Ғылымнан береке тапқан отбасы

0
261

15-мамыр — халықаралық отбасы күні. Қаламызда бір салада қызмет атқарып, қаламыздың дамуына үлес қосып жүрген отбасылар аз емес. Шынбергеновтар жанұясы  қадірлі де қасиетті мамандық саналатын ұстаздар отбасы. Ғылыми ортаға есімі жақсы таныс

Ерлан Шынбергенов география  ғылымдарының, ал жұбайы Нұргүл Сиханова биология ғылымдарының кандидаты. Ерлі-зайыпты ғалымдардың екеуі де Сыр бойындағы білім мен ғылымның қарашаңырағы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-дың оқытушылары. Еліміздің болашағы жас мамандар мен ғалымдарды тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.

Болмысынан зерек те алғыр, шаңырақ иесі  Ерлан Шынбергенов  1986 жылы Қазалы ауданы  Әйтеке би ауылында жұмысшы отба­сында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында география пәніне деген қызығушылығы басым болып, түрлі олимпиада, сайыстарға қатысып, жүлделі орын иеленіп жүрді. Мектеп бітірісімен Қызылорда қаласындағы Қорқыт ата атындағы университетке оқуға түсіп, жоғары білім алады. Бүгінде өзі оқыған білім ордасында геоақпараттық жүйелер сабағынан студент­терге сабақ береді. Ал Нұргүл Сағындыққызы 1984 жылы Қызылорда қаласында дүние есігін ашқан.

2005 жылы қыс айында Нұргүл мен Ерланның таныстығы басталады. Оларды таныстырған «Студенттік Альянс» тобы. Сөз арасында жас отбасы бізді табыстырған «Көшпенділер» кітабы деп күлді.

— Студенттік кезде 1 курста міндетті түрде тарих сабағы болады. Оқытушымыз Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романын оқып келіңдер деп тапсырма берген болатын. Бірақ ол кезде топтағы 30-ға жуық студенттің тек 2-3-уі ғана кітапты толық оқып шығатын.  Бір күні кітапханадан Ерланның   қолында көрмеге қоятын үлкен  «Көшпенділер» кітабын ұстап шығып бара жатқанын көріп қалдым. Менде сол кітапты бастан-аяқ оқып шыққан болатынмын. Бірақ мен оқыған  кітап кішкентай болды. Үлкен болғандықтан болар, әлгі кітап көзіме оттай басылды. Кітап кішкентай болса, мүмкін мен көрмес пе едім. Содан-ақ Ерланның білімге құштар екенін аңғардым. Қыз баласы өздеріңіз білесіздер, сезімін білдірген жігіттің  ұсынысын бірден қабылдамайды.  Кейін түрлі іс-шаралар ұйымдастырдық, оны жақын тани келе ғылымға құмар, алға қойған мақсатына  жетпей қоймайтын алғыр екенін аңғардым, — деп бастады әңгімесін Нұргүл Сиханова.

Екеуінің де білімге құмарлығы,  студенттік шақтағы таныстық үлкен отбасының құрылуына әкелген. 2007 жылы олар  отбасын құрады. Кейін аталмыш университетте магистратураға түсіп, 2 жыл оқып шығады. Жас отбасы ата-аналарына  қол жайып отырмай, магистратура оқи жүріп Ерлан Шынбергенов 3 жерде қызмет атқарады. Магистратураны тәмамдаған соң ерлі-зайыптылар  алғашқы еңбек жолдарын  «Болашақ» университетінен бастайды. 2013 жылы Қорқыт Ата атындағы ҚМУ мен Ресей Федерациясындағы Қазан қаласындағы Қазан федералды университеті меморандумға қол қояды. Осылайша, университет ректорының қолдауымен ерлі-зайыптылар маңдай тер, табан етімен адал еңбек етіп Қазан федералды университетіне  аспирантураға өз күштерімен оқуға  түседі.

— Шетелге бару, әлемдік деңгейде білім алу кез-келген ойы ұшқыр жастың арманы. Біз оқыған Қазан федералды университетінде 45 мың  студент білім алады. Жан-жақтан жиналған жастардың санында шек жоқ. Аспирантуға түсу үшін  Қызылорда қаласы мен Қазанда емтихан тапсырдық. Екі жақтан да байқаудан  сүрінбей өттік. Ол кезде балаларымыз әлі кішкентей.  Үлкеніміз 6 жаста, кішіміз 1 жас 8 ай еді. Жолдасым балаға бас көз боламын, Қызылордада қалып жұмыс істеймін деп мені жалғыз оқуға жібермекші болды. Алайда әкем «екі баланы да өзіміз қараймыз, екеуіңде барып оқып келіңдер» деді. Кезінде әкеме соңдай мүмкіндік берілгенде  мені қарап қалып, Ресейге оқуға бармаған екен. «Әлі күнге дейін сол ісіме өкінемін. Кейін сендерде де сондай өкініш болмасын» деп екеумізді оқуға бірдей жіберді. Осындай қолдау білдірген ата-анама шексіз алғысымды білдіргім келеді. Оқуға қабылданданған соң қорқыныш үрей басым болды. Университеттегі ұстаздар, ректор да «кішкентай балаларың бар қалай болар екен» деген күмәнмен қарады. Бір жағынан университет өзі қаржыландырған соң бізге үлкен үміт артып отыр. Университетті тәмамдап келген соң ғылым жағын дамытуы­мыз керек. Ұстаздар арасында жас отбасы ертең ғылыми кандидаттық диссертациясын қорғай ала ма? деген сенімсіздік болды. Сол кезде   ғылым және халықаралық байланыс жүйесі бойынша проректордың міндетін атқару­шы Қали Омаров  «Екеуі де кандидаттық диссертациясын қорғап келеді» деп сеніммен айтқан еді. Сол сөз миымызда мәңгілікке  қалып қойды. Құр елге оралуға ар-намыс жібермеді. Сол сөздің өзі бізді қайрады,- деді Нұргүл Сиханова.

Қызылорда облысында балықшылардың ауылы Қаратерең деген елдімекенде  Кәрітұма деген көл бар. Сол көлдің құстар фаунасын Нұргүл Сиханова 4 жыл бойы  зерттеді. Иә, қаламызда құстар әлемін зерттейтін ғалымдар көп емес. Төрт жылда тек теория қумай, Қара­терең ауылындағы (Арал ауданы) Кәрітұма көлі­не жиі барып тұрды. 2008 жылы диссертация­лық жұмысын «Сырдария өзені атырауындағы көлдер жүйесінің қалпына келу аймағындағы орнитоценоздардың қалыптасуы» деген тақырыпта сәтті қорғады. Зерттеу жұмысы барысында облыста пайдаланатын әдебиеттер тапшы екенін де жасырмады. Ал Ерлан Шын­бергенов  Ресейдегі Лена өзенінің электронды картасын жасап шығады. Иә, кандидаттық диссертацияны қорғау оңай еместігін сөз арасында байқап қалдық. Кілең мықты ғалым­дардың алдына шығып, 4 жыл бойы жазған еңбекті  қорғап шығу екінің бірінің қолынан келе бермейді.

— Қазан қаласына барған соң бағымызға  орай  жақсы, білімді  жетекші тағайындалды. Ғылымның не екенін сонда барғанда білдік. Олай дейтінім, қарапайым тақырыптың өзі ғалымдардың арасында талқыға салынады. Сондай жерде ғылым шындалады, ой елегінен өтеді. Әр нәрсеге бармақ басты, көз қысты деп қаралмайды. Оқытушылардың барлығы үнемі ізденіс үстінде,  білімге құштар, білім мен еңбекке құмарлығын сөзбен айтып жеткізе алмаймын. 4 жылда 20-ға жуық конференцияға қатыстық. Кандидаттық диссертация барысын­да 50-ге жуық мақалам жарыққа шықты. Оқуға аттанарда ректор бізге «елімізге пайда әкелетіндей тақырып таңдаңдар»  деп  талап қойды,- деді сөз ара­сында Ерлан Шынбергенов.

Бұл шаңырақта қымбаты — мүлік пен мансап емес, мұқабасы берік кітаптар. «Бақыттың да, байлықтың да анасы – еңбек» дегенді өмірлік қағидасына айналдырған ерлі-зайыптылар балаларын  білімге баулуда. Үлкені Мұхтасар №15 гимназияда 5-сыныпта оқиды, күнделікті жүзу, шахмат үйірмесіне қатысады, ал кіші ұлы Әбдіәлинұр №217 орта мектепте 1-сыныпта білім алып жатыр.  Домбыра тартқанды ұна­тады. Екеуі де оқу озаты.

Ерлі-зайыптының атап айтатын басты қасиеттерінің бірі де бірегейі — олардың ғылым­ға деген адалдығы, талант пен зерттеушілік қабілеттерінің үйлесімділігі. Екі ғалым да ілім-білім сала­сындағы зерттеу аясы да, ауқымы да шектеусіз, көкжиегі де кең, қарымы мен қайтарымы өлшеусіз ғылым салаларында тоқтаусыз, сан-салалы еңбек жасап келеді. Кейіпкерімізбен әңгімелесе отырып, олардың ерекше атап өтетін басты қасиеттерінің бірі — адамгершіліктің ақ туын әркез жоғары ұстауы.  Нұргүл Сиханованың аналық ақ жүрегімен, ыстық ықыласымен келген адамды әп-сәтте өзіне үйіріп алды.

Жас отбасы 15 мамыр күні  отбасы күні екені мәңгілікке жадымызда қалды дейді. Олай дейтін себебі,  аспирантурада оқып жүргенде олар отбасы байқауына қатысады. Қазан федералды университетінде 3000-ға жуық шетелдік студенттер оқиды. Байқауда жатақханада  тұратын студенттер өз елінің ұлттық салт-дәстүрін көрсетуі тиіс болатын. Ерлі-зайыпты Қызылордадан ұлттық киімдерді, ұлттық құндылығымызды көрсететін  барлық заттарды алғызады. Байқауды бағалайтын комиссияға тіпті  ұлттық тағамдарды да ұсынады. Осылайша, Ресейде жүріп қазақтың салт-дәстүрін таныстырып, «Үздік отбасы» атанады.

Ерлан Шынбергенов пен Нұргүл Сихано­ваның отасқандарына биыл  12 жыл болыпты. Сөз соңында  кейіпкерлерімізден бақытты отбасы болудың құпиясы неде екенін сұрадық:

— Отбасымыздағы береке деп өзара түсініс­тікті айтар едім.  Ерлі-зайыпты бір-бірін қас-қабағынан түсіне алса, көптеген мәселенің алдын алады. Екіншісі, бұл сыйластық. Әр әйел азаматын ардақтаса, әр азамат  әйелін сыйласа  қандай жарасымды. Осы күнге дейін түрлі жағдай орын алды. Әр уақытта жар таңдауда жасаған таңдауымның  дұрыс болғанына «шүкір» деймін,- деп қысқа да нұсқа жауап берді үйдің отағасы Ерлан Шынбергенов.

Жас ғалымдардың ендігі мақсаты  ғылым жолындағы ізденістерін  тоқтатпай   Қызылорда  облысында ғылым жолын тереңдетіп, дамытсақ  дейді. Ғылым жолымен айналысатын ғалымдарға, керемет  жобаларға қаржылай қолдау болса деген тілектерін де жасырмады. Адамгершіліктің биік парасатын ұстанған, кішіпейіл де көркем мінездерімен көптің құрметіне бөленген қос ғалымға «Абырой­ларыңыз асқақтай берсін!» дегіміз келеді.

А. ОМАШ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here