Тазалықшы әкім қоқыстан ғана тазартады ма?..

0
148

Қазір ештеңеге, ешкімге де таңқалуға болмайды. Тіпті әкімдерге де. Олардың бұрынғы ұғымға сыймайтын қазіргі тірліктеріне де. Аралары алшақтап кеткен, халықпен ара-қатынасын жақындату үшін билік­тегілер елмен кездесетін болса, мойнындағы билік белгісі — галстугын шешкеннен бөлек, әр алуан акцияларға, жалпақ тілмен айтқанда түрлі амалдарға баратын болды.

Өткенде Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеев комбайн рөліне отырып, бір сәтке болса да өзін жұртқа комбайншы етіп көрсеткісі келді. Жұртқа бұл жақсы көрінуді көпшілік қолдай қоймағанымен комбайн­дағы әкімді көріп, риза болғандар да бар. Бұл аз болғандай айырмен көлікке шөп тиеп жатқан Шөкеевтің бәрібір шаруа Шөкеев болып ел есінде ұзақ жатталмағаны анық. Сонда да, болмаса да болуға ұқсап бағып, әйтеуір ырымын жасағанына шүкіршілік дестік.

Ел билігіне министр болып жаңадан келген Экология, геология және табиғи ресурстар министрі «Bіrge TazaQazaqstan» экологиялық акциясын бастап, оны Үкімет басшысы, үкімет басшысының орынба­сарлары басқа да министрлер мен депутаттар қоштап, қала тұрғындары бар «Қоянды» су қоймасының аумағын тазалап, шамалы уақыт ішінде 10 тоннаға жуық қоқыс жинаған. Бұл бастама аймақтарға жолданды.

Қай кездегідей алғашқылардың бірі болып, Қызылорда облысы қолдау білдірді. Күні кеше Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов осы бастаманы іліп алып, Арал ауданына барған сапарында акцияны жалғастырды.

Ресми мәлімет бойынша акцияға ауданның 150 жуық табиғат пайдаланушысы, табиғатты қорғау ұйымдарының қызметкерлері, жергілікті тұрғындар және жастар қатысты.

«Өздеріңіз білесіздер, Елбасы Сыр өңірінің дамуына ерекше көңіл бөлді. Бұған дәлел — «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы. «Ғасыр жоба­сының» бірінші кезеңі аясында «Ақлақ» және «Көкарал» су тоспалары салынған болатын. Соның нәтижесінде аймағымызда балық шаруашы­лығы қарқынды дамуда. Баршаңызды қоршаған ортаны қорғауға және туған өлкеміздің тазалығын сақтауға белсенді қатысуға шақырамын!»,- депті аймақ басшысы.

Айтатыны жоқ биліктегілердің де айналаны тазартып, қоқыс жинағанның несі айып. Тіпті апта сайын сенбілікке шығып, ығыр болған мұғалімдердің орнына үлкенді-кішілі барлық басшылар, әкім-қара қолдарына сыпырғыш алып қоқысты сыпырып, қаулай өскен арамшөпті орақпен орса бұдан да оңды іс болар еді.

P.S. Билік құрылымындағы жемқорлықтың азаймай отырғандығы, кадр саясатындағы рушылдық пен жершілдіктің де билік пен халықтың арасын алшақтатып отырғаны рас. Айналаны қоқыстан арылтуға атсалысып жүрген аймақ басшысы Қ.Досмайылұлы билікті жемқор­лықтан, рушылдық пен жершілдіктен де тазартып, жаңа әкімнен үмітті жұрт үмітін ақтай алады ма екен?

Аймақ басшысы аудан орталығы Арал қаласындағы Арал балық өңдеу зауытына барды, жергілікті табиғат пайдаланушылармен кездесті. Кәсіпорын балық өнімдерін (мұздатылған және кептірілген балық, балық филесі мен стейк, балық фаршы және т.б.) өндірумен, қайта өңдеумен және сатумен айналысады. Өнімдері Ресей, Польша, Голландия, Германия және Австрияға экспортталады. Аталмыш кәсіпорында 40 жұмыс орны құрылған, маусымдық кезеңде 100 адамға дейін жұмыспен қамтиды. Зауыт Оңтүстік Кореялық технология бойынша салынған, жылына 6 мың тонна өнім өндіреді.

Сондай-ақ, облыс әкімі 6 баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Диана Шүйіншалиеваның үйіне барды. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап Диана ай сайын 154 739 теңге көлемінде атаулы әлеуметтік көмек алуда. Ол көп балалы отбасыларға қолдау көрсеткені үшін мемлекет және облыс басшылығына алғысын білдірді.

Бұдан әрі облыс әкімі невропатология, психология, дефектология және массаж терапиясы бойынша қызмет көрсететін «Қуаныш» жеке медициналық орталығының ашылу салтанатына қатысты. Орталықта мүмкіндігі шектеулі балаларды қайырымдылық негізде тегін емдеу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Шижаға елдімекенінде 100 орындық клуб ашылды, оның құрылысы 2018 жылдың қараша айында басталған еді. Аймақ басшысы   тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, ауыл ақсақалдарымен сұхбаттасты.

«Осыдан бірер жыл бұрын осы ауылдың тұрғыны, халық жанашыры, қоғамдық кеңес төрағасы Нұралы Алманов ағамыз сол кездегі облыс әкімі Қырымбек Елеуұлына тұрғындар өтінішін жеткізген еді. Міне, бүгін соның нәтижесі — ел игілігіне жаңа ғимарат берілмек. Заманауи мәдениет үйі баршамызға құтты болсын! Бұл жерде талай өнерлі жас тәрбиеленіп, Сыр өңірінің сырлы сазын әлемге таныта береді деген ойдамын», — деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын елдімекеннің қоғамдық кеңесінің төрағасы Нұралы Алманов құттықтады.

Одан әрі Қуанышбек Досмайылұлы Сексеуіл кентінде «Алтын» сауда үйінің ашылу рәсіміне қатысты. Нысан кәсіпкердің несиеге алған қаржысы мен жеке қаражатына салынған, мұнда 9 адам жұмысқа тартылған.

Содан соң аймақ басшысы Сексеуіл кентіндегі «Қамқор» Локомотив жөндеу депосында және «Алма-Рай» балабақшасында болды. «Қамқор» депосында 2 жөндеу цехы, 1 шаруашылық пен 15 қосалқы цех жұмыс істейді, олар жолаушылар, жүк және маневрлік тепловоздарға техникалық қызмет көрсетеді.

2016 жылы салынған «Алма-Рай» жекеменшік балабақшасының ғимаратында 22 жатын бөлме, ойын бөлмелері, медпункт, асхана және конференц-зал бар, мұнда 38 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Облыс басшысы Жақсықылыш кентінде жылына 450 мың тонна азық-түлік және техникалық тұз өндіретін «Аралтұз» АҚ жұмысымен танысты. Кәсіпорында озық испандық технология бойынша жұмыс істейтін 2 цех, барлығы 1200 адам қызмет атқарады. Зауыт өнімдері жергі­лікті нарықта сатылады және жақын-алыс шет елдерге экспортталуда.

Қаратерең ауылдық округінде облыс әкімі «Zhalgasbaі» ЖШС балық қабылдау және мұздату цехының ашылу рәсіміне қатысты. Нысанның жылдық қуаттылығы 1000 тонна балық өнімін құрайды, кәсіпорында 10 адам жұмыс істеуде, маусымдық кезеңде 25 адамға дейін жұмысқа орналастыру жоспарлануда.

24-27 шілде аралығында Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов жұмыс сапарымен Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарында болып, өндірістік және әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесуде.

P.S. Арал ауданы әкімі М.Оразбаев ауданға іс-сапармен келген аймақ басшысына «Бізде мынадай да бар, мынадай бар» деп бар жақсысын көрсетті. Облыс әкімі Қ.Досмайылұлы іс-сапар ретімен келесі ауданға кетті. Ал елге аудан басшысы М.Оразбаев әрі қарай орнында қалады ма деген сұрақ қалды. Бұл сұрақ аудан әкімі М.Оразбаевты да ойландыратыны анық.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here