Мұсабаевтың мұңы жоқ немесе белкөлдіктер мұқтажы шешілуде

0
122

«Белкөл» тұнып тұрған тарих болмаса да, облыс бойынша тындырымды тірліктері мен жеткен жетістіктері жетерлік кенттің бірі. Өткен аптада қала орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналасқан Белкөл кентінің әкімі Тастайбек Мұсабаев мырзамен сұхбаттасу бұйырған еді. Жасалған жұмыстар мен алға қойған міндеттерін біліп қайтқан едік.

– Жалпы кенттің әлеуметтік-эконо­микалық жағ­дайы қалай? Толық­тырып айта кетсеңіз…

– Бүгінде қала орталығынан 12 шақырым қашықтықта орналас­қан Белкөл кенті мен оған қарасты «Бірқазан» елдімекенінде жалпы саны 4078 халық бар. Кенттегі барлық тұрғындарға қолайлы жағдай жасалған деуге болады. Эконо­микалық белсенді халық саны жалпы тұрғындардың 52% құрайды. Жұмыс­сыз­дар саны аз. Демография жағдайы жақсаруда.

– Қашан да еңбекқор адамның ырысы көбейіп, ынта-жігермен тағатсыз іс қылғанның еңбегі еш кетпейді ғой. Сіз осы кентке әкім болып келгелі нендей өзгеріс­тер болды? Қандай көздеген мақсат­тарға қол жеткіздіңіз?               

– Ең алдымен жол инфра­құ­ры­лымы бойынша жұмыстар жасадым. 2018 жылы жалпы құны 76 млн. 336 мың теңгені құрайтын «3 линия», «Зеленая», «Т.Әбуов», «М.Есмаханов» көшелерін асфальт­тау жұмыстарын жүргіз­дік. Сонымен қатар, жергілікті өзін-өзі бас­қару қағидаларына сәйкес әкімдіктерге салықтың 6 түрі берілген. Бұл бойынша 2018 жылы 15 млн. 500 мың теңге жоспар­ланған болатын, жоспарды 6 млн. 100 теңгеге артығымен орындадық. Содан қолдағы ақшаны, игілікті істерге жұм­сайық деген ниетте қоғамдық кеңес мүше­лерімен бас қосып, мұндағы 21 көшеге көше атауларын жазып, бағдар беретін тақтайшалар орнаттық. Және белкөл­діктердің сұрауы бойынша, Белкөлдегі ескі «Тағзым алаңын» қайта жаң­ғырт­тық. Сондай-ақ, көпқабатты тұр­ғын үйлердің ауласына жедел-жәр­дем және басқа да көліктердің емін-еркін кіріп шығуына қолай­лы болу үшін тротуарды кеңейтіп, автотұрақ салдық. Алда атқарылар жұмыстар жетерлік.

– Кентке қарасты «Бірқазан» елді мекенінде қандай жұмыстар атқарылды?

– Бірқазан елді мекенінде был­тырғы 300-ге жуық тұрғынға шақ­тал­ған мем­лекеттік жекешелік әріп­тестігі аясында 10 млн. теңгеге заман талабына сай меди­циналық бекет пайдалануға берілді.

Ал, жол мәселесіне байла­нысты Бірқазан­ның кіре-беріс жолдарын орташа жөндеу жұмыс­тарының қаражатына облыстық экономика және бюджетті жос­пар­лау басқармасына бюджеттік өтінім берілді.

– Біраз көшелер асфальтталған екен. Енді сол көшелерді жарық­тан­дыру жұмыстары қашан басталады?

– Жалпы, кент тұрғындары толықтай электр энергиясымен қамтылған. Көше жарығына бай­ланысты кезекте «3 линия», «Зеле­ная» көшелеріне жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, 12 млн. 937 мың теңгеге қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлі­міне қаржылай өтінім берілді. Алдағы уақытта бұл мәселелер өз шешімін табатын болады.

– Өзіңіз хабардар боларсыз ақпан айында Нұр-Сұлтанда (Астана) 5 сәби өртке оранған болатын. Дәл сол оқиғадан кейін көп балалы аналар көтеріліп, биліктегілерге біраз мәселелерін айтқан болатын. Тіпті, Елбасы­мыздың өзі көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар алатын әлеуметтік көмектің көлемін ұлғайт­қан еді (20789 теңгеге дейін). Сіздер осы тұста кенттегі көп балалы аналарға қандай көмектер көрсеттіңіздер?

– Иә, ол жаңалықтан хабар­дар­мын. Ел болып қайғырдық, еліміз үшін орны толмас қайғы десек те болады. Ал біздің кентте форматтағы атаулы әлеуметтік көмек бойынша кенттегі тұрмысы төмен 185 отбасына 231 млн. тең­геге жуық қаржы беріліп, көмек көр­­сетілді. Сонымен қатар, «Жүрек жылуы» акциясы аясында тұрмысы төмен 30 отбасына 300 мың теңге көлемінде азық-түлік тараттық. 8-наурыз мерекесінде де көп балалы 30 анаға сый-сияпат көр­сетілді. 1-маусым балаларды қор­ғау күні қарсаңында да кент­тегі мүгедек бала­ларды мейрам­ханаға апарып, дастархан жайып сый-құрмет көрсеттік. Сондай-ақ, Қадір түнінде де «Қалмұхаммед Ишан» мешітінде тұр­мысы төмен 30 отба­сына азық-түлік тарат­тық. Тағы бір жаңалы­ғы­мыз, жақында кенті­міздің орталығына көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отба­сылар үшін «Бай­қоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясы» Ұлттық ком­паниясы акцио­нерлік қоғамымен әлеуметтік дүкен ашқалы жатыр­мыз. Біз қолдан кел­генше демографиялық ахуалды жақсартуға және көп балалы отба­сыларды қолдау мақсатында түрлі ауқымды жұмыстарды атқарудамыз. Мұн­дай игілікті істер алдағы уақытта да өз жалға­сын табатын болады.

– Оқушылар үшін сабақ аяқталды. Кенттегі балалар 3 ай демалыс уақытында немен айна­лысады? Қандай да бір спортпен шұғылданатын орындар, үйірмелер бар ма?

— Белкөл кентінде жастардың, оқушылардың сабақтан кейінгі уақыттарын тиімді пайдалану үшін оларды өнерге баулу, түрлі нәрселерге қызығушылықтарын арттыру мақсатында «Әл-Әзиз» оқу-шығармашылық орталығы жұ­мыс жасайды. Қазіргі таңда, оқу орталығында 90-ға жуық оқу­шылар (домбыра, би) үйір­мелеріне қатысып жатыр. Және ер бала­ларға да «Әсет» ЖШС-гі был­тырғы жылы құрылысын бас­таған кешеннің 2-ші қабатын спорт бөлімімен келісім-шартқа отырып, «Дзю-до» күресі және үстел тен­нисі үйірмелері жұмыс жасап тұр.

– Жақын арада Белкөлдегі теміржолдың арғы бетінде жол-көлік оқиғасы болып, 2 оқушы қыздың көлікке қағылғаны туралы ақпарат тарады. Мұндай оқиғаның болуына не себеп? Сол жерде ойын алаңының жоқтығынан болып отыр ма?

– Иә, ол рас. Жол-көлік оқи­ғасы болды. Ол балалардың екеуі де қыз­дар. Оқиғаға қатысты тек­серу жұ­мыс­тарын бүге-шүгесіне дейін тиісті сала мамандары жүр­гізіп жатыр. Ойын алаңына қажетті орынды дайындап қой­дық, биылғы жылы   ойын алаң­дары салынатын болады.

– Белкөлдегі теміржолдың арғы бетінен мектепке, жұмысқа қаты­най­­тындардың қауіпсіздігі үшін алда қандай жұмыстар жасалады?

– Азаматтардың өмірлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теміржол өткелінен жаяу жүргіншілерге арналған көпір құрылысының жобалау-сметалық құжаттарын дайындап қойдық. Мемлекеттік сарапта­ма­ның да оң қорытындысын алдық. Облыстан құрылыс жұмыстарына қажетті 285 млн. теңге қаржыға өтінім бердік, енді сол ақшаны күтіп отырмыз.

– Балалар ойын алаңдарына жөндеу жұмыстары жасалған ба? Әлде жаңадан салынады ма?

– Жалпы, ойын алаңдарын күтіп ұстауға 318 мың теңге бөлін­ген. Дәл қазір ескірген ойын алаң­дарына жөндеу жұмыстарын жүргі­зудеміз. Және көпқабатты тұрғын үйлердің де алдын абат­тандыру, жарықтандыру секілді жұмыстар жасалып жатыр.

– Кентті көгалдандыру, сани­тар­лық тазалығы жайлы не айтасыз?

– Белкөлде «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нен бөлек, сенбілік жұмыстары жүргізіліп тұрады. Бұл арқылы біз тек жан-жағымыздағы күл-қоқыстан ғана тазартып қоймаймыз, ағаш отыр­ғызу жұмыстарын да жасаймыз. Көркейту көгалдандыру жұмыс­та­рын атқаруға кенттің 25 жұмыс­сыз азаматы ақылы қызмет көрсетеді.

– Кенттегі ертеректе салынған тұрғын үйлердің жағдайы қалай? Тұрғын-үй коммуналдық шаруа­шылығы бойынша не айтасыз?

– Мұнда 4 көпқабатты тұрғын үй, яғни 369 пәтер, мектеп, бала­бақша, мектеп интернаты кенттегі орталықтандырылған жылу орта­лығы арқылы жылумен қамтама­сыз етіліп отыр. Біздегі мәселе – жылу жүйесін жаңғырту. Өткен жылы жылуға қатысты бірлі жарым мәселелер болған. Сол себепті биылғы жылы жылу жүйе­лерін жаңғыртуға қажетті қар­жыға облыстық энергетика бас­қар­­масына өтінім тапсырылды. Біз ол ақшаға жылу жүйелерін жаң­ғыр­­тамыз, сонымен қатар бу қазан­­­дығын мазут сұйық оты­ны­нан табиғи газға ауыстыруға жұм­сайтын боламыз. Ауыз су мәсе­лесіне келер болсақ, негізі Белкөл жұртышылығы таза ауыз сумен толықтай 100 пайызға қамтамасыз етілген. Алдағы уақытта 5 қабатты 4 үйдің канализациясын ауыстыр­сақ деген жоспарымыз бар. Бұл бойынша «ОДСП-Арал» мекеме­сінің басшыларымен келісім бар. Биылғы жылы ол жұмыстар басталатын болады.

Біз бұл тұста Бірқазан елді мекенін де естен шығармадық. Былтырғы 2018 жылы бұл жаққа республикалық бюджеттен 122 млн. теңге және облыстық бюд­жет­тен 13 млн. теңге бөлініп су қыспақты мұнара орнатылып, елдімекенде 450 м тереңдікте таза жер асты ауыз суымен қамтамасыз ететін боламыз. Және де қосымша 70 млн. теңге қаражат бөлінеді, себебі ауыз су құбырларын көше-көшеге, жеке тұрғын үйлерге тара­тып беруді жоспарлап отырмыз.

– Кәсіпкерлік бойынша қандай жаңалықтарыңыз бар? Кент тұр­ғындары қандай кәсіп көзін ашуға ынталы? Халыққа үгіт-насихат жұмыстары жасалуда ма?

– Былтырғы жылы кент бойынша «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкер­лікті дамытудың 2017-2021 жыл­дарға арналған бағдарламасы» аясында жеке кәсіпкерлер саны көбейді. Жаңадан 26 адам кәсібін ашып, 63 адамды тұрақты жұмыс­пен қамтып отыр. Кентте жүргі­зілген үгіт-насихат жұмыстары­ның арқасында кәсіп ашқандар мен бұрын өз жұмысын тоқтатып тұрған 64 кәсіпкерлік нысан­дар­мен жұмыс жасалып, кәсіптерін қайта жандандырды. Қазіргі таңда Белкөлде 147 кәсіпкерлік субъек­тілері толықтай жұмыс жасап тұр. Салықтары да уақытылы төле­нуде. Тұрғындардың көпшілігі мал шаруашылығымен айналысуға ынталы.

– Осы жылдың басында қала әкімінің орынбасары Бектас Нұри­динов мырзамен кәсіпкерлік нысан­дарын аралаған едік. Сол уақытта Белкөлде «Әл-Әзиз» оқу орталығы, «Нұр-Алибек» дүкені, шаштаразы, наубайханасы мен дәріханасы және тағы да енді ғана салынып жатқан нысандардың жұмыстарымен танысқан бола­тын­быз. Қазір олардың кәсіптері қалай жүріп жатыр? Тоқтап қалмады ма? Тағы да кәсіп көзін ашамын дегендер бар ма?

– Аталған нысандардың бар­лығы қазір тұрғындар игілігіне жұмыс жасап тұр. Ешқандай мәсе­лелер жоқ. 2019 жылдың мамыр айында 127 млн. теңгені құрайтын 27 жоба «Қызылорда өңірлік инвес­тициялық орталығы» мен «Ауыл шарушылығын қаржылай қолдау қорына» ұсынылып отыр. Оның 10 жобасы «Ауыл шаруа­шы­лығын қаржылай қолдау қорына» ұсынылды. Бүгінгі таңда «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 тұрғын, яғни жеке кәсіпкер Баян Тоқсан­баева сүт өнімдерін өңдеу цехы, Қанат Қилыбаев сауда орталы­ғына және Әбдіхалық Ділманов ауылшаруашылық май өнімдерін өндіретін цех ашуға ниет білдіріп отыр. Бұл 3 жобаның жалпы құны 70 млн. теңгені құрап тұр.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Ендігі жоспарымыз кенті­міздің орталығынан бой көтерген қала әкімі Н.Нәлібаев мырза кірпішін қалап берген мемлекеттік – жекеменшік әріптестік аясында 100 келушіге арналған жаңа емха­наның құрылыс жұмыстарын уақы­тылы аяқтап, тұрғындар игі­лігіне табыстау. Алда атқары­ла­тын бұдан өзге де жұмыстар жетер­лік. Олар өз шешімін табатын болады.

– Алға қойған мақсаттарыңыз бен жоспарларыңыздың сәтті орын­да­луына күш-қуат пен төзім­ділік тілейміз. Келешегі кемел, әлеу­мет­тік әлеуеті жоғары, халқы еңбек­қор Белкөл кентінің тұрғын­дары жасалған дүниелерді барын­ша сол қалпында сақтап, кент таза­лығына өз үлестерін қосады деген үміт­теміз. Уақыт бөліп, бізбен сұх­бат­­тасқаныңыз үшін көп рахмет!

Сұхбаттасқан Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here