Қылмыс жасайтындар азаймай тұр

0
94

Қазіргі таңда қоғамда түрлі жағдайлар орын алуда. Кезексіз үй, пайызсыз және кепілдіксіз несие мен жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті кезексіз-ақ алып беремін дейтіндердің ертегі секілді әңгіме­леріне сенетін адамдар өте көп. Дәл осы кезде халықтың жағдайы жақсы дей алмай­мыз. Ай сайынғы бір айлық пен үкіметтен алатын атаулы әлеуметтік көмекті алатын­дар амалдың жоқтығынан жоғарыда атап өткен қызметтерді ұсынғандарға қолындағы жиған-терген бар ақшасын беріп, айтқанда­рына бірден ере кетеді. Осындай түрлі жағдайларға қатысты Қызылорда қалалық №2 сотына биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 386 іс келіп түскен. Бұл туралы Қызыл­орда қалалық №2 сотының төр­ағасы Айбек Әбу баспасөз конфе­ренциясында мәлімдеді.

Жоғарыда аталған 386 іс, 452 адамға қатысты болған. Мұның ішіндегі 286-сы қылмыстық іс, 100 іс теріс қылық бойынша. Сондай-ақ, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары туралы 1 іс 1 адамға тіркелген. Аталған көр­сет­кіш, өткен жылмен салыстыр­ғанда 7 іске көбейген.

– 2017 жылғы 21 желтоқ­санында Қазақстан Республика­сының Қылмыстық-процестік кодексіне қылмыстық сот ісін қағаз және электронды түрде жүр­гі­зуге мүмкіндік беретін “Қыл­мыстық сот ісін жүргізу” бабы енгізілді. Осыған сәйкес, 2018 жылдан бастап электрондық қылмыстық істер түсуде. Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында 145 электрондық қылмыстық істер тіркелді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда едәуір артып отыр, — дейді Қызылорда қалалық №2 сотының төрағасы Айбек Кеңесұлы.

Иә, адамнан айла асқан ба? Бүгінде шырттай киініп, сөйлеген сөздері арқылы адамның іші-бауырына кіре кететіндердің сөздеріне сеніп қалатындар көп. Себебі, қарапайым халық арасында белгілі бір кедергілердің кесірінен үй мен несиені ала алмай, сорлап жүргендер жетерлік. Олардың көбі, мынадай соманы берсең болғаны “шаруа бітті” дейтіндерге алданып қалатындар. Адаманың түрі мен киген киіміне қарап “алдамайтын шығар” деген оймен талай адамның ақшасы баз біреулер­дің қарабас қамы үшін кеткенін де айта кеткен жөн болар.

Осыған қатысты қалалық №2 соты төраға­сының мәліметіне сүйенсек, 2019 жылдың бірінші жартыжылдығында өндіріс­тен 362 іс, 422 адамға қаралған. Олардың ішінде 225 іске қатысты сотты болғаны 251 адам, жекеше айыптау тәртібімен ақталғаны 5 адам, өндірістен тоқтатылған 93 іс, 108 адамға қатысты болған. 72-сі медация тәрті­бі­мен қаралған істер. Аталған 251 адамға қатысты сот үкімі мынадай: бас бостандығы­нан айыру – 61, айыппұл жазасы – 49, қоғам­дық жұмыстарға тарту яғни, көше сыпыру, аумақты абаттандыру, жинау секілді жеңіл жаза – 31, бас бостандығын шектеу – 100, шартты сынақ мерзімі – 9 адамға тағайын­далған. Ал, 2 әйелге қатысты жазасын өтеу (қылмыстық кодексінің 74-бабы бойынша) 14 жасқа толмаған балалары бар болуы себепті кейінгі қалдырылған.

— Прокуратураға қайтарылған 42 іс, оның ішінде: ҚПК-нің (қылмыстық процестік кодекс) 323-бабының талабына сәйкес, яғни алдын-ала тыңдауда басты сот талқылауын тағайындауға кедергі келтіретін қылмыстық-процестік заңнаманы елеулі түрде бұзушы­лықтардың анықталуына 7 іс, ҚПК-нің 623-бабының талабына сай сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жасалған кінәні мойындау туралы процестік келісімімен бірге келіп түскен істерді прокуратураға қайтарылғаны 8 іс және 13 іс айыпталу­шыға іздеу жарияланып қайтарылған. Сондай-ақ, қылмыстық процестік кодекс­тің талабына сәйкес бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен түскен қылмыстық істер саны 27-ні құрап отыр. Оның 19 іске айыптау актісі қабылданған, ал қаулымен тоқтатыл­ғаны 2-еу. 6 қылмыстық іс сотқа дейінгі іс жүргізуді жүзеге асыратын органға қайтарылғандар, — дейді Айбек Әбу.

Бүгінде қоғамның дертіне айналып отырған тағы бір мәселе – сыбайлас жемқорлық. Қалалық сотқа сыбайлас жемқорлыққа қатысты да істер келіп түскен. Жарты жылдың ішінде Қызыл­орда қалалық №2 сотында 14 адамға қатысты 10 іс қаралған. Мұндағы 12 адамға айыптау үкімі шыққан. Олардың 4-еуіне бас бостандығынан айыру, 4-еуіне айыппұл жазасы, ал тағы 4-еуіне бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалған. 1 адамға қатысты іс басқа соттың қара­луына жолданса, келесі 1 адамның ісі прокуратураға қайтарылған.

Аталған қылмыстық істерге қатысты бас бостандығынан айыру жазасына қатысты айтар болсақ, олардың 2-еуі Қытайдан жұмысшылар алып келіп, өздерін ешкім мазаламау үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне пара бермекші болғандар. Ол екеудің бірі белгілі бер компанияның басшысы қытайлық азамат болса, бірі сол адамның аудармашысы. Қазіргі таңда олар №2 соттың үкімімен 367-бабтың 3 бөлігіне сәйкес лауазымды тұлғаға пара беру бойынша сотталып отыр. Төрағаның айтуынша, ол екеуіне қатысты жаза әлі күшіне енбеген. Пара беру мен алудан бөлек, ұрлық жасау, кезексіз пәтер алып беру секілді қылмыс жасағандар да бар.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here