QAA.kz

"Ақмешіт ақшамы" газеті

Ақсуат — Қызылорданың бір ауылы

Автор:QAA.kz

Авг 5, 2019

Қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов Ақсуат ауылдық округінде күрделі жөндеуден өткізіліп жатқан «Асыл-ай» бөбекжай балабақшасының жұмысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Ауыл балаларының құтты орны саналатын балабақша ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға берілмек. Қазіргі таңда соңғы даярлық жұмыстары пысықталып, мекеменің бу қазандықтары орналас­тыры­луда. Заманауи үлгіде салынып жатқан 120 орындық балабақшада 5 топ жұмыс жасайды. Ауылдық округ орталығынан бой көтерген балабақшада 55 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Барлығы да ауыл тұрғындары болады деп күтілуде. Балабақша мамандары қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы оқу курстарында білімдерін жетілдіріп, ауылдық округтегі балабақшаға қызмет ететін болады. Бұл да халыққа көрсетіп жатқан мемлекеттің қолдауы.

Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлы кездесу қорытындысында ауыл тұрғындарын қабылдап, елге береке бірлік тіледі.

— Балабақша ашылса халыққа зор қуаныш болар еді. Бұрын ауыл балалары ескі ғимаратта тәрбиеленетін. Міне, енді жаңа да, жайлы жарық ғимаратта тәрбиеленетініне дән ризамыз. Ел ағаларына үлкен алғыс айтамыз. Қала әкімінің қабылдауында болып ауылға көше жарықшамдары көптеп қойылса, жолдарда балалар өтетін жолақтар қойылса деген өтініштерімді айтып, оған тұщымды жауаптар алдым. Салтанат көшіндегі Сыр елі өркендей берсін,- дейді Әлима Байділдаева есімді ауыл тұрғыны.

Иә, «Үздік ауыл» номинациясын жеңіп алған Ақсуат ауылы қаламен қатар дамып келе жатқан округтердің бірі. Ауыл әкімі халықпен бірлесіп көптеген игі жұмыстар жасап жатқаны ел назарында. Ауылдың берекелі тірлігі көпке үлгі боларлық. Ақсуаттың алар асуы әлі алда екені халқының бірлігінен байқалып тұрады. «Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз тегін айтылмаса керек-ті.

Т.БЕКМЫРЗАЕВ

QAA.kz

QAA.kz - "Ақмешіт ақшамы" газеті. Қазақстан және Қызылорда жаңалықтары.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *