Атаулы әлеуметтік көмекті 12418 көп балалы ана алды

0
641

Қызылорда қаласында биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті 12418 көп балалы аналар алған. Олардың басым көпшілігі 18 жасқа толмаған бала тәрбие­леп отырғандар. Мұны қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалымен өткен аппарат отырысында қала­лық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Рахметова баяндады. Аппараттық мәжілісте бұдан бөлек Қызылжарма ауылдық округі әкімінің І жартыжылдықта атқарылған жұмыстары да тыңдалды.

Бүгінде әр айда әр баласы үшін 20789 теңгені алып отырғандар саны көп. Қазіргі таңда Қызылорда қаласы бойынша биылғы жылға берілген 3 млрд. 734 млн. теңге толықтай көп балалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға беріліп, қаржы 100 пайыз игерілген.

— Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алушылар 4 есеге өсті. Олардың саны — 12418. Осы ретте қала бойынша әлеуметтік көмек алушылардың артуына байланысты алдын-ала есеп бойынша республикалық бюджеттен қосымша 5 млрд. теңгеге қаржы сұраныс беріліп, бүгінгі күнге 3 млрд.теңге бөлінді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанынан құрылған мониторингтік топ Қызылорда қаласына келіп, төлемдерді ұйымдастыруда практикалық және әдістемелік көмектер көрсетті, — дейді, қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азамттық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Гүлмира Шамшидинқызы.

Сонымен қатар мемлекеттік атаулы әлеумет­тік көмекті алу үшін талай адамның жұбайымен қағаз жүзінде ажырасу, тұрақты жалақы алып жүрген жұмысынан шығу, өз мүлкін өзгелердің атына аудару, тапқан табысын азайтып көрсету секілді небір қулықтар жасап, 20789 теңгені алу жолында талай құрбандыққа барғандарын айтты. Тиісті жандарға атаулы әлеуметтік көмекті беру жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын баяндаған Гүлмира Рахметова былтырғы жылы жылдық табыстары 1 млн.теңгеден асатын атаулы әлеу­меттік көмек алатын 126 тұлғаның тізімі мемле­кеттік кіріс басқармасына беріліп, олардың кәсіптеріне және тұрмыс жағдайына қайта тексеру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Алдағы уақытта министрлік тарапынан белгіленген тәртіп бойынша оларға берілген қаржы бюджетке қайта қайтарылуы мүмкін.

Қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының баяндамасын тыңда­ған қала әкімі мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті беруде қандайда бір ұсыныс немесе мәселелер бар ма деп сұрады. Бөлім басшысы Гүлмира Рахметова 2019 жылдың ақпан айын­дағы оқиғадан кейін өңірдегі саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау мақсатында 1 сәуірден бастап бөлімнің барлық мамандары атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау жұмыстарына жұмылдырылса да, орталыққа келушілердің саны әлі де азаяр емес. Осыған байланысты жұмыспен қамту орталығының пункттерін көбейтіп, ғима­ратты кеңейтіп беруіңізді сұраймын деді. Бұл бойынша Гүлмира Рахметованың ұсынысын бірден құптаған қала әкімі алдағы уақытта мекемені «Жастар ресурстық орталығына» көшіру керектігін айтты.

Аталған ұсыныс бойынша Нұрлыбек Нәлібаев өзінің орынбасары Бектас Нұридинов пен қалалық қаржы бөлімінің басшысы Сейітмахан Нұралы­ұлына осы ұсынысты бір аптаның көлемінде шешіп, жаңа ғимаратқа көшуді тездетуді тапсырды.

Таң атар — атпастан жұмыспен қамту орталы­ғы­ның алдына келіп кезек алатын қызылор­далықтар саны әлі азаяр емес. Келушілердің барлығының бірдей жағдайы тым нашар деп айтуға келмейді. Олардың арасында өз жағдайларын қолдан жасап алатындар жоқ емес. Тіпті, ғимаратқа басакөктеп кіріп мемлекет беріп отырған атаулы әлеуметтік көмекті мерзімінен бұрын аударыңдар деп талап қоюшылар да бар. Орталық алдында кезек күтіп отырып-ақ бір-бірімен тез тіл табысып кететіндер келесі күні ғимаратқа кіріп өз жұмыстарын жасап отырған қызметкерлерге тиісетіндер де баршылық. Бөлім басшысының айтуынша, аналардың біразы түрлі бассыздыққа барып, өз міндеттерін орындап отырған қызметкерлерге жұмыс жасауда кедергі келтіреді екен. Осы бойынша қала әкімі тиісті сала мамандарына қандай жағдай болғанда да сабырлылық танытып, тіпті қажет болса әр адаммен жекелей сөйлесіп барлығын түсіндіре білуіміз керек деді.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here