Маскүнемнің малқорасы

0
146

Кешегі Кеңес үкіметі тарамай, үй де күй де орнында тұрған шақ­тарда бұл Жар­қынбек қандай еді… Жарқылдап жүргені-ай, қарқыл­дап күлгені-ай… Ауыл-аймаққа сөзі өтті, сөзі өтпеген жерде өзі өтті… Алыстан келгендер Жар­қын­бектің үйіне түсті. Ет жеп арақ ішті. Қонды. Жақын жүргендер де Жарқынбекпен отырыстас болуға асық еді. Жарқынбек мақтаса мәртебе көріп, күлді. Жұмсаса қуанып жүгірді. Өзінің де бағы тым ерте жанып кетті ме немене…

Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтты бітіріп келгеніне екі жыл толды ма, толмады ма, фермабастық болып шыға келгені. Сол-ақ екен “фер­ма­бастық болып та көп отыр­майды екен, совхоз директоры болып кетеді-міш», «аудандық ауыл шаруашылығы басқарма­сына бастық болып кетеді-міш” деген өсек қураған шөпке тиген өрттей гу-у ете қалғаны… Ойпыр­май, басылсайшы. Қыста да сол гуіл… Жазда да сол гуіл… Жауын жауса да, қар жауса да басыл­майды. Әрі-беріден соң совхоз директорлығын да, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын да қойып, басқа ауданның басқа совхозына директор етіп, басқа ауданның ауыл шаруашылығы басқармасына бастық етіп жатады. Басқа ауданда Жарқынбек сияқты зоотехник құрып, Жарқынбек сияқты фермабастық жоқтай. Сол гуіл сөз басылудың орнына жел тиген өрттей апта, ай өткен сайын қайта гулеп бара ма немене…

Осы гуіл сөз де Жарқынбектің беделін тым көтеріп жіберді-ау шамасы. Астанадан мансабы бар туысы қыдырып келгендер де, мансабы бар жекжат-жұрағаттары алыстан қыдырып келгендер де қонаққа Жарқын­бекті қоса шақы­рып жатқандары… Сол қонақтар тау аралап, су жағалап қыдырса да Жарқынбекті алға салып, бас­таушы етіп жатқандары. Молда­бай деген бір қойшысы “балам Талдықорған облысынан, бір фермабастықтың қызын алып келіп еді. Баратын бас құда да фермабастық дә­ре­­жесінен төмен болса, жарамас екен” деп қолқа­лап, күндіз-түні жалынып жүріп, сон-а-ау Талдықорған облысына мұны басқұда етіп жіберді емес пе? Ойпырмай сол күндердегі Жар­қын­­бек­тің беделі-ай! Бір қора адам бұл жақтан пойызға шыға­рып салды.

Бір қора адам ол жақтан күтіп алды. Отырса да Жақа-а… Тұрса да Жақа-а… Арақ ішсе де Жақа-а… бәлденіп ішпей қойса да Жақа-а… Сондағы айтатындары “Сізбен бір рет рюмке соғыстыру арманы­мыз еді… Кейінірек, кейін­гілерге айта жүретін” дейді. “Бізбен рюмке соғыстырып ішпесе­ңіз, өкпе­леп теріс қарап қаламыз. Намыс­тан жарылып, өзімізді өзіміз жазым етуіміз де мүмкін. Тіпті бар ғой, сіздер жақ келін етіп, қызығын көріп отырған көрікті қа­рындасымызды қайтып әкетіп қалуымыз да кәдік” дегендер де болды-ау. Амалсыз Жарқынбек рюм­­кесін алып жібереді… Соны­мен құтылдым екен-ау деп отыр­ғанда подносқа салған рюмке­лерін сылдыр-сылдыр еткізіп тағы бір екеудің, әлде үшеудің келіп, мөлиіп өтініш айтып отырған­дары… Еркек­терді… Жә олардан өйтіп-бүйтіп құтылып жатты-ау.

Мұнда келіншектер (келін­шек­тер деп ойлады, бірақ солар­дың біразы қыздар-ау) қиын болғаны… Олар рюмкелеріндегі арақтарын ғана ішкізіп қоймай, беттерінен де сүйдіріп жатты. Тәйірі қыз-келіншектер­дің қы­зара бөрткен алабұртқан беттері үшін арақ ішпей қоятын Жарқынбек пе еді. Ішіп жатты… Сүйіп жатты… Соңынан тағы ішіп жатты… Өйт­кені әлгі келін­шектері түспегір (әлде қыздар) “біз­дің бетімізді сүйгеннен кейін тағы бір алып жіберуіңіз керек” деп ерке­лейді емес пе? Ойпырмай, Жарқынбек мырзамыздың сол жолғы сас­қаны-ай. Тағы біреулердің “Біз сізді әуелде райкомның бірінші хатшысы екен деп қалдық. Құры­ғанда үлкен бір совхоздың дирек­торы екен деп ойладық” деп есін шығарғанын айтсайшы. “Есін шығарды” дейтіндей де бар. Олар да қарап кетпей Жарқынбекке екі-үш рюмкені алдырып жіберді емес пе?! Шаршап-шалдығып түннің бір уағында салынған төсекке қисая бергені сол еді, ала­көлең­кеде “Жақа-а, Жақа-а оңаша жерде тағы бір-р…” деп сыбырлап жүрген пақырлар.

Таңертең әзер оянып, жасты­ғы­нан басын көтергені де сол еді… О, құданың құдіреті… тағы да Жақа-а-лап жағалап жүрген біреулер. Молдабай қойшының құдалығы бір әлектің басы екен. Содан кейін-ақ бұл ауылдың алыспен құда болғандардың да, жақынмен құда болғандардың да бас құдасы Жарқынбек болып алды. Тіпті бас құдалық өкімет тағайындаған қызметі секілді. Құдалықты былай қойғанда бұл ауылдың бәтуалы әңгімесін бас­тайтын да, аяқтайтын да осы Жарқынбек… Кенбай ауылының Жарқын­бек­сіз таңы атпай, Жарқын­бексіз күні батпай қалды. Жарқынбек келмесе дастарқандар жайылмай, Жарқынбек шықпай, дастарқандар жиылмай қалды. Кейде адамға, ұрыссаң да, ұрсаң да, тіпті тепсең де кетпейтіндей осындай да бақ қонады екен-ау.

Ас мәзірімен қоса жұрттың осындай қошеметі ферме­бас­тықты семіртпей де қоймады. Бір жыл істеді ме, әлде екі жыл істеді ме, денесі толып, бетіне қаны теп­кен, қызыл шырайлы, өте реңді жігіт болып шыға келгені. Оның үстіне бой қандай, екі иығына екі түйенің етін көтеріп жүре берердей.

Сол рең-пошымы да өзіне сор болып жабыспады ма? Ауылдағы жеті­жылдық мектепте мұғалім болып істеп жүрген бір қыз бұған хат жазып, ол хаты жолай келін­шегі Мейіздің қолына түсіп, үй-ішілік ашу-даудан енді құты­лып болдым дей бергенде, жайлауда өткен шопандар тойында аупарт­комның хатшысы болып істейтін келін­шектің Жарқынбекке көзі түсіп қалып, тіпті ол күйеуінің көзінше Жарқынбекті құшақтап сүйемін деп, артынша ау­парт­комның бюросына түсіп, қызмет­сіз қаңғырып қалғаны.

Аупарткомның бюросы “жазығы жоқ” деп шешкенімен, Жарқынбектің де жетіскені шамалы. Келіншегінің шай үстін­дегі, ас ішу кезіндегі, жатар­дағы, төсегінен тұрардағы таусылмай­тын бюроларына түсіп жүріп, әзер құтылды-ау. Жарқынбектің ба­сына жылдар бойы оңбай қонған сол бақ күндердің күні болғанда бірнеше аптаның ішінде-ақ шашы­лып қалғаны…

Шашылып қалды демеске амалы қанша, сол аралықта бағып жүрген қойынан айырылып, тая­ғын құшақтап қалған қойшыдай шошайып қалса, улап-шулаған көлінен айырылған құстай санда­лып қалса… Совхоз директоры әуелі “Алған құрылыс материал­да­рының бартеріне кетті” деп, сосын “Көрші совхоздардан алған қарызымыздың бартеріне кетті” деп, екі соғып өткенде-ақ он екі мың қойдан – екі отарға да жетпестей қой қалған.

Ал жылқылардың қалғанын санауға он саусақтың өзі де жарап жатты. Мал кеткен соң-ақ ферме­бастықтың асып-тасып тұрған абырой-беделі де сол малмен бірге еріп кеткендей, адыра қалды. Ал абырой-беделі малымен бірге ере кеткен фермебастықты совхоз директоры оп-оңай-ақ жүндей салады екен. Мал мамандарымен өткізіп отырған бір мәжіліс үстінде-ақ “Басқа бір жұмыстың ретін қарастырармыз, болмаса өзің-ақ қарастырарсың… фер­маңды қысқартып жібердік” дегені қиналмастан-ақ. Сөйтті де бөлмесінен айдап шықты.

“Айдап шықты” деп ойлама­ғанда қайтсін, “Мына мал маман­дарымен тағы бір әңгімем бар еді, сен бара бер” деген соң. Ойда жоқта қызметінен айырылған жан да бір түнде жемісі төгіліп қалған ағаштай сойдиып қалады екен. Жұрт салқындау амандасып, салқындау сөйлесетін болды. Жапа-тармағай қонаққа шақыру тыйылды. Бұрынғы төменшік­те­гендер енді тең сөйлесетін болды. Тең сөйлескен де айналайын екен, биіктен қарап, биіктеп тіл қата­тын­дар да табылды. Мұндай жағ­дай болдым толдым деп жүрген кісінің де мінезін өзгертеді екен. Өз-өзінен кішік болып, бұрынғы “сен” дейтіндерге енді “сіз” дейтінді шығарды.

Мінезі салмақты, сабырлы-ақ еді, енді жеңіл қозғалып, асығыс сөйлейтінді шығарды. Жеңіл қозғалайын да, асығыс сөйлейін де демейді… әйтеуір өзі де, сөзі де өз-өзінен жеңілдеп кеткендей… Әрине, Жарқынбек қойшы болуға арланды. Бұрынғыдай ферманың қойы болса да айналайын ғой… Жеке ба­йыған біреудің малын бағуға қалайша намысы жіберсін. Дегенмен өзімен қатар қызмет істеген, кейбір фермабастық­тар­дай кесек құйып, там сылап та кет­педі. Қызмет іздестірген кездері болған, бірақ совхоз біткен тарап, малдың бәрі жекешеленген кезде қандай оңған қызмет табыла қойсын. Біраз жүріп қалды. Бір қойын өңгеріп барып, бал аштыр­ғанда атышулы балгердің өзі де “Шырағым, әлі де жүре тұрасың-ау­дан” аспады.

Ептеп ішетінді шығарды. Бұрын да ішіп жүрді ғой бұйыр­ғанын. Бұл жолғы ішісінің тәрізі бөлектеу еді. Өз арағы бітіп, әйелі шу шығар­ғанда көршілерінен сұрап ішуді де әдетке айналдырды. Әйел дегеннен шығады, бұрын кейде жеңсе де, кейде жеңіліп қалып жүрген Мейіз енді мұны үнемі жеңетін болды және қалай болса солай, шай құйып отырып-ақ, бала емізіп отырып-ақ жеңе­тінді шығарды. Ал әйелден жеңілу деген бүкіл ауылдан, ел-жұрттан жеңілу екен. Ел-жұрты дегенде… бұрынғы “туыспыз, өте жақын­быз” деп ет бауыры елжі­реп жүр­­ген­дер қарсы келе жатып-ақ, бұры­лып өзге көшеге түсіп кете баратынды шығарды. “Осы үйге кіріп шыға қояйыншы” деп мұның бет түзей бергенін көріп-ақ, әлгі үйдің әйелі, әлде баласы сыртқы есіктерін тарс жауып алғанын Жарқынбек Құдай бас­қа салған соң талай көрді… куә болды.

Есігін қойшы, бұл келе жат­қанда сол үйдің терезелері де қоса жабылып, қымтанып алатынына не айтарсың. Жарқынбек әлгі үйдің жабылған есігіне де, терезе­сіне де аңқайып, жол үстінде бір сәт қарап тұрады да, сосын кері қайтады. Әйтеуір, әйелі мен бала­лары ғана әзірге бұл келе жат­қанда есік-терезелерін жаппайды. Басына түскенде кісі осығанда шүкіршілік етіп, тәубасына келеді екен.

Баяғыда “Құдам фермабастық екен, баратын бас құданың да дәрежесі фермабастықтан төмен болса, ұят болар екен” деп, жалы­нып-жалпайып мұны Талдықор­ған облысына апаратын Молдабай қойшы жақында сол құдалары қыдырып келгенде мұны мейман­дарына арнаған дастарқанына қосып шақырмады да. “Бізбен бір рюмке арақ ішпесеңіз өкпелей­міз… Теріс қарап жатып қаламыз” дейтіндердің бірі имантаразылық танытып “Жақаң қайда?” деген екен Молдабай шімірікпестен “Ойбай-ау, Жарқынбекті айтып отырсыз ба? Ол болмай қалды ғой. Оны сіздердей сыйлы кісілерге қосуды ыңғайсыз көрдім” депті. Сосын Жарқынбек бұл сөзге қалайша күйінбесін… Естіген бойда ереге­сіп, сол Молдабайдың үйіне кіріп баруға да бекініп еді, намысы жібермеді.

Есесіне ашуменен әйелі мен балаларынан жасырынып, малқо­рада отырып бір бөтелке арақты бір өзі ішті. Қа­пелімде тіске баса­рын ұмытып ке­тіп, үйіне қайта баруға әйелінен бата алмай, әр ста­қан арақтан кейін сиырдың кепкен жапасын иіскегенін қай­терсің…

О, қайран Жарқынбек… бұл пә­ни жалғанда не істемеді, не көр­меді, жарандар-ау. Әйелден жеңілу дегеннен шығады… мына фәни жалғанда бұрын малының санымен де шаруасы болмаған жанның малға қарағанынан асқан азап бар ма екен, сірә? Әншейінде Мейіздің айтқанын істемейтіндігі, естімеген бола салатыны, тіпті сол Мейіздің керек болса кейде өзін де менсінбей қалатын сәттері адыра қалды.

Жұмыс істемейтін, оның үстіне арақ ішетін еркек әйелінің қалайынша оп-оңай құлы болып шыға келгенін білмей де қалады екен. Әрі-беріден соң, «мені қан­дай жұмысқа салсаң да көндім… соңынан жартылыққа жететін бірдеңе…” деп тұрады екен ішінен. Өйткені келін­шегінің мұны жұмысқа әбден салып, соңынан бір тиын да бермей, беді­рейіп тұратын сәттері бар. Сондайда Жарқынбек өз әйелінен безіп те кеткісі келді. Қайтып көрмеске, төсекте жанына жатпасқа да бекінген…

Іштей “Құдайым-ау, осы Мейізді неге алдым, қыздардың өздері тиісіп, мазамды кетіріп жүргенде. Ойбай-ау,  аупартком­ның хатшысының өзі есі кетіп… Келіншек болғанда қандай, шіркін, қысыр қалған құнандай жұлқынып тұрған” деп өкінді де ғой. Бірақ ол өкініштен не пайда? Мал жайғау деген ер адамға былайынша сорақы да кәсіп емес қой. Мал жайғағанды місе тұтпай, келіншегі кейде оған ошақ сыла­тып, ошақтан шыққан күлді тасуға қолына ескі шелек ұстатып мас­қара етті емес пе?

Қор болған азамат-ай, бағы тайған кешегі фермабастық-ай десеңіз­ші… Тыңдаймын деген кісіге бұл Жар­қынбектің көкірегі толған мұң мен шер ғой. Бірақ “осыны да бір тыңдайыншы, көңілін аулап, жұбатайыншы” дейтін кісі бар ма? Кісі дейді-ау, кісі түгілі жай бақыр басты пенде бар ма деші… Шіркін, дүкеннен бір бөтелкені қо­йынға тыға шы­ғып, (тіске басуға тәйірі екі түйір құрт та жарар еді) өзі фермабастық болып тұрған заманда қоршат­қан бақтың ішіне кіріп, бір алма аға­шы­ның көлеңке­сіне жантаяр ма еді. Былайша ұлы арман деуге кел­мес те… бірақ осының өзі де кейде орындалып, кейде орындал­май қалып жатады ғой, тәйірі. Екі күн қатарынан ішіп, ертеңгілік басын көтере алмай жатқан сәті еді.

Фермабастық болып жүрген заманда егерәки осындай хал кеше қалса, Мейіз ертемен зыр жүгіріп жүріп, кеспе көже жасайтын да, бұл бетіне пияз турап, қызыл­бұрыш сепкен кеспені ішіп, борша-борша терлеп барып, жан шақырып, киініп, жұмысына жиналатын. Енді кеспе көже де, жұмыс та жоқ. Өзінің жайрап жат­қаны мынау. Әйтеуір әйелімнің жанында жатырмын дегені бол­маса, астына көрпеше деп төсегені балаларының ескі жаялығы ма немене… басына жастағаны да жастық деуден гөрі ескі жүн, мақта түйір­шіктерін салған қалта сияқты бір­деңе… Сырттан шелек толы сүт көтере кірген әйелі ашулы. – Әй, маскүнем, ана сиырларды өріске шығармайсың ба? Астын тазаламайсың ба? Әлі де осы ауылдың фермабастығына ұқсап жайрап жатырсың ғой. Ол заман өткен… Енді сен бар болғаны – осы ауылдың маскүне­мі­сің… білдің ба-а…

Мейіз “маскүнем” деген сөзді қайталап айтқан кезде үшінші класты бітірген қызы Зира кіржің етіп, оқып отырған кітабын жаба сала, шешесіне жаратпай қарады. “Шешесінің мына сөзіне намыс­танып қалғаны – ержетіп қалғаны ғой, қарағымның” деп ойлады Жарқынбек өзінше әйеліне беріл­меген болып, төсегінде жайрап жатып-ақ. Мейіз одан әрі үндеген жоқ. Шелек­тегі сүтін қазанға құйды да, пешке от жақты. Зирасы да шешесіне болыс­қан болып, самаурынға су құйып, ошақ маңайын сыпырған болды. Әйе­ліне берілмеген болып Жарқын­бек тағы бірауық жатқанымен, түбі бір берілетінін де есіне алған­дай, басын көтеріп жинала бас­тады. Сыртқа шығып, жол-жөне­кей ұстай келген күрегімен мал­қораға да кірді. Жайдан жай да кірмеді. Қолындағы күрегімен дәл ауызға байланған Мәңбас өгізді бір салып өтті. Аймүйіз бен Қасқабас сиырды аяғысы жоқ еді, олар ақырдағы шөптен бастарын көтермей тұр екен.

Әрине, “сендерден-ақ көрдім ғой, көресіні” деп ашуланған­дағысы. Сосын қораны тазалауға кіріскен. Ашумен істелген іс те белгілі ғой. Аяқ астында жатқан шөптерді жапаға қосты. Тағы бір жерде жатқан жапаларды шөпке қосты. Сосын әйелінің тапсырма­сын орындап болдым-ау деген кезде қарағайдан жасатқан ұзын ақырдың бір шетіне күрегінің сабына сүйеніп, отыра бергені сол-тын. Іштей фермабастық болып дүрілдеп тұрған кезінде, ақыр жасайтын қарағайларды аудан орталығынан қалай алды­рып, ұстаға қалай жасатқанын, оған қанша ақы төлегенін есіне алып, аз уақыт ойға шомғандай болған. Кенет:

– Бай­ғұс балам-ай, сорлап қалдың-ау… – деген дауыс есті­гені. Әкесінің дауысы… Құдай біледі сол… “Ойбай-ау бұл дауыс қайдан шығып тұр өзі?” деп мал­қораның төбесіне, қуыс-қуысына қарады. Жан баласы көрінбейді. Көрі­нетін жөні де жоқ. “Біреу шөпке жасырынып жатқан жоқ па?” деген оймен бұрышта үюлі жатқан шөпті де күре­гінің сабы­мен түрткілеп көрді. Ешкім де, ештеңе де жоқ. “Алла-ау, осы мені жын қаққаннан сау ма?” деген ой да келді.

Бірақ “Жын қағатындай дәре­жеге жетіп те қалғаным ба?” деп өз ойына өзі сенбестік те жасады. “Арақты менен бұрын бастап, менен де көп ішетіндер сап-сау жүр ғой осы, жын қағатындай не болыпты?” – деп кенет үсті-басын қағып, жинақталды. Мұнысы әлгі дауыс қайта шығып, кіна­лайтындай болса, өзін-өзі ақтауға дайындаған амалы-тын. Абдыра­ған се­бебі, кеше ме, әлде алдың­гүні ме, әйе­лінің шапылдап сөйле­ген көп сөзі­нен қашып, тамының көлеңке­сінде еңсесі түсіп отырып: “Көкем осы қалпымды көрсе “Байғұс балам-ай, сорлап қалдың-ау…” дер еді” деп ойлағаны бар-ды, әкесінің сол сөзі әлгінде құла­ғында өз-өзінен күңгірле­гені. Бірақ қайтып ол дауыс естілмеді. Осы кезде барып Жарқынбектің көзі өзіне әлгіден бері қарап тұр­ған Ақбас өгізге түскені. “Бірақ Ақбас өгіздің бұл оқиғаға қандай қатысы бар” деді іштей әлдекімге қарсыласа кетуге әзірлен­гендей.

Көңілі сол Ақбас өгізден күдік алды. Сөйлеген ақиқат сол секілді. Өйткені өгіз көзін бұдан әлі де алмай тұр. “Ой, бұл адам емес өгіз ғой. Мал-л” дей беріп, Жарқынбек Ақбас өгіздің басына қолындағы күрегімен тағы бір салып жіберуге оқтала берді де, күрегін қайтадан жерге түсірді. Ол Ақбас өгіздің өзіне қараған көздерінен сескенді. Малдың емес, адамның көзде­ріндей… Алла-ау, әкесінің көзде­ріне ұқсап кетті ме немене. Әйелің­нен жеңілгенде айналайын екен. Қораңдағы өзіңнің бағып жүрген өгізіңнен жеңіліп, еңсесі түскен осындай күйді басымнан өткеремін деп Жарқынбек бұрын-соңды ойлады ма, сірә. Тіпті “Өзгелерді сендіру мүмкін бе?” деп ойлады ол осы халіне қатты таңырқап тұрып. Ақбас өгіз бұдан әлі де көзін алар емес. “Ал мен айттым… Сөйдедім… Сонда не істей қояр екенсің” дегендей. Ақбас өгізден шын жасқанғаны шығар, ендігі жерде Жарқынбек сиырлардың басы байланған­да­рын арқаннан босатып, шу-шулеп сыртқа айдай бастады. Неде болса оларды өріске айдап құтылғысы келгендей.

Сиырларды айдап бара жатып та Жарқынбектің көңілі ойда болғанымен, көзі Ақбас өгізде болды. Өйткені Ақбас өгіз жол-жөнекей де бұған тағы бір бұры­лып, ұзақ қарағаны… Тіпті өзінде бір тәкаппарлық, мұны билеп-төстеп алғандай менменсу бар… Сонда Жарқынбек оған қолын­дағы таяғын шошайтып көтергені­мен, қақарын төгіп “шу-уу!” деуге жарамады. Өз-өзінен жуасып, даусы шықпай қалды. Осы күйіне өзі де айран-асыр болып тұрып, іштей “Ой Алла-ай!” – деді. Өзге сөзді айтуға күші жетпеді, әлде батылы жетпеді.

Үйіне қайтып келген соң да келінше­гінің шекесі тырысып отырып, құйып берген шайын ішіп жатып та, шай ішіп болған соң самаурынға отын бұтап отырып та Ақбас өгізбен арада бол­ған таңертеңгі оқиғаны ойлай берді. Түс кезінде де келіншегінің шекесі тырысып отырып (күйеуі ішіп кеткен әйелдің шекесі тырыспай­тын күні болмайтын да шығар) қазаннан құйып берген кеспе көжесін ішіп отырып та, көжеден кейін емізулі баласын бірауық ойыншықтармен ойнатып отырып та Ақбас өгізді есінен шығарған жоқ. Құлағында әлі де әкесінің дауысы. “Біреулерге айтсам “Жарқын­бек сондай халге душар болыпты. Жын-перілер айналды­рады екен” дейді-ау” деп те шама­лады. Бірақ айтпасқа да болмай­тын секілді. Тұрса да, жүрсе де ойынан кетер емес. Ақыры есіне Бершүкір деген мұғалім досы түскенде барып, жаны жай тапқандай болды. Бершүкір кітаптың да неше алуанын оқып, теледидар мен радионы да тыңдап тауысқан… сондай бір жан еді.

Мына дүниеде оның білмейтіні жоқ шығар. Жарқынбек ол туралы “Мына ғаламдағы бұрын-соңғы тарих пен неше алуан тылсым сырларды ғалымдардың өзі білмесе, білмей қалар бәлкім… бірақ Бершүкір білетін шығар-ау” деп ойлайтын. Аудандық газетке өлеңдері шығып тұратын дәре­жеде ақындығы да бар. Ферма­бастық болып дүрілдеп тұрған шағында “Республикалық газет­тер өлеңдерімді баспай жүр. Респуб­ликаға танылмай бәрібір болмайды.

Екі қой берсең, соны сатып, Алматыға барып, газет редакция­ларына өлеңдерімді оқытар едім” деген соң Жарқынбек екі қойды жүк машинасының кузовына тиеп жіберген-ді. Содан арада ай өтті ме, әлде екі-үш ай өтті ме, бір бұрышына екі өлеңін қыстыр­ған “Лениншіл жастың” бір санын әкеліп тұр, “Сіздің арқаңызда республикаға танылып қалдым” деп… “Ойбай-ау, әр қойға бір өлеңіңді жариялайтынын білгенде бес қойды… тіпті жеті-сегіз қойды бір-ақ артатын едім ғой, мәши­неңе” деп қалды Жарқынбек те шын тілектестігін білдіргендей болып. Қазір екеуі бөтелкелес дос. Жар­қынбек фермабастық болып дүрілдеп тұрған шағында қоршат­қан баққа анда-санда барып бір шыны, кейде екі шыныны босатып қайтады.

Сонда екеуі жарысып мыл­жың­дасып кейде күн батқанша, кейде ай батқанша отыратынын қайтерсің… “Сонда екеуі не айтады екен?” дер-ау кейбір бі­лімнен мақұрым кещелер. Ал Бершүкір мына дүние-жаратылыс туралы да, бұрын соңды жасаған орыстың, ағылшын, француз­дардың атақты ғалымдары, саяхат­шылары туралы да ай туғанда бастап, күн шыққанша да айта алар еді-ау. Сонда тыңдауға шы­дамы жетер жан табылса. Әбден жалығып, шаршаған Жарқынбек аузын кере ашып, есінеп қалады.

“Есінемейінші, сыр бермей, бар ынта-ықыласыммен-ақ тыңдайыншы” деп отырып-ақ есінеп қалғанын аңдамай қалады. Бұл есі­неген соң-ақ Бершүкір асып-сасып орнынан тұрады да: – Жақа, қайтамыз. Мен байқамай ұзаққа сілтеп кеткен екенмін. Кешірім өтінемін, – дейді әуелі өзінің үстін қаққыштап, сосын Жарқын­бектің де үстін қағып бе­ріп жатып. “Әне ол сондай тақуа, сыпайы жан. Және әңгіме­нің майын тамызып қандай айтады десеңізші, шіркін. Бершүкір­дей білімдар жан бұл атырапта жоқ шығар. Тіпті облыс, респуб­ли­када… Бершүкір біреу-ақ болар-ау”.

Жарқынбек сол аяулы досын ойлай отырып “Менімен әңгімеле­суге өзінің уақыты болса деші. Айтпақшы, қазір жазғы демалыс кезі екен-ау” деді ішінен. Ертең­гілік Бершүкір көлеңкедегі сәкі­нің үстінде жалғыз өзі шемішке шағып, біржағынан текеметтің үстінде алшысынан жайылған үлкен газеттің бұрышынан бір­деңе оқып отыр екен. Жарқынбек келген соң газет оқуын доғар­ғанымен, шемішке шағуын доғар­ған жоқ. Жарқынбек болған оқиғаны айтып отырды да, Бершүкір шемішкесін шағып отырды. Жарқынбек әңгімесін айтып болған кезде, ол да шеміш­кесін шағып бітір­ді-ау. Бітіргені шығар… газет бетін­дегі шемішке қиқымдарын алақанымен асықпай жинады да, газеттің бір шетін төрт­бұрыштап жыртып қиқым­дарды соған салды да, бүктеп-бүк­теп уысында ұстап біраз отырды да, сосын барып Жарқынбекке бұрылып:

– Өте пайдалы нәрсе, – деді қалайы тостақтағы әлі де шағыл­маған шеміш­ке­лерді иегімен нұсқап.

– Мұның қаншалықты пай­далы екендігін медицина әлі толық дәлелдей алмай отыр. Демек әлемдік медицинаның деңгейі әлі төмен деген сөз. Ақбас өгіздің мәселесіне әлі оралар емес. Кенет орнынан тұрып әлгі шемішке қиқымдары оралған газетті жер­ошаққа апарып тастады да, екі қолымен оң жақ балағының тізесі ойыл­ған шалбарының ышқырын көтеріп жатып, балалары кіріп-шығып жатқан ауланың есігіне қарап тұрды:

– Ана-а жаққа-а – деді иегімен бақ жақты нұсқап. Жарқынбектің де күтіп отырғаны осы сөз еді. Әңгіменің соңы осымен бітерін сезіп, бір бөтелкені костюмінің ішкі қалтасына тығып, сыртқы қалтасына тіске басарға екі түйір құртын да сала келген. Бақтың қақ ортасында үлкен алма ағашы бар. Жаз болса екеуінің көлеңкелеп отырып, әңгіме-дүкен құратын, әкелген бөтелкелерін де қылдай бөліп ішетін жерлері. Тіске басар ештеңе­лері болмай қалған кездері сол ағаштың көк алмасын жейтін кездері де бар.

Бүгін де екеуі сол араға аял­дады. Бершүкір алып келген газе­тін төсеп, Жарқынбек қойнынан бөтелкесін, жан қалтасынан тіске басар құртын шығарды. Сосын арбаңдай басып, алма ағашының бір қуысынан үнемі тығулы тұра­тын қаңылтыр рюмкелерін алып, ішін үрледі, сұқ саусағын тығып, тазалаған болды. Әңгіме бастамас бұрын, әуелі екеуінің елу грамнан алып жіберетін­дері болушы еді. Сол әдетпен Жар­қынбек рюмке­лерге арақ құйды да, екеуі соғыс­тыр­мастан алып жіберді. Жарқын­бек тіске басу үшін өз құртына ұм­тылды да, Бершүкір де “саған жалын­баймын” деген ыңғаймен жан­қалтасына қол салды. Өзінің де тіске басары қалтасында жүр екен. – Вот, что шал, – деді Бер­шү­кір (фермабастық кезінде Жақа деп жақаурататын) ақыры маңыз­ды бір әңгімені бастағандай…

Сосын қайдағы бір Тибет тау­лары, халқы, олардың медицинасы жайлы айтып келіп, адам өлген соң жанының мақұлықтар­ға, жан-жануарларға беріле­тіндігі жайлы көсіліп кеткені… Бершүкірдің айтуы бойынша мақұлықтар мен жан-жануарлар өлсе, олардың жаны адамдарға берілуі, адам өлсе де, олардың жаны жан-жануар­ларға берілуі әбден мүмкін екен. Жар­қынбек әуелде ішінен “Әй, өзіміз өлген соң менің жаным мен Бершүкірдің жанының кімге, неге берілгені неме керек?

Бұл өзі не мыжып кетті” деп ойлаған. Бірақ Бершүкірге ештеңе айта алған жоқ. Оның әңгімесін бөлуге де батылы жетпеді. Тағы бір елу граммнан тастап, қалтасы­нан алған құртынан қырт еткізіп бір тістеген соң барып, әңгімесін түйін­дей беріп: – Вот, что, шал, сенің Ақбас өгізің қай жылы туып еді? – дегені. “Бұған менің өгізім­нің қай жылы туғаны неге керек?” дегендей әуелі Жар­қынбек аң­қайып отырғанда, Бершүкір бұған тіктеле қарап отырып, тағы бір сұрақ берді.

– Жылы ғана емес, күні де қажет.

– Оу, енді…

Ақбас-с… бір күні туды ғой, әйтеуір. Оның туған жылы мен күнін кім есіне сақтапты.

– Сақтау керек еді… Бершүкір суық қарап отырып, бұған сұқ саусағын шошайтып та үлгерді:

– Сақтау керек, ш-шал!

– Малының шежіресін жазып жүр­ген кім бар, осы күні. Кімге керек, ондай шежіре? – деп Жар­қын­бек күмілжіп еді, Бершүкір тағы да қазымырланып кеткені.

– …Ғылымға керек, шал. Жара­­тылыс­тың сан миллион құпия­ларын ашуға керек. Өзің бүгін маған таңғажайып жаңалық айтып келдің… Таң атпай… Ал керек құпия екендігін білмейсің. Білгің де келмейді. Мына өмірде еш­нәрсе, ешуақытта ұсақ-түйек болмақ емес. Ал әкең қашан өліп еді?

– Көкемді айтасың ба? – Иә, өзіңнің әкең. – Енді көкем өлді ғой. Дәл ж-жылын.

– Әкеңнің өлген күні ғана емес, күні, сағаты, минуты да керек,– деді Бер­шүкір нақ бір бұдан сабақ сұрап тұр­ғандай тақылдай сөйлеп.

– Көкемнің өлген жылы… күні… Жарқынбек бірауық төбеге қараған. Төбеге қарағанда көргені алма ағашының жапырақтары. Сосын көк алмалар. Айтпақшы жапырақтардың арасынан аспанды да көрді. Бұлттар үйіріле бастаған екен. “Осы бұлт бір жауып берсе жарар-ақ еді-ау” деп ойлады ол ішінен, ми қайнатқан ыстықтан да запы болғаны есіне түсіп отырып. Содан төмен қараса, Бершүкір бұған тесірейіп әлі қарап отыр екен.

– Көкемнің өлген күні, сонша неге керек?

– Керек болғанда қандай! Ғажайып жаңалық ашылғалы отыр, шал. Сенсация! Бұлай демеске амалым жоқ. Бершүкір үшінші елу грамды қаңылтыр рюмкелерге өзі құйды да, мұның ілесе рюмкесіне жармасуын күт­пес­тен, өзі алып жіберді. Тіске баса­рын да теріс қарап тұрып шайнады. Ол солай тіске басарын шайнап тұрып тағы да Тибеттің әңгімесін бастап жібергені.

– Би-би-сиде бас редактор болып жұмыс істейтін ағылшын журналисі Тибеттегі адамның тегін, бұрынғы өмірінде кім бол­ғандығын анықтайтын орталыққа өзінің туған жылын, күнін, тіпті күннің қай мезгілі екені туралы мәлімет берген соң, белгілі бір уақытта әлгі орталық қандай әңгіме айтқанын білесің бе?

– Қайдан білейін…

– Әрине, білмейсің. Білмейтін себе­бің, теледидардан сондай хабарларды айдай әлемге тегін таратып жатқанда қарамайсың. Кітап оқымайсың.

– Сонда әлгі Би-би-сиіңнің жігітін айтшы.

– Би-би-сидің бас редак­то­рына әлгі орталық берген мәлімет бойынша, ол жігіт бұрын піл болған.

– Піл-л? – Иә, піл-л. Піл өлген кезде, сол сәтте туған балаға, яки мен айтып отырған журналиске берілген. Ал бұл жігіт өлген соң жаны еуропалық бір байдың қызына берілмек екен. Демек одан әрі әйел болып өмір сүреді.

– Бұрынғы еркек, енді әйел-л?

– Несі бар әйел болып-ақ өмір сү­реді. Ал адам мал болып өмір кешеді. Мал адам болып… Сенен Ақбас өгізіңнің туған күні мен әкең Боташ ақсақалдың өлген күнін неге қадалып сұрап отыр­ғанымды енді түсіндің бе?

– Енді… Ш-шамалап.

– Шамалап дейді. Шал… сен әлі түк те түсінген жоқсың және түсінбей-сің де. Біздің қоғамның мешеулігінің айрықша белгісі — осы! Сенің ештеңені де түсінбей отырғандығың. Бершүкір шалт қимылмен өзінің қаңылтыр рюм­ке­­сіне арақ құйды да, Жарқынбек­тікіне құйған жоқ. “Менімен бірге ішуге жарамайсың” дегендей бұған айбаттана қарай беріп, рюм­кесін тартып жіберді де, бұдан көз алмай қарап отырып, тіске баса­рын да ұзақ шайнады. Мынадай үрейлі әңгімеден соң Жарқын­бек­тің зәресі ұшып, қорыққаны сон­дай, біржола тілден қалды да, Бер­шү­кір оның осы халін аңға­рып, орнынан оқыс көтеріліп, екеуіне де арақты өзі құйды. Бұл жолы тең жандардай қаңылтыр рюм­келерін соғыстырып барып ішті…

Кешкісін әйелі сиырларды сауып болғаннан кейін Жарқын­бек малқораға кірген. Бұл жолы бірден Ақбас өгізіне қарады. Бірақ Ақбас өгіз бұған қараған жоқ. Тіпті “Келіп тұр екенсің-ау” деп көзіне ілместен аузындағы шөбін күйсеп тұра берді. Ақбас өгізге ерекше ілтипат көр­сет­кісі келіп, соның ғана алдына бір бау шөп әкеліп салып еді, Ақбас өгіз оған да аса мән бермеді. Бірақ алдындағы ақырға түскен шөпті жеді. Сәлден соң жан-жақтан жиылып келіп Маубас өгіз, Қасқа сиыр, Аймүйіз, Қоңыр өгізшелер де сол шөптен жей бастап еді. Ақбас өгіз оған да мән бермеді.

“Бәрімізге әкелген шөбі болар” дегендей бір маңғаз кең мінезбен ауызындағы шөбін күйсеп тұра берді. Жар­қынбектің әкесі Боташ марқұм да тіпті кең кісі еді-ау. Үлкенге де, кішіге де қайырымды, барын базар етіп оты­ратын дархандығын айт­сайшы… Таңертеңгі шайлары көңілді ішілді. Шай үстіндегі көңіл-күй қай кезде де Жарқын­бек пен Мейізге байланысты ғой. Осындай сәт көптен бері болмағандықтан әке-шешелерінің бүгінгі татулықтарына балалары да ерекше қуанысып, мәре-сәре болып отырысты. Олардың да ойларын ортаға салып қалатын сәті де осындай кез болғандықтан, алтыншыны бітірген Бүбігүлі:

– Жазғы демалысымызды осы­­лай ұйлығысып отырып өткі­зе­міз бе, на­ғашым­дікіне барамыз. Әңгелек, қияр-қызанақтары пісіпті – деуі-ақ мұң екен, бесін­шіні бітірген Байбатыр мен төр­тіншіні бітірген Жайбатыры – О, онда бәріміз де барамыз. Суға түсе­­міз. Ол ауылда ойнайтын бала­­лар да көп, – деп дуылдаса қостай жөнелген­дері. “Нағашыла­ры­мыз” деп отырғандары осы ара­дан бес шақырым жердегі Ұзына­рық деген жерде тұратын Мейіз­дің ағасының үйі. Мейіз “бұларға не айтасың?” деген көптен болма­ған бір ұяң мінез танытып, Жар­қын­бекке бұрылып еді, Жарқын­бек те осы үйдің басшысына ұқ­сап, көптен бері жарқылдай сөйлегені шығар.

– Е барса, барсын… Өзің апа­рып қайт, – деді әйеліне сондай мейі­рім­­мен бұрылып. Мынадай әңгімеден соң ер балалар “уралап” айқайлап, қыз балалары жарыса қол соқты. Мейіз сәскеге дейін дәу қазан кеспе көже пісірді де, “Артыл­ғанын мұздат­қышқа салып, ертең де, арғы күні де ішесің…

Сиырларды Бершү­кірдің әйе­лі сауатын болды” деді де балала­рымен жиналып, шуласып автобус аялдамасына кетті. Мейіздің балаларымен шуласып төркініне кетуі бір бұл емес. Талай рет кет­кен. Бірақ соның бәрінде ұрыс-керіс, жылау-сықтау араласатын да, әйелі мен бала-шағасы кеткен соң жалғ­ыз өзі жын соққан бақсы­дай үйіне сыймай, “әйелі кетіп қалыпты” деген сөздің намысы­мен әрі ашумен ұрынып, әйелінен тығып жүрген жартылықтың аузын ашып жатар еді… болмаса жартылыққа жететін тиын-тебен сұрап, көршілерін жағалар еді… Бұл жолы тіпті басқаша. Кеткен­дер де, үйде жалғыз қалған Жар­қын­бек те көңілді. Қуанышты. Қуанғаны – балаларының нағашы­ларынікіне көңілді аттануынан ғана емес-ті.

Кешегі Бершүкір айтқан жай­ларды түнімен қайта ойлас­тыр­ғанда шешкені – оңашада Ақбас өгіз бен әкесінің өліміне байла­нысты зерт жасамақ ниеті еді. Енді міне, сол оңашалық өз-өзінен туды. Терезелері көлеңке бетке қараған ең үлкен бөлмеде ақ майкі мен ұзын балақ ала дамбалынан өзгесін шешіп тастап, екі қолын артына ұстап әрлі-берлі жүрумен болды.

Мұнысы “зерт жұмысын неден, қалай бастасам екен” деп ойланған-тын. Фермабастық кезінде “оны-мұны жазуыма керек болар” деп облыс орталы­ғына үлкен жиналысқа қатысқан жолы алып келген мұқабасы қалың торкөз дәптерін шығарды. Ол дәптерге ештеңе жазылған жоқ-ты. Жазылмағаны осы дәп­терді әкелгеннен кейін екі айдан соң жұмысынан босады ғой. Зерт жұмысын осы дәптерімен жүргіз­гісі келгендей қаламсабын да қоса шығарды. Сосын дәптердің бірін­ші бетін ашты да, қаламсабын көл­денең тастады. Содан соң ұзынба­лақ ала дамбалдың етегін делең­детіп, екі қолын артына ұстап, кең бөлмеде тағы да әрлі-берлі жүру­мен болды.

Мұнысы “зертті қалай ғана бас­тасам екен” деп қатты ойлан­ғаны еді. Оның дәл осы сәттегі көңіл күйін іштей күйі­ну деуге де келер еді. Өзінше әлекке түсіп, әрлі-берлі дамылсыз жүргенде, ендігі ақылы анық жетпеген бір нәрсе – мұның кіріскелі отырған зертіне қалам-қағаздың қаншалық қатысының болатындығы еді. Жарқынбектің тағы бір көрші ауылда тұратын Жанбике дейтін апасы болатын.

Сол Жанбикенің бір қасиеті – үйдегілер түгілі бүкіл ауылдағы балалардың қай жылы, қай күні туғандарын, ал үлкендердің қай күні қай жылы өлгендерін жатқа айта беретін. Жанбике апасы есіне түскенде Жарқынбек үлкен бөл­ме­нің ортасында ербиіп тұрып қалды. Бұл оның қорыққаны емес – қуанғаны-тын. “Мәселе шешілді” деп ойлады ол қара телефонға жақындап келе жатып “Құдай біледі… шешілді…” Жар­қын­бек апасымен әңгімені бірден Ақбас өгізден бастаған жоқ. Әуелі өзінің, сосын жездесінің денсау­лығын сұрады. Жиендерін де ұмытқан жоқ. Мейіздің балаларды алып ағасының үйіне кеткенін ай­тып, дәу қара қазан кеспе көженің жайына да тоқталып алған соң барып:

– Жанбике, сен білуші ең ғой… айтып жүруші ең ғой… осы біздің көкем қай жылы қайтыс болып еді? – Немене әкең жайлы кітап жаза­йын деп пе едің? – деді аржақтан Жанбике апасы.

– Енді жазбасақ та… білгеніміз-з…

– Айналайын, соңымнан ерген жалғызым, сенің осылай әкеңнің өлген кү­нін сұрағаныңа да қуанып отырмын,–деді апасы көңілі босап…

– Есіңнің кірейін дегені ғой. Бұған да шүкір. Әкесінің өлген күнін, туған күнін де білгісі келмейтіндер толып жатыр ғой осы күні. Айналайын, есің кірейін деген екен. Кіретін кезі де боп қалды ғой. Осылай деп тұрып Жанбике жылады. Сосын біраз жылап алған соң:

– Көкем сексен жетінші жылдың жиырма тоғызыншы қаңтарында өлді ғой. “Ойпырмай, көкем қиын күні-ақ кеткен екен… Жиырма тоғызыншы қаңтар деген күн… бір жылы болып бір жыл жоға­лып кете ме, әлде екі жыл жоғалып кете ме, өзі сондай бір жыл ғой…” дегенді іштей ойлап тұрып, апасына: – Сонда көкем түнде қайтып па еді осы? – деді.

–Таңда…

Сағат бесте – деді апасы.

– Мен сол түні көкемнің жанында болдым емес пе?

– Есімде ғой, апа-ау… Сенің даусыңды естіп, сонда орнымнан атып тұрдым емес пе?

– Иә, келдің ғой, айналайын… Сосын апам келді, дауыс салып. Апамның дау­сы қандай зарлы еді. Сонда үшеулеп қатар тұрып дауыс салғанда… ауылдың ана шетінде­гілер есітіпті ғой.

– Сол күні сиырымыз туып қалған жоқ па осы?

– Жазатын кітабыңа оны да кіріс­тірейін деп пе едің?

– Жоқ, апа-а.. Бірақ сондай бірдеңе есімде-е…

– Жарқынжан-ау, оның бәрі есімде ғой. Сиырымыз туған… Қазіргі Ақбас өгізің бар емес пе? Әй тыңдап тұрсың ба, өзің…

– Тыңдап тұрмын, апа…

– Сол өгізің, сол таңда туды ғой. Оны да анық білетінім, Мейіз келе бас­таған кісілер мен өзге де шаруалардан босамайтын болған соң, сиырларды саууға мен бар­дым емес пе? Ше­лекті қолыма ұста­ған күйі малқораның табалды­рығынан аттай берсем, ақбас бұзау аяқтарын тәлтіректей басып алдымнан шықты ғой. Кейіннен апам екеуміз оңаша күңкілдесіп отырып, мұны да жақсылыққа балағанбыз. Кө­кем малымызға мал қосып, босағамызға құт сый­лап кетті деп… Әңгімені айтып бола беріп, Жанбике апасы теле­фон­нан тағы жылады да, Жарқын­бек оны ұзақ жұбатты. Әкесінің жанының Ақбас өгізге берілген­дігін білу Жарқынбекке қуаныш қана болмады. Ол үрейленді де… Үлкен бөлмеде екі қолын артына ұстап, әрлі-берлі жүргенде елегізі­ген­дей де болды. Терезеден Ақбас өгіз қарап тұрғандай, есік тықырлағандай болып…

Сосын үрей басылып өз-өзіне келген сәтте “Жанбикенің осы айтқандарын ұмытып қалып… масқара болар ма екенмін” деп ойлап, столға отырып, мұқабасы қалың дәптер мен қаламсабын қолына алды да, дәптердің бірінші бетіне “1987 жылдың 29-шы қаңтары Көкем және Ақбас бұзау” деп жазды. Тағы бірдеңелер жазғысы келіп, саусақтары да, қалам­сабының ұшы да оңтай­ла­нып еді, одан әрі не жазарын біл­мей дағдарып отырды да “20-шілде. Мейіз балаларын алып ағасыні­кіне кетті” деп тағы да жазды.

Бірақ осы соңғы жазғанының неменеге керек екенін өзі де білген жоқ. Кешкісін құдықтан сиырлар ішетін су тартып, науаны толтыр­ған соң бұрын соңды жасамаған бір әдет бастап, өрістен қайтқан сиырларының алдынан шықты. Ақбас, Мәңбас өгіздерінің басы­нан, Қасқа сиыр мен Аймүйізінің сауырынан сипады. Бірақ сиыр­лары иелерінің бұл қылығына елең-құлаң етпеді. Әдеттерінше құдық жанындағы темір науаға құйылған судан ұзақ сіміріп, әдеттерінше малқораға қарай ұмтылысты.

Қоңыр өгізшесі ғана науадағы судан басын көтерген сәтте жақындап келіп Жарқынбектің омырауынан иіскеп, танып, біліп тұрғанын аң­дат­қандай болып еді, мұның көңілі босап қалды. Көңілі босап тұрып, өгіз­шенің мойнынан, арқасынан сипады. Сиырларын малқораға кіргізді. Бірақ Жарқын­бек сиырларын малқораға кіргіз­ген­нен соң да үйге кеткісі келмей, айналсоқтап жүргенде бір­ауық мал­қорасының жүдеу қалпына назары ауғаны. Фермабастық болып, дүрілдеп тұрған шағында қарауындағы жұмысшыларға үш күн кесек құйдырып-ақ салған малқорасы еді.

Кезінде жұрт “мал қорасының өзін үйдей етіп салдырды-ау” деп гу-гу әңгіме еткен. Аудандық пар­тия комитетінің бірінші хатшысы­ның атына арыз да жазылған. Кезінде ауылды шулатқан сол малқорасы енді қарап тұрса – аңғал-саңғал бірдеңе. Сылақтары түскен. Төбесіне салған ағаштары­ның да аралары ашылып, қамыс­тары салбырап қалған. “Бәсе, Мейіз жауынды күні тамшы ағып тұрады деп талай зарлап еді-ау”. Тө­бесі ашық жаздық бөлігіндегі сылағы кетіп, кесегі көрінген қабыр­ға қат­тырақ итерсең құлайын деп тұр деуге де келеді.

Қорасының осы қалпына Жарқынбек дәл қазір өзге ешкім­нен емес, сиырларынан қысылды. Әке-шешесі­нен, ата-әжесінен де ұялғандай болып, бір сәт олардың тірі кездеріндегі жүз­дерін елесте­тіп, дауыстарын естіген­дей болды. Малқорадан үнсіз шықты. Үйіне қарай да үнсіз аяңдады. Дәл осы сәтте Жарқынбектің кім не деді, не ойлады дейтіндей де уақыты жоқ еді. Сарайдағы бірі қажет, бірі қажетсіз заттарды аударыстырып жү­ріп, кетпенін тауып, үстіне ескі шалбар, ескі көйлегін ауыстырып киіп ал­ды да малқораға қарай бет­теді. Алты қанат киіз үйдің аума­ғын­дай топырағы үйілген бір жерді кетпенмен қопсытып, бетіне қора­дан шығарып ескі сабан, саңалтыр­ларды төседі де, құдық­тан тасып су құя бастады. Көп­тен мұндай бейнет көрмегендігінен шығар, өзі де борша-борша болып тер­леді. Бірақ алған бетінен қайтар емес.

Бұл жолғы Жарқынбектің ықылас-қарқыны бөлек. Екі шелекпен құдық пен малқораның арасында отыз рет қатынады ма, әлде қырық рет қатынады ма, анығы есінде жоқ. Бар мақсаты – кешке дейін малқораның іші-сыртын сылап, сиырларын түне­меге жаңа қораға жатқызу ғана болды. Кешкісін өрістен қайтқан сиырларын күтіп алып, құдық жанындағы науадан суарды. Сосын оларды іші-сырты су жаңа малқораларына кіргізіп жатып, сиырларының жүзіне, көздеріне қараған. Ешқайсысы да мұның ісіне естері шыға қуанбаған секілді. Реніш­терін де байқамады. Паң жүрістері­мен: “Е, сен-дағы жақындығыңды білді­ріп, бір жақ­сы­лық жасай қойған екен­сің…” дегендей ғана салғырт емеурін байқалады.

Ата-анасының алдында пер­зенттік парызының болмашысын ғана ақтаған безөкпе баладай елпеңдеп тұрып-ақ Жарқынбек қуанды. Тіпті қатты қуанды деуге де келер еді… сол алапат қуаны­шын барынша жасырып, сабыр сақтап тұрғаны болмаса… Жар­қын­бек малқораның сыртын бір ақтап болып, “түс ауа екінші рет ақтап шығамын” деп сәкінің үстінде шалқасынан жатқанда ауыл арасының тәкси-мәшинесі­мен зыр-р етіп Мейіздің келе қал­ғаны. Бір қолында емізулі баласы, екінші қолында кісі әзер көтерер­дей қара сөмке. Жарқынбек үш күннің қалайша тез бітіп қалғанына да таң­ғалды.

Тәкси-мәшинеден түскен бойда Мейіз бірден өзі жоқта малтамның сыланып, ақталғанын көрді. Күйеуінің сап-сау алдынан шыққанына да қуанды. Не дегенмен әйел емес пе, қолындағы баласы мен сөмкесін Жарқын­бекке ұстата бере, алдымен асха­наға кірген. Стол үстінде айрап-жайрап жатқан ыдыс-аяқтарды жинастырған болып, кесе, шәй­нек­терді сүрткен болып жү­ріп, самаурынға, қазанға су құйды. Әншейінде “мен жоқта ананы шашыпсың, мынаны төгіпсің” деп табалдырықтан аттағаннан шатақ салып, тепсініп сөйлеп жүрер еді.

Бұл жолы өйтпегені – әсіресе Жарқынбектің алдынан сап-сау шығуы себебінен еді… Сосын мал­қора­сының жаңа кейпі. Таңда­нуының да айрықша болуынан шығар, біразға дейін күйеуіне бір, енді бой көтерген жаңа үйдей малқораға бір ұрланып қараумен болды. Іштей шүкіршілік еткені болар, бір сәт ерні жыбырлап күбір­легендей де еді, бірақ оны­сын Жарқынбек ести алмады. Бір күні бұған Бершүкірдің өзі келді. Малқорада отырған. Біраздан кейін… екінші рюмкеден кейін бұл да қыза бас­таған. Бершүкір болса да үйінен-ақ қызып келген жан. Екеуі де көңілденді. Көңілде­ну­лерінің бір себебі – малқораның салқындығынан да еді.

– Шал, мен саған қызық айтайын. Қызық болғанда кәдімгі философиялық ойлар ғой. Бай­қай­сың ба, мен мұндай ойла­рымды тек қана саған айтып жүр­мін. Өзгелерге айтпаймын да. Өйт­кені олар түсінбейді. Міне, біздің қоғамның деңгейі… Әрине, шал, сен де түсіне бермейсің. Бірақ құлақ қақпай отырып тыңдайсың ғой. Міне, мұның өзі де жақсы. Өзгелер тыңдағысы да келмейді! Әне, топастық! Жақа, сен ол топқа жатпайсың. Олардың беті аулақ… Осы кезде Бершүкір өз рюмкасын қолына ала беріп:

– Жә, мынаны алып жібе­рейікші… Сосын мен бір келелі әңгімеге кіріскелі отырмын – деді. Жарқынбек қарсыласқан жоқ. Рюм­келерін соғыстырып екеуі де алып жі­берді. Ал енді келелі әңгі­меге келейік, – дей беріп Бершүкір бұған қарай қолын көтеріп қойды. Мұнысы “сөзімді бөлме” дегені. Жарқынбек басын изеді. Мұнысы “бөл­меймін” дегені.

– Шал, сен қайсыкүні айттың ғой, Ақбас өгіз сөйледі деп…

– Беке, сөзің аузыңда – деді Жар­қынбек сирек болатын батыл мінез танытып, Бершүкірдің сөзін бөліп,– Анықтады ғой.

– Нені?

– Әкемнің жанының Ақбас өгізге берілгендігін. Бершүкір екі қолының алақандарын қатар жайған күйі аузы ашылып, аңқа­йып қалды.

– Сонда?

– Жанбике апаммен сөйлестім ғой.

– Сосын?

– Көкем бір мың тоғыз жүз сексен жетінші жылдың 29-шы қаңтарында таңда өлген, артынша Ақбас өгіз туған…

– Мәссаған безгелдек-к – деді Бершүкір екі алақанын бір-біріне шарт соғып. Сенсация! Ана жолы айтпадым ба сенсация деп… Айтқаным айдай келді ғой.

– Оны аз десең Жанбике апам Оташ атам мен Мәңбас өгіздің, Қасқа сиыр мен Зерегүл анамның, Аймүйіз бен Бипаз әжемнің, Қоңыр өгізше мен Балмырзаның арасында да осындай байланыс бар екенін дәлелдеді ғой… – Қойшы-әй, осы айтып тұрғаның­ның бәрі рас па? Жанбике апамыз нағыз әулие екен ғой. Айтпақшы, ол кісі менің әке-шешемнің де қайтқан күндерін айтып жүретін.

– Нан ұстайын… Құран ұстайын…

– Болды-ы… болды… сенде өтірік те, артық сөз де жоқ екенін білемін ғой, Жақа-ау. Артық сұрақ мына менің қазымыр­лығым­нан болып отыр. Ал ендеше, шал-л, бұл мәселе сенсациядан да асып кетті! Мұндай жаңалықтарға ғалым­дар Нобель сыйлығын алады. Нобель сыйлығы дегенді естуің бар ма? Жарқынбек үнде­ген жоқ. Оның бірдеңе деуін Бершү­кір де күтпестен сөзін жалғап кетті.

– Үш күн бойы мен не істеді дейсің ғой, шал. Мен де қарап жатпадым. Қанша кітаптарды ақтардым. Қай­сы­бір мақалаларды қайта оқыдым. Аруақтар ұрпақ­тары­ның түсіне кіреді. Түсінде сөйлейді немесе жай көрінеді, олар белгілі. Ал сиыр болып тұрып-ақ сөйлеу… Бұл сенің малқо­раңнан шыққан жаңалық… Мен мұны қатты ойландым. Ойлан­дым да мынадай трактовка жасадым, шал… Жан-жануар болып жүрсін, мақұлық болып жүрсін… ол ұрпағын біледі… таниды… Тіпті ол ұрпағының қандай халде, қандай қоғамда өмір сүріп жатқанын да сезініп, ұрпа­ғын аяп, қандай да бір жанашыр­лық танытқысы келеді. Ақбас өгіздің саған сөйлеуі – осындай тұжырымның дәлелі. Бірақ бұл жағдай өмірде жаппай көрініс бермейді. Ғылымда ондай пікір жоқ. Бұл өмір сүріп отырған қоғамы әбден азып-тозып отыр­ған, содан шаршаған адамға жаса­лынып отырған ерекше жағдай… ерекше құбылыс әлде қамқорлық деп топшыладым… Қысқаша қоры­тындыласам, Алланың кере­меті! Жарқынбек абдыраған күйі отырып басын изеді.

– Тағы бір сыр айтайын, – деді енді Бершүкір жүзін жылытың­қырап.

– Біздің үйдегі қара айғыр бар ғой. Білесің ғой.

– Білемін, – деді Жарқынбек оның өзіне түсінікті әңгіме айта бастағанына да қуанып.

– Сол айғыр кейде мені көргенде кісінейді. Әдетте айғыр биеге ғана кісінеуі керек қой, солай емес пе? – Әрине, солай… – деді Жарқынбек тап бір Бершү­кір­дің қара айғырына шын ренжігендей.

– Ең қызығы, маған кісінеген кезде Қара айғырдың көзінде жас болады. Мұнысы не?

– Беке, мұнысы не екенін мен де түсінбедім. Фермабастық болып қан­­­ша жыл істегенімде… – деп Жар­қын­бек өмірінде бірінші рет фермабастық болғанын бедел қылған болып еді, Бершүкір онысына елең-құлаң да етпеді.

– Демек, Қара айғыр маған бірдеңе айтып тұр. Маған ұрсып, әлде аяп тұр, солай емес пе? Осы ойымды Айсараға айтсам “Сен қиялисың, арақ шатыс­тыр­ған” дейді. Шатысайын, шатыспа­йын, Қара айғыр мен менің арамда да демек бір байланыс бар. Мен де Жанбике апама жолығуым керек. Содан кейін екеуі бір алып жіберді ме, әлде екі рет… Әйтеуір екеуі емен жарқын сөйлесіп, малқора­ның ішін бас­тарына көтере күліп, өздерінше тасып-төгіліп, асып-шашылып отырғанда үстеріне Мейіздің кіріп келгені…

– Екеуің бастаған екенсіңдер ғой жынойнақтарыңды, – деп ол бірден көкбеттене сөйлегенде, өздерінше еліріп сөйлеп отырған екі батырдың да жыны басылып қалды… Қыркүйекте Жарқынбек­тің ескі бауыр ауруы қайталап, жатып қалды. Өткен жылы да ауырып, аудандық ауруханада жиырма екі күн жатқаны бар-тын. Әуелде квотамен Алматыға, бол­ма­ғанда облыс орталығына жібе­ре­міз, біздің шамамыз келмейтін кесел екен” деп дәрігерлер біраз даурығысып жүрді де, соңынан өздері-ақ емдейтін болып шешті. Кеселдің беті бері қараған соң ішетін дәрілерін бір уыс қағазға жазып беріп, “енді ішкілікті қой­ма­саңыз болмайды, өліп қаласыз” деп қорқытып, ауруханадан шығарған.

Әрине, “өліп қаласыз” деген сөзге Жар­қынбек біраз уақыт қорқып та көр­ді. Өзі ғана қорқып, жайына жүрмей, осы сөзбен әйелі, бала-шағаларының да зәресін алды. Дәрігерлер айтқан сөзді теріс айналдырып жіберіп, “Анда-санда арақ ішіп тұрмасаң өліп қаласың” деді деп айтқан кезде, Мейіздің өзі көршілерді аралап арақ іздеп кеткен кездері болған. Алтыншы класты бітірген қызы­ның өзі, ұстаздары мен құрбылары көріп қоймас үшін көйлегі­нің жеңіне жасырып, талай рет дүкен­нен арақ сатып әкелген. Сөйткен Жарқынбек әуелде Бершүкірдің айт­қан ем-домын (дәрілік шөп­терді оқып пайдаланатын өнері де бар) жасап бір айдай үйде жатты да, кесел бой бермеген соң ақыры аудандық ауруханаға қайта барды.

Бұл жолы дәрігерлер квота іздеп әуре болған жоқ. “Кесел әбден-ақ дендеп кеткен екен” деп шешті де, өздерінде емдей берді. Соңынан Мейіз екі рет, Бершүкір бір рет келіп, көңілін сұрады. Жетінші, алтыншы, бесінші, төр­тінші кластарда оқитын балалары да тобын жазбай бір соқты. Бала­ларының келуінің Жарқын­бектің айрықша есінде қалатын себебі – аудан орталығындағы базардан бұған гүл сатып алыпты. Төртінші клас­та оқып жүрген баласы “орыс­тардың киноларында ауы­рып жатқан кісіге гүл апарады ғой, біз де солай еткенді дұрыс көрдік” деп тақпақтады. Жар­қынбек күлді. Сосын ішінен “кеселі мең­деп, қабағы ашылмай жатқан кісіні күлдіру де ем шығар-ау” деп ойлады. Жарқынбек өзіне келу­шілерді бұ­рын­ғыдай ауруының жайын, ішетін дәрілерін айтып та мазаламады. Мейіз алғаш келге­нінде “Сиырларың желін­деді ме” деп сұраған-ды. Мұнысы өзінің жанының қай сиырдың бұзауына берілетіндігін біліп қою болатын. Ойында бөтен ештеңе жоқ Мейіз аңқылдап:

– Қасқа сиырдың желіндегені қа­шан… Өзі ерте суалды. Алла амандық берсе қыстың басында-ақ туып қалар, – деп салған. Жар­қынбек одан әрі ештеңе сұрамады. Шешесі марқұмның бұзауы болып жүру көңіліне аз-кем қанағат ұялат­қандай еді. Және ішінен бір адамның анадан екі рет туғаны секілді болды-ау” деп ойлап, жара­тылыстың осы құпия­сына қатты таңданып отырды. Бірақ қорықпады. Бойын әлдеқалай үрей де билеген жоқ. Содан Мейіз артынып-тартынып екінші рет келгенде барып, Жарқынбек сырды әйеліне ашыңқырап айт­қандай болды.

– Мейіз, менде көп өмір қал­ған жоқ. Қасқа сиыр желіндеді деп қуанып жүрсің ғой. Сиыр бұзау­лаған күні сен мынаған мән бер. Қасқа сиыр мен өлген сәттен бірнеше минут кейін бұзау­лайды. Бәлкім, менің өліміммен қабат­таса… Және ол бұзау еркек болады. Сен ол бұзауға көп тиіспе. “Тағы да еркек бұзау тудың” деп Қасқа     сиырға да ашуланба… біл­дің бе? Өйткені ол бұзау мына мен боламын. “мынау Жарқынбек екен” деп жарияға жар салып та жүрме… Жаратылыстың құпия­сын, өзіңнің малқораңның құпия­сын жүре­гіңе түй. Балаларға ғана айтсаң да, ержеткен соң барып…

Мейіз күйеуінің сөзіне аса сен­ген жоқ. Бірақ көңілін де жық­пады. – Сен де қайдағыны айта­сың-ау – дей беріп, оның ысыры­лып кеткен көрпесін кеудесіне дейін жапты. Еденде жатқан бір дәрісін көтеріп стол үстіне қойды. Ауруы жайлы әңгімеге бармады. Шығардағы қоштасуы да әдеттегі­дей ғана еді. Қайтар жолда автобус ішінде келе жатып қана “әй, осы байғұстың ауруы шын меңдеген-ау, “менің жаным Қас­қа сиыр туа­тын бұзауға беріледі дегені несі?” деп есіне алды. Бірақ күйеуінің осы әңгімесіне бәрібір сенген жоқ. …Желтоқсанның ортасына жетер-жетпесте, таңға таяу аудандық ауру­х­анадан телефон соғылды. Орнынан шошып тұрып, труб­каны көтерген Ме­йізге аржақтағы әйел таудан тас домалағандай етіп:

– Күйеуіңіз әлгінде ғана өлді. Келіп алып кетіңіз…– деді. Мейіз есеңгіреп қалды. Шын есеңгіре­гені шығар, қапелімде жылай да алмай, қыстығып тұрып “осы хабар өңімде емес, түсімде болып жатқан шығар” деген далбаса ойға да малданды. Сосын бірінің басы, екіншісінің сірісі жыртылған ескі кәлешті сүйрете басып малқора­сына қарай ұмтылғаны. Ондағы ойы “Сиырларды өріске айда­йын. Оған дейін балалар да оянып қалар… Әкелерінен айырылған­да­рын да сонан соң айтармын…” еді.

Жерге іздік қар жауған екен. Бұл – қыстың алғашқы қары бола­тын. Сол қарды ескі кәлешімен дақ-дақ басып келіп, ол малқора­ның сыртқы есігін енді аша бер­генде, алдымен тәлтиіп тұрған жас бұзауды көргені. Өзі жаңа ғана орнынан көтерілген-ау, шамасы, сымдай нәзік аяқтарына әлі толық міне алмай, тәлтіректеп тұр екен. Қайғысы еңсесін басып тұрса да, соңғы баруындағы күйеуінің айтқандары есіне түсіп кеткені:

– Ой, әукешім-ай, – деп Мейіз бұзаудың басынан сипап еді, бұзау сымдай аяқтарын бірер басып, бұған жақындады да, әйелдің көйлегінің етегін жалады. Қолына тұмсығын тигізді. “Алла-ау, сол ғой. Соның өзі болмаса тумай жатып мені қайдан таниды” деп ойлаған әйел сол­қылдап жылап жіберуге әзер шыдап тұрып, бұзауды сырт айналып қарап, оның еркек екенін де білді. Ендігі жерде Мейіз шыдай алған жоқ.

– Әукешім-ай, ақиқат өзің екенсің ғой, – дей беріп, бұзаудың мойнынан құшақтай алып, өксіп жылап жіберді.

– Айтқаның айдай келді, Жарқыным, айбатым, сүйенішім, ендігі жерде күдігім жоқ. Сен қан­дай мейірімді едің… Ақкөңіл, мәрт едің… Жар таңдаудан жаңыл­мағаныма қуанушы едім… Әттең, сенің заманың болмады. Әлде болса да оңбады, қайтейін… Әуелде сенің етегіңнен ұстаға­ныма да мәз болған, қуаныш пен шаттықтан аяғымды баса алмай қалған менің өзім, бар қасиетіңді өлген күні әзер айтып отырғанда өзге сені қайтсін… неғылсын…

“Дүние шын опасыз екен” деп енді сен айтып қанша мөңіресең де жарасар… Мейіз бұзауды құшақ­тап ағыл-тегіл жылап жатқанда бұларға Қасқа сиыр ғана бұры­лып, жақындады. Өзі туған бұзауға ма, әлде Мейіздің осынша босап ағыл-тегіл жылауына ма, әйтеуір ақырын ыңырсып еміре­ніп тұрып, әлі шаранасы да кеппе­ген бұзауының денесін асығыс жалай бастады. Өзге сиырлар дүниеде ештеңе болмағандай, болса да таңданбағандай теріс қара­ған күйлері бірі шөп, екіншісі саңылтыр шайнап, айдалаға қарап, меңірейіп тұр. Алақандай тілімен үсті басын енесі­нің көсіп жа­лауына да құлап кетердей болып, тәлтіректеп әзер шыдап тұрған жас бұзаудың мөлдіреген көзде­рінде жүрекжарды қуанышта­рының өзін жұпыны қарсы алған мына мал­қора ішіндегі жануар­ларға таңданыс нышаны да бар секілді еді.

(Әңгіме ықшамдалған)

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here