Аймақ басшысы ауысқалы бері ел елеңдеулі. Тосын бір жаңалықтар күтеді. Оған негіз де бар. Бүгінгі әкім кешегі Қ.Көшербаевтың “шекпенінен шықты” дегенмен, халықтың төл баласы. Осында туған, осында оқыған, арасында сыртта бірлі-жар қызмет еткені болмаса, өмір жолы да осында қалыптасқан, халықпен тығыз қарым-қатынастағы салық органының төменгі деңгейінен жоғарғы қызметіне дейін жеткен. Бұдан бөлек, әдетте халық әкімдердің әкім болғандардың балалары болатынынан бөлек әйтеуір бір туысқаны, ең аржағы туажаты болып келетініне үйренген. Ал, әкесі бар болғаны паспорт үстелі басшысы болған, бірде-бір лауазымды туысқаны байқалмаған, тіпті жұрт айтатындай “жемқор ортамен” сыбайластығы байқалмаған Қ.Досмайылұлының ойламаған жерден аймақ басшысы болуы расында да бір ғажап…
Содан да ел оның әр қадамына сын көзбен қараудан бөлек жанашырлық та танытуда.
Айта беретіндей, Көшербаев кезінде өңірде әжептеуір билік командасы қалыптасты. Аудан әкімдерімен де. Олардың алды 6 жылдан астам әкім болса, соңғыларына 2 жылдан асып барады. Араларында аттай алты жыл бойы ел басқарып, халықты ынтымаққа, бірлікке баулып, асарлатып көпірлер салғанымен қоймай, бюджеттен бір теңге де шығармай, тағы да сол халықтың асарымен “Рәміздер алаңын” жасап, аудан кірісін көбейтіп, қалаға кіріп тұрған ауданның өзінде кәсіпкерлікті дамытып, мұқтаж ел баласын тегін оқытып, қоғамдық кеңес арқылы халықты билікке араластырып, тұрмысы төмендерге шынымен әлеуметтік дүкен ашып ел алғысына бөленіп жүрген Сырдария ауданынының әкімі Ғ.Қазантаев сияқты мақтаулылары да бар.
Сондай-ақ, кімнің аяғын басып кеткенін кім білген газдандыру, қызметтік үй тағы да басқа мәселелер бойынша сынға ұшырап жатқан С.Мақашевтың да Қармақшы ауданы әкімі болғанына 4 жылдан асып барады екен.
Әкімдердің жасы жағынан кішілерінің бірі Жаңақорған ауданы әкімі Ғ.Әміреевтің 3 жылдан асып бара жатқан әкімдік әлеміне де ел тарапынан сызат түсе бастады. Жаңақорған елі жас әкімнің кадр саясатына көңіл толмаушылық байқатуда.
Анау-мынаудан ши шығара бермейтін шиеліліктер де елдеріндегі “Геджуба” зауытына қатысты реніштерін білдіруде. Кент көшелерін жөндеу, өздері жағымсыз иісі, денсаулыққа зияны бар деп ойлайтын зауыт орнын ауыстыру қажеттігін айтып шырылдаған шиеліліктер, одан бөлек зауыт жұмысшыларына жағдайдың төмендігін айтқан жұмысшылар да 3 жылдан бері Шиелі әкімі Ә.Оразбекұлының мазасын алуда.
P.S. Халықтың аудан әкімдеріне деген сенімі аймақ басшысына деген сенімнің кепілі.