Шашубай

0
91

Совхоз орталығынан даңғыра­тып там салып алу туралы әңгімені Шашубай бастағалы қай заман. Әдетте, бұл әңгіме анау-мынау үй­дің төбесін шұрқ тесік етіп кететін күзгі қара жауында там-тұмдап бас­талады да, қысқа қарай жанда­нып, есігі мен төрінің арасы төрт қадам келмейтін Шашубайдың үйін біржола жайлап алады.

Кешкі астан соң балалары он­дық шамды қоршай етпеттерінен жата-жата кетісіп, сабақ әзірлеуге кіріскен соң-ақ, Шашубай оларды алаңдатпас үшін, қолтығына жас­ты­ғын қысқан күйі, темір пештің жанына қисая кеткен. Қисая кет­кені де сол еді, көзі тіреу болма­ғанда, омырылып түсердей боп тұрған белағашқа, сонан соң төбе­дегі күзгі жауынмен алағаттанған жерлерге түсті. Қабырғасына жабы­сып қалған қарнын сипап үн-түнсіз жата беруге де шыдай алмады. Әлден уақытта пештің аузында ыдыс-аяқ жуып отырған әйеліне қарап:

— Құдай денсаулық беріп, осы­дан аман-есен жаз шығар болса, там салуға кірісерміз, ә,- деді.

Бұл әңгіме құлағына таныс болғандықтан, әйелі де селт ете қоймады. Сондықтан:

— Келер жылы там салатын кісілердің қазықтары қағулы, фун­даменттері құюлы. Келер жылы бастаймын дегенің, құдай сақтасын, тым асығыстық болар, арғы жылы-ақ бастасайшы,- деп шымшыды.

Шашубайдың денесі шағын, терісі жұқа болғандықтан ба, осыған да шатынап шыға келді:

— Мынаның сөзін-ай?.. Қазық, фондамент,.. дейді, төрт жерден қазық қақсаң, тамның орны болады. Немене… Сонымен әлдеғандай ғып бір жыл бұрын қағып қоюым керек пе екен?.. Фондамент дейді… Фондамент дегенің бес мәшине тас пен бес қап цемент. Ал енді осы да уайым болып па? Одан да басқаларын айтсайшы. Мені қинап жүрген басқалары ғой…

— Сенің қашып жүргенің кесек құю шығар? Бір тамға он бес — жиырма мың кесек керек екен.

— Ой, тәйірі-ай, он бес мың кесек те сөз болып па? Шүкір, балалар да ержетіп келе жатыр. Мен кесегіңнен тіпті қорықпадым. Он бес мың кесек дегеніңді бір ашулансам, талтайып тұрып өзім-ақ құйып тастаймын.

— Үйбай-ау, онда тамыңның бітпеген несі қалды? — деп әйелі мырс етіп күліп алды.

— Мені шаршатып жүрген там­ның кесектен өзге керек-жарағы емес пе? Бұл итіңе, сірә, керек емес нәрсе болсай-шы. Шеге, сыр, әк, есік-терезе… Еде­нін тақтайлау деген пәле тағы бар.

Бұл жолы әйелі үндеген жоқ. Сондықтан Шашубай өзімен өзі ғана сөйлеп, бәрін де қиялымен түгендеп кетті. Шеге мен әкті оп-оңай-ақ тауып алды. Әрі кетсе, ауданға барып қайтады екен. Мұнда Шашубайды біраз сандалт­қан сыр мен есік-терезе болды.

— Осы күні сыр дегенің құрып кетіпті, — деді өзіне-өзі сөйлеп жатып. Бәтуәлінің баласы есік-терезе сырлайтын сырын сонау Тәш­кеннен алып келіпті. Сыр екеш сырың да кісіні осынша сан­далтқан соң не дауа… Ойбай-ай, бәрінен де есік-терезені айт­сайшы. Бұл маңайда ұста дегенің­нің түкірігі жерге түспей қалды. «Айналайын, көкежан» деп ая­ғына жығылшы, басын бұрмайды. Төңірегін қарағайдың қоқымына толтырып, босағаңда көзі бозарып отыратын жаман ұсталарға теңдік тиген соң, не дейсің?

Шашубай қарап жатып күйіп-пісті. Дегенмен, ол солай күйіп-пісіп жатып-ақ біраз ісін тын­дырды. Сыр әкелу үшін үлкен бала­сын Ташкентке баратындарға қосып, есік-терезе үшін өзі Түр­кіс­тандағы нағашысының бала­сына баратын болды.

Тамды сылап, әктеп, еденін тақтайлап уқ, біттім бе дей бер­генде шифрлау дегені тағы шықты.

— Ойбай-ау, мұнысын қайдан іздесем екен? — деді Шашубай әл­де­­кімге мұң шаққандай, аяныш­пен сөйлеп,— қайдан іздедім енді…

Осы кезде әйелі де кекесінмен: «Тамыңды ертең-ақ саларсың. Тұр, төсек саламын» дегені. Шашу­байдың мұндай жыны келмес:

— Қырсыққанда Құдайдың да маған әйелдің қайдағы бір тілі удайын бұйыртқанын қарашы, — деп бұрқылдаған күйі аунап тұра бергенде, арқасын пешке басып алғаны. Қызып тұрған пешке басып алған арқа қай оңсын. Шашу­бай баж-ж ете қалды. Әйелі бұл сәтті де қапы жіберген жоқ. Күйеуінің арқасын сипап отырып:

— Байғұс-ай, там салмасаң, сал­май-ақ қой, өзің аман болшы, — деді.

Бұл жолы Шашубай жауап та қата алған жоқ. Сүйретіліп барып төсегіне құлады.

Осылай қыс бойы созылып келетін ұзын сонар әңгіменің жаз шыға су сепкендей басылып қалатын әдеті тағы бар.

Ондайда Шашубай желкесін қасып отырып: «Осыдан кейін Құдайдың жазы шықпайтындай, несіне аптығамын. Келер жазда-ақ кірісеміз-дағы» дейді. Дейді-дағы: «Досым да, жауым да өзіңсің ғой. Не дейсің?», — дегендей әйеліне қарайды. Ол қайсыбір оңдыра қойсын. «Иә, жасың да жас қой әлі. Кішкене буының бекіп, қабырғаң қатая түссін де. Аман болсаң, талай тамды салып-ақ тастарсың» дейді.

Шашубай тәтті қиялына ғана малданып, осылай жүре берер ме еді, қайтер еді… Бір жолы үйіне Тәукен деген жақын ағайыны қыдырып келгені. Келген қонақ тыңқиып тойып алған соң, жайына қарап отырса да жақсы ғой. Тәукен бір рет: «Өзің шетте қалыпсың ғой. Тамың да құлауға айналыпты» дегенде, Шашубай мән бермегендей жай ғана қабақ тыржита салған.

Бірақ Тәукен онымен қоя сал­мады. Астан кейінгі шай үстінде үйдің төбесіне қарап ұзақ отырып алды. Ол үйдің төбесіне қара­ғаңда-ақ, Шашубай жайсыздана бастаған. Көптен жөндеу көрме­ген үйдің төбесі жас баланың жөргегіндей сар-жағалданып тұр еді. Кенерелерінде өрмекшінің ұясы тағы бар.

— Сен Алашыбайдың немересі едің, — деді Тәукен бұған жүзін бұра беріп, баппен сөйлеп. — Біздің рудан жайлауға шыққанда он екі қанат ақ үй тігетін жалғыз Алашекең екен. Ойдан-қырдан келетін игі жақсылар қарындары кебежедей боп, ырс-гүрс етіп, сол он екі қанат ақ үйге кіріп жатады екен. «Алашекең мына Өгізмүйіз­дің түбінде болған сайлауда болыс­тыққа таласып, шашбауын көтере еріп бардық» деп әкеміз марқұм айта отырушы еді. Сол сайлауда Алашекеңнің жолы болмай қайтқанда, біздің әкеле­ріміз намыспенен, сайлауда жең­ген ауылдың жігіттерін итше қың­сылатып ұрып, екі-үш үйір жыл­қы­сын алдарына сап айдап кетіпті.

Сол он екі қанат ақ үй тігіп, сайлауда болыстыққа таласқан Алашыбайдың сен немересісің. Әркімнің кәзитін тасып жүрмін демесең, сенің де Шашубай атыңды бұл маңай түгел біледі.

Ал енді Алашекең тіріліп келіп, сенің мына тамыңды көрсе, не дер еді? Құдай біледі, қамшы­сының сабымен-ақ тамыңды түртіп құлатар еді…

Шашубай жер шұқып қалды. Ләм деп жауап қатуға да мұршасы жетпеді.

***

Сол жылы ерте көктемнен-ақ Шашубай там салуға кірісіп кетті. Ойға, қырға шауып, там салуға қажетті мүліктерін іздеді. Фунда­мент құю үшін деп тас пен цементті үйіп тастады. Мұндайда жұрт тағы да қарап қалған ба: «Ойбай, мына Шашубайың не деген өлермен еді. Дүниеде жал­қау­дың пысығаны қатерлі болады» деп сөз етісті. Шашубайдың жұртты тыңдауға мұршасы да болған жоқ. Әлденеге ерегісіп, әлденеге өшігіп алған кісіше көзі ежірейіп, танауы таңқиып кеткен. Таңертеңнен кешке дейін тамы­ның басынан шықпайды.

Алты бөлмелі фундаменті де әні-міне дегенше құйылып болды. Фундамент құйылып болған күні Жауғашты деген тағы бір жақын ағайынды ертіп, Тәукен келді. Жетегінде семіз қойы бар.

— Шашубай қарағым, игі іске кірісіп кеткен екенсің. Қайырлы болсын! Алашекеңнің немересі там салып жатыр деп біз де дабыр­ласып-ақ жатырмыз. Көмекке бір ініңді жіберетін ретім де бар еді. Өзің білесің ғой, балапан басымен, тұрымтай тұсымен, артылып жат­қан біреу жоқ. Сонымен, мына қойды өздеріңе ыстық сорпа болсын деп…

Тәукен қойдың бас жібін Шашу­байға ұстата берді. Жау­ғашты да құралақан емес көрінді.

— Сен үлкен іске кірісіп жат­қанда үн-түнсіз жатқанымыз ұятты, тым болмаса ниетімізді білдіріп қайтайық деп келіп қал­дық. Мынаны қант-шайға жұм­сар­сыңдар, — деп белінен шуда жіппен буылған бір қысым ақша ұсынды.

Шашубайдың жүзі жылып кетті. Іштей: «Осындай ағайын­дарымның барын біле тұра, баяғы­дан бері неге жүре бергем?» деп те ойлады. Сонан соң жаңа құйылып болған фундаментке оң аяғын салып түрып:

— Енді ұста іздеп жүрмін. Анау-мынау ұстаға көңілім толмайды, — деді.

— Әлбетте, ұстасы оңбай, там оңа ма?

— Жөн-ақ.

Шалдар мұны бірден қостап, қауқылдасып қалды.

— Бұл маңайдағы ұсталарға жолағым жоқ. Талайының салған тамын көріп жүрмін ғой, — деді Шашубай тағы да жанқалтасынан насыбай шишасын шығарып жатып.

— Пәлі-ай, десейші! — деп там­санып қалды Тәукен. — Алаше­кең­дердің заманында жұрт неше түрлі ұста-зергерлерді сонау Мысырыңнан алып келеді екен. Ол да бір заман екен-ау. Әрине, бұл маңда аса мықты ұста бол­мауға керек. Дегенмен, жұрт Әлтекті мақтаңқырайды ғой. Бірақ, қымбат сұрайтын көрінеді.

Шашубай аузына бір атым насыбайды салып алған соң тіпті күшейіп кетті:

— Ағайын, ақшаның бетіне қарамаймын. Алашыбайдың неме­ресі там салыпты дерсіздер. Тамы қалай болыпты дегенді тағы айтар­сыздар. Сонда менің жерге қарар жайым жоқ. Менен алтын сұра­май, ақша сұраса болғаны.

— Бәрекелді, бәрекелді… — деп Жауғашты шал сақалы шошаңдап, басын изей берді.

— Ендеше, сол Әлтекті қалай­сың да, — деп Тәукен де келіскен сыңай танытты.

Сол жерде үшеуі де Әлтекті ұсталыққа алған жөн деп бәтуаласты.

***

Шашубай іске бел шешіп кірісті. «Қатынап істеген істе не береке болады» деп әуелі жаңа тамның жанынан қара үй тігіп, үйін көшіріп алды. Сонан соң жұрттың хат-гәзетін таситын қара сөмкесін үшіншіні енді бітірген кіші баласы Қожалақтың мой­нына ілді. «Бастыққа өзім түсінді­ремін. Айналайын, оқуың бастал­ғанша айналдыра тұр. Бұл да бір кәсіп қой, үйрене бер» деп арқасы­нан қағып қойды. Қожалақ қарсы­лық білдірмеді. Қайта: «көке, шыны­мен айтып тұрсың ба?» дегендей ыржиып күле береді.

Өзі кешкісін көл-көсір жерге ылай жатқызады. Елең-алаңнан тұра сала, ылайды сыртқа шыға­рып, кішігірім төбедей болып үйіл­ген ылайды қалай болса, солай тастай салмай, күмбездей етіп кетпенімен жалтыратып сылақ тастайды. Сонан соң Қожа­лақтан үлкен екі баласы, әйелі, өзі болып кесек қүюға кірісті. Алғашқыда күніге екі мың, тіпті одан да асырып кесек құйған күндері болды.

— Бұл жұрттан сұрасаң бар ма, там салу деген азап, там салу деген тозақ дейді. Қайдағы тозақ? Шыңдап кірістің бар ма, дүниеде там салудан оңай нәрсе жоқ, — деп Шашубай енді желпіне сөйлей­тінді шығарды. Бір күні кесек құйып жүріп, өзінен-өзі қазына­ның тамында отырғандарға ұрысты: — Өкіметтің тамында отырмыз деп өңмеңдейді. Өкімет тамымызды босат деген күні қайда барады? Інге кіре ме? Одан да бір-бір там салып алса етті, түге. Құдайым-ау, бұл тірлікте есігін теуіп ашып кіретін өзіңнің бір жекеменшік қуысың болмаған соң, бұл өміріңіздің не қызық, не пәтуасы қалды? — дейді.

— Байғұс-ау, солардың біреуі келіп сенің бітпеген тамыңның жартысын сұрағандай, неменеге кеңірдегіңді жыртасың? — деп әйелі кейістік білдіріп еді.

— Жоға-а деймін-ау, кісі дүния­ның жүзінде жүргеннен соң, алды-артын ойлап жүрсе дегенім ғой. Менікі жай жанашырлық-тағы, — деп Шашубай басылып қалды.

Жол-жөнекей қайрыла кетіп: «Ау, Шашеке, іс оң болсын! Там саламын, там саламын деп қой­маушы едіңіз, ақыры бастапсыз ғой» дегендер болса, Шашу­бай­дың тіпті есі шығып кетеді. Екі езуі құлағына жете ыржиып тұрып:

— Айтқаныңыз келсін! Қашанғы жүрейін енді, бастадым ғой, — деп аяқтары тізесіне дейін батпақ-батпақ болып олгі кісіге таман барады…. Амандасып болған соң, әуелі насыбай сұрай­тын әдеті тағы бар. Насыбайдың бір атымын ауызға тастап алған соңғы жерде… әңгімені ал кеп баста: — Жұртқа осы күні там сал десең, зар-зар ететін болыпты. «Нар жолында жүк қалмас» деген… Тәуекел, мына біз көріп алдық,— дейді екі аяғының батпа­ғын кезек-кезек сілкіп тұрып.

Қойшы, әйтеуір, ақыр аяғында там салып жатқан Шашубай емес, әлгі кісі асығып, әңгімені тезірек аяқтаудың қамына кіріседі.

Тамның жұмысы басталғалы Шашубай тіпті сөзуар болып алды. Әсіресе түскі демалыс кезінде аузы босамайды. Ендігі әңгімесі — там біткеннен соңғы жерде оның маңын көгерту, көктету. Көктемде Түркістанның базарына барып, тамның алды-артына егілетін гүлдің ұрығын әкелетін болады. Көлеңке беттен сәкі жасалынып, жазғы шілдеде тамға қамалып пысынамай-ақ, үй іші түгел сол сәкіде самалдап оты­рады. Тамның шығыс жағына алма, жүзім, түстік жағына неше түрлі овощтар егіледі. Мұндай нәрселер ауыздарына анда-санда бір тиетін балалар әкелерінің әңгі­месін ауыздары ашылып отырып тыңдайды.

Шашубай кейде отырып: «Жүзім мен алма піскен кезде, жегенімізден артылғанын сатуы­мыз керек. Әне, қып-қызыл ақша дегенің сонда болады. Осы бастан қайсыңа матасекіл, қайсыңа белесебед керек, айтып қойындар, түге» дейтіні бар. Мұндайда бала­лары мәре-сәре болып, әрқай­сысы жапырласып керек-жарағын айтысып қалады.

Бір жолы балаларына ожырая қарап қойып: «Осы былтырғы шайдан босаған жәшікті қайда құрттыңдар?» дегені. Балалары сасқалақтап, біріне бірі қарасты. Сонан соң ортаншы баласы тұрып: «Оны қыста бұзып шана жасағанбыз» деді.

Содан Шашубай түтеп бір ашулансын:

— О, шанада бастарың қалғыр­лар, түге. Айттым ғой, бұлар шана десе өледі. Шетінен шанашылын қайтерсің бұлардың?! Мүлік бұзыл­май, бүтін тұрсын-ау, осы үйге керек болады-ау дегенді бұлар ойламайды ғой. Бұларға Құдай оны ойлатпай қойған. Күні ертең самсап алма піседі, жүзім піседі. Сонда оларды жәшікке салмай, шалбарларыңның бала­ғына саласыңдар ма?

Балалары үрпиісіп қалды. Шашубай оларды сөзбен тықсы­рып-ақ бара жатыр еді. Араға әйелінің келіп киліккені:

— Жүзімің шіріп, алмаң шашы­­­лып жатқандай, немене өңмеңдеп! Там саламын деп он жыл жүріп едің. Алма, жүзім еге­мін деп енді бір бес жыл жүрмессің бе? Оған дейін мен саған жәшікті тау қылып үйіп қояйын. О несі екен, балаларға осынша тиіскені.

Шашубай жауап таба алмай, жанындағы жастығына жантая кетті.

***

Құйған кесектері әбден кеуіп, қалауға келе бастаған соң барып Шашубай Әлтекті ертіп келді. Әлтек дегені қол-аяғы серейген, шүңірек көз, түсі сұп-суық ұзын қара екен.

Балалар оны алғаш көргенде үрпиісіп, сескеніп қалып еді. Әкелері «там салатын ұстамыз осы» деген соң барып көңілдері орнықты.

Шашубай оны ертіп келген бойда «ал енді ісіңе кірісе бер» дей салған жоқ. Әуелі ұстасының алдына бір табақ еті мен бөтел­кесін қойып отырып сөйлесті:

— Қарағым, Әлтекжан, — деп әңгімесін бипаздап-ақ бастады. — Біздің рудан жайлауға шыққанда он екі қанат ақ үй тігетін жалғыз Алашыбай атам екен. Ойдан, қырдан келген игі жақсылар қарындары кебежедей болып, ырс-гүрс етіп, сол Алашыбай атамның он екі қанат ақ үйінен шығып жатады екен. Атамыздың өрмегі мен кілемін тоқу үшін руымыздың ең сұлу деген қыз-келіншектері бұрала басып, сол он екі қанат ақ үйге кіріп жатады екен… Алашекең мына Өгізмүйіз­дің түбінде болған үлкен сайлауда болыстыққа таласқанда, шаш­бауын көтере еріп барғанбыз деп Тәукен деген ағамыздың әкесі көзі тірісінде айта отыратын. Атамыз­дың жолы болмай қайтқанда, қасына ере барғандар сайлауда жеңіп шыққан ауылдың жігіттерін итше қыңсылатып ұрып, екі-үш үйір жылқысын алдарына сап айдап әкетіпті.

Сол он екі қанат ақ үй тігіп, сайлауда болыстыққа таласқан Алашыбайдың мен немересімін. Әркімнің кәзитін тасып жүр деме­сең, Құдайға шүкір, біздің Шашу­бай атымызды маңай түгел біледі.

Ал енді, Әлтек қарағым, биыл осындай бір іске кезеніп қалдық. Бұл күнде жұрт жайына қарамай, сынай жүреді. Әйтеуір: «Шашу­байдың салған тамы мынау ма?» деп жырқ-жырқ күліп жүрмегей еді… Әлтек қарағым, әуелі Құ­дайға, сосын мына өзіңе тапсырдым.

Шашубай: «Енді Әлтек те біраз сөйлейтін шығар» деп ойлап еді. Бірақ олай болмады. Әлтек жілік мүжіп отырып:

— Көрер-рміз-з, — деп күңк етті де қойды. Шашубай қанша күтсе де қайтып ештеңе айтпады.

Мұнысын Шашубай іштей ұнатпаса да, атан түйедей қалап әкелген ұстасын кемсіткісі кел­мей: «Істің адамы сөзге олақ болады деуші еді, сондығынан болар» деп ойлады.

Үндемейді деген Әлтектен сол күннің ертеңіне-ақ үйдей пәле шықты. Әп, деп кесекті қолына ұстай бергеннен:

— Әр түрлі қалыппен құйып­сыз, мен мұндайды қаламаушы едім, — деді. Шашубайдың мұндай зәресі ұшпас. Әлтек қазір кетіп қалғалы тұрғандай шыр-шыр ете қалды:

— Қарағым Әлтек-ау, қалып­тың көзін сығалап кім өлшеп жатыпты. Сол итің әр түрлі болса, болар. Ал енді ұста атың бар емес пе? Қарағым Әлтек-ау, өзің бір­деңе ғып, былай… Иә, сөйте ғой. Біз де осында бекерге шұбап жүр­ген жоқпыз. Осы там үшін жүрміз. Алдыңа сап, аямай жұмса…

Әлтек кесек қалаудан бастап кеткен соң да әңгіме тына қоймады.

— Сенің есігің, терезең, тамға салатын ағаштарың түгел емес қой. Мен ертең әрқайсысын бір күтіп көзім бозарып, босағанда отыра алмаймын. Түгелде. Тап, — деді.

Шашубайдың жаны мұр­ны­ның ұшына келді. Құлдырап ой­дағы, ауылға, қырдағы ауылға шапты. Құлдырап аудан асып кетті. Бірін тапса, бірі жоқ. Көрін­геннен машина, трактор сұрап тапқан затын үйіне жеткізу де бір әуре.

Олай-бұлай жеті күн жүгір­генде Шашубайдың ши қалпа­ғының маңдайы желкесіне қарап, ала шалбардың екі балағы бірдей қонышының сыртына шығып кетті. Қолы босаса-ақ балаларын әңгімемен қарық қып, өтіп бара жатқандардан насыбай сұрап, екі аяқтың балшығын кезек-кезек сілкіп тұрып, кергіпп сөйлесетін күндер адыра қалды. Ауданнан титықтап шаршап бір есік, бір терезе алып келген күні қара үйдің дәл есігінің аузында шай ішіп отырып қалғып кетіп, әйелі төрге сүйреп апарып жатқызыпты. Оны өзі де білмейді, кешкі тамақ үс­тінде әйелі: «Табалдырықтан төрге жете алмай, шай ішкен кесенді басыңа жастап қисая кететініңді білген соң, там салған не теңің еді» дегенде барып іші бірдеңе сезген­дей қолайсыздана езу тартқан болды.

Әлтек пен екеуінің арасы күн санап қиындай берді. Тамның қабырғаларын қалап бола бере, төбеге салатын ағаштарды сұрып­тап жатып: «Мынасы қисық, анасы ескі дейсің. Менің егіп қой­ған орманым бар ма екен, шетінен қиып әкеп, тамға сала беретін. Тапқанымды әкелемін. Таппаға­нымды сұрама. Сұрайды екенсің, міндет қылады екенсің, жолың ашық» деген.

Шашубайдың осылай деуі-ақ мұң екен, Әлтек бірден жинала бастады. Үсті-басын қағып-сілкіп, ана жерден қол шотын, мына жер­ден арасы мен өлшегішін алды.

Шашубайдың қарап тұрып зәресі ұшты: «Осы ит шынымен-ақ кеткелі жатқаннан сау ма? Кетіп қалса, тағы қайдан ұста іздей­мін? Ұстасымен ұрсысып, тамының бар ісі тоқтап қалыпты деген де абыройлы сөз емес-ау».

Ол енді Әлтектің етегіне жабысты:

— Әй, Әлеке, мұныңа жол болсын! Ағам бір ауыз артық сөз айтты екен деп кісі өсте ме екен? Шаршап-шалдығып жүрген кісі не демейді? Бастадың екен, аяқта. Уәдем — уәде, ақшадан ренжіт­пей­­мін. Өмірімде жалғыз там салады екенмін. Одан несін аяна­мын. Шашамын, төгемін барымды…

Ақша жағы айтыла бастаған соң-ақ, Әлтек қол шотын, арасы мен өлшегішін жерге біртіндеп тастай бастады.

Әзер дегенде Әлтектің ісін ыңғайлап бола бергенде, ойда жоқта кіші баласы Қожалақ оқыс мінез көрсетсе болар ма. «Қара сөмкені арқаламаймын, кәзит-хат та тасымаймын. Балалар мазақ қылады» дейді.

Өзі тырсиып жүрген Шашубай бұған шыдай алмады. Қолына түскен жас талдың бұтағымен май құйрықтан бір-екі тартып-тартып жіберді.

— Әлтекпен қабаттасып, сенікі қай қиқарлық? Қара сөмкені мен сенің арқаңа таспамен тігіп қояйын, ендеше. Сөйтейін. Тасы­май көрші… Мазақ қылады дейді. Он тоғыз жыл кәзит тасығанда мені неге мазақтамаған олар? Ал мұны көре қойыпты…

Әлтектен гөрі Қожалақтың «шаруасы» оңайлау болды. Қорс-қорс етіп жылаған күйі бір ұйықтап оянған соң, қара сөмкені қайта арқалап, көшеге шықты.

* * *

Тамның бітпейтін митыңымен онсыз да титықтап жүрген Шашу­бай балалары оқуға кеткен кезде тіпті тұсалған аттай болып қалды. Кәзит-хат таситын қара сөмкені де өз қолына алуға тура келді. Өз жұмысы әрі қызметі әбден есін шығарғаны сондай, әйелін апа деп қала жаздаған күндері де болды.

Бәрінен бұрын көңіліне медеу етер бір нәрсе, әйтеуір, тамының ісі жүріп жатты. Қабырғалары түгел сыланып, терезе-есіктері орнатылып, кәдімгідей баспанаға ұқсап келе жатқан-ды…

Тамның төбесін шифрлау мен еденін тақтайлауға келгенде, Әлтектің әңгімесінен тағы да ши шықты.

— Шифрларың күнде көп жат­қан екен, — деді Әлтек дүңкілдей сөйлеп. — Мүндай шифр шегеге де шыдамас. Шыт-шыт бөлініп, жан-жаққа ұшып кетер. Еденге деген қарағайларың өте жас болып тұр. Алты-жеті айдан соң аралары ырсиып-ырсиып кетсе, арасына аяғыңды тығып алып жүресің, — деді.

Шашубай бұл тұста Әлтектен мұндай қатал наразылықты күт­пеп еді. Күтпеген себебі, ендігі жерде біреумен айтысып-тар­ты­суға немесе әлденені іздеп тауып әкелердей оның халі де жоқ-ты.

Сондықтан болар, Әлтек там­ның басында екі қолын бүйіріне таяна талтайып тұрып әлгіндей деп дүңкілдей сөйлегенде, ол жерге тізесін бүгіп, жүресінен отыра кеткен күйі жылап жібере жаздады.

— Айналайын Әлтек-ау, — деді ол көзі жасаурап, дауысы қал­ты­рай сөйлеп. — Енді мені қинамай-ақ қойсаң етті. Жақсы там бол­маса, жаман там болар. Алашы­байға ұсап қаламын, мен де Алашы­бай боламын деп ит әуреге түстім-ау… Құдайдың Алашыбай етіп жаратқан адамы әлдеқашан дүниеден өткен. Мен осы Алашы­бай болмай-ақ қояйын. Құдай мені Шашубай етіп қана жаратты емес пе? Шашубай болып-ақ жүре берейін. Бұл там да Шашубайдың тамы болсын. Айналайын, Әлеке-ау, осы тамның жолына құрбан бол демесең, неменеге әурелейсің?

Шашубай сөзінің соңын ай­туға да мұршасы жетпей, кемсең­деп қалды. Бір кезде барып, там төбесінде екі бүйірін таяна тал­тайып, әзірейлідей төніп тұрған Әлтекке жабырқай қарап отырып, әбден жуасыған үнмен:

— Әлеке-ау, не қылсаң да өзің білсейші. Өзің-ң, — деді тағы да.

Әлтек біразға дейін үнсіз тұрып-тұрып, төменге қарай шырт түкірді де: «Көрер-рміз-з» деп бір-ақ рет күңк етті.

***

Қара күзде там да бітті. Бүйтіп біткені де бар болсын, үй ішін әбден титықтатып кетті. Шашу­бай­дың өзі де сүзектен тұрғандай арып, құлағы қалқайып қалды.

Бұрынғы киіп жүрген шап-шақ киімдері енді әкесінен әлде ағасынан сұрап кигендей қолп-қолп етеді. Сонымен қоса тамы түспегір, Шашубайдың қалтасын да тықырлап кетіп еді. Баяғы «ағайын, ақшаның бетіне қара­маймын» деп өкіректеп жүрген­дегісі әншейін-ақ нәрсе екен. Әлтек кетерінде «анауыңа пәлен сом, мынауыңа түген сом аламын» деп еспшотты сарт-сұрт еткіз­генде, көңіліне нан пісіріп жүрген көкала, қызылала қағаздардан Шашубайдың қалтасында қант-шайлық қана мардымсыз бірдеңе артылып қалды.

Бірақ Шашубайдың бұған тіпті де ұнжырғасы түсе қойған жоқ. «Осы там үшін деп тірнектеп жидым ғой, ақыры сол үшін кетсе, несіне ренжимін?» деп ойлады. Тамына кіріп алған соң көңілі тіпті көтеріңкі жүрді. «Жаңа тамға кіріп алып, жайбарақат жата бергеніміз жарамас, жақын ағайындарды шақырып жіберейік» деп ойлады. Бұл ойына әйелі де қарсы болған жоқ.

Бір қойды сойып, жетер жердегі жақын-жуық ағайын­дарын шақырды.

Айтылған күні бәрі де жина­лып, құтты болсындарын айтып, шашуларын шашып, мәре-сәре болып қалысты. Тәукен мен Жауғашты да келген. Олар да қақ төрде отырысып, бас мүжіп, бата қылған соң, өткен-кеткеннен әңгімені сапырды-ай кеп…

Түс ауа жұрттың алды қайта бастады. Тәукен мен Жауғашты да қайтуға бет алған соң, Шашубай оларды шығарып салу үшін ере жүрген.

Тамды айнала бере Тәукен аз-кем аялдап тұрып: «Шашубай қарағым, біз сені тұрғылықты тамын келешекте салады, мынауы әншейін уақытша… Осы күні сарай дей ме… Қойма дей ме… Сондай бірдеңесі болар, бірер жыл ес жиып алып, қайта кірісер деп ойладық. Тойыңа атап, жетелеп келетіндерімізді де кейінге қалдырып тұрмыз» дегені.

— Иә, солай болады-дағы. Ес жиып алып кіріспесе, там салу дегенің оп-оңай болып па? Бұ дүниеде бірден біте қоятын не бар дейсіз? Ойбай-ау, бұл там дегеніңізді біз де білеміз ғой, — деп Жауғашты да қостай кетті.

Әуелгіде Шашубай аң-таң болып, аузы ашылып қалған. Дегенмен, шалдардың мына сездерінен кейін «салған тамым осы, бұдан әріге шамам жоқ» дей алмады. Күмілжіп:

— Иә, солайына солай ғой. Бірер жыл демалып, ес жиып алсақ па дегендей.

Екі шал қосарлана «Әп, бәрекелде» десті. Одан әрі әңгіме үзіліп қалды. Шалдар қош айтысып, аттарына мінді.

Шашубайдың ұнжырғасы түсіп кетті. «Ойпыр-ау, осы там соншалық сорақы болған ба?» деп мына қабырғасына да, ана қабырғасына да үңілумен болды. Расында да, ойқыш-ойқыш боп кеткен тұстары бар екен. Шашу­бай оны кезінде-ақ байқаған-ды. Бірақ Әлтек «кесегің әр түрлі екен» деп дау айтқан соң-ақ, ауызына құм құйылып еді. Сонан соң анадай жерге ұзап барып, тамның төбесіне көз салып тұрып, тағы да көңілі толмай қалды. «Жермен-жексен етіп шатырын қалайша сүйкімсіз қаққан» деп күңкілдеп қойды. Тіпті кей жерінің шифрлары әлден-ақ саңылау-саңылау болып сынып қалыпты. «Өзің біл дегенге Әлтек те білгенін істеген екен» деп күйінді іштей. Бір кезде төргі үйдің терезесіне көзі түсіп кетіп, шошып кетті. «Құдайым-ау, мына бір терезе тіпті қисық түсіпті ғой. Қалайша байқамағанмын. Жақын­нан білінбеген-ау. Қара басқанда, неге дәл осындай қашықтықтан қарамағанмын, а… қарай қойсам ғой, кезінде түзеліп, бітіп жатқан іс. Әй, менде де ес жоқ-ау. Құдайым-ау, там емес, кепе салып жүргендей… Неткен қырсыздық, салақтық, тіпті ашықауыз екем ғой».

Ол Әлтекті де ұмыт қалдырған жоқ.

«Өзің біл дегенде, оған осылай ет деп пе едім. Әй, бұдан асқан кісәпір, алаяқ жоқ шығар. Соны ұсталыққа қалай ғана тандадым екен десейші. Әй, сірә, сайтан азғырған болар».

Сәлден соң ашуы басылды. Тамының жанында үйіліп жатқан сынық кесектердің үстінде оты­рып тағы да өзін өзі жұбатты: «Несіне таусыламын, Құдайға шүкір, далада отырғаным жоқ. Тағы да там салсам, несі бар, балаларым да ержетіп келе жатыр. Тіпті анау үлкенімнің ұсталыққа бейімі бар, анау-мынау істің көзін танып қалды».

Ол үйіне кірген соң көңілсіздік атаулыдан біржола арылып кетті. Өйткені бүгін балалары мен әйелі тым қуанышты еді. Қонақтар кетісімен-ақ жабыла үй ішін жиыстырып, тап-тұйнақтай етіп койыпты.

Кешкі шайда бәрі де көңілді отырды. Балалары тамға байла­нысты ананы бір, мынаны бір сөз етісіп дуылдасып жатты. Шашу­бай да солармен араласып, даңыл­дай сөйлеп отырып, шай ішуге кірісті. Сәлден соң денесі жіпси бастады. Мұндайда қашанда оның лепіре сөйлейтін әдеті. Әңгімені оңды-солды бөсіп отырып: «Аман­дық болса, келер жылы бұдан да артық там саламыз. Бұл не? Әншейін сарай ма, отын қора ма, бірдеңе болып қалады да» деп қапты. Солай деуі-ақ мұң екен, кіші баласы Қожалақ мылтықтың дауысынан шошығандай, қолын­дағы кесесін дастарқан жиегіне тастай салып:

— Иә, саған, сонда мен қара сөмкені қайта арқалайды екем ғой. Арқаламаймын, — дегені жылам­сырай сөйлеп. Ол ол ма, ортаншы баласы орнынан тұрып кетті:

— Тағы да кесек құй дейсің ғой. Тапқан екенсің. Кесек құй­ғышты. Құймаймын енді. Қалы­быңды тап қазір-ақ қақ бөлемін.

Шашубай сасқалақтап қалды. Сасқалақтаған күйі әйеліне қарап еді. Ол да Шашубайдан көз алмай отыр екен. Әйелінің сол қара­сы­нан-ақ жасқанды. Өйткені ол: «Байғүс-ай, ши қалпағыңның ман­дайы желкеңе қарап, балағың қоны­шыңның сыртына шығып жүрген күндеріңді ұмытыпсың-ау» дегенді көзімен айтып отыр еді.

Үндемей қалған тек үлкен баласы болды. Ол шайын асықпай ұрттаған күйі төмен қарап, үнсіз отыра берді. Шашубайға бәрінен де соның үнсіз қалғаны батты. «Айналайын-ай, ләм деп аузын ашпады-ау. Өзгелерге де ілеспеді. Ержетіп қалғаны. Жаман әкесін аяғаны. Садағаң кетейін, Алашы­бай атамның шөбересі-ай»…

Ол көзі жасаурап, көңілі босап отырып өзін де аяған жоқ.

«Құдайым-ау, бір жылдан кейін, тым болмаса бір айдан кейін айтсам да дұрыс болмас па еді? Тамды бітіргеніміз рас па, өтірік пе деп отырғанда, тағы да там саламыз дегенім… Әй, менің де тілімді кесетін жан жоқ-ау. Болмаса кесіліп қалар жері еді».

Суып қалған шайын анда-санда бір ұрттаған күйі, Шашубай айыпты адамдай бір-ақ уыс болып, бүрісіп, үнсіз қалды.

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here