МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІ ЖАЛАҚЫМЕН ӨЛШЕНБЕЙДІ

0
254

Білімді жастар еліміздің еңсесін тіктеп, тәуелсіздігімізді тұғырлы ететіні сөзсіз. Ал, білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтыратын алтын ұя мектеп пен ұлағатты ұстаздар екені даусыз. Осы орайда, облысымыздағы бүгінгі білім алушылар мен мұғалім­дердің, оқу орындарының ахуалы қалай? Жаңа оқу жылы аясында қандай жаңалықтар енгізілуде? Осы және өзге де сауалдар бойын­ша облыстың баспедагогы Майра Тұрғанбайқызы­мен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Биылғы жаңа оқу жылында қандай өзгеріс­тер бар? Алғашқы әңгімемізді осыдан бастасақ.

— Алдағы 2019-2020 оқу жылында елеулі өзгерістер болмайды. 4,9,10 сыныптар кестеге сәйкес  жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. 10 сынып­тар үшін «Графика және жоба­лау», «Кәсіпкерлік және бизнес негіз­дері»  жаңа пәні оқытылады.

— Облыс көлемінде үш ауы­сымды оқу жайы түпкілікті шешіл­ген бе? Барлық білім ордалары екі ауысымды оқуға сыйымды ма?

— Жалпы облыста үш ауысымдық мектептердің мәселесі шешілген. Деген­мен де, оқушы контингентінің жыл сайын өсуі  бұл мәселенің қайта туындауына әсер етуі мүмкін. Алдағы жаңа 2019-2020 оқу жылында  облыс­тағы 293 мектепте 164 500 оқушы келеді деп күтілуде. Оқушылардың контингенті 2018 жылмен  салыстыр­ғанда 10 мыңға көбейді. Оның ішінде 1 сыныпқа келетін оқушылар саны 2200-ге артты (1 сыныпқа 21 600 оқушы келеді). Оқушылар санының өсуі негі­зінен Қызылорда қаласында байқа­лады. Үш ауысымда оқытудың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Біріншіден. Қаладағы 1300 орынға профициттері бар 5 мектепке (№4,12,187,217, 278) ІТ-лицей статусы берілді. Бұл мақсатта облыстық бюд­жеттен информатика және робото­техника үйірмелерін жүргізуге 19,9 млн. тг. қаржы бөлінді. Осы арқылы үш ауысымда оқыту қаупі бар мектеп­тердің (№2,3,264,101) оқушылары мөлтекаудандары бойынша ауысты­рылады. Екіншіден. Өткен жылдан бастап білім басқармасы тарапынан МЖӘ (мемлекеттік жекеменшік әріп­тес­тік) негізінде жеке мектеп құрылы­сын салуға бизнес секторы тартылды. Нәтижесінде алдағы қыркүйек айында 1450 оқушыға арналған 3 жеке мектеп ашылады деп жоспарлануда. Бұл 1500 оқушы орны тапшылығын азайтуға мүм­­кіндік береді. Үшіншіден. Жаппас­бай батыр көшесінен жүргізіліп жатқан жобалық қуаты 600 орындық мектеп құрылысы 2019 жылы қазан айында пайдалануға беріліп, 1200 оқушы орны тапшылығын төмендетеді.

— Биылғы жылы мектеп фор­масы қандай болмақ? Басты ерекшелігін атап өтсеңіз…

— Бірыңғай мектеп формасын енгізу пилоттық негізде Қызылорда қаласы мектептерінің бастауыш сыныптарына жоспарлануда. Бірыңғай мектеп фор­масын енгізу мәселесі қалалық мектеп басшыларымен және Қамқоршылық кеңес мүшелерімен талқыланды. Нәтижесімен «Қызылорда облысының жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының халықтық қауымдастығы» тарапынан ұсынылған мектеп формасының үлгісі таңдалып, 33 мектепте алдағы 2019-2020 оқу жылында 1-сыныптарға енгізілу келісілді. Қалған мектептерге жыл бойы ата-аналармен түсіндірме жұмысы жүргізіліп, қамқоршылық кеңестің, ата-аналардың келісімі негізінде кезең-кезеңімен енгізіледі деп күтілуде. Ұсынылған мектеп фор­масы ҚР Білім және ғылым министр­лігінің орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарына сәйкес әзірленген. Фор­ма­ның ерекшелігі — кешкі уақытта балалар өмірінің қауіпсіздігін қамтама­сыз ету үшін киімде жарықшағы­лыс­тырғыш жолақ сызық тігіледі және бағасы базар бағасынан төмен (бір форма құны — 10 000 тг) болады.

— ҰБТ-дан қай аудандар көш бастап келеді?

— ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтың нұсқау хатына сәйкес биылғы жылдан бастап ҰБТ қорытындысына талдау жұмыстары жүргізілмейді және рейтингі жасал­майды. Облыс бойынша көрсеткіш 84 баллды құрап отыр.

Бұрынғы ән-күй, сурет сабақтарының қазір оқытылуы қалай?

— Бұрынғы ән-күй, сурет сабақтары қазіргі жаңартылған білім беру мазмұнына сәйкес «Технология  және өнер» білім  мазмұнына «Көркем еңбек» және «Музыка» пәндері болып енгізіл­ген. «Музыка» пәнін  оқытудың мақ­саты-оқушылардың музыкалық мәде­ниетінің алғашқы негізін қалыптастыра отырып, шығармашыл, өнерлі жеке тұлғаны тәрбиелеу болып табылады. Сабақ барысында шығармашылық талдау, музыкалық зерттеу жүргізіліп, сын тұрғысынан ойлау мен өзін-өзі бағалау жүзеге асырылады. Музыка пәні 1-6 сыныптарда оқытылады. Оқу пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі  аптасына 1 сағаттан, оқу жылында барлығы 34 сағатты құрайды.

Ал, сіз сұрап отырған сурет сабағы қазіргі таңда «Еңбек» пәнімен бірік­тіріліп «Көркем еңбек» пәні болып өзгерді. Бұл пәнді оқыту мақсаты — өз ойын бейнелеп айта алатын  шығар­машылық тұлғаны қалыптастыру. Бұл сабақта АКТ-ны пайдалану арқылы оқушылар зерттеу идеяларын шығар­ма­шылықпен жүзеге асыра алады. «Көркем еңбек»  пәні бойынша оқу жүктемесінің көлемі аптасына 1 сағат­тан, оқу жылында 34 сағатты құрайды. 1-8 сынып аралығында оқытылады. Мектеп оқушыларының осы пәндерге  қызығушылықтары өте жоғары деп айтсам болады.

— Робототехника мектептері жайлы айтып өтсеңіз…

— Облыстың білім беру ұйымда­рында «Цифрлық Қазақстан» жобасын жүзеге асыру шеңберінде білім беру саласында робототехника сыныптары ашылып жатыр. Компьютерге бағдар­ла­малау дағдыларын үйрету мақса­тында Қызылорда қаласындағы №3 мектеп-лицейі ІТ–мектеп-лицей болып қайта аталды. №3 ІТ мектеп-лицейінде 31 лицей сыныбы бар. Оның ішінде 28 лицей сыныптарында 892 оқушы терең оқыту есебінен робототехника және бағдарламалау негіздері қосымша оқытылады. 2018 жылы «Робототех­ника негіздері» бойынша 150 мұғалім, «Робототехника, 3D принтинг» бойын­ша 98 мұғалім кәсіби біліктілігін арт­тырды. Білім беру мазмұнын жаңарту бойынша информатика пәнінен 212 мұғалім біліктілігін арттырды. 2018 жылы ІТ-білімді дамыту бағытында педагог қызметкерлерді 2 бағыт бойынша 40 мұғалім біліктілік арттыру курсынан өтті. Мектептерде цифрлық инновациялық мазмұнға көшу бағы­тында «Bіlіm Land» цифрлық білім беру платформасына 293 мектеп қосылып жұмыс жасауда. 2017 жылы облысы­мызда 25 білім беру ұйымымен 8 қосымша білім беру ұйымы роботтех­ника кабинетімен жабдықталса, 2018 жылы аудан (қала) бойынша мектеп базаларынан 122 робототехника кабинеті ашылды. Бүгінгі күні барлық аудандар мен Қызылорда қаласын­дағы оқушылар үйлерінде үш бағыт бойынша 1)цифрлық білім беру зерт­ханасы; 2) 3D модельдеу; 3) робото­техника — үйірмелері жұмыс жасайды. «Нұр Отан» партиясының «Балаларға арналған ақысыз ІТ-сыныптар» баста­машыл жобасының жоспарына сәйкес, облыс бойынша 2018-2020 жылдар аралығында 55 ІТ-сынып ашылуы жоспарланып отыр. 2018 жылы – 13 ІТ-сыныптар ашылса, биылғы  2019 жылы – 20 ІТ-сыныптар, 2020 жылы – 22 ІТ-сыныптар ашылатын болады

— Бүгінгі қоғамда ұстаздар мәртебесі көп сөз болады. Мұғалімнің деңгейі қалай баға­лануы керек деп ойлайсыз?

— Қазіргі қоғамдағы ұстаздар мәртебесі туралы сөз қозғар алдында, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», — деген сөзін еске алсақ деймін. Яғни бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, ұлттық сана-сезімді, білімді сіңіруші – ол мұғалім. Қазіргі күні білім мазмұнының өзгеруіне байланысты, мұғалімге деген көзқарас та, талап та өзгеруде. Педагогтардың мәртебесін көтеру және материалдық-әлеуметтік жағдайын жақсарту бағы­тында осы уақытқа дейін де бірқатар жұмыстар атқарылып, жүзеге асыры­луда. Дегенмен де біз мынаны есте сақтауымыз қажет. Педагог мәртебесі бірінші кезекте жалақаның өсуімен ғана өлшенбейді. Ұстаздың педагогтық этикасы, яғни мұғалімнің әрбір сөзі мен ісі, қимылы, киімі, аяқ алысы, жүрісі, моральдық тұлғасы басты рөл атқа­рады. Сондықтан да, ұстаз деген ұлы есімге лайық қызмет ету біздің басты міндетіміз болуы қажет.

— Облыста «Дипломмен-ауылға» мемлекеттік бағдарламасы қалай орындалуда?

— «Дипломмен-ауылға жобасы аясында соңғы үш жылда 1595 түлек оқу бітірді, оның ішінде 1542-і (96%) жұмысқа орналасты, 44-і магистра­ту­раға, 4-і шетелге оқуға түсті, 5-і әскер қатарына шақырылды. Жас маман­дарға әлеумет­тік қолдау шаралары көрсетілуде. Оқу бітірген 1542 түлектің 656-е бір жолғы көтерме жәрдемақы негізінде 481 млн.теңге қаржы төленді. Анықтама ретінде: 2016 жылы — 194 бітірушіге 127 млн, 2017 жылы -115 бітірушіге 141 млн, 2018 жылы -224 бітірушіге 144 млн, 2019 жылы 5 айға -123 бітірушіге 68 млн). Сонымен бірге, 886 жас маманға ауыл­дық елді мекен­нен үй сатып алу үшін немесе үй салу үшін берілетін бюджеттік несиеден 318 млн тг. қаржы берілді. (2016 жылы — 256 бітірушіге 78 млн. тг, 2017 жылы — 329 бітірушіге 107 млн. тг, 2018 жылы -218 бітіушіге 75 млн. тг, 2019 жылы — 83 бітірушіге 31,4 млн.тг). Сонымен қатар, соңғы үш жылда ауылдық квота­мен 529 түлек оқуды бітіріп, 502-сі  жұмысқа орналасты. «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабына сәйкес ауылдық жерлерде жұмыс істейтін педагогтерге және ауыл­дық квотамен бітіріп келген жас маман­дарға әкімдіктер жанынан тұрақты түрде жұмыс жасайтын комиссиялар құрылып, әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілуде.

— 2018-2019 оқу жылында қанша жас маман жұмысқа орналасты?

— 2018-2019 жылы барлығы 722 жас маман тұрақты жұмыспен қамтылды.

Қазіргі уақытта облыс бойынша білім беру ұйымдарында педагогтерге қажеттілік 36 маманды құрайды. Атап айтқанда: Математика пәні мұғалімі — 8 (4 орыс тілінде, 4 қазақ тілінде. Ағыл­шын тілі пәні мұғалімі — 4 (2 орыс тілінде, 2 қазақ тілінде). Технология  пәні мұға­лімі /ер балалар үшін/ — 1 (орыс  тілінде ). Химия пәні мұғалімі — 5 (1 орыс тілінде, 4 қазақ тілінде). Орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі —  6 (2 орыс тілінде, 4 қазақ тілінде). Физика пәні мұғалімі — 4 (1 орыс тілінде, 3 қазақ тілінде). Бастауыш сы­нып мұғалімі – 3 (2 орыс  тілінде,1 қазақ тілінде). Музыка пәнінің мұғалімі – 1 (қазақ тілінде). Дефектолог – 2 (1 орыс тілінде, 1 қазақ тілінде). Тарих  пәні мұғалімі – 1 (орыс тілінде). География пәні мұғалімі — 1 (орыс тілінде).

-Мұғалімдерді білім жетілдіру курстарына жіберіп отырасыздар ма? Тәжірибелі мамандармен сабақ алмасу болып тұрады ма?

— Білім беру мазмұнын жаңарту аясында облысымызда: 2015-2016 оқу жылында 3423 педагог. 2016-2017 оқу жылында 4406 педагог. 2017-2018 оқу жылында 4425 педагог. 2018-2019 оқу жылында 4209 педагог. Барлығы 16463 педагог біліктілігін арттырды. Ал, жара­тылыстану — математика бағытын­дағы пәндерді ағылшын тілінде оқыту курс­тарында: 2017-2018 оқу жылында 275 педагог. 2018 -2019 оқу жылында 374 педагог. 2019-2020 оқу жылында 149  педагог. Барлығы 798 педагог білікті­лігін арттырды. Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, дарынды балаларға арналған «Білім-Инновация» лицейлері­нің шығармашыл педагог­тарының, облыстың «Үздік педагог» байқауының жеңімпаз мұғалімдерінің іс-тәжірибе­лерін тарату мақсатында «Қашықтан оқыту» бағдарламасы негізінде арнайы  YouTube каналы жұмыс жасайды. Каналда педагогтар­дың озық іс-тәжі­ри­белері бойынша 616 бейнесабақ енгізілген.  Бүгінгі күні жалпы 825 217 көрсетілім (просмотр) қаралған. Бейне­канал келесі бағыт­тарды қамтиды. «Біз мектепке бара­мыз», «Оқу сағаты», «Өлкетану», «ІТ білім беру», «Тәрбие тараулары», «Психоло­гия сағаты», «Кәсіби бағдар», «Өзін-өзі тану» және т.б. бейне­сабақ­тар енгізілген.

— Биыл қанша мектепке жөндеу жұмыстары жүргізілді? Олар жаңа оқу жылына толыққанды дайын болады ма?

— Биылғы жылы «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша 3 мектепке республикалық бюджет есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргі­зі­луде. (Қармақшы ауданы, №27, 30; Жалағаш ауданы, №201). Бұл мақсатта 765 млн. теңге қаржы бағытталды. Соны­мен қатар, 288 мектепке жергі­лікті бюджет есебінен бөлінген 403,2 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыс­тары жүргізілуде. Жеңіл жөндеу жұмыс­тарын ағымдағы жылдың тамыз айының 20-на дейін толық аяқтау барлық қала, аудан білім бөлімдерінің басшыларына тапсырылды және бұл мәселе облыстық білім басқарма­сының тұрақты бақылауында.

— Сұхбатыңызға рахмет.

Т.БЕКМЫРЗАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here