Судан сақтаныңыз!

0
296

Жыл басынан бері облыс аумағындағы су айдындарында 6 адам қаза болған. 1 адам Байқоңыр қаласының тұрғыны болса, 2-і мектеп жасындағы балалар. Ал, өткен жылы 22 адам суға кетіп, көз жұмған. Оның 8-і балалар екен. Мұны өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығы азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов пен «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергенов мәлімдеді.

Қызықты да, көңілді жаз мезгілі басталды. Өзге өңірлерге қарағанда Қызылорданың ыстығы қашанда ерекше. Осы тұста, қызылордалық тұрғындар үшін қатты ыстықтан қорғанудың бірден-бір жолы – суға шомылу.   Десе де, суға түсу жан рахаты болғанымен, оның кейбір жағдайда қауіпті болуы әбден мүмкін.

– Соңғы 3 жылда облысымыздың су айдындарында орын алған төтенше жағдайлар бойынша талдау жүргізілді. 2016 жылы Қызылорда облысы бойынша 35 адам суға кеткен. Соның 13-і мектеп жасындағы балалар. Ал, 2017 жылы 26 адам көз жұмса, оның 7-і балалар. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себебі қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзуы болып табылады. Атап айтсақ, өзен немесе каналдардың кез-келген, әрі зерттелмеген (ағысы жылдам, терең жағалары тік жар) жерлеріне суға түсуі; спирттік ішімдік ішіп суға түсуі; балалардың ересектердің бақылаусыз су жағасына баруы мен суға түсуі және олардың жүзе білмегендігі қайғылы оқиғаларға әкеліп соқтыруда, — дейді Қызылорда облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығы азаматтық қорғау полковнигі Омар Бержанов.

Иә, суға түсу маусымы басталды. Апаттың айтып келмейтіні белгілі. Дегенмен де адамдардың қайғылы жағдайларға көп ұшырауы суға түсуге болмайтын жерге шомылуы, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан және балаларды суға түсу кезінде қараусыз қалдыруынан болып отыр. Омар Құмарұлының айтуынша, қазіргі таңда тұрғындардың қауіпсіздігін қадағалау мен алдын-алу бойынша үгіт-насихат жұмыстарды жасалып жатыр екен. Соның бірі, 8 мамырдан басталған 3 бағыттағы, 9-12 адамнан тұратын 3 топтың кезекшілігі. Олардың құрамында «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел жасағы», төтенше жағдайлар департаменті мен облыстық өрт сөндіру департаментінің қызметкерлері бар. Олар жұмыс күндері сағат 17:00-22:00 аралығында және сенбі, жексенбі күндері 14:00-22:00 аралығында кезекшілікте болады.

Мамандар тұрғындардың тек рұқсат етілген орындар мен арнайы жағажайларда ғана суға түссе екен деген ниетте. Себебі, ол жерлерде барлық жағдайлар жасалған. Яғни, онда түрлі әдістерді меңгерген сүңгуір мамандар мен медицина қызметкерлері болады. Қазіргі уақытта облыс бойынша 3 жағажай бар. Олардың бірі Шиелі кентіде болса, қалған екеуі Қызылорда қаласының аумағында, яғни Арай мөлтек ауданы мен Белкөл кентінде орналасқан.

«Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысының айтуынша, қайғылы оқиғалар көп жағдайда жағажайлардың талапқа сай жабдықталмауы мен қауіпсіздік шараларының жүргізілмегендігінен орын алып жатады екен.

– Негізі су айдындары мен демалу орындарында мас күйінде, есірткі қабылдаған күйінде суға түсуге болмайды. Бұлай деу себебіміз бізде мас күйінде суға түсіп көз жұмған фактілер болды. Статистика бойынша айтар болсақ, өткен жыл қаза болған 22 адамның 8-і сол мас күйінде суға түскендер. Қаза болғандардың көбі, демалыс орындарында берілген қайықтардың үстіне шығып секіру салдарынан қайтыс болып жатыр. Тағы бір айта кететіні, арнайы тексеру жұмыстары жүргізілмеген су айдындарында суға түсуге болмайды, — дейді «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергенов.

ТЖД бастығы азаматтық қорғау полковнигінің айтуынша, қазіргі кезде Шіркейлі каналының ағасы күшті әрі терең екен. Сондықтан олар тұрғындарды барынша сақ болуға, қауіпті аймақтарда суға түспеуге шақырады.

Облыс тұрғындарына айтарымыз, суға түскіңіз келсе шомылуға болмайтын жерлерді торуылдамай, мамандар тарапынан арнайы рұқсат етілген жағажайларда демалыңыздар. Онда сіздер үшін барлық қауіпсіздік ережелері сақталған. Тыйым салынған жерлерге суға түспеуге тырысыңыздар. Жоғары да атап кеткендей, қаза болғандардың кем дегенде 2-3-еуі балалар. Сол үшін ата-аналарға айтарымыз, су айдындарына демалуға барғанда ұялы телефон немесе басқа нәрселерге көңіл бөлмей, балаларыңызды қадағалап отырыңыздар. Олардың жылдамдығы сізді көз ілестірмеуі мүмкін. Суға түсу бір сәт қуаныш сыйлағанымен кейбір тұста қауіпті де болуы мүмкін. Сондықтан, жағажайға демалуға барған әрбір тұрғын қауіпсіздік ережесін сақтағаны жөн.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here