ҰБТ-дан алған бағадан бала қымбат…

0
442

Мектептегі оқушыларының басты білім сыны Ұлттық бірыңғай тестілеу өтуіне де санаулы күндер қалды. Сынақ оқушының білі­мін тексерумен қатар, психологиялық тұрғыдан да ауыр салмаққа айналған. «Тойдың болғаны­нан боладысы қызық» дегендей, бүгінде бар­лық мектеп бітіруші түлектер қызу қарқынмен ұлттық тестке дайындалу үстінде. Бәрінің мақсаттары бір. Ол – жоғарғы оқу орнына түсу. 2017 жылдан бастап ҰБТ екі форматта өтетіні баршамызға мәлім. ҰБТ тапсыру форматына биыл қосымша жаңалықтар енгізілді. ЖОО-ға ақылы негізде түсу үшін жылына 4 рет   ҰБТ өткізіледі. Қаңтар, наурыз, тамыз тестілеу нәтижесімен бітіруші ақылы түрде оқуға түсу мүмкіндігін алады. Маусымдағы тест   мемле­кеттік грант негізінде тегін оқуға түсуге мүм­кіндік береді.

Талапкерлер ЖОО-ға қабылдану үшін ҰБТ нәтижесі бойынша бекітілген шекті балл жинауы керек. Тестілеу әдеттегідей 3 міндетті (Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы) және талапкердің таңдаған   мамандығы бойынша бейінді екі пәннен тұрады.Тестілеуде сыналатын 120 сұрақтан мүмкін болатын 140 баллдың 50-ін жинаған талапкер жоғары оқу орнында білім алуға мүмкіндік алады. Қаңтар айында өткізілген ҰБТ-ға Қызылорда қаласы бойынша 975 бітіруші қатысып, тестілеу қорытын­дысымен жалпы орташа балл 85,4 құраса, наурыз айында өткен ҰБТ-ға 1271 бітіруші өтініш білдіріп, тестілеу қорытындысы бойынша жалпы орташа балл 80,7-ні құрады. Қызылорда қаласы бойынша биылғы жылы жалпы білім беретін 50 мектепті 1725 оқушы бітірді, оның қазіргі 1315-і маусым айында өтетін ҰБТ-ға қатысады. Биылғы оқу жылында Қызылорда қаласы бойынша «Алтын белгіге»-120, «Үздік аттестатқа» — 101 үміткер тіркеліп отыр. Мектеп бітіруші түлектерге жүргізілген сауалнама бойынша бітірушілердің 1564-і жоғары оқу орнына, 1725-і колледждерге оқуға ниеттеніп отыр.

— Қаңтар айында ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі 1-15 желтоқсан, тестілеу мерзімі 15-20 қаңтар аралығында өткізілді. Наурыз айында өткізілетін ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі 1-15 ақпан аралығында жүргізілсе, тестілеу мерзімі 27-28 наурыз күндері өткізілді. Маусым-шілде айында өткізілетін ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі 1 сәуір-10 мамыр және 10 мамыр-5 маусым, тестілеу мерзімі 20 маусым – 5 шілде аралығында. Тамыз айында өткізілетін ҰБТ-ға өтініштерді қабылдау мерзімі 25 шілде — 3 тамыз, тесті­леу мерзімі 17-20 тамыз аралығында өтеді. Талап­керлер ЖОО-ға қабылдану үшін ҰБТ нәтижесі бойынша бекітілген шекті балды жинауға тиіс.   Бүгінгі күні әрбір мектеп бітірушіге оның білім деңгейі мен қабілетіне   қарай кәсіби бағдар беріліп қай деңгейде, қандай оқу орнында кәсіби білім алуға мүмкіндігі бар екендігі жөнінде түсіндіру, талдау жұмыстары жүйелі жүргізі­луде. Білім бөлімі тарапынан мектеп бітірушілер ҰБТ өтетін аудиториялармен, тестілеудің өту процесімен таныстыру және бітірушілерді емтиханға психология­лық дайындау мақсатында ҰБТ өткізу пунктерінде, яғни «Мұрагер» және Қорқыт ата атындағы КМУ   №5 оқу ғимараты базаларында сынама тесттер өткізілді. Жалпы бүгінгі күні мектеп бітірушілерді қорытынды аттестаттау мен ҰБТ-ға дайындау бекітілген іс-шара жоспары бойынша жүргізілуде. Дайындық жұмыстары мектептегі күндізгі, кешкі дайындық түріндегі қосымша консультациялық сабақтар, жыл бойы жұмыс жасайтын сауықтыру және қосымша білім беру орталықтарын­дағы курстар, білікті, жоғары деңгейлі мамандармен репетиторлық сабақтар және түрлі оқу орталықтарын­дағы курстарда жүргізілуде,-дейді Қызылорда қаласы білім бөлімінің бас маманы Ғани Сардарбеков.

Биылғы жылы да жергілікті бюджеттен мектеп бітірушілері үшін сынама тестілеуден өтуге қажетті 5 113 705,77 теңге қаржы бөлініп, 13896 дана сынама кітапшалары толығымен алынып берілген.

Ең бастысы, ата-аналарға айтарымыз, балаңыз осы маңызды белестен сүрінбей өтсін десеңіз, қорқыныш пен үрейін сейілтіп, ҰБТ-ға дайындалуына қолайлы жағдай жасаңыз. Балл жинай алмай қалған түлек үшін осымен бәрі біткендей көрінері сөзсіз. Алайда, олай емес. Балаңыздың эмоциялық күй жағдайына назар аударып отырыңыз, өйткені сіздер үшін бұл дүниедегі ҰБТ-да алған бағадан да қымбат, ең басты құндылық – балаңыз екендігін ұмытпаңыз.

А. ОМАШ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here