ФИЛОСОФ

0
106

Талант туған жеріне тартып туады деген де сөз бар. Оның растығына Қази шығармашылығымен таныса бастағанда-ақ анық көзіміз жетті. Қазидың көзін тырнап ашқалы көргені – Қарақұмның бұйрат-бұйрат құм төбелері мен аңызақ желі. Сол желмен жөңкіле көшкен қаңбақ… Құмға тамыр сіңірген сексеуіл мен жыңғыл. Сүреңсіздеу көрініс, адам қызығатындай оқыс жағдайды да аңғара қоймайсыз. Шынтуайтына келгенде, Қази үшін мұнан артық жер жұмағы жоқтың қасы, оның Мекке-Мәдинесі – Қарақұм. Ал осы шөлді аймақта өмір сүрген адамдардың көңіл-күйлеріне Қази шығармалары арқылы назар салыңызшы, олардың жүрек дүрсілін Қазидың көзімен карап, көңілімен түйсініңізші! Сіз сонда тіпті басқа әлемге тап болар едіңіз. Кіршіксіз таза әлемге! Қарақұмның етек-жеңі жиналмайтын аңғал-саңғал табиғатымен үйлесіп жататын қожанасырлау адамдарының мінезі, олардың қам-қарекеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, тіпті бір-біріне деген пендешілік реніштері де жеке-дара, іс-әрекеттері де өзгеше. Бірақ соған қарамастан қарақұмдықтарды өзгелермен шатастыра алмайсыз. Қази шығарма­шылығында олар тіпті бөлек адамдар…. және оларды әлдекімдермен алмастыра қоюың да мүмкін емес. Жеке-дара, кейіпкерлерінің мінез-құлықтары тек қарақұмдықтар болып шыңдалған. Әрі жеке-дара бояумен өрнектелген.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ,

жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Есмұхан айтулы универси­теттің философия факультетін қызыл дипломға бітіріп, сол құдіреті күшті философияның арқасында айқұшақ қапқан аспирантураның өзін жоққа шығарып, қиялы құмның орта­сындағы аулына оралғанда, төрінен көрі жақын кемпір-шал жалғыз ұлдың жолын жұлдыз күткендей тосып отыр еді. Әкесі байғұстың татар дәмі тақыл­данып-ақ қалыпты. «Қо­лын жылы суға малмақ» түгілі, баласының не бақанға өрме­лейтін, не бақыр жамайтын мамандық алғанын білмей-ақ, бұл дүниеден жүріп кетті. Тұ­рақ­сыз жайлаудан ақ отауын көшіріп, тұрақты табанға қайта тікті. Өмір деген осы енді…

Ағайын-тума түгел жина­лып жылап-сықтады, мұның да көңілі бұзылғаны сонша: көз жасына иелік жасауға да әре­кет­тенбеген. Жұрт: «белінен бей­нет кешкен байғұстың, рақа­тын тізесіне жеткізбеген қу құдайлап» дауыс шығарса, бұл жылауық жандардың есік пен төрдей қысқа ғұмыры үшін, ертең әкесі жүрген қасқа жол­мен көшкен керуендей қыр асарын ойлап бордай үгітіл­гені-ай! Түптеп келгенде, бәрі­нікі бір қайғы. Жастың түрі де, түсі де жоқ, сосын жігі білінсін бе?

Адам аяғы суып, абыр-сабыр басылған-ды. «Ой мен дене үздіксіз қимыл-қозға­лыста болуы» үшін қызыл дип­ломды газетке орай салып, Есмұхан мектеп директорына келген.

— Ай, басыңда ми жоқ! — Қолда өскен бала ғой, ирелең­деген арық кісі өзімсінген­дік­тен біраз жерге апарып тас­тады. — Басыңда ми жоқ болса, екі аяққа зор келеді. Мына қызыл дипломды құмға көмуге әкелдің бе деймін, сен. Жер күнді емес, күн жерді ай­на­лады деп қарсы дау айтсаң да, атағын алып, ақшасын жеп, Алматыда жүре беретін баласың… Айдай әлемді ақыл­мен айналсаң да енді маған пендесің…

«Соншалықты үғынықты, ауыл аспанындағы тіршілік философиясы, бірақ қандай мөлдіреп тұр. Не деген ғажап! Қарақұмның қасіретінен пәк­тік, қулығынан да тазалық таба­сың!» — Оқтын-оқтын көзін көлегейлеген көк шулан шашты саусағымен тарақтай қайырған ұстазының әр сөзін ой зердесінен өткізіп, салмақ­таған жігіт күлім қағады.

— Қарағым, — деді сәлден соң директор жылғаланып ақ­қан қар суындай жинақы үнмен. — Мен осы жасымда біразды көрдім. Әйтеуір, аз ғана өмірде ренжімей өтсінші деп пенсияға шығарында Сман­ның бәйбішесіне ән-музы­­каға қосып, дене тәрбие­сін де бердім… Қаланың қақ ортасында машинасы көл­денең жатқан көк тасқа соғы­лып, правосыз қалған Талқы­байға да қидық еңбекті. Бала-шағасы жүдемесінші құрғыр­дың… Тырбанып көріп еді, тіршілігі жаман емес. Қош деңіз. Ал жеті қат жердің ас­тын­дағыны оқып тауысқан саған не дауа! Бірақ өз ынты­зарың — мәтимәтика ма, әлде әдебиет пе? Қай салаға бағыт­тарымды білмей далмын. Шіркін, пилосо­пия осы ғой!.. Отырасың…

Біраз кеңескен соң ең лайық­тысы интернаттың тәр­бие­шілігі деп мақұлдасты.

Сегіз жылдық мектеп үшін кесіп-пішілген интернат көлемі мен бала саны жағынан дөң­геленіп тұрса да, жұмыс түрі қилы-қилы көп екен. Күн сайын сан-сапалақ оқиға. Көлденең көк аттыға мінгесіп, аулына қашып кеткен әр оқушы үшін сан­далатынын айтсайшы. Өзара шекіскен екі балаға төрелік айтудан қиыны және жоқ. Жардай жаратылысының қай жерінен жуастығы бат­тиып көрінетінін, мұғалім деп шайтаны сескенсейші, екі иығынан жұлып жеуге бар. Бірақ, бұл ренжімейді, қабақ та шытпайды, ерінбейді, жалықпайды. Апта сайын ауыл орталығындағы моншаға бас­тап баратын да өзі. Монша деген дабырайған аты да, заты — бұлар кірген бөлмеде бұрқ-сарқ қайнаған қара қазан. Екінші тай қазанда мұзы қалқыған салқын су. Ара­ла­рында қайсысына құлап кетер деп қолмен қалқалап, ебе­дейсіз денесі өрттей қызар­ған Есмұхан. Бала жарық­тық тәрбиешінің қызыл дипломы мен философиясын қайтсін; қан жылым суды ұрғылап бұған да шашады, тас төбесіне де төңкереді, жын ойнағандай аласапыранын шығарып бара жатқандары. Сонда да ешқайсысына зәр шашып, ашу шақыруды білген емес. Бір тобын тырнадай тіз­бектеп апарады да, балапан­дарын шұбыртқан ата қораз­дай қоқиып, екіншісін ертіп кейін қайтады. Ер балалар  қазандығы ұядай тар моншаға үш кезек шомылса, легенін жан бауырлай басқан Есмұхан таң азаннан қара кешке дейін сонда отырады деген сөз. Төзім­ділік педагогтар үшін бұлжымас заңдылық деп түсі­не­тін жігітті шын састырған — бірінші класс оқушылары. Бір күн кәмпит десе, екінші күні өткізгені бардай пешеней сұрап қыңқылдайды. Үнемі күміс тиындарды шылдырата беруге шамасы бар ма? Жоқ болғасын, бір кезде білім бер­ген ұстазы ғой, салып ұрып дирек­тордан шыққан. Аутаң­даған жігітті әлі күн балаға есеп­теп, аңғалдығына ептеп сүйіспеншілігі де жоқ емес, мектеп басшысы жайбарақат күлімсіреп отырған. Есмұхан төбесінен түскендей тоңқ-тоңқ етті.

— Ағай, сіз осы материалис­сіз бе, әлде идеалиссіз бе?

«Мынаны бірдеңе қаққан ба?» дегендей шүңірек көзі үңірейе тесіліп тұрды да күліп жіберді.

— Әй, сандалмай, шаруаңды айт!

— Жо-оқ! Шаруам сосын… Әуелі маған материалист, не идеалист екеніңізді мойын­даңыз…

— Бала меселін қай­тара алмаса да, жігіттің кей-кейде кежегесі кейін тартатыны, жон­бай мінезі соқырға таяқ ұстатқандай көрініп тұр. Қаса­рысса қан алар қазір. Дирек­тор алғашқыда үлкендік жасап: «дабай, қайқай» демекші еді, тағы да ойланды. Көңілі ә дегеннен «материа­лиске» шапқан, оның екінші аты «дүниеқоңыздық» шығар деп тайсақтады. Қыпыл қақ­қан күйі «идеальный жігіттер» жайлы есіне түсірген, көбісі қылмыскерлер. Ойда жоқта өне бойын қуалай жүгірген күдік басына шапты. Сосын сыбырлап қана:

— Немене, Есмұханжан, жоғарыдан сондай қағаз бар ма? — деді. Мына бір тас емен екен, бағанағы сөзін қайталап тапжылмай отыр. Философ дирек­тордың, директор фило­софтың ойына бойламай аң-таң. «Өзім өсірген текешік» деген ұстаздың шәкіртіне деген өкпесі қара қазандай. Біраз толғанғасын тәуекелге бул буып:

— Пенсия жасына келген адамнан несін сұрайсың, қара­ғым, ептеп екеуінен де құр алақан емеспіз енді, — деп тәр­бие­шінің жүзіне сынай қарады.

«Не деген адалдық!» — Өңі алабұртқан Есмұхан шабыт­тана сөйледі.

— Мына дүниеде, тіпті иесіз галактикада күніне қыруар жаңа­лық. Өйткені айдай әлем­нің үстіндегі қылт еткен тірші­лікке дейін ілгері қарай даму­да. Табаныңның астын­дағы қара топыраққа қараңызшы, ертең со күйінде көрер ме екенсіз. Күздің шуағы, көктің бұлты күн санап қырық құбы­лады. Елімізде қаншама оқи­ға­лар. Ал енді интернаттың тамағы неге өзгермейді?.. Осыдан он жыл бұрынғы мака­рон мен күріш… Бәрі де уақытқа қарама-қайшы… Кәм­пит, пешеней дегенді аяйсыз ба?..

Әңгіме ешкімнің нұсқауын­сыз жігіттің өз көкірегінен шық­қанын енді-енді сезген директор мұндай қуанбас. Қуанса да, кәрін қабағына түйіп, ал кеп ұрыссын. Тіпті қатты-қатты зекіді.

— Ай, басыңда ми жоқ. Солай деп бірден айтсаң нең кетеді, пәтшағар! Қой, сен пилосопияны. Ондай кітаптар­дың менде жүзі бар, керек болса. Мә, қара!.. — «Еңбекші­лерге ақы төлеу тәртібі» атты брошюраны алдына шиырып тастады. — Оқы. Сауатыңды аш! Дүниедегі жалғыз білгіш сенбісің? Зәрем ұшып кетке­нінші, табан астынан жік шық­қанға. Балаларға кәмпит бере­тіндей интернат курорт па екен? Күйдіреді ғой, ай дей ме, аспан дей ме? Сенің міндетің завхоздық емес қой, қарағым-ау, балаға тәрбие беру. Есіртсең не демейді, олар бүгін — түйеге, ертең — самолетке мініп айға ұшуға бар. Ұшасың ба? Пилосопияң­ның құдіреті келсе, апарып сал сол жаққа. Атаңа мың да бір рахмет айтайын. О, несі!

Басшының алдынан беті қайтып шықса да, тынымсыз қызметіне наразылығы болған жоқ Есмұханның. Ғарыш кеу­десінен көз салғанда интер­нат балаларының еркелігі, тентек­тігі, ойнап-күлгені — бәрі де аквариум ішіндегі балықтар­дың өрісіндей шектеулі. Рен­житін бір шаруасы бар: қиял­дауға мұрса жоқ, уақыт тығыз. Әсіресе жұмыс қыс айларында қанасынан асып төгіледі. Үй мен интернаттың арасында қарды қашыр-қашыр басып жүріп: «Аяғымның астында сықырлақ жатқан қар емес, қыңсылап жатқан уақыт-ау», — деп күйзеледі. Күміс күндерді айдалаға уыстап шашқан ауылдағы бостекей жүрісті бозбалаларға разы емес.

Қойшы, ақпан айын да кеулеп, кеуде тұсына жеткен кез. «Келін әкел» деп құлағы­ның құрт етін жейтін шешесі бүкеңдеп жүріп, бір аққұман кешкі шайын алдына қоя бер­ген, есіктен апыр-топыр интер­наттың екі оқушысы кіріп келді.

— Ағай, Мырзаев ауырып жатыр.

— Ауырғаны несі, жаңа ғана құлындай ойнап жүр еді ғой. Біреу-міреу ұрғаннан, құлаған­нан сау ма өзі?

— Сау!

— Сау болса неге ауырады?

— Білмейміз.

— Таңырқағандай иықтарын көтеріп міңгір-міңгір етеді.

— Кешкі тамақтың үстінде үзбен нанын түк қоймай түгес­кен, ботқаға қақалып-шаша­лып жылады да, шайнаған­дарын қайта тастады.

Бұған тезірек түтін түтетіп, немере сүйгізудің орнына, тілегі жұртқа ауып, күндіз-түні үй көрмейтін ұлына күйінген кемпір шала бүлінді.

— О-о, қылтамақ келгір, сенің басыңды жұту үшін әдейі ішпей жатқан шығар. Бұ қағынды келгірлер қара суыңды аузыңа апармай бос­қынға ұшыратады, босқынға. О  заманда бұ заман бірін жеп, екіншісін құсқан не бәле. Тамағына тас кетті дейсің бе, адам құсап асыңды ішсейші. — Кемпір сөйдеді де кемсеңдеп кетті. — Осылай, осылай енді жүре бер соқайып. Қазір сүй­реп тастасаң да бәрібір мені, ертең өлемін… Өлемін ал!..

Не өзі, не жақыны сырқат­танып, тауқымет тартпаған жігіт күйзелісін әрең көтеріп, ауырсына түрегелді бұл жолы. Ауыз үйдегі аяқ киіміне сүрі­ніп-жығылып жүріп, қайта тәптіштейді.

— Ауырды, ә!

— Ауырды. Маңдайынан тер бұршақтап, аузын аша береді.

— Әй, дұрыстап сөйле­сеңдерші!.. Аузын ашқанда айтатыны бар ма өзінің?

— Жоқ, сөйлемейді. «Мұр­ным» деп созып жылайды. — Шабарманның біреуі жымың-жымың етеді. — Нәңкі апай қоймағасын «мына сорлыға дем жетпей жатыр, тездетіп тәрбиешіні шақыр» деген.

— Ойпырмай, алдымен доғдырға жүгірмедіңдер ме? — Есмұхан мұны омырауы ай­қара ашылған пальтосын қусы­рынып жатып міңгірледі.

Жұлдызы жамыраған қысқы түнде ауыл шетіндегі тәпелтек үйден шығып, екі баламен асығыс адымдаған тәр­биеші өзі ойылатын жылауық қарды қаршылдата басады. Бұл жолы табан асты­нан ит үріп, ат ауыздығын шай­нап жатқандай, демдері бұр­қы­раған күйі бақан басындағы шам жарығын қуалап екпіндеп келеді. Көз алдында белгісіз дерттің құрығына ілігіп, күй­рей құлаған — Мырзаев! Мінезі тұйық, оқу тоқсаны бітпей сабақтан ертерек қашып, кеш қайтатын қи табан шаруаның баласы. Ата-анасын әлі күнге көрген емес, өзінен бір-екі жас қана үлкен апасын білетін. Жұтаңдау киінеді, сабаққа да зейіні орташа оқушылар. Бірақ Мырзаевтың тамаққа деген ықыласы елден ерекше. Денесінің қораштығына қара­мастан қосымша сыбаға сұрап, асқа да, асханаға да көңілі толмайтынның бірі. Осы мінезінен бе, жолдастары «Жем шелек» атаған. Қомағай оқушыны талай мәрте қарсы отырғызып, ұлы адамдардың тамаққа деген шектен тыс тәбетін тежей білгенін үлгі етіп те көрген. Атақты философ Аристотельдің өзі қанадан ас­пас үшін ағаш табағының ай­на­­ласын кеміріп, ақыр соңын­да мысықтың шүңгіл ыдысын­дай ғана көлемді місе тұтқан. «Аштықта емес, мәселе қана­ғатта» деген данышпанның қағи­дасын жанын салып түсін­дірді-ау. Түсінсе де «осылар мені түбі аштан қатырар» деген Мырзаевтың іш пікірі бар ма, қысқы каникулда аулы­нан жарты қап арқалап келді. Іші толы — таба нан. Енді асханада көп қыңқылда­майды, тамақтан кеткен есе­сін қатып-семген наннан алады. Елде жоқ үрдіс. Есмұ­хан біраз бас қатырып, бұл әдет бітім-болмысына отба­сы­нан ұялаған деген ойда.

Бұлар интернаттың бесінші бөлмесіне енгенде, жып-жылтыр темір сырықшаны науқастың мұрнына қайта-қайта жүгірткен ауылдағы фельдшер қыз осында отыр. Айтқандай-ақ, Мырзаевта сүдін жоқ. Дәрігер әлі де о жер, бұ жерін қолмен шарлап:

— Азанда ауданнан сани­тарлық самолет шақырамыз. Полипп болу керек. Басқаша жағдайда мұрнына операция жасайды, — деп жинала бас­тады. Операцияның мәнісін қасындағы көзі бұлаудай апасы жақсы ұғынды ма, иығы селкілдеп егіл-тегілі шықсын. Бір-біріне жаны ашып жылаған балаларды қалай жұбатудың ретін таппай тәрбиеші де састы. Мұрны біткен Мырзаев емес, құдды өзі сияқты, құлақ­шынының астынан саулаған тер сорғалап, иегімен жорғалайды.

…Ауыл сыртындағы аэрод­ром басында қақырадан соқпалап салған екі бөлмелі мұздай үй бар. Таң алагеуім­нен Есмұхан мен Мырзаев осында. Санитарлық самолет­тің келер уақыты беймәлім, ұзақ күтуің мүмкін. Суық шал­масқа науқастың аузы-мұрнын жылы шарқатпен бастыра байлаған тәрбиешінің өзі еді, онысы — көрер көзге оғашы­рақ. Мырзаевтың басының орамы беліне жетеқаба. Міне-сала ұшатын бүгін жолаушы­лардың да арнайы маршруты жоқ, ауданға жеткенше асау тайдай мөңкитін «АН-2» күн ара ғана қатынайды. Біраз отырды.

— Мұрныңды тартып көрші, — дейді кездейсоқтық деген ұлы ұғымға арқа сүйеген Есмұхан тыныс жолы ашылып кетер деген есек дәмемен.

Мырзаев шынымен-ақ тар­та­тын болса керек, маңдай терісі жиырылып, кіржие түйін­деліп тұрады да, қос қабақтың ара­сымен лықсып төмен құ­лайды. Бәрін қалт жібермей бақы­лаған бұл, өмір үшін күрес­кен шәкір­тінің жігеріне дән риза. Қас қыл­ғандай мұр­нында пыс еткен сыбыс жоқ, тым-тырыс.

Аяз құрсаулаған есік шақұр-шұқыр ашылғанда жалт қарас­қан, табалдырықтан суық ауаны сүйретіп ферма­ның байырғы веттехнигі келеді. Ұзын қоныш­ты етігінің қарын қаққыш­тап та жатыр, сөйлеп те жатыр.

— Ойпырмай, әліксалам, бала! Қырсық шалғанда, қалаға қарай құс та ұшпай қал­ғанын көрмейсің бе? Өркенің өскір­лер, сендер самолет шақырды дегенді естіп, үйден тұра шап­қа­ным. Уқі!.. Өкпем өшті ғой! Ілесе кетейін… Ауыр­ған қайсы­ларың еді? Е-е, сен кім болдың? — Мырзаевқа тесі­ліп біраз кідірді. — Аузы-басыңа не жау тиген?

Есмұхан баланы мазала­масқа мән-жайды түйірін түсір­мей түсіндірген, веттех­ник үдеп барады.

— Шырақ-ай-ау, қайдан білейін! Әй, ха-ха-ха! Түйме­дей мұрның үшін үй аумағын­дай самолет алдырмақсың, ә! Менің со қалаңда қыруар шаруам бар ал. Айтсам, мына­дай мұрынның жүзіне татиды…

— Аға, басың ауырсын, башпайың жаралансын, қина­латын адам баласының бір жаны емес пе? — Төзімі таусыл­ған Есмұхан тура шабуылға көшті. — Өзіңіздің қай мү­шеңізді кішкентай, әрі керек­сіз деп кесіп тастар едіңіз? Салыстырмалы түрде болса да, саналы тіршілік иесі біз ғой. Өз шаруамызды өзгенің қасіретінен артық санау — әрі кемсітушілік, әрі басқаны бақытсыздық сорына итеріп тастағанмен тең. Карл Маркс­тің «Экономикалық-филосо­фиялық қолжаз­ба­лары» атты еңбегін білесіз ғой. Сондағы «Киелі шаңырақта» бақытсыз­дық туралы не деп еді?

— Ойбай, қарағым, не айтып кеттің?! Ғафу ет! Ғафу етіңіз… — Веттехник қызарақтаған философтың жүзіне күдікпен қарап, сөзінен секем алған. — Мұның самолетінің маған пай­дасы тимесе, зияны бар ма? Кірпігі түссе де келіп тұрсын ал! Самолет деген екі туып, бір қалғаным емес, келіп тұрсын!.. Айтпақшы, ауырған кімнің жұрағатынан еді? Иә, сол екен ғой! Өзі қайсысынан екен? Кейінгі шешесі құрсақ көтер­меді деп естідім, жаңыл­масам. Солай-солай!.. Қай жылы әкеңмен қойдың өрі­сінде жолықтым. Ол итің мені­мен түйедей құрдас. Атымнан шөт-шөт аударып тастамады көсе неме. Биыл ма төсек тартып жатып қалды деген, ішкен-жегенін өзі тастап келе­тіндей ме, әйтеуір? Бәрі, бәрі ойын, айналайын, мұрныңның да амандығы жақсы…

Веттехниктің сөзіне мағы­на­сыз көзбен тесіле қарап, қабағында реніш-қуаныштың реңі байқалмаған оқушыны іштей аяса да, бір жағынан қуанды тәрбиеші. Бала жанын жарақаттайтын шақпа тіл кіш­кене жүрекке жетпесе деп тіле­ген, жетпеген тәрізді. Өзі кез келген сәтсіздіктің бас­тауы үлкен рухани жетіспеу­шіліктен туатынын тұспалда­ғанына дән риза. Шешесі дүние салып, әкесі төсек тарт­қан сал ауру болса, мұнан Мырзаев үшін кем қайғы ма? Яғни балғын кеудені кернеген қасіретті тап басып танымаған кінә өзімде, жалаң филосо­фиямда деп түйді. Күнделікті қарапайым бұрылыс-қиы­лыста дұрыс жол табуға да өмірдегі нақтылық қажет. «Карл Маркс те біржақты гума­нист емес қой, материа­листік тұрғыдан қараған».

Веттехник баланы бар ықыласымен қолға алыпты.

— Шыныңды айтшы, ешқан­дай саңылау жоқ па? Бұл ағаң да біраз жыл ем-доммен айна­лысқан. Нанбасаң, жүзіме тура қарашы! Қарадың ғой? Енді бар күшіңді жинап «Өлдім» деші.

Мырзаев «өлдің» мезіретін жасады да, әрі қарай тым-тырыс.

— Әне, әне, көрдің бе? Көзің енді жетті ғой. — Веттехник мұнымен бәстескен жанша қолын кескілеп сөйлейді. — Бұл түйеде кездесер мұрын құрты ал!.. Кеселін қолмен сылыған­дай талайын боздатып қой­ған­быз. Қазір бізбен оқыған­ның көбісі адам доғдыры. Осыны Мәскеуге апарғанда да құрт демесе, менің атымды басқаша қой. Солай…

Таң алагеуімнен тосқан самолет бульдозер тегістеген алаңқайға селкілдеп, түс әлетінде әрең қонды.

Аудандық поликлиниканың лор дәрігері Есмұхан құралпы жас жігіт екен, маңдайындағы жарқылдақпен мұны бір-екі айғыштап өтіп, Мырзаевтың танауына шүйілді. Қолына қылдай пинцеттің неше түрін алып, түрткілеп берсін. Сәл­ден соң мұрын ішінен бір­деңені сумаң еткізіп суырып алғаны. Бажайласа, қағаз! Математика парағынан жыр­тып, әбден шиыршықтапты. Мырзаевтың түсіне кіріп-шық­пайтын күрделі теңдеуге дейін ап-айқын. «Тыныс жолының бірі бөгелсе, екіншісі өздігінен бітеледі» деген дәрігер жігіт өзін ұстай алмай селкілдей бастағанда, тәрбиеші кеңкіл­дей күлді. Мұныкі — Мырзаев­тың амандығына шаттанған қуаныштың күлкісі. Ара-ара­сында «айтпадың ба?» деген­дей шәкіртіне қарайды, анау «ұялдымды» көзімен ұқтырып, маңдайына іркілген моншақ терді жеңімен сүрткілейді.

Тәрбиеші мен оқушы іркес-тіркес тысқа беттеді. Есмұхан­ның алыстан ат сабылтып жеткен бейнеті лезде ұмытыл­ғандай, сергек. Қайта бала бойына мін боп жабысқан қомағайлық пен немкеттіліктің кілтін тапқанына мәз. Енді оған тәртіп беріп, ақыл айт­қан­нан гөрі, бүкіл әлемнен сезім жылылығын себелеп төгер күншуақ іздемек. Өйт­кені, жетімдік түбірге де сүріндіреді, сүрінсе, мұқайды. Ал бұл оны әрдайым қолты­ғынан демей жүрмек.

Көкірегінде әлдеқандай көңілділік. Тәтті бір қиялға бөленген жігіт дариядай қала көшесімен аутаңдай басып барады. Ізінде — Мырзаев!

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here