Сыбайлас жемқорлық — қоғам дерті

0
403

Кез келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселенің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық заман ағысымен бірге өсіп-өркендеп, мол қаражат және қоғамдық бәсекелестік пайда болған жерлерге тамырын жайып, бүгінгі күнге дейін жойылмай отырған кеселдің бірі. Бұл кесел дамушы елдердегідей біздің жас мемлекетімізге де орасан зор нұқсан келтіріп отыр. Сондықтан да Қазақстан Республика­сының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі осы зұлымдықпен күресу болып табылады.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң талабының аясында жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттер әр салада жүзеге асырылуда. Әсіресе, халық парақорлық дертімен жиі бетпе-бет келеді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті жеке қарау мүмкін емес. Сондықтан, кез келген ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет.

Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыс­тар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтарға бой алдыруы­ның себебі көп. Оған ең алдымен қызметшілердің білім деңгейі­нің, әдептілік ұстанымының төмен болуы әсер ететін болса керек. Кей мемлекеттік қызметшілердің құқық бұзушылыққа немқұрайлылық танытуы, кәсіби әдептілігінің жетіспеуі де, жеке басының қамын ойлауы да парақорлықтың дендеуіне септігін тигізуде. Сондай-ақ, кейбір мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң талаптарын атқаруда ынта танытпай, жұмыс жүргізбеуі де жемқорлықтың тамырын тереңдете түседі.

Парақорлық мемлекеттік органдардың тиісті қызмет атқа­руына кері әсерін тигізіп, беделіне нұқсан келтіреді, заңды қағидаларды теріске шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына түрткі болады. Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттің органдар мен онда қызмет атқара­тын лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттің органдар­дың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігі шегінде кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орын­далуын қамтамасыз етуге міндетті.

Б.ТӘҢІРБЕРГЕНҰЛЫ

Қызылорда облысының Еңбек саласындағы бақылау басқармасының бас маманы, мемлекеттік еңбек инспекторы

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here