Жүректен шықпаған жүрекке тиеді…

0
129

Соңғы айларда елімізде жағымды да жағымсыз, сондай-ақ келеңсіз, тіпті қайғылы оқиғалар орын алуда. Көп жылдық еңбек өтілі бар мен сияқты бұрынғы шенеунікке әсіресе, кейбір саяси мемлекеттік қызметкерлердің аузынан шыққан сөздердің елді дүрліктіруге негіз болғаны қатты әсер етті. Елбасы түгелдей бір саланы сеніп тапсырған бірінші басшылардың осындай қалпы тіпті қиын.

Жыл басында әлеуметтік салаға қатысты сала басшысының бірі көп балалы аналар балалары кәмелетке жеткенге дейін миллион теңгеге тең жәрдемақы алады десе, енді әскери сала басшыларының бірі Арыстағы қайғылы жағдайды табиғи апат деді. Соңғы уақыттары, өкінішке орай, жоғарғы деңгейдегі жауапты адамдардың елдің ренішін туғызатын, шыдамын тауысатын осындай мәлімдемелері көбейіп кетті. Менің ойымша, бұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен кадр саясатының қателігі. Мемлекеттік қызметке негізінен адамдар іскерлігі мен кәсіби деңгейіне қарай ұсынылады, бірақ олардың адамгершілік бітімдері ескеріле бермейді. Кейбір реттерде тіпті, өмір көрмегендер де тағайындалып жатады. Бір күн болса да аудан, қала немесе облыс деңгейінде қызмет етпеген қазіргі саяси мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігі, еңбек жолын бірден орталық мемлекеттік органдардан бастаған. Әлдебір ауылдағы, елдімекендегі қарапайым халықтың мұң-мұқтажын, арман-тілегін жүрек елегінен өткізбеген олар бірден еліміздің тұтас бір саласына жауапты орталық мемлекеттік органға қызметке тұрады. Мұндай жауапты тұлғалардан дұрыс, сынаққа төзімді шешімді күтуге болады ма? Содан да қоғамда түсінбеушілік, дүрбелең туғызатын әңгіме айтылады. Олардың ойланбай айтқан, немесе білмей айтқан сөздерінің соңы — қоғамның өкпе-ренішіне, солай болса да жақсы, әйтпесе, қарсылыққа ұласып жатады, тез жөндеуге тура келеді. Міне, қазір 5 ай уақыт болды үкімет пен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өте шұғыл жағдайда әлеуметтік саладағы «жыртықты жамауда» немесе «тар жерлерді кеңейтуде». Бұл жағдай «сөз торғай емес, ұшса ұстап қала алмайсың» деген мақалдың нақты көрінісі. Екіншіден, әрбір саяси мемлекеттік қызметкер өз ісінде, ойында және жасаған қадамында бір ғана қарапайым аксиоманы есте ұстағаны және оны бағдар еткені дұрыс. Әрбір мемлекеттік жауапты тұлға өзі басқаратын саланың бүгініне және болашағына жауапты. Әрқайсысы адамдардың әлеуметтік сезімі барометріне сай өз жұмысын БАҚ өкіл­дері­мен жоспарлауы керек. Өздерінің сөйлеген сөздерін де, сұхбаттарын да соған бейімдеуі керек. Республикалық және облыстық деңгейдегі барлық жауапты тұлғаларға орыс православ шіркеуінің патриархы ІІ-ші Алексияның мына бір сөзін айтқым келеді. «Билік — бұл атақ та, даңқ та емес. Ең алдымен үлкен жауапкершілік және халыққа үлкен күш, ақыл, шыдамды қажет ететін күн сайынғы қызмет». Шынында да билік құзыреті бар әрбір тұлғаға кәсібиліктен бөлек, өз-өзін және саланы жетілдіруде тынымсыз ізденіс, сондай-ақ күш, қандай жағдай қандай кедергі болғанда да өз-өзін ұстай білу, ақыл, шыдам керек.

Өз тәжірибемнен бір мысал келтірейін. 1987 жылдың күзінде, шамамен түнгі 12-лердің кезінде Аралқұм стансасына жақын жерде (облыс орталығынан 400 км қашықтық шамасында) Мәскеу-Алматы №7 жолаушылар поездының екі-үш вагоны жолдан шығып кетті. Оқиға болғаннан 10-15 минут өткен шамада облыстық партия комитетінің кезекші пультіне сигнал келіп түсті. Бұл жағдай жедел түрде обком­ның бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековке баяндалды. Бірнеше минуттар өткеннен соң ол өз кабинетінде тиісті қызмет басшыларына, Арал және Қазалы ауданы бірінші хатшыларына (Б.Уәлиев және Е.Көшербаев) жедел тапсырмалар берді. 1 сағаттың ішінде облыстық партия комите­ті­нің бірінші хатшысы дәрігерлер бригадасын алып, вагон тіркелген тепловозбен дереу апат орнына жетті. Келген бетте аудан басшылары, Қызылорда теміржол бөлімі басшысы О.Жанаділов бірінші басшыға жасалған жұмыстар жөнінде ақпараттар берді. Поездың барлық жолау­шылары ыстық тамақпен, төсек орынмен қамтамасыз етілді. Зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Кейбіреулері Арал қаласының ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккен жолаушылар басқа вагондарға орналастырылып теміржол тәртіпке келтіріліп таңғы сағат 8-де поезд қозғалысы қалпына келтірілді. Осы апат зардабын жоюға қатысқан барлық қызмет «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ұйымдасқан түрде, жедел, айқай-шусыз әрекет етті.

Сол сияқты ел көлемінде әр түрлі техногендік және табиғи апаттар орын алған жағдайда үкімет, республикалық органдар басшылары, облыс пен республикалық деңгейдегі маңызы бар қала әкімдері халықты жұмылдыра білуі, тез шешім қабылдай алуы, сондай-ақ жедел әрекет ете білуі қажет деп ойлаймын. Арыс оқиғасы, өкінішке орай, кейбір қызметтердің техногендік апаттарға дайын еместігін көрсетті. Үшіншіден, кеңестік кезеңдегі ел ішінде тұру, тәжірибе жинақтау, барлығын білу, бұқараның көңіл-күйін білу керек деген ұраны жаңа мазмұнмен толықтырылуы керек. Тұрғындармен ашық, шыншыл диалог жүргізе білуі керек. Адамдармен жасырынбақ ойнаудың қажеті жоқ. Сонда өте қиын жағдайдың өзінде де билік барлық мәселені шеше алады. Тағы да бір мысал келтірейін. 1998 жылдың 11 қаңтарында Қызыл­ордадағы жылу электр орталығында апат болды. Қазандықтың қақпағы құлап №7,8 қазандықтар бұзылып, басқа да құрал-жабдық­тардың істен шығуына әсер етті. Облыс орталығы толықтай жылусыз, кей жерлерде жарықсыз қалды. Орталықты жедел жөндеп іске қосу үшін барлық адами және материалдық ресурстар жұмылдырылды. Аймақ басшысы бірден теледидар, газеттер арқылы қала тұрғындарына үндеу жасады. Орын алған апат туралы бүкпесіз, ашық айтып, жасалып жатқан жұмыстар туралы хабарлады. Қалалықтар жергілікті БАҚ-тар арқылы жылумен қамтамасыз ету барысындағы жағдай туралы үздіксіз хабардар болып отырды. Облыс пен қаланың жауапты тұлғалары күн сайын мөлтек аудандарда жұртшылықпен кездесіп, орын алған апаттан бөлек оны жөндеу бағытындағы жұмыстар туралы есеп беріп отырды. Қарапайым адамдар өз үміттерімен, көкейдегі сұрақтарымен жергілікті биліктің жауапкершілігін еселеп арттыра түсті. Облыс, қала басшылы­ғы­ның саяси партиялар мен қозғалыстардың көшбасшыларымен, БАҚ өкілдерімен, ПИК-тер басшыларымен, ардагерлермен кездесуі жиіледі. Орын алып отырған проблемалар жөнінде адамдарға ашық, ақиқат ақпарат берілді, билік пен халық арасында тірі байланыс орнады, бүкпе­сіз әңгіме айтылды. Халық та биліктің шын жанашырлығын, алаңдау­шылығын, қамқорлығын сезініп, қиындықтың уақытша екендігін біліп ешқандай артық әрекетке бармады. Үйінде жылуы жоқ, тоңса да, жары­ғы жоқ, қиналса да сыр бермеді, әлеуметтік жағдайды ушықтырмады.

Егер де билік пен халық арасында сенімді қарым-қатынас, ашық диалог болса әрдайым да жағдайды ушықтырмай, дүрбелеңге ұшырамай, кез-келген қиындықтан, апаттан бірлесе, түсіністікпен шығуға болатынының бұдан да басқа мысалдарын келтіруге болады. Егерде адамдар билік құрылымдарына сенетін болса, онда кез-келген мәселені қиындатпай-ақ жергілікті жерде шешуге болады. Атқарушы органның жұмыстарын, олардың ашықтығын үнемі қарап отырамын. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың кейбірінің қызметінде іргелеушілік бар. Еңбек министрлігі мен Білім министрлігінің соңғы уақыттағы жұмыстары соның айғағы. Астана әкімінің, Сырдария ауданы­ның, Егіндікөл ауданының, Сарыарқа ауданы әкімдерінің жұмыстары көңілге сенім ұялатады. Олардың жұрт мұқтаждығын қана­ғат­тандыруды, халыққа адал қызмет етуді өз жұмысының басты міндеті еткендігі басқаларға үлгі болса керек. Жауапты тұлғалар биліктің ашықтығы абстрактылы түсінік емес , нақты іс екендігін көрсету керек. Менің ойымша, жауапты тұлғалардың ел алдындағы есеп беруін жетілдіру керек. Бұл жылына бір рет болатын науқан емес ,тұрақты жұмыс болуы керек. Бұл әсіресе орталық органдардың бірінші басшыларына қатысты. Олар ай сайын алыстағы елдімекендерде болып, жергілікті жерлердегі нақты жағдаймен дендеп танысып, тұрғындарды сала бойынша атқарылып жатқан шаралармен ақпараттандырып қана қоймай, орын алып отырған жағдайларды да жеткізуі керек. Төртін­шіден, сын мен өзара сын даму керек. Өкінішке орай, соңғы жылдары мемлекеттік органдардың қызметінде сын бір бағытта — жоғарыдан төмен қарай айтылатын үлгі қалыптасты. Төменнен жоғарыға айтылған сынды естіген емеспін. Билік партиясында да жағдай осындай. Менің ойымша кейбір мәселелерде ол оппонент бола білуі керек. Ал бұл оған сайлау кезінде электорат жинауына қажет болар еді. Төменнен айтыл­ған сын негізінен қарапайым адамдардан шығуда. Олар БАҚ беттерінде, электронды басылымдарда, (инстаграмм, ватсап, фейсбук) пікірлерін білдіруде. Егер де олар өздерін толғандырған сұрақтарға дер кезінде жауапты тұлғалардың жауабын алған болса, тіпті қарсы жауап болған күннің өзінде де, олардың билікке деген сенімділігі артып, өздері­нің қоғам мәселелерін шешуге деген қажеттілігін сезінуіне әсер етер еді. Соңғысы. Орталық мемлекеттік органдардың басшылары, аймақ бас­шы­лары қандай да бір шешім қабылдамас бұрын (қаулы, шешім, өкім, бұйрық т.т) әрдайым өз жүрек елегінен өткізуге тиіс. Адамдармен кеңе­сіп, талқылап алғаннан кейін барып жарлық шығарса, бұйрық берсе болар еді. Бұл халықтың барлық мұқтаждығын қамтуға, сұраны­сын қанағат­тандыруға, тіпті келеңсіз, төңкерісшіл сипаттағы болса да, әсер етер еді.

Кеңес МАХАМБЕТОВ, зейнеткер,

бұрынғы мемлекеттік қызметкер

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here