Қала әкімі қатты тапсырды

0
213

Қала әкімі Нұрлыбек Машбекұлының төрағалығымен сейсенбі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында аппарат отырысы өтті. Күн тәртібіне қойылған мәселе екеу: 2019-2020 жаңа оқу жылына білім беру нысандарының дайындығы мен жылу беру маусымына дайындық жұмыстары.

«Мектепке жол» басталады

Барлық ауылдық округтер мен кенттердің әкімдері, өзге де тиісті сала басшыларының қатысуымен өткен жиында алдымен қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова жаңа оқу жылына дайындық барысын баяндады. Меруерт Наушақызының айтуынша, бүгінгі таңда қаламыз­дағы мектептерде 63 836 мың оқушы бар. Биылғы жылы олардың қатары мектеп табалдырығын енді аттағалы отырған 9500-ге жуық оқушымен толықпақ.

Баяндама барысында білім бөлімінің басшысы биылғы жыл соңына дейін Жаппасбай батыр көшесінің бойынан қазіргі таңда салынып жатқан 600 орындық мектеп пайдалануға берілетіндігін айтты. Сондай-ақ, білім беру ұйымдарындағы орын тапшылығын шешу мақсатында №198 орта мектебінің жанынан 200 және №261 орта мектебінің қасынан 150 орындық қосыша ғимараттар салынып жатыр.

– Бұған дейін қаламызда 15 инновациялық мектептер жұмыс жасаса, 2019 жылдың маусым айынан бастап тағы 5 мектепке, атап айтар болсам №4, 12, 187, 217, 278 мектептеріне ақпараттық технология мектеп-лицейі статусы берілді. Бүгінде инновациялық мектептер саны 20-ға жетті. Биылғы жаңа оқу жылында мектеп оқушылары 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етіледі. 2019 жылдың 3 шілдесінен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық акциясы өтеді, — дейді Қызылорда қалалық білім бөлімінің басшысы Меруерт Әбдіқалықова.

Аталған «Мектепке жол» акциясы аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетім балалар мен ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған балаларды жаңа оқу жылына дайындалуына көмек көрсетуді көздейді. Демек, қаладағы жеке кәсіпкерлер, ірі компаниялар мен қалалық маслихат депутаттары, тағы да басқа басшылар оқушыларға мектеп формасы, сөмкелер және басқа да мектепке қажетті заттарын алуға жәрдемдеседі. Бүгінде барлық мектептер бойынша 7000 мыңнан аса мектеп оқушысына 120 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа қамқорлық көрсетіледі деп жоспарлануда.

Мектепке жол» акциясының аясында 2019-2020 оқу жылында аз қамтылған, тұрмысы төмен 6000-нан аса балаға ыстық тамақтар беріледі. Сонымен қатар, 6900-ге жуық бала қоғамдық көліктерде тегін жүру мүмкіндігіне ие болады.

Білім саласы қашанда ең бірінші кезекте. Сауатты да, саналы оқушыларды тәрбиелеу жолында мектептер де оларға қажеттінінің барлығы болуы керек. Қала әкімі сейсенбі күнгі жиында Меруерт Наушақызына жаңа оқу жылында оқушылар қандайда бір оқыс оқиғаға ұшырамас үшін құрылыс жұмыс­тарын жүргізіп жатқан мердігер компания басшыларымен сөйлесіп барлық нысандардың жұмыстарын қыркүйектің біріне дейін аяқтау керек деп тапсырма берді.

Жаңа қызметіне келгеніне аздаған уақыт болса да, Меруерт Әбдіқалықова қала әкімінің тапсырмасын тындырымды да, тиянақты орындап жүргендігі байқалды. Ол қаладағы барлық мектептің жаңа оқу жылына деген дайындықтарын жіті қадаға­лап, тексеріп те үлгерген. Айтуынша, мектептер жаңа оқу жылына дайын.

Қыс қамын ойлап…

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – жылу беру маусымына дайындық жұмыстары. Бұл жөнінде сөз кезегі қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Елмұрат Рахматуллаевқа берілді.

Оның айтуынша, қазіргі таңда 2019-2020 жылғы жылу маусымына арнайы штаб құрылып дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.

– Жалпы, Қызылорда қаласында 186,8 шақырым жылу желілері бар. Магистральды жылу желілері 35,7 шақырымды құраса, квартальды жылу 151,1 шақырымды құрайды. Оның басты тұтынушылары көпқабатты тұрғын үйлер, жеке тұрғын үйлер, мектептер мен балабақшалар, жоғарғы оқу орындары, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандары, бюджеттің мекемелер және шаруашылық нысандар. Бүгінгі күні апаттық жағдайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында тиісті шаралар дер кезінде атқарылу үшін жарамсыз жылу, ауыз су кәріз жүйелерін анықтап, кесетеге сәйкес тұрғындарға арнайы түсіндірме жұмыстары жасалып жатыр. Қызылорда қаласы және оған қарасты барлық ауылдық округтер мен кенттерде 2019-2020 жылдарға арналған жылу маусымына қажетті қатты отын көлемі 33 300 тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге жеткізіліп отырғаны 7300 тонна, — дейді Елмұрат Нұрмаханбетұлы.

Бүгінде жылу маусымына байланысты қажетті барлық шаралар жүргізілгендіктен әзірге туындап тұрған мәселе жоқ екен. Қызмет көрсету аймақтары бойынша тозығы жеткен инженерлік желілерге жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының 25-не дейін аяқтап, қазан айында жылу алуға дайындық төл құжатын алу керектігі жөнінде тұрғындарға түсіндірме жұмыс­тары жүргізіліп, тапсырма берілген. Алдағы 2019-2020 жылғы жылу беру маусымы маңызды мәселе болған себепті, жылу энергия көздерінің, әлеуметтік нысандардың және көпқабатты тұрғын үйлердің қысқа дайындығы сапалы болу керек.

Мәжіліс соңында Нәлібаев былтырғы жылы республика бойынша орын алған көмір тапшылығына қатысты кент және ауылдық округтердің әкімдеріне елдімекендерде сұйық және қатты отындарға халық сұраған уақытта тапшылық орын алмауын және көмір бағасының шарықтап кетпей, қолжетімді бағада сатылу керектігін тапсырды.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here