Өзімізге қажеттіні өзіміз жасауымыз керек

0
200

Бүгінде қайнаған тіршіліктің ортасы, айта беретін қазақылықтың қаймағы, елдің кешегісі, бүгіні, әрі ертеңі ауылдардың басын біріктіріп, басшылық етіп отырған аудан әкімдерінің бейнеті белшеден екені белгілі. Алайда көп реттерде ел ішін­дегі олардың көп тірлігі көп көзіне түсе бермейді.

Сыр бойындағы аудандар арасында өзіндік орны бар Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаевпен сұхбаттасудың сәті түсті. Қайсыбір салада болмасын, әрдайым көп көрсеткіштермен ел алдында жүрген әкімнің шаруасы шаш етектен екені белгілі. Елге жанашыр басшы биылғы жылы қалай болғанда да аудан орталығына газ кіргізу үшін мердігер компаниямен бірге нысан басында. Әкім болмаса да іс бітетіні анық. Бірақ елге болсын деген әкім күн ыстығына қарамастан басқа да жайсыздықтарды елең етпестен істің тиянақты бітуі үшін өзі басы-қасында. Тірлігі көп әкімнің уақытын көп алмауға тырыстық.

— Биылғы шілденің бірінде Сырда­рия ауданының әкімі болып тағайындалғаныңызға 6 жыл толды.

— Уақыт тез өтеді. Мен соны бай­қамай да қалыппын. Шынын айтқанда мен үшін уақыт өлшемі жыл саны болмаса керек. Біздің екі ұранымыз бар. Біріншісі бұған дейінгі жүректен шыққан жүрек­ке жетуі керек. Екіншісі біз үшін жасалатын нәрсе бізсіз жасал­мауы керек.

Екі, үш жылдың өзінде билік те, соған орай адамдар да қалып­тасып қалады. Әрине, алғашқы кезең күшке түседі. Адам деген де пенде ғой…

— Жалығып кеткен жоқсыз ба?

— Алғашқы жылдары уақыт жетпей қалатындай, тым асыға­сың. Бар ойың «тез істеп тас­тайық». Кейбіреулер екі-үш жыл өткен­нен кейін тоқырайтын болар, алайда өзім Сырдария ауданы әкімі болудан әзірге жалыққаным жоқ. Жалықпайтын да болармын. 6 жыл өтсе де, аудан игілігі үшін жоспарлаған игілікті істерді жүзеге асыруға уақыт әлі жетпей келеді.

— Ылғи да ізденіс үстінде жүретіндіктен болар?

— Ол рас. Қайтсек аудан тұрмысын жақсартамыз деген ой маған дамыл бермейді.

Мәселен, жастар жылын жарияладық. Соған орай іс-шара бағдарламаларын қабылдадық. Жастар ресурстық орталығын ашып жатырмыз. Форумдар, флешмобтар өткізудеміз. Мәселе айтып жатырмыз. Бәрі дұрыс. Бірақ, нәтиже қандай болмақ? Осы ретте өзімізше бір жаңалық жасадық. Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін жас кәсіпкерлер қорын аштық. Қор «Тереңөзек жастары» аталады. Әзірге айна­лымда 6,5 млн-дай қаржысы бар.

Жастар кәсіппен айналыс­қысы келеді. Алайда, банктер ауылдағы үйлерді кепілдікке қабылдамайды. Кәсіп бастауға алынатын несиенің алғашқы 10% төлеуге жастардың ақшасы жоқ. Содан да «Тереңөзек жастары» қоры жобаларын сәтті қорғаған жас кәсіпкерлерге банктен несие алуға қажетті 10%-ын төлеп береді. Кәсіпкер кәсібін ашып, табыс таба бастағаннан соң бұл қаржыны қорға қайтарады. Ешқандай пайызсыз қайтқан қаржы қор айналымында келесі бір жасқа көмекке жұмсалады.

Қор комиссиясы құрамының басым дені сол кәсіпкерлердің өзі. Бар болғаны 2 шенеунік бар. Жас кәсіпкерлердің жобасы комиссия отырысында қаралады. Жоба иелері кәдімгі диплом қорғағандай өзі ашқалы тұрған бизнесінің қажеттілігін, нәтиже­лігін дәлелдей білуі керек.

Бүгінде қорға 33 жоба ұсыны­лып, соның 22-сіне қолдау жасалды. Әрине, таңдау болған да жақсы. Осы 33 жобаның өзі жас­тардың кәсіп бастауға қанша­лықты ықыласты екенін көрсетсе керек. Бұл — бір жағы. Екінші жағынан жастардың ауызбір­шілігі — бір мақсатқа жұмылып, елге қызмет етуге ынталанады.

Жұрттың бәрінің, оның ішінде бар жастың кәсіппен айналысып кетпейтіні белгілі. Жастардың өзімен ақылдастық. Бүгінгі күн жастардың ерлік, еңбек бастамаларын қалай көр­сетуге болады? Кәсіптен бөлек табыс табудың тағы қандай көзі бар?

Аудандағы «Шаған» ауы­лында кезінде республикаға белгілі комсомол жастар брига­дасы болды. Олар 300 гектар жерге күріш екті. Еңбектің ерен үлгісін көрсетті. Сол кездегі жас­тар бригадасының мүшелері бүгінде елге сыйлы, еңбектерін мем­лекет бағалаған, әртүрлі мара­­пат иелері атанған аяулы жандар.

Біз де солардың үлгісімен «Айдарлы» ауылынан жастар еңбек бригадасын құрдық. Шаруа­шылықпен келісіп, биыл жүгері екті. Жалпы, аймағымызда ғана емес, еліміздің өзінде бірқа­тар жылдар бойы жүгері егілме­ген. Тіпті оны жинайтын комбайн да жоқ екен. Алып жатырмыз. «Шіркейлі» ауылындағы «Мәді-қожа» шаруашылығы бұл баста­маны қолдап, 3 бригада жасақ­тады. Бірі ағаш цехы, екіншісі күріш, үшіншісі мал бригадасы.

Мақсат — жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту. Ең бас­тысы еңбекке тәрбиелеу. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» дегеннің нақ үлгісін көрсету. Еңбектен ұлық ештеңе жоқ.

— Айлықтары қанша?

— 60-80 мың теңге арасында. Күріш егетін шаруашылықтарды зерделеп қарасақ, бүгінде ком­байн айдайтындар қартайып қалыпты. Бәрі де 60-тан асқандар. Комбайндарды жастарға беріп, соларды отырғызып жатырмыз. Жоғарыда айтқандай, елдің бәрі кәсіпкер бола алмайды, алайда еңбек адамы бола алады. Еңбек арқылы табыс табады, отбасын асырайды, елін көркейтеді.

— Бұған дейін де аудандағы талай сәтті істердің куәсі болып келеміз. Биліктің бастамасы айналасына шоғырланған халық­тың күшімен десек те болар кент көркі жақсарып қалды. Қаладан кем емес. Көшелер таза, тіпті шеткі көшелерге дейін түгел асфальт­талған. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақса­тында демалыс, серуен орындары көбейіп келеді. Былтыр ашылған «Парасат» алаңының өзі не тұрады. Биыл тағы да «Рәміздер алаңын» аштыңыздар…

— Бәрін бюджетке салып күтіп отырсаң идеяны жүзеге асыруға, ел жағдайын жасауға қаржы жете бермейді. Өзіміз үшін жасалатын нәрсені өзіміз жасауымыз керек. Осыны ұран еткен сырдария­лықтар бюджеттен бір тиын алмастан «Рәміздер алаңын» салды. Оған дейін 30-40 жыл шеші­мін таппай жүрген кент ішіндегі көпірлер салынды. «Еңбек даңқы», «Құрмет» аллеясы да демеушілердің көмегі.

— Сырдариялықтар халықтың дәстүрінде бұрыннан бар Асарды жақсы көреді.

— Жаңағы айтқандай өзімізге қажеттіні өзіміз жасап аламыз. Мысалы, кенттегі дәріхана алды қара жол батпақ болатын. Жұртқа қиын. Ақыры өзімізге, халыққа қажет. Бір күн асар­латып жаяу жүргіншілердің үздіксіз жүретін жолын кәдуілгі тротуар етіп қойдық.

— Әлеуметтік дүкен әлі күнге жұмыс істеп келеді…

— 2015 жылдан бері 4 жыл уақыт болды. Әлеуметтік дүкен өз бағытынан тайған емес, табысы аз, тұрмысы төмен отбасыларына азық-түліктей көмектесіп келеді. Бекітілген ережеге сәйкес ет, макарон, тағы да басқа бірінші кезекте қажетті заттар 50%-ға дейін жеңілдікпен алып келеді. Бұл — бар адамның жоққа көмегі. Дүкенге келген әрбір жан билік­тің өзіне деген қамқорлығын сезінеді. «Мен қиналған тұста билік мені құр қалдырған жоқ. Ай сайын керек-жарағымды осы дүкен арқылы алып отырдым. Отбасым тамақтан тарыққан жоқ» дегеннен болар бірде-бір әйел жағдай айтып әкім есігін жағалап келген жоқ. Айқай шығарған жоқ. Ол көшеге шығып айқайламаса да, оның жағдайын ойлайтын билік бар екенін біледі.

— Негізі әлеуметтік дүкендерге бағаны түсіру үшін бюджеттен ақша бөлінеді ғой.

— Бюджеттен бір тиын ақша бөлген емеспіз. Халықтың ықы­ласы, кәсіпкерлеріміздің қол­дауы. Елге де, кәсіпкерлерге де тұрақтылық, тыныштық керек. Дүкен қызметін көрген жұрт риза. Ата-бабасына дейін рахме­тін айтып, алғысын жаудыруда.

Кеше әлеуметтік көмек беріле бастаған тұста, әлеуметтік дүкенді жабу туралы ұсыныстар болды. Бірақ, біз кедейдің қамына бұл артықтық етпейді дедік.

Бір қызығы қазір әлеуметтік дүкеннен зат алушылар қатары азайып келеді. Бір кездері көп болатын. Демек, жағдай жақсыға өзгерді деген сөз.

Халықтың әлеуметтік жағ­дайын үйіндегі әдемі кілеміне, үлкен теледидарына, немесе қорадағы бір-екі қой-ешкісіне қарап, керемет деп бағалағанға қарсымын. Біз — қазақпыз. Ұл үйлендіреміз, қыз ұзатамыз. Келін түсірсек, жасауы келіп жатады. Оны сатып, не қайтарып жібермейміз ғой. Тұтынамыз. Сондай-ақ жақсы, жаманға деп бір-екі уақ мал ұстаймыз. Бұл — барлық уақытта жақсы тұрмыс­тың, барлықтың белгісі бола бермейді.

— Биылға жоспарлаған мықты жобаңыз…

— Биыл газдандыру жұмысын бастап кеттік. «Сырдария ауданы Тереңөзек кентіне жүргізілетін газ құбырының құрылысы» жобасына 2 млрд. 442,057 млн. теңге қаралған.

Биыл 539 млн. теңгеге кент сыртына жоғарғы қысымдағы газ құбыры жүргізілуі керек. Алайда, біз мердігер мекемемен Терең­өзекке газ кіргізуге келісіп отырмыз.

— Келер жыл басына дейін бе?

— Жо-жоқ, құдай қаласа қыркүйектің аяғына, қазанның басына үлгіреміз деп отырмыз. Көгілдір отынды халық көп күтті. Қазір 2 ай болды, бірыңғай осы бағытта жұмыс жүргізіп жатыр­мыз. Келер жылға жасалатын жұмыстарды да биыл аяқта­мақ­шымыз. Биыл кентті айналдыра жоғарғы қысымды газ құбыр­ларын жүргізіп қойып, қалғанына келер жылды күткенімізбен ұтылып қаларымыз анық. Бір жағынан халықтың құлағына тигеннен кейін олар да әрең шыдап жүр, екінші жағынан келер жылы бағаның қандай боларын кім білген. Мердігер мекемеге келер жылға қалдырмай биылғы жылы кенттегі әлеу­меттік нысандарды газға қосу туралы ұсынысымызды өткіздік. Бұл аудан бюджеті үшін де үнем, әрі мердігер компания үшін де тиімді. Тағы бір оңтайлы тұс — газдандыру жұмысына жергілікті мамандар, жергілікті техникалар да тартылуда. Бұл жалпы мердігер компаниялар үшін де тиімді болмақ.

— Бір кездері Сыр бойында ірі бизнес өкілдерінің билікке келу үрдісі басталды. Қазір қарап отыр­сақ, тұрақтап қалған ешқай­сысы жоқ екен. Алайда Сырдария ауданының әкімі Ғ.Қазантаевтың да еңбек жолында бизнес парақ­тары бары анық. Бұрынғы бизнес өкілінің мемлекеттік қызметте тұрақтап қалу себебі неде?

— Бизнестен келген адам жұмыстың ыңғайын, сонымен қатар ақшаның құнын да біледі. Алғаш әкім болып келген кезім есімде. «Шіркейлі» ауылындағы балабақшаға бардық. Күнге күйген балаларды әкімді күтіп алуға тізіп қойыпты. Одан мектепке бардық, мұғалімдер коридорда жағалай тізіліп тұр. Бұл не десем, «әкімді күтіп алып тұр» дейді. Бұлай болмайды дедім. Қазір көп нәрсе өзгерді. Жұрттың әкім, билік туралы таным-түйсігі де бұрынғыдай емес. Қайсыбір билік болмасын белгілі бір мерзімді күтіп, уақыт өткізіп жүрер болса халықтың қолдауына ие бола алмайтыны анық. Үлкен жауапкершілік — сенім артылғаннан кейін жаңаны танып-білуге ұмтылдық. Өзіміз­ден басқа да дамып жатқан жан-жағымызға қараудың арқасында жоқтан бар жасадық.

Ең бастысы — халықтың ұйымшылдығын, ауызбіршілігін нығайту. Кешегі Президент сайлауында сайлаушылар саны жөнінен сырдариялықтар 95,3% белсенділік көрсетті. Бұл билік пен халық арасындағы сенімнің, бірліктің айқын көрінісі. Менің ойымда уақытылы бағаланбаған еңбек — жаза. Әркім де еңбегіне қарай тұрмысын түзейді, сондай-ақ, ел, халықтан бағасын алады.

Аудан — менің мақтанышым. Былтырғы жылы біздің барлық мектеп бітіруші түлек грантқа түсті. Кей әріптестерім, түлектер санының аздығын алға тартады. ҰБТ санға қарамайды, сапаға қарайды. Аудан орталығындағы «Жалын» тынығу лагеріне аудан бюджетінен ақша бөліп, қазан­дық орнаттық. Жақсы жағдай жасадық. Оқушыларды қысы-жазы сонда дайындадық. Үздік мұғалімдер оқытты. Тегін. Нәти­жесі жоғарыдағыдай.

Мұны да біз өзіміз үшін жаса­дық. Баланы ақылы оқытуға бар халықтың қалтасы көтермейді.

— Бұрын жемқорлықпен аты көп шығып жататын аудан соңғы кездері тым-тырыс қалды.

— Бұл қоғамдық кеңестің арқасы. Оның келісімі бол­майынша бірде-бір басшы бір адамды жұмысқа ала алмайды. Ал, кеңес мүшелері қолы да, жүрегі де таза адал адамдардан құралған.

Сенбеуіңіз мүмкін: Әкім қабылдауына бірде-бір адам жұмысқа қабылдау мәселесімен келмейді.

Сондай-ақ, бізде бюджет ашық. Қазір ауыл әкімдерінің бюджеті өзінде. Әр ауылдың қоғамдық кеңесі бюджетті өздері талқылап, аса қажетті мәселе­лерді қаржыландыруды өздері шешеді.

Бүгінде барлық ауылда 100 пайыз ауыз су бар, кентте кәріз жүйесі бар.

— Былтырғы су тапшылығы егіске қиындық туғызғаны анық.

— Биыл жағдай жақсы. Құдайдың қарасқаны — күн ыссы. Түн де қапырық. Түн салқындап, жаңбыр жауып кетпесе екен.

— Жұрттың бәрі аптап ыстықтан қиналып жүргенде, сізге сол ыстық қайта ұнайтын сияқты ғой.

— Егінге керек. Күн, түн ыстық болмаса, жаңбыр жауса күріш ауырады. Бұл — біздің әкемізден қалған дақыл. Жалпы мен әкем­нің тарихын қайталап жүрген адаммын.

— Сұхбат әңгімеңізге рахмет.

С.БИҚОЖА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here