ЖАҢА ӘКІМ ЖАҢАЛЫҒЫ

0
177

Қызылорда облысының жаңа әкімі Қ.Ысқақовтың өз қызметіне кіріскеніне көп бола қойған жоқ. Алайда, алғашқы қарқы­нынан-ақ жұртқа көрініп, жария етіп қала ішіндегі «автобусқа мініп» жұрт жағдайы­мен танысумен қатар автобус паркінің жұмыс­ымен де танысты. Әрине, қоғамдық көлік пробле­масы жоқ емес. Жұрт наразы болған жол жүру билеті қымбаттағанымен көлік қызметі сапасы әлі сын көтермейді. Сандық жүйеге көшеміз деп электронды ақы төлеу жүйесін қайта-қайта енгізгеніміз­бен жұрт әлі қолма-қол ақша төлеп жүр. Әкімді автобуста кездейсоқ көрген жұрт таңыр­қағаны да рас. Алайда, көлік қызме­тінің сапасы бұдан бірден жақсарып кете­тініне сене қоймағаны да анық. Жаңа әкім­нің жаңалық жасап жүргені жақсы ырым.

Кезінде Қызылорда облысының әкімі болған М.Құл-Мұхаммед әдемі туфлиін шешіп, аяғына етік киіп масасы көп, жылуы жоқ көпқабатты үйлердің жертөлесіне түскенде жұрт алаңсыз есінен танып қалған еді. Сантехник әрең түсетін жертөлеге әкім түсті деген… ол уақытта керемет жаңалық болатын. Көп ұзамай қаладағы «Универ­сам» сияқты мөлтек аудан тұрғын­дары пәтер ішіндегі масадан құтылып, қыста бір жылынып қалып еді. Бұл төртінші өндіріс­тік революция басталмақ түгілі иісі мұрынға келмеген кез. Ал, қазір жұртты анау-мынау­мен таңырқату қиын. Автобусқа мініп жұрт жағдайын сұраған әкім осыны әрі қарай жал­ғастырып өзінен кейінгі әкімшілік қыз­меткерлерінің барлығының қызмет көлігін алып тастап, оларды автобусқа мінгізсе Қызыл­орда жағдайында міне, керемет жаңалық! Бюджет қаржысы үнемделгеннен бөлек, көлік қызметі сапасы да сөзсіз жақсарар еді.

Сыр бойындағы тағы бір жақсы іс күрделі жөндеуден, жаңғыртудан өткен стадионда алғашқы ойын болды. Жаңарған стадиондағы ойын басталмас бұрын аймақ басшысы Қ.Ысқақов стадион толы 6 мыңнан астам жанкүйер, футбол командасы алдында сөз сөйледі. Күні кешеге дейін “Қайсарға” қаржы мен қайрат беріп келген Қ.Елеуұлының басқа қызметке ауысуына орай ойыншылар ойында күдік пенен күмән болмасын деп, оларға қолдау әрі қарай жалғаса беретініне сендірді. Тіпті, ойыншы­ларға әдемі пас та берді. Бәрі жарасымды. Алайда, 6 мың жанкүйер арасында отырған стадионды керемет еткен құрлысшыларға бір ауыз рахмет айтылмады. Бұл нысанды мерзімінде өткізуге бар жан- тәнімен еңбек еткен еңбек адамдарының биліктен күткен дәмесі десе де болады. Қай кезде де мекеме басшыларын, елге белгілі тұлғаларды мара­пат­­­таудан алдымызға жан салмағаны­мыз­бен, қарапайым еңбекші қауымды ұмытып кетіп жатамыз.

Жаңа әкім жылу орталығында болды. Әрине, “қыс қамын жаз ойлаған” жақсының ісі. Бүгінде жылу беру жүйесі жақсарып келеді. Сандық технологияға көшіп, жұмыс процесін жеңілдетуде. Бюджет қаржысы есебінен қаржыландырылған жобалар арқылы жасалған жұмысты көрсету мекеме басшылары үшін зор мақтаныш. Бұл жолы да мақтанудан кенде болмағанымыз белгілі. Алайда, жылу бағасы қарапайым халық қалтасына жеңіл емес. Мемлекет тарапынан бөлінген жәрдемақы, жеңілдіктердің де бір бөлігін осы жылудың “жеп” жатқанын айтып жылайтындар баршылық. Биылғы көктем, жазда қала кәсіпкерлері үшін жылу орта­лығы тосын сый жасады. Қаржы тапшылығынан төлем ақысын төлей алмай жүргендердің қарызын нотариуспен куәландырып, сотқа беріп, сот шешімі арқылы шоттарын жауып, қарыздарын өндіруде. Жылу орталығының қалай болғанда да қарыздарын қайтарғаны дұрыс, алайда жұртқа “тырнағын” батырғандары жаман-ақ. Бұдан бөлек, облыс әкімі апат болған Арыс қаласындағы қызылорда­лықтардың көмек ретіндегі жөндеу – құрылыс жұмыстарымен танысты. Қоғамдық кеңес, ардагерлер кеңесі төрағаларын қабылдады. Жалпы алғанда жаңа міндетіне кірісіп-ақ кетті.

Бүгінде жаңа заман талабымен халық талабы да өзгерді. Бұрынғы билік ету әдістері де жаңашыл­дықты қажет етеді. Сондай-ақ, сұрау менен бақылау да өзгеше, нәтижелі болуы керек. Жұрт бұрынғыдай арзанға алданбайды…

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here