Көрсеткіштер төмендемейді

0
231

Ауыл шаруашылық өнімі ел экономикасының негізін құрайды. Бақша дақылдарымен қатар жеміс-жидек өнімдері, күріш, бидай өнімдері әлеуеттің әлеуетін арттырып, экономикамыздың даму көрсеткішін еселейді. Биылғы жылы Сыр дихандары да өзге өңірлермен қатар дала төсін дүбірге бөлеп аймағымыздың айбарына баланған күрішіміз бен жергілікті қауын-қарбыз, көкөніс өнімдерін егуді қолға алды.

Қалаға қарасты ауылдық округтер мен жеке шаруа қожалықтарында нендей жаңалықтар болып жатыр, қандай өзгерістер орын алуда, осы және өзге де сұрақтар бойынша қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Медет Есдәулетұлы Сейіловпен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Биылғы жылы ауыл шаруашылық саласында қандай жаңалықтар болып жатыр?

— Осы жылдың бірінші тоқсан қорытындысы бойынша есепті кезеңде 684 млн. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім 2,6% құрады. Тамақ өнімдерін өңдеу көлемі 2,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 156,5%-ға артты. Ауыл шаруашылығы қорына салынған инвестиция көлемі 9,7 млн. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100% құрайды. Тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға 474,6 млн. теңге инвестиция салынып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 26,6 есеге артты.

Өсімдік шаруашылығы саласы бойынша егіс көлемі облыс әкімінің ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес қала бойынша 2019 жылы барлығы 7330 гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру бекітілді. Оның ішінде 334,4 гектары дәнді дақылдар (3002 га күріш, 237 га жаздық бидай, 40 га күздік бидай, 60 га арпа, 5 га сұлы) 100 гектары майлы дақылдар (100 га мақсары).

1323 гектары мал азықтық дақылдары (315 га жаңа жоңышқа, 1008 га ескі жоңышқа), 2563 гектары ККБ дақылдары (800 га картоп, 993 га көкөніс, 770 га бақша) орналастыру бекітілді.

Сонымен қатар, үстіміздегі жылы ауыл шаруашы­лығы дақылдарын орналастыру сызбасынан тыс 5 гектарға зығыр (лек), 5 гектарға қант құмайы (сорго), 8 гектарға соя, 20 гектарға жүгері дақылдары орналастырылды. Негізгі дақыл-күріш егу жұмыс­тары басталып, қазіргі таңда 2449 гектар күріш егіліп, оның 2275 гектары суға бастырылып болды.

— Өңіріміздегі мал шаруашылығы саласы бойынша айта кетсеңіз…

— Қала бойынша мал шаруашылығы 2019 жылдың 1 сәуірдегі статистикалық мәліметтер бойынша 20784 мүйізді ірі қара, оның ішінде 11307 бас сиыр, 19476 бас қой мен ешкі, 1592 бас шошқа, 6524 бас жылқы, 2100 бас түйе, 20808 бас құс тіркелген. Мал басының көбейуі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мүйізді ірі қара 0,5%-ға, қой мен ешкі 4,2%-ға, шошқа 4,1%-ға, жылқы 23%-ға, түйе 16%-ға, құс 16,2%-ға өскен.

— Төрт түлік өнімдерін өндіру көлемі қалай іске асуда?

— Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көрсеткіштері былтырғы жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда ет өндіру 102,4%-ға, сүт өндіру 100,2%-ға, жұмыртқа өндіру 9,7 есе артық орындалды.

— Мал төлдерін асылдандыру жағы қалай қолға алынуда?

— Қала бойынша 10805 бас аналық ірі мал тіркелген. Соның ағымдағы жылы 3825 басы тұқымдық түрлендіруге қатысу жоспары белгіленді. Қазіргі таңда 311 бас аналық сиыр мен 73 бас бұқаны асылдандыруға байланысты жұмыс жасалуда.

— Мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп отырған шаруа қожалықтары бар ма?

— Әрине, 2019 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 275 бас асыл тұқымды импортталған. МІҚ аналығын сатып алу жоспары бекітілді. Бүгінгі күні екі шаруашылық атап айтқанда «Тілеуғабыл», «Жұмабай» қожалықтары 300 бас аналық малды елге тасымалдау жұмыстарымен айналысуда және «Жәдігер» шаруа қожалығы Ресей Федерациясынан 105 бас аналық малды карантинге қойды.

Осы бағдарлама арқылы «Жәдігер» қожалығы аймағымызға басқа өңірлерден 5400 бас саулық қой аналығын әкелу жоспары бекітілді. Сондай-ақ қалаға қарасты үш шаруашылықты 3120 басқа тапсырған өнімдері қабылданып, қаржыландыру жұмыстарын күтуде.

— Инвестиция тарту жағы қалай орындалуда?

— Облыстық агроөнеркәсіптік кешенінде 2019-2024 жылдары жалпы 3,2 млрд.теңгені құрайтын 12 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспар­ланып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. (Оның ішінде: 2 репродукторлы шаруа­шылық құру, 2 күріш өңдеу зауыты, 3 сүт қабылдау пункті, 1 тауарлы сүт фермасы, 1 бордақылау ашуы, 1 ет комбинаты, 1 жылыжай шаруашылығын дамыту, 1 шұжық өңдеу цехы басқа да жобалар ұсынылды. Оның ішінде жалпы құны 305 млн. теңгені құрайтын 3 жобаны жүзеге асыру арқылы ауыл шаруашылығы саласының негізгі қорына салынған инвестиция көлемін және 2,9 млрд. теңгені құрайтын 9 жобаны жүзеге асыру арқылы тамақ өнімдерін өндірудегі негізгі капиталға салынған көрсеткіштері міндетті түрде орындалатын болады. Сонымен қатар осы жылы жобалық құны 1,9 млрд. теңгені құрайтын 2 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Атап айтқанда Қызылорда қаласында «Сыр маржаны» ЖШС ирандық «Tavoonі Faragіr Іnche Boroun Co» компаниясымен бірлесіп іске асырылатын экспортқа бағытталған жылдық қуатты­лығы 2 мың тонна өңдеу комбинатының құрылысын салу. Осыған байланысты қаладан 15 гектар жер телімі бөлініп, жобаның жобалық сметалық құжаттары әзірленуде. Сонымен қатар Ақсуат ауылдық округінде «ҚазАгроМир» ЖШС көлемі 2 гектар автоматтандырылған, кешенді жылыжайдың құрылыс жұмыстары 2018 жылдың тамыз айында басталды. Оған Еуропадан (Италия) 425,1 теңгеге құрал-жабдықтар алынып, шетелдік мамандармен құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілді. Қазіргі таңда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуде.

— Егіс алқаптарына атап айтқанда бақша өнімдері мен күріш дақылдарына су қатшылығы мәселесі болып жатқан жоқ па?

— Көктемде Сырдария өзенінде су мөлшері төмен болады деген болжамдар болды. Бірақ енді қазіргі таңда тапшылық болмайды.

Дизель отынынан ешқандай мәселе жоқ. Техникалар 100 пайыз жөндеуден өтті. Минералды тыңайтқыштармен де жеткілікті деңгейде қамтамасыз етіп отырмыз. Ауыл шаруашылық саласына байланысты техникалар алдық. Биыл да көрсеткішті 2018 жылдан төмен етпейміз деген жоспарымыз бар.

— Күзгі жиын-терімді сақтайтын арнайы қоймалар мен орындардың ахуалы қандай?

— Қалада ірі шаруашылықтарда мысалы «Мағжан и К» серіктестігінде таза сертификатталған арнайы қоймамыз бар. Сонымен қатар «Агросервис», «АбайДәулет» осындай күріш ақтау зауыттарына өткізіледі.

— Қаламызда мал терісі мен жүндерін өңдейтін арнайы орындарды жетілдіру жағы қалай? Келешек жоспарда бар ма?

— Әзірге осы жағы болмай тұр. Келешекте оң шешімін табады деп ойлаймын. Қазіргі кезде Шымкент басқа да өңірлердегі кәсіпорындарға жеткізіліп жатады. Сол жақта өңделуде.

Сұхбаттасқан Т.БЕКМЫРЗАЕВ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here