«Сорқұдықтың» басына қонған ферма…

0
71

Осыдан үш жыл бұрын, 2016 жылы «Жан — Арай» ауылшаруа­шы­лығы өндірістік кооперативі аясында облыста тұңғыш рет қаз бен үйрек өсіру шаруа­шы­лығы қолға алынған болатын. «Жан — Арайдың» құс шаруашы­лығы да Айдарлы ауылы аума­ғында орналасқан. Шаруашы­лық жайынан хабар алмаққа аталмыш құс ферма­сына да бұрыла кеттік. Құс етін өндіру бағытында ұйымдас­тырылып Алматы облысынан әкелінген он мың жұмыртқа­дан өсірілген қаз-үйрек саны бүгінде 7700 басқа жеткенін айтты ферма басынан жолық­қан құс өсіруші бригада жетек­­шісі Мақсұт Жиренов. «Жан — Арай» шаруа­қо­жа­лы­ғына қарасты құс фер­ма­сында бүгінде бес айдар­­лылық тұрғын тұрақты жұмыс істеуде екен. Жергілікті тұтыну­шыны сапалы құс етімен қамта­масыз ету мақсатында құрыл­ған құс шаруашы­лығы діттеген үдеден шығып жатқан көрінеді. Құс фермасының қанша кө­лем­де ет шығарып жат­қанын құс өсіруші «қала­дағы бас­шы­лық біледі» деп айта алмады. Ал ферма­дағы бағымдағы құс­тың саны қазір 7700 болыпты. Бұл қатарға бөлек бағым­дағы биылғы 900 бала­пан да кіреді. Шүпір­лескен балапандар бөлек күтім­мен, бөлек қора­ларда бағы­луда екен. Ал ере­сек құстар бірі суда жүзіп, бірі көл­шік жаға­лауын­­­дағы шалғын­дықта жайылып, қоң жинап, бейқам. Деген­мен, ішіп-жемі болса болды дейтін емес, күні бойы ізінде қарауылдап жүру керек­тігін айтады М.Жиренов.

Қоң жинап қасап­ха­наға тап­сырылғанша үйрек қазды дала жырт­қыштары мәлім, қорқау қасқырдан да қорғау керек. Майда-шүйде бала­­панды дала­дағы ірі құстар да іліп алып кетіп жемтік етуі мүмкін. Сал­мағы 7-8 келі бола­тын қаз, 5-6 келі бола­тын үйрек дала тағы­ла­рына үлкен олжа болары да анық. Деген­мен, бес құс өсіруші тұр­ғанда дала жыртқышта­рының оңай олжаға тап келсе де олжа­лауы сирек жайт. Мақсұт Жиренов құс өсіру оңай шаруа еместігін айтады. Жем-суын уақы­­тылы беру, қорасын таза­лау­дың өзі күнделікті тыным­­сыз тір­лік. Бұл фермада үй құс­тарының «Линда», «Агидель», «Пекин» атты түрлері өсіріледі дегеннен хабар­­дармыз. «Аты-жөні» қан­дай болғаны­мен сырт көзге бірі үйрек, бірі қаз шыпыр­лас­қан жүздеген құс­тың күтімі шынды­ғында едәуір бейнетке ұқ­сай­ды. Дегенмен, үйрен­шікті төрт түліктен гөрі жем-шөбінің шығыны аздау екені де анық. Оның үстіне  «Жан — Арай­­дың» тәулігіне 80 тонна жем өндіре­тін өз зауыты болғандықтан құс шаруашы­лығының тиімді кәсіп болары түсінікті. Жеңіл әрі пай­далы тағам ретіндегі құс етінің сұра­нысты өнім екені және белгілі.

«Сорқұдық» көлінің басын­да суға жүзіп, шүйгін шал­ғында емін-еркін жайылып қоңданған қаз үйректің орнын енді бір­шама уақытта қора­дағы бала­пан­дар басады. Қазір дема­лыста тұрған инку­батор іске қосылып қора жаңа балапан­дарға толады. Құс шаруа­шылығы осылайша тиісті ырғағымен жұмыс істей бермек. Инкубатор шкафының әрбіріне 800-дей жұмыртқа өсіріледі екен. Қаз жұмырт­қасы 30 күнде, үйрек жұмырт­қасы 27-28 күнде жетіледі екен. Инкубаторда темпера­тура, ылғалдылық бақыланып тұруы тиіс. Оны қадағалайтын технолог маман да бар. Бір сөзбен айтқанда құны 600 млн.теңгеге түс­кен құс өсіру шаруашылығы діттеген мақ­сатқа жет­кенге ұқсайды. «Бәрі жақсы» дейді құс өсіру­ші­лер. Көл басындағы қаз-үйректер үшін де әзірге бәрі жақсы…

Ж.ҒАППАРҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here