Соттарда оңайлатылған іс жүргізу тәртібі

0
119

Қазіргі уақытта азаматтық іс жүргізудің алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің бірі сотта істі қараудың тиімділігін арттыру, уақытты үнемдеу болып табылады. 2016 жылы қабылданған Азаматтық процестік кодекстегі өзгерістің бірі –оңайлатылған іс жүргізудің енгізілуі.

Оңайлатылған іс жүргізу – азаматтық процестегі іс жүргізудің жаңа бір түрі, азаматтық процестің жаңа институты.

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің 13-тарауында оңайлатылған іс жүргізу тәртібі туралы айқындалған. Оңайлатылған іс жүргізуді енгізудің басты мақсаты — ең алдымен экономикалық жағынан қаражатты және азаматтық соттың, сонымен қатар тараптардың уақытын үнемдеу. Дегенмен, оңайлатылған іс жүргізу кезінде ҚР АПК -нің 2 бөлімі, 1-кіші бөлімінде көзделген барлық міндеттемелер орындалуы, сонымен қатар азаматтық процестің басты принциптері сақталуы тиіс.

Азаматтық процестік кодекстің 144-бабы 2-тармағына сәйкес, судья істерді арыз қабылданған күннен бастап бір ай мерзімде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды. Қаралған істер бойынша істі қарауға берілген бір ай мерзім сақталған. Әрбір істі мұндай тәртіппен қараудағы негізгі мақсат – іс бойынша тараптарды сот отырысына шақырмай, сот отырысын өткізбей, олардың алдын ала ұсынған дәлелдемелерін судьяның жеке, ішкі пайымын басшылыққа ала отырып шешім қабылдауына мүмкіндік туғызу. Ең бастысы судья бапқа сәйкес, қос тарапқа заңнаманы барынша түсіндіріп, жауапкердің өзі негіздейтін құжаттар мен дәлелдемелерді беруі үшін мерзім белгілейді. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін тараптарды шақырмай-ақ, істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Сот шешімді қабылдаған кезде тараптардың ұсынған түсініктеме, қарсылық және дәлелдемелерін басшылыққа алады. Бір айта кетерлігі, істі оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау барысында хаттама жүргізілмейді және істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.

Елбасы 2019 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: Табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында сот жүйесін жетілдіруге қатысты пікірлер айтып, судьяға артылатын жүктемені азайтып, сапаға мән беруді тапсырған болатын.Осы бағыттағы шараларды іске асыру мақсатында, үстіміздегі жылдың 21 қаңтарында Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Аталмыш Заң аясында 42 заңнамалық актіге, оның ішінде 11 кодекске меншік құқығын қорғауды күшейтуге, төрелікті дамытуға, сот жүктемесін

оңтайландыруға және экономикалық қылмыстарды ізгілендіруге бағытталған түзетулер енгізілді.

Осы толықтырулардың ішіндегі сот жүктемесін оңтайландыруға бағытталған түзетулерге тоқталсақ,

Азаматтық процестік кодексіне енгізілген өзгеріс — тараптардың келісімдеріне негізделген 10 талап түрі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізуден соттың бұйрықтық іс жүргізуіне берілуі.

Мұның қандай тиімділігі бар? Оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен даусыз талаптарды сот тараптарды хабарландырып, жауапкерге он бес жұмыс күні ішінде талап қою арызына пікір (қарсылық) ұсынуы үшін мерзім белгілеп, аталған мерзім өткеннен кейін тараптарды шақырмай қарап, шешім қабылдайды. Бұл жағдайда талап арыз сотқа түскеннен кейін бес жұмыс күнінің ішінде өндіріске қабылдау, одан кейін он бес жұмыс күні жауапкердің пікірін алу үшін белгіленіп, жалпы бір айдан астам уақытта қаралып шешілетін. Ал сот бұйрығы судья борышкерді және өндіріп алушыны олардың түсіндірмелерін тыңдау үшін шақырмай-ақ, мәлімделген даусыз талаптың мәні бойынша арыздың сотқа келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде шығарылады. Өздеріңіз байқап отырғандай, даусыз он талап түрі бойынша істі сотта қараудың мерзімі барынша қысқартылған және тараптардың уақытын, қаражатын үнемдейді, олардың сотқа келуі талап етілмейді және соттың жүктемесіне де өз әсерін тигізеді.

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық экономикалық

сотының судьясы З.Жарылқасынова

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here