар да бар. Сондықтан тұрғындардың цифр­лық сауаттылығын арт­тыру және қызметтерді элек­тронды форматта алу бойынша филиал мамандары оқыту-түсіндірме жұмыстарын тұ­рақты жүргізуде. Біздің маман­дармен адам көп шоғырланған орындарда электронды үкімет порталы арқылы көрсетілетін қызметтерді насихаттау бойынша кең көлемді акциялар ұйымдастырылып тұрады. Филиал мамандары оқу орындарына, меншік иесіне қарамастан еңбек ұжымдарына, банктерге, медициналық ұйымдарға, әскери бөлімдерге барып халықтың цифрлық дағдыларын арттыру бойынша оқыту шараларын өткізеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша жалпы саны 67 мыңнан астам азамат арнайы қысқа мерзімді курстардан өтіп, электронды сертификат алды.

Сонымен қатар, халыққа қызмет көрсету орта­лық­тарынан тыс барлық қала, аудан, ауылдық әкімі аппараттарының ғимараттарында, бірқатар жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары ашылды.

Айта кетейік, өткен жылдың 6 айында мобильді азаматтар базасына тіркелгендер саны 111 мыңды құраса, 2019 жылы есепті мерзімде бұл көрсеткіш 207 мыңға жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 86% артып отыр.

— Шалғай елдімекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтер қаншалықты қолжетімді?

— Аудан орталығынан 40 шақырымнан асатын шалғай елдімекен тұрғындарына мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет көрсетеді. Ол үшін сол елдімекен әкімдігінен қажеттілікке байланысты сұраныс болу керек. Мобильді топ ауыл тұрғында­рына қызмет көрсетумен қатар, электронды үкімет порталы арқылы анықтама алу жолдарын қоса үйретеді. Соның нәтижесінде былтырғы жылдың 6 айында 479 іс-сапарда,  21 мың мемлекеттік қызмет көрсетілсе, 2019 жылдың 6 айында 390 іс-сапарда 13 мың мемлекеттік қызмет көрсетілген. Яғни, оқыту шаралары өз нәтижесін көрсетіп, іссапар саны мен көрсетілген қызметтер саны едәуір азайғаны байқа­лады. Ауыл тұрғындары анық­та­маларды электронды портал немесе мобильді қосымша арқылы алуды үйреніп келеді.

— 1 шілдеден бастап көлік­терді тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру құзыреті «Аза­маттарға арналған үкі­метке» берілді. Осы салада атқарылып жатқан жұмыс­тарға тоқталсаңыз.

— Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, ҚР ІІМ ТЕБ қызметкерлерінің жұмысында реформа жүргі­зілді. Мамандандырылған ХҚО ғимараттарында отыра­тын полиция қызметкерлері полиция департаментінде орналасқан бірыңғай бэк-офистерге көшіріліп, азамат­тардың өтінімдерін қашық­тық­тан қарайтын және бекі­тетін болды. Нақтырақ айт­қанда, жүргізуші куәлігін алушылардан теориялық және практикалық емтихандарды мамандандырылған ХҚО қызметкерлері қабылдайды. Бұл ретте автокөлікті тіркеуге қажетті құжаттардың бар-жоғын полиция қашықтан, салық, кеден және басқа да органдардың базаларынан онлайн режимде, яғни «қағаз» құжаттарсыз-ақ тексереді.

Осылайша, жүргізуші куәлігін беру және көлікті тіркеу бойынша қызмет көрсету кезінде қызмет­алушы қызмет көрсетуші органның мамандарымен мүлде байланысқа түспейді. Қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын жақсартуға, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған.

2019 жылдың 6 айында филиалдың мамандан­дырылған бөлімі мен секторлары арқылы 54 мың өтініш қабылданып, өткен жылмен салыстырғанда 46 пайызға артты.

Электронды үкімет порталында 1531 қызылор­далық жүргізуші куәлігін онлайн түрде рәсімдеп, дәл осы форматта 1839 автокөлік тіркелді.

— Жыл басында Қызылорда қаласында көші-қон қызметтерінің орталығы ашылды. Бүгінде осы орталықтың жұмысы қалай жүріп жатыр?

— Жалпы бұл орталық ақпан айында ашылды. Шетел азаматтарына бір ғана жерден бірнеше мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейтін орталықта мемлекеттік корпорацияның қызметкерлерінен бөлек миграциялық қызмет комитетінің қызмет­кер­лері мен медициналық ұйымдардың мамандары орналасқан. Бұрын шетелдік еңбек мигранттары тиісті тіркеуге тұру үшін әр мекеменің табалдырығын тоздырып, бірнеше күнін жоғалтатын. Ал қазір барлық қызметтер бір ғимараттың ішінде, бас-аяғы бірер сағатта рәсімделіп жатыр.

Айта кетейін, орталық ашылғаннан бері көші-қон қызметтер орталығы арқылы «Еңбекші көшіп келу­шіге рұқсаттар беру және ұзарту» және «Шетел­дік­терге ЖСН беру» қызметтері бойынша 4434  қызмет көрсетілді.

— Әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы жаңалықтарға да тоқталып өтсеңіз…

— 2019 жылғы 1 шілдеден бастап мүгедек баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға тағайындалатын жәр­дем­ақы мен бала кезінен І топтағы мүгедекке күтім көрсететіндерге берілетін жәрдемақы көлемі өсті. Жәрдемақының қайта есептелуін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бөлімдері мен Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші қон комитетінің аймақтық департаменттері авто­матты түрде жүзеге асырды, бұл үшін жәрдемақы алушылар тарапынан қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ.

Бүгінде мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасы­лар күнкөріс көлемінің 1,05 мөлшерінде 31 183 теңге жәрдемақы алып отыр. 1 шілдеден бастап оның көлемі 10 395 теңгеге өсіп,41 578 теңгені құрады.

Осы ретте айта кетейік, Қызылорда облысы бойынша 1 шілдеден бастап 5638 жәрдемақы алушы­ның төлемі көбейді, оның ішінде: мүгедек баланың күтімі үшін 5025 алушыға, бала кезінен 1-топтағы мүгедектердің күтіміне арналған жәрдемақы 613 алушыға қайта есептелді.

— Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу функциясы Әділет министрлігінен корпорацияның құзыретіне берілгендігі белгілі. Осы туралы түсіндіре кетсеңіз.

— «Бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республи­касының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» тиісті Заң ағым­дағы жылдың 2 сәуірінде қабылданған болатын.

Заңға сәйкес, заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және коммерциялық ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу (7 ұйымдық-құқық­тық нысан) бойынша функциялар ҚР Әділет министрлігінің қарамағынан «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына 1 шілдеден бастап беріле бастады.

Шағын кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаларды алғашқы тіркеу тіркеуші органның қатысуынсыз egov.kz электрондық үкімет порта­лында электрондық форматта жүзеге асырылады. Тіркеу іс-әрекетінің қалған түрлері, атап айтқанда акционерлік қоғамдарды, мемлекеттік кәсіпорын­дарды, барлық коммерциялық ұйымдарды мемлекет­тік қайта тіркеу, тарату, филиалдар мен өкілдіктерді есептік (қайта тіркеу) тіркеу қызметтері құжаттардың қолданыстағы заңнамаға сәйкестігі туралы құқықтық сараптама жүргізуді талап етеді. Сондықтан «Азамат­тарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация­сы­ның заңгерлік білімі бар қызметкерлері арнайы оқытудан өтті. Филиалға Әділет Департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бойынша 5 қызметкері жұмысқа қабылданып, 1-шілдеден бастап 121 мемлекеттік  қызмет көрсетілді.

Айта кету керек, функцияларды мемлекеттік корпорацияның құзырына беру республикалық бюджеттен қаржыландырылмай жүзеге асырылады.

Сұхбатыңызға рахмет!

Т.БАҒДАТҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here