Алаяқтарға алданбаңыздар!

0
126

Сейсенбі күні қала әкімдігінің мәжіліс залында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұридиновтың төрағалығымен қаладағы қылмыстық істерге қатысты мәжіліс отырысы өтті.

Күн тәртібінде тек бір мәселе (қылмыстық істер) ғана қаралды. Тиісті сала мамандары қатысқан жиынның негізгі мақсаты қаладағы қылмыстық істер санын азайту және алдағы уақытта болдырмау бағытында жүйелі түрде жұмыстар жүргізу. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде былтырғы жылдың 6 айымен салыстырғанда биыл барлық сала бойынша қылмыстық істер нәтижесі 8,5 пайызға төмендеген. Десе де, кейбір санаттағы қылмыстық істер төмендемей, қайта көбейіп тұрғандығын жеткізді қала әкімінің орынбасары. Бүгінде өзге қылмыстарға қарағанда, көш басында тұрған алаяқтық қылмысы. Бұл қала бойынша 2018 жылдағы көрсеткішпен салыстырғанда 335-тен, 458-ге артқан.

— 6 айдың қорытындысы бойынша қала көлемінде жасалған қылмыстар саны 8,5 пайызға төмендеді. Оның ішіндегі ауыр қылмыстар саны 218-ден, 213-ке, аса ауыр қылмыстар саны 37,5 пайызға, кісі өлтіру 13,9-ға, ауыр дене жарақатын салу 21 пайызға азайды. Қала аумағындағы қылмыстар саны азайғанмен, қылмыстың кейбір түрлері яғни, есірткі қылмысы 103-тен, 118-ге (14,6 пайыз) көбейіп тұр. Бұл облыстық полиция департаменті мен қалалық полиция басқармасының атқарған жұмыстарының жемісі.   Олар қылмысты дер кезінде анықтаудың арқасында осындай нәтижеге жетіп отыр. Қазіргі таңда, бізді алаңдатып, қатты белең алып отырған мәселе – алаяқтық қылмысы. Былтырғы жылмен салыстырғанда алаяқтық биыл 6 айдың ішінде 123-ке артып тұр. Бүгінгі таңда азаматтардың сыртынан онлайн несие алып беру деректері көбейген, — дейді қала әкімінің құқықтық қорғау саласы бойынша кеңесшісі Әмірбек Бердібекұлы.

Қазіргі таңда, қала аумағында алаяқтық жасайтындар саны артқан. Олар, онлайн несие, мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана, жер, жәрдемақы (жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек) және ақшасын берсең тез арада жұмысқа орналастырып беремін дейтіндер. Бүгінгі таңда, осындай алаяқтарға сеніп, олардың құрбаны болған көптеген қала тұрғындары облыс және қала әкімдіктеріне, жұмыспен қамту орталығына барып көмек сұрауда. Сондай-ақ, Әмірбек Шаймағанбетов күнделікті қалада тіркеліп жатқан қылмыстардың 70 пайызы осы алаяқтық екенін де баса айтты.

– Алаяқтық қылмыстар бойынша жіті талдау жүргізілді. Биыл алаяқтық қылмыстар өте көп тіркелуде. Бұл қылмыс жасаушылардың басым көпшілігі қаламыздың сол жағалауындағы жаңадан бой көтерген үйлерден пәтер, жер және жұмысқа орналастырып беремін дегендер. Осы қылмыстарды тергеп-тексеру барысында тиісті нәтиже шығарылып, қылмыстық сотқа жолданды. Күнделікті жұмыстар жүргізіліп жатса да алаяқтық қылмыстар тоқтатылмай тұр. Тоқтату мақсатында арнайы жұмысшы топ құрып ауылдарды, басқа да елдімекендерді аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу керек. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері арқылы халыққа түсіндірме жұмыстарын жасау керек, — дейді қалалық прокуратураның бөлім бастығы.

Аталған алаяқтық қылмысқа қатысты мәжілісте ұсыныстар да айтылды.

Жиынға қатысушылар алаяқтықпен айналысып, халықты алдап-арбап жүргендердің суреттерін, аты-жөндерін олардың қандай жолмен, қалай алаяқтық жасайтындарын толық жазып әлеуметтік желілер мен мекемелердің ғимараттарының ішіне және сыртына іліп қою керектігін айтты. Тиісті органдар тарапынан хабарландырулар мен үгіт-насихат жұмыстары жиі жүргізілу керектігін де жеткізді. Бектас Нұридинов қажет болса арнайы сенім телефон нөмірлерін қою керек деді. Иә, расымен де дәл осылай қарқынмен жұмыс атқарылып, хабарландырулар жасалса тұрғындар оларды танып, біліп жүретін еді.

Бүгінде әлеуметтік желілерді қолданатын адамдар өте көп. Қазір екінің бірінің қолында ұялы телефон, егерде оларға ватсап (whatsapp) немесе басқа да әлеуметтік желілер (facebook, іnstagram, twіtter) арқылы арнайы дайындалған хабарламалар мен бейнероликтер келетін болса, біраз адам алаяқтардың құрбаны болмас еді.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here