Нәлібаев 1 миллионды кімге берді?

0
266

Биыл облысымызда Қызылорда қаласы әкімдігінің тікелей қолдауымен алғаш рет академик Асқар Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» І халықаралық олимпиадасы өтті.  Қызылорда қаласы әкімінің жүлдесіне арналған байқау туралы  мамырдың 13-і күні академик Асқар Жұмаділдаев, Қазақстан математика ассоциациясының прези­денті Қайрош Мақышов пен көршілес мемлекет­тердің өкілдері өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңына келіп баяндады.

Қызылордадағы жас мұғалімдер қатыс­қан бұл байқаудың негізгі мақсаты — облысымыздағы математика пәнінен жас ұрпаққа білім беріп, қызмет етіп жүрген мұғалімдерге академиктер мен ғалымдардың оқу курстарын ұйымдас­тыру. Сондай-ақ жастардың ғылымға деген шығармашылықтарын шыңдау, белсенділіктерін арттыру, оларды ынта­лан­дыру, жігерлендіру болып табылады. Бұған дейін қала көлемінде өтіп келе жат­қан қалалық жас математиктер байқауы 2014 жылдан бері 5 рет ұйым­дастырылған екен. Бұрын бұл байқау­ларға 1 млн. 700 мың теңге бөлінсе, биыл “Жастар жылы­на” орай ұйымдастырыл­ған байқаудың қаражаты қала әкімі Н.Нәлібаевтың тіке­лей қолдау көрсе­туімен 10 млн. теңгеге ұлғайтылып, халықаралық деңгейде өтті.

— Қасиетті Сыр елінен талайды таңқал­дырған ақын, әнші, жырау көп шыққан. Ылғи ойлаймын, әрі айтып жүремін осын­дай киелі мекенде неге балалар болаша­ғына пайдалы басқа да байқаулар мен іс-шараларды өткізбеске? Сыр елі, жыр елінде тек ақын, әнші ғана емес програм­мист те, математик те шығуы керек. Мен осы уақытқа дейін келешек ұрпаққа өзіне  қажетті мамандықты үйренсін деген мақ­сатта математика пәні бойынша түрлі идея­­ларды ұсынып келемін. Дәл осы жолы ұсыны­сымды бірден алғашқы болып қолдап, осынша қаржыны бөлген Қызылорда қаласының әкіміне алғыс айтып, алдағы жұмыс­тарына табыс тілеймін. Бұл байқауда жас мұғалімдерге 7 есеп беріледі. Олар тест емес, ғылыми есептер, — деді брифингте академик Асқар Жұмаділдаев.

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болар еді» — деді. Иә, расымен де, ел болашағы білімді жастардың қолында. Осы бастан жас ұрпақты математикаға қызығу­шылығын арттырып, олардың логикалық ой-өрісін дамытуға атсалыссақ елімізде математик жас мамандардың саны артады.

Бүгінде Қызылордада алғаш рет халықаралық деңгейде өткізіліп жатқан олимпиадаға 800-ге жуық жас мамандар өтінім тастап, 100-і іріктеуден өткен. Айта кету керек, байқауға Қызылорда облы­сының ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, көршілес мемлекеттерден яғни, Өзбекстан, Қырғызстаннан көп­теген жас мамандар келіп қатысуда.

— Орта білім саласында 35 жылдан астам қызмет еттім, жұмыс бабымен бірне­ше мектептерді зерттедім. Мұндай жас мұғалімдер арасындағы халықаралық байқау және ірі көлемдегі жүлде әлі болған емес. Біздің Қазақстан математика ассоциациясына қала әкімшілігінен осындай ұсыныс келіп түскенде біз оған қуана-қуана атсалысуға бірден келістік. Жас мұғалімдер арасындағы байқау жоғары деңгейде өтті, — деді Қазақстан математика ассоциациясының президенті Қайрош Мақышов.

— Сыр елінің қайталанбас тумасы, қазақ елінің мақтан тұтар тұлғасы, математика ғылымына ерен еңбегі сіңген ағамыз Асқар Жұмаділдаев атындағы «Жас математиктер» байқауы өз мәресіне жетіп отыр. Олимпиаданың мақсаты – жастарымыздың математика ғылымына деген ынтасын арттыру. Осы айтулы додаға қатысып, бақ сынаған барлық сайыскерлерге, шет елдерден біздің мерейімізді асырып келіп отырған қонақтарымызға зор алғыс білдіреміз. Бүгінгі олимпиада бар білімін, терген ілімін кейінгі ұрпаққа беріп, елдің сөзін сөйлеп, өмір сүрудің биік өнегесін жастарға дәріптеп жүрген ардақты азаматымыз Асқар Жұмаділдаевтың арқасында өтіп жатыр. Сіздерге осы кісінің жолын берсін, — деді қала әкімі аппаратының басшысы Мира Қазбекова.

100-ден аса қатысушы­лардың арасын­да ойының ұшқырлығы мен білімділігінің арқасында алматылық Дәурен Айтму­хамет жеңіс тұғырынан көрініп, 1 млн. теңгені қанжығасына байлады.

 

— Мен бүгін жеңімпаз атандым. Әрине, өте қуаныштымын. Олимпиада қызықты әрі қиын болды. Осыдан 3 жыл бұрын Қазақстан математика ассоциа­циясы ұйымдастырған олимпиадаға қатыстым және 1 орынды иелендім. Бұл жолғы олимпиада басқалардан өзгеше. Мұнда есептер қиын болды. Қарсылас­тарымның да осал еместігі көрініп тұр. Жолым болды, — деді Дәурен Айтмухамет.

Ал, одан кейінгі ІІ орынды сонымен қатар 700 мың теңгелік сыйақыны Нұр-Сұлтаннан келген Бағдат Кабасов пен Алексей Конаныхин иемденді. Төрелік еткен қазылар алқасының шешімі бойын­ша ІІІ орын мен 500 мың теңгелік қар­жылай сыйақыны ақтөбелік Данияр Кулболдин мен алматылық Асқар Әлжан жеңіп алды.

«Менің екі Отаным бар. Бірі кіндік қаным, тамған жерім Шиелі ауданы болса, екіншісі сонау Қызылорданың Шиелі­сінен барып білім алған Мәскеу. Осындай елде, осындай жерде туғаныма бақытты­мын,  қуаныштымын. Себебі, мұнда менің айтқанымды жерге тастамай орындайтын, әрдайым қолдауын көрсететін жандар жетерлік. Қазақта математиктер, ғалым­дар көп. Бірақ артында бір ізі қалмаса, туған жері болмаса ол жай қаңбақ секілді. Ондай адам кімге керек болсын. Міне, мен сол себепті бақытты адаммын. Мені сыйлайтын, бағалайтын Қызылорда халқына алғысымды айтамын». Бұл осы байқау өткізу барысындағы Асқар Жұма­діл­даевтың жүрекжарды жылы сөздері мен қуанышы. Туған жерінің халқына алғысын жаудырған академик бұл мекенде ізін басатын емес, өзін он орайтын балалар шығатынына сенімді екенін айтты. Сондай-ақ, Қазақ­станда өзге мемлекеттермен салыстыр­ғанда математикалық деңгейдің жақсы екенін, жарыстарда әркез алғашқы ондыққа кіретінін жеткізді.

Қызылордадағы тартысты өткен дода­ға қазылық еткен, арнайы Нұр-Сұлтан қала­сынан келген қазылар алқасының мүшесі Ырысбек Мәуіт те олимпиада жайлы өз пікірін білдірді.

— Олимпиада керемет өтті. Қатысу­шыларға берілген 7 есептің 4-уі математи­калық олимпиадалық бағытта, ал 3 есеп шығармашылық яғни, әдістемелік (беріл­ген есептің қатесін табу). Есептер оңай болмады. Ең қуанарлығы, қатысу­шылар­дың 80 пайызға жуығы жас ер адамдар. Неге десеңіз, өйткені қазіргі қоғамда мәселе болып жүрген жастар әсіресе ер адамдардың мұғалімдікке көп келе бер­меуі және олардың қоғамдағы мәртебесі. Міне, осындай олимпиадалар мұғалім­дерге үлкен мотивация береді деп ойлай­мын. Олимпиадаға төрешілік ету бары­сын­да жас мұғалімдердің деңгейінің өте жақсы екенін көрдім, — дейді, Нұр-Сұлтан қаласы «Зерделі» ақыл-ой дамыту мекте­бінің директоры, қазылар алқасы­ның мүшесі Ырысбек Мәуіт.

Сонымен, көптің көңіліне қуаныш сыйлаған бала кезінен «оқымысты», бүгінде ғалым, академик болған Асқар Жұмаділдаев атындағы математика пәні бойынша ұйымдастырылған І халық­аралық олимпиада жоғары деңгейде өтті. Шара Сыр елінің жас талантты әртістері мен әншілерінің концерттік бағдарлама­сымен тәмамдалды.

Т.КЕНЖЕБАЕВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here