ҰБТ басталды, телефон жерге тасталды

0
460

Күні кеше көптен күткен Ұлттық Бірыңғай Тестілеу басталды. Маусым айының 23-26 аралығында өтетін тестке қатысуға Қызылорда қаласы бойынша 1315 мектеп бітіруші түлек ниет білдірген.

Биыл Ұлттық Бірыңғай Тестілеу форматында еш өзгеріс жоқ. Үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған «Мұрагер» мектебіндегі алғашқы болып тест тапсыратын түлектерге қала әкімінің орынбасары Мира Қазбекова арнайы келіп, өз жылы лебізі мен сәттілігін тіледі.

– Бүгін түлектер, ата-аналар ғана емес біз үшін де өте толқынысты сәт. Түлектер, ҰБТ тапсырып қана қоймай, өңіріміздегі білім мәртебесінің еселенуіне үлкен үлес қосқалы тұрсыздар. Осы сыннан сүрінбей, жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіп, армандаған мамандық иесі болуларыңызға тілектеспіз,  — деді Мира Қазбекова.

Сонымен қала әкімінің орынбасарының тестілеу алдындағы тілегінен кейін, сағат тілі 8:00-ді көрсеткенде ең бірінші 1 аудиторияның түлектері кіре бастады. Бірінің жүзінен қорқыныш байқалса, енді бірі сабырлылық танытып, өзіне деген сенімділігін көрсетіп тұр. Алайда, олардың әрбірін мектеп ішіндегі тыңғылықты дайындалған тексерушілер (металл детекторлары) мен сала мамандары бақылап тұрды. Әрі-сәрі қозғалып тексеруден аман өткеніне қуанған бірнеше оқушының, біраз уақыттан кейін қалталарынан ұялы телефондары түсіп қалып жатты. Әрине, айналасындағыны қалт жібермей жіті бақылап тұрғандар байқап қойып, мамандарға өткізулерін талап етті. Түлектердің сырттағы көтеріңкі көңіл-күйі осылайша іштегі тінтулерден кейін түсіп кеткені көрініп-ақ тұр.

Бұдан сәл уақыт бұрын түлектермен толып тұрған мектеп ауласында бір уақытта ешкім қалмады. Жан-жағымызға назар салсақ, «бауыр еті баласы» үшін түн ұйқысын төрт бөліп, «қалай болар екен?» деген қорқынышпен келіп, үмітін тақымына қысып отырған ата-аналар ғана қалған екен. Тіпті, бірімен тілдестік.

– ҰБТ-ға Сырдария ауданындағы Ә.Тәжібаев атындағы №36 мектептен келіп отырмыз. Бұл мектептен тест тапсыруға 28 бала келді. Мадияр есімді балам бағын сынап келіп отыр. Баламның дайындығы осы уақытқа дейін күн-түн демей оқытып, кеңестерін берген мұғалімдерінің арқасында өте жақсы дей аламын. Балам мектепте тапсырып жүрген сынама тесттерден 110-нан жоғары балл жинап жүрді. Таңдау пәні – биология. Алдағы уақытта мұғалім болсам деген ниетте. Осындай үлкен сынға келіп бағын сынап отырған оқушыларға жоғарғы балл жинасын дегім келеді. Ал, ата-аналарына Алла өзі сабыр берсін, — деді ата-ана Алтынкүл Үргенішбек.

Мұғалімдері мен ата-аналарының берген сапалы білімі мен саналы тәрбиелерін кешегі сында сарапқа салуға 349 түлек қатысуда. Олардың ішінде қаламыздағы 11 мектептен 103 бала бар. Бұл алғашқы лекке қатысушылар.

Тест «Мұрагер» мектебінде арнайы дайындалған 9 аудиторияда өткізіледі. Олар қандай да бір байланыс сигналдарын бөгейтін құрылғылармен, металл детекторларымен, әр аудиторияны бақылайтын бақылау және жазу бейнекамераларымен, сондай-ақ ауа салқындатқыштармен (кондиционер) жабдықталған. Сонымен қатар мектеп ауласында сыртта тұрып балаларын сарыла күтетін ата-аналар үшін әр аудиторияны жекелей көрсететін 2 монитор орналасқан. Мұндағы 1 аудиторияға 40 оқушыдан отырады. Мектеп аудиториясында қандай да бір жағдайлар болғанда медициналық қызмет пен құқық қорғау органдарының өкілдері қажет болады. Міне, сол себепті мектепте осы мамандарда жүрді.

Айта кетейік, Ұлттық Бірыңғай Тестілеу 5 пән бойынша тапсырылады. Олар: математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы, қазақстан тарихы және өздері таңдаған мамандыққа сәйкес 2 бейінді пән. Ең жоғарғы балл – 140 балл. Оқушы сыннан сүрінбей өту үшін кем деген де 50 балл жинауы тиіс. ҰБТ белгіленген тәртіпке сай өтуі мен ережелердің орындалуын қадағалауға тестілеу өткізілетін пункттерге құрамы 11 адамнан тұратын ЖОО және колледждерден оқытушылар келді.

Тест тапсырушылар үшін айтарымыз тәртіп бұрыңғыдай. Егерде ҰБТ нәтижелері шыққаннан кейін апелляциялық шағым түсіргіңіз келсе, дәл сол тапсырған күннің ертеңіне сағат 13:00-ге дейін арыздарыңыз қабылданады. Немесе тамыз айында өтетін ақылы негіздегі (2242 теңге) тестке қатысуға мүмкіндіктері бар.

Сонымен, кешкі сағат 18.00 мен 19.00-де түлектердің тест нәтижелері шыға бастады. Кешкі уақытта сырдариялық БАҚ өкілдері бесарықтың №147 мектебінің «Үздік аттестат» иегері Ақерке Өтеген есімді түлектің 139 балл жинағанын айтып сүйіншіледі. Бұл әрине, сырдариялықтар үшін ғана емес, жалпы Қызылорда үшін де үлкен қуаныш.

11 жыл бойғы білімін 3 сағат 50 минутта саралайтын ҰБТ бірі үшін жәй нәрсе болса, енді біріне арманға деген алғашқы қадам. Асқақ армандарың орындалып, сұрақтарың оңайынан болып, бақтарың мен баптарың қатар шауып, 140 балл иегерлері болуларыңызға тілектеспіз.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here