Тіл мәртебесі – ел мерейі

0
190

Қазақ филологиясының көрнекті қайраткері Сәрсен Аманжолов «Тіл – әр халықтың кешегі жүріп өткен жолын, бүгінге жалғасқан ғұмырының ертеңге апарар мүддесін бейнелеуші, яғни бар тарихының куәгері, деректі көзі» деп, тілді халықтың өткені мен болашағының айқын көрінісімен байланыстырған.

Ата Заңымыздың өзінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге кепілдік берілген. «Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл — мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі», – деп анық атап көрсетілген. Заң бар, пәрмен берілген. Енді тек соны іс жүзінде сапалы орындау керек.

Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балаған. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы.

Тіл — тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз — тәуелсіздік, егемендіксіз — тіл болмақ емес.

«Тіл — тіршіліктің бастауы» деп бекер айтылмаған. Себебі, адам баласы ес білген кезінен бастап айналадағы жаңа ұғымдарды ана тілі арқылы қабылдап, үйрене бастайды. Ана тілін балалар ананың әлдиінен, бесік жырынан, қоршаған ортасынан еліктеу арқылы үйренеді. Есейе келе кітаптан, қоғамнан, халықтан үйреніп, меңгереді. Осылай ана тіліміз ананың ақ сүтіндей бойымызға сіңе береді. Әркім өзінің ана тіліне деген құрметін ешқашан жоғалтпауға тиіс. Өйткені, ана тілі арқылы ғана маңайындағыны саралап ой түйетін адам өзінің еліне деген сүйіспеншілігін арттыра түседі.

Тіл — қай елде болмасын қастерлі, құдіретті рухани, әрі тарихи құндылық. Ол достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл — өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат екені анық. Ұлттық мәдениеттің гүлденуі, салт — дәстүрдің одан әрі дамуы, ұрпақтар арасындағы сабақтастықтың ұлы жемісі — ана тілі.

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот

отырысының хатшысы А.Абдраймова

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here