Қызылордада учаскелік полицейдің үстінен қылмыстық іс қозғалды

0
510

Қызылорда облысы Қармақшы ауданына қарасты ІІІ Интернационал ауылының учаскелік полицейі Қайрат Байменовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол жергілікті кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіріп, кәсіпкер қызметін жеке мақсатта пайдаланған.

Аталмыш мәселе облыстық кәсіпкерлер палатасының алаңында өткен Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысында қаралды. Учаскелік полицей үстінен  «Достық-жер МК» ЖШС  басшысы мен ауыл тұрғындары атынан ұжымдық арыз түскен.

Кәсіпкер Миляр Арифовтың айтуынша, учаскелік полицей Қармақшы ауданы, Шошқакөл ауылында тұратын анасының үйіне шөп апарып беруді сұраған. Олай етпеген жағдайда серіктестік техникасының жүріп-тұруына тыйым салатынын айтқан. Нәтижесінде кәсіпкер полицейге 8 рейс престелген шөп түсіріп берген. Учаскелік полицей кәсіпкерден одан бөлек сабан шөп жеткізіп беруді талап еткен. Кәсіпкер аталған қызметті көрсетуден бас тартады. Одан кейін учаскелік полицей кәсіпкердің қызметіне заңсыз араласып, техникаларын тоқтатып, жұмысына кедергі келтірген. Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлау Мұхтаров бұл жағдайды растады.

«ІІІ Интернационал ауылы тұрғындары мен кәсіпкерлерден түскен ұжымдық арызға сәйкес, учаскелік полицей Қайрат Байменовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қазір департаменттегі өзіндік қауіпсіздік басқармасы тексеру амалдарын жүргізіп жатыр. Нәтижесі бойынша тиісті шара қабылданады», — деді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Алтынбек Ахметов.

inform.kz

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here