Заппаровтың келуі тегін емес…

0
811

Таяуда Қасым-Жомарт Тоқаев ІІМ-нің кеңейтілген алқа отырысы кезінде Қазақстанда есірткі саудасы артқанына тоқталып өтті. Мемлекет басшысы есірткі алу жеңілдегенін мәлімдеді. Оның сөзінше, үй қабыр­ғалары мен қоршауларда QR-кодтар мен интернет-дүкендерге сілте­мелер қаптап жазылып тұрады. Оның бәріне көз жұмып отырған полиция өкілдеріне президенттің күдігі бар.

«Есірткі алу жеңілдеді. Жасөспірім мұны интернет арқылы істей алады. Әрбір шет ауданда жасырын есірткі жарнамасын, арнайы сайттарға сілтемелер табуға болады», — деп баса айтып өтті Қ.Тоқаев.

Осы отырыстың артынша Президент Әкімшілігінің келісімімен Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы лауазымына полиция полковнигі Арыстанғани Расылханұлы Заппаров  тағайындалды. Арыстанғани Расылханұлы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі академиясының Заң институтын бітірген. Ішкі істер органдарында 1993 жылдың қараша айынан бері қызмет атқарады. Орта және жоғарғы басшылық құрамдағы қызметтерді атқарды. Жергілікті бөліністердегі басшылық қызметте мол тәжірибесі бар. Әр жылдары Алматы облысы Полиция департа­менті Еңбекші қазақ ауданының Полиция басқармасын, Алматы қаласы Алатау ауданы Полиция басқармасын, Ақмола облысы Полиция департаменті Степногорск қаласы Полиция басқармасын басқарды, Ақтөбе облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары болды.  2018 жылдың қаңтар айынан Қазақстан Респуб­ликасы Ішкі істер министрлігі Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметін атқарды.

Иә, нашақорлық — әлеуметтік ауру. Ол жер бетін әбден жайлап алды. Кез келген мемлекет нашақорлыққа қарсы күресті ашық жариялап отыр.  Өткен жылы Қызылорда облысы көлемінде 376 есірткі қылмыстары тіркеліп, заңсыз айналымнан 132 келі есірткі заты алынды. Қызылорда облысына есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы қызметін атқарған Заппаровтың басшы болып келуі тегіннен тегін емес деп топшыладық. Алдағы уақытта облыста заңсыз есірткі айналымы азаяды деген ойдамыз.

Жаңа басшының   ҚР Президентінің тапсырмасын орындау, облыстағы қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмысқа қарсы күресте азаматтардың құқығын қорғауға қажетті барлық шараларды жүзеге асыратынына сенім білдіреміз. Ал, осы лауазымда қызмет атқарған полиция полковнигі Қайрат Болатұлы Мұxитов ҚР Ішкі істер министрлігі, Әкімшілік полиция комитетінің бірінші орынбасары қызметіне ауысты.

А.ОМАШ

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here