Жалақысы аз оқытушылардан сапалы білім сұрауға болады ма?

0
2026

Елбасымыздың білім сапасын көтеру талабы бүкіл білім жүйесіне әсер ететін жоғары оқу орындарында қалай жүзеге асырылуда? Салыстырмалы түрде алсақ, 1991 жылы 17 млн. халқы бар Қазақстанда 55 ЖОО болса (оның екеуі ғана университет), ал қазір елімізде 128 ЖОО бар (оның 72-сі жеке­меншік). Дамыған Европа, Оңтүстік Шығыс Азия елдерінде 320 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келетін болса, бізде 141 мың адамға бір жоғары оқу орнынан келеді. Алайда біз жоғары оқу орнының саны жөнінде дүние жүзі бойынша алдыңғы орынға шыққанымызбен, сол беріліп жатқан білімнің сапасы сын көтермейді. Жоғары білім беретін көптеген оқу орындарындағы болып жатқан келеңсіздіктер мен білім сапасының төмен болуына не себеп?

Оның негізгі себептері мыналар. Біріншіден, коммерциялық ЖОО-ң көпшілігі сапалы білім бере алмай, тек қаржы жинау құралына айналып отыр­ғаны шындық. Былтырғы жылдан бастап, Ұлттық тестілеуден 50 баллдан төмен алған білім деңгейі төмен мыңдаған талапкерлер жыл бойы үш реттен тест тапсырып оқуын жалғастыра беретін болды. Бұл талапкерлер негізінен он бір жыл бойы мектепте нашар білім алғандар, олар ертең қандай мұғалім, дәрігер, инженер болмақ? Демек ЖОО-ң көпшілігі сапалы білімге емес, тек диплом беруге машықтанып алған.

Екіншіден, аймақтық деңгейдегі сұранысқа мән берілмей кадрлар дайындалып жатыр. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының зерттеуі бойын­ша жұмыс беру нарығында қазіргі таңда небәрі 30% жоғары білімді маман керек болса, қалған 70% жұмыс орындары орта-арнаулы колледждерді бітіргендер қажет екен. Көші-қон комитетінің мәліметіне сүйенсек соңғы жеті жылдың ішінде елімізге көрші Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен 6 млн. еңбек мигранттары келіп, құрылыс, ауыл шаруа­шылық, тұрмыстық қызмет көрсету салаларында жұмыс жасап,осы бос орындарды толтырған.Біз жыл сайын мемлекет және ата-аналардың қаражатының есебінен қазіргі нарыққа қажет емес он мыңдаған жоғары білімді маман­дар даярлап, жұмыссыздар санын қолдан көбейтіп отырмыз. Жылына бітіріп жатқан осыншама жоғары білімді дипломы бар мамандар экономикамызға қажет пе? Бұл мәселені кім реттейді?

Үшіншіден,2018 жылы жоғары білімге бөлінген қаржы ІЖӨ 0,35 % құраған, ал экономи­калық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерін­де (ОЭСР) бұл көрсеткіш 1,6 % құрайды. Мысалы, еліміздегі Ұлттық Университеттерде мемлекеттік грант есебінен білім алатын әрбір студентке жылына 635 800 теңге, ал басқа ЖОО-на 443 300 теңге бөлінеді. Ал Мәскеу мемлекеттік университе­ті­нің Қазақстандағы филиалында оқитын әрбір сту­дент­ке бюджеттен жылына 1 млн. 690 мың қаржы береміз. Айырмашылық төрт есе. Сондықтан да отандық ЖОО-да жұмыс жасайтын оқытушы-профессор­лар­дың айлығы өте төмен. Мысалы, ғылым докторы, профессор 130 – 150 мың, ғылым кандидаты, Ph.D доктор 80-100 мың теңге көлемінде ғана жалақы алады. Осындай жала­қымен күн көріп отыр­ған оқытушылардан сапалы білім сұрауға бола ма? ЕліміздіңЖОО-да дамыған елдерге қарағанда ғалымдардың саны үш есе аз, мате­риалдық–техникалық база­лары талапқа сай келмейді. Білім беру бағдарла­малары барынша жаттанды теорияландырылып жұмыс берушілер мен кәсіпкерлермен байланысы нашар, орта мектеп, колледж, ЖОО деңгейлерін­дегі сабақтастық әлсіз. Сондықтан да мектеп бітірген түлектер сапалы білім беретін шетелдік оқу орындарына кетіп жа­тыр. Соңғы үш жыл ішінде тек Шығыс Қазақстан облысынан 3 мың жас талапкер Ресейдің ЖОО түскен.

Төртіншіден, еліміздегі128ЖОО-ң 82-і университет мәртебесіне ие екен. Ғылыми жұ­мыспен айналысатын фундаменталды классика­лық формадағы университеттерден басқасын профильдік бағыттағы институт не академия статусына түсіру тетіктерін жасау қажет. Сонымен қатар Әл-Фараби атындағы ұлттық университет пен Гумилев атындағы Евразиялық университетте­рінде 40 мыңға жуық бакалаврлар білім алады. Негізі бұл екі оқу орны магистрлер мен Ph.D докторларды даярлайтын ірі ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын оқу орындары болып, бакалавр мамандықтарын негізінен өңірлердегі оқу орындары дайындаулары керек.

ЖОО-нан кейінгі кәсіби оқу бағдарла­маларын іске асыратын білім беру ұйымда­рына оқуға қабылдаудың үлгі ережесіне сәйкес Докторанттар контингенттерін қалыптастыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады деп белгіленген. Алайда бұл қабылданған ереже бұзылып, докторантурада еліміз бойынша ақылы негізде 1000-ға жуық азаматтар оқиды екен. Шынайы ғалымдарды қаржы төлеу арқылы жасай алмаймыз. Енді осылай кете берсек он жылдан кейін билікте, бизнесте жүргендердің көбісі Ph.D доктор болып шыға келеді. Бұған тоқтам жасауымыз керек.

Сенатор М.БАҚТИЯРҰЛЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here