Достыбаевтар — діңгегі мықты отбасы

0
250

Мерейлі, өнегелі отбасы — елдің тұтқасы. Жарасымды жанұя мен ізгілікті қасиеттерге толы әулет қашан да көпке үлгі болуы тиіс. Осы мақсатта Елбасының бастамасымен 2014 жылдан бастап отбасылық құндылықтарды сақтауға қоғам назарын аудару әрі оны дәріптеу мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Сейсенбі күні «Мерейлі отбасы — 2019» ұлттық байқауы­ның қалалық кезеңінің қорытынды мара­паттау шарасы өтті. Өнегелі құндылық­тарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін жоғарылатуға бағытталған сында Достыбаевтар  отбасы өзгелерден озып шықты.

Байқаудың мақсаты — отбасы инсти­тутын нығайту, балаларды тәрбиелеудегі ата-аналардың жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды жаңғырту, оны кеңінен дәріптеу және қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау болып табылады. Сайыс шарты бойынша алдымен іріктеу кезеңі өтеді. «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының қалалық деңгейдегі бірінші кезеңіне Қызылорда облысынан 13  отбасы өтінім білдіріп, бақ сынады. Әрбір отбасы көпке үлгі болған елге сыйлы әулеттер. Байқауды сарапқа салған комиссия мүшелері екінші кезеңге 5 отбасыға жолдама берді.

Шарада қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Руслан Каюпов сөз сөйлеп, барша жиналған қауымды отбасы күнімен құттықтады:

Мемлекеттің тірегі — отбасы. ҚР тұңғыш президенті Елбасы Н.Назарбаев: «Отбасын нығайту және дәстүрлерді сақтау мемлекетіміздегі дамудың кепілі. Сондықтан отбасы мерейін барынша үстем етуіміз керек» деген болатын. Ұлт көшбасшысының бұл сөзі елдігімізді нығайту, бірлігімізді күшейтеді. Мерейлі отбасы байқауы және ана шуағы сынды мерекелердің атап өтілуі еліміздегі жақсы тұрмыс пен тұрақтылықтың анық көрінісі деуге болады. Биылдың өзінде аталмыш байқауға  13 отбасы үміткер ретінде құжат тапсырды. Мерейлі отбасы ұлттық бай­қауының қалалық кезеңіне белсенді­лікпен  қатысқан әр отбасыға  шынайы алғысымды білдіргім келеді. Әр шаңырақ­қа бақыт, бақ-береке тілеймін, — деді.

Қалалық сыннан сүрінбей өткен жеңімпаз Достыбаевтар отбасы Тасбөгет кентінің тұрғындары. Бұл жанұяны  ауылшаруашылығын жетік меңгерген  жанұя деуімізге болады. Отбасының тірегі Қалиядин Достыбаев 79 жаста. 1978-1984 жылдар аралығында Қазақ еңбек қызық ту ордені ауылшаруашылық институтын ауылшаруашылығын механикаландыру мамандығы  бойынша бітірген. Санағалы ғұмырын ұстаздыққа арнаған. Ал жұбайы  жеті баланы анасы Кәмпит Сүлейменова 1959-1963 Қазақ ССР Қазалы ауылшаруа­шылығын техникумын  бухгалтерлік есеп бойынша бітірген. Сауда саласында бірнеше жылдар бойы өнімді еңбек етіп, « Сала үздігі» және «Халықтар достасты­ғы» орденінің иегері атанған. Достыбаев­тар отбасының ұстанымы «Біреудің ала жібін аттамау, маңдай термен  еңбек ету». «Тектіден текті туады» демекші  өнегелі шаңырақтан өмірге  4 ұл, 3 қыз келіп, ұлдары ұяға, қыздары қияға қондырып отыр. Балалары ел игілігі жолында әр түрлі салада қызмет етуде.

— «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, балаларымды адалдық­қа тәрбиеледім. Сонымен қатар жанұядан толық сүйіспеншілікке бөленіп өскен бала үлкен өмірге ата-анасы бойына дарытқан құндылықтармен аяқ басып, ержетеді. Бақытты отбасының құпиясы ауызбір­шілікте, сыйластықта дер едім.  Бүгінде  жұбайыммен отасқанымызға 55 жыл болыпты. 7 бала тәрбиелеп, бүгінде 26 немере, 30 шөберем бар.  Бүгін жүлдегер атанып отырмыз, қуанышымызда шек жоқ. Мұндай мерекелік шараны ұйымдастырушыларға алғысымды білдіргім келеді, -дейді Қалиядин Достыбаев.

Сайыстың қорытындысы бойынша І дә­режелі дипломмен тамыры тереңге таралған, ұрпағымен көктеп-көгеріп отырған Достыбаевтар отбасы марапатта­лып, плазмалық теледидар  табысталды. Ал ІІ дәрежелі дипломмен Беркімбаевтар отбасы марапатталса, ІІІ дәрежелі диплом Жаназаровтар отбасына берілді. Сондай-ақ, «Камқор отбасы» аталымымен Мал­бағаровтар отбасы, «Өнегелі отбасы» аталымымен Айтбаевтар отбасы мара­патталды. Жеңімпаздар ұйымдастырушы­лар тарапынан Алғыс хатпен және сыйлықпен марапатталды. Мерекелік шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

А. ОМАШ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here