Ширек ғасыр жетістіктері аз емес

0
116

Қызылорда қалалық мәслихат хатшысы Роза БОХАНОВА:

Биыл ҚР мәслихаттарының құрылғанына — 25 жыл. Ширек ғасырда мәслихат билік пен бұқара арасындағы алтын көпірге айнал­ды десек, артық айтқандық емес. Тәуел­сіздік жылдарында қаламызда жарқын жобалар жүзеге асты. Жүздеген әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Елді мекен­дерге ауыз су, газ құбырлары тартылып, жолдар жөнделіп, көшелер абаттандыры­луда. Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, жұмыс­сыздық деңгейі төмендеді. Міне, осын­дай оңды істердің басы-қасында өкі­лет­тіліктері мен біліктіліктері артқан жергі­лікті мәслихаттағы депутаттар корпусы да қатар жүргенін айта кету керек. Ширек ғасырда қоғамда кездесіп отырған әрбір өзекті мәселелер мәслихат назарынан тыс қалмады. Соның нәтижесінде өңірдегі әлеуметтік ахуал жақсара түсті. Осы ретте   халық пен билік арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, әр саланың алға басуына өзін­дік үлесін қосып, елдің құрметіне бөленген Қызылорда   қалалық мәслиха­тының хатшысы Роза Бохановамен сұхбаттасқан едік.

— Роза Аяғанқызы, Қазақстан Респуб­ликасы жергілікті мәслихаттарының 25 жылдығымен шын жүректен құттықтаймыз! Әңгімеміздің әлқиссасын мәслихаттың рөлінен бастасақ…

Өзінің қалыптасқан 25 жыл ішінде мүмкін­діктері мен біліктіліктері артқан жергілікті мәслихат­тағы депутаттар корпусы — қоғамды одан әрі демократияландыруға, халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты нығайтуға, халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған экономикалық және саяси реформаларды жүргізу­де өз белсенділіктерін танытып келеді. Біздің тәуелсіз еліміздің алғашқы мәслихат сайлауы
1994 жылғы 7 наурызда өткізіліп, әр деңгейдегі мәслихаттар органдары қоғамға енді.

Өз кезегінде халықтың ойын білдіретін және қажетті іс-шараларды белгілеп, олардың іске асуын заң шеңберінде қадағалайтын жергілікті өкілетті органға сайланған депутатардың иығына зор жауапкершілік артылды. Жұрттың сенімінен шығу оңай емес. Бастапқы жылдарда көпшіліктің өтініш-тілегіне қарай билік органдарының шешімін өзгерту одан да қиын болғаны белгілі. Өйткені, ол кезде өте өзекті мәселелер көп еді. Біріне басымдық беріп, екіншісін кейінге шегеру мүмкін болмаған кездер де кездесті. Бірақ қос тараптың да ортақ мүддесі – әлеуметтің әл-ахуалын жақсарту еді. Сессия отырыстарында маңызды шешімдер қабылданып, ол өңірдің әлеуметтік жағдайын түзеуге ықпал етті. Елдің ілгері дамуы үшін еңбек ететін органның назарынан қоғамдағы өткір мәселелер, жұрттың мұң-мұқтажы ешуақытта тыс қалған емес. Халық қалаулысының басты міндеті – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпірге айналу.

Қазір еліміздегі түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 3300-ден астам депутаттар болса, оның ішінде біздің облыстағы жергілікті мәслихаттарда 145 депутат бар, оның 29-ы облыстық, 19-ы Қызылорда қалалық мәслихат депутаттары. Әрбір қалалық мәслихат депутатының сайлау округінде 10 мыңнан астам сайлаушысы бар. Бүгінгі таңда әрбір депутаттың өз сайлау округінде тұрғындарымен тығыз байланысы қалыптасқан деуге толық негіз бар. Депутаттар сайлаушыларды қабылдап, олармен кездесулер өткізіп, толғандыратын ортақ проблемаларды, маңызды мәселелерді талқылап отырады. Ұсыныстарды тиісті орындарға қояды, орындалуын бақылайды, атқарған жұмыстары жайлы жылдық есептерін береді.

Қаланың бюджеті де   мәслихатта қаралады. Мәселен, 2016 жылы Қызылорда қаласының бюджеті 31,2 млрд. теңге көлемінде бекітіліп, жыл басынан бері Ұлттық қор есебінен, республикалық және жергілікті бюджеттерден қосымша қаржы бөлініп, 62 млрд. теңгеге жетті. 2018 жылға арнал­ған Қызылорда қаласының бюджеті жыл басында 42 млрд. 115,7 млн. теңге көлемінде бекітіліп, Ұлт­тық қор, республикалық, жергілікті бюджеттерден қосымша қаржы бөлініп, мәслихат сессияларында 9 рет қала, қалаға қарасты кент және ауылдық округтер бюджеттеріне енгізілген тиісті өзгерістер нәтижесінде есепті мерзімде 50 млрд. 721,4 млн. теңгені құрады. Аймақ басшысы Қырымбек Елеу­ұлының қолдауымен қаламыз күн санап көркейіп, сәт сайын түрленіп келеді. Осы ретте айта кету керек, бүгінде қаламызда Сырдария өзенінің сол жағалуынан бой көтерген 18 көпқабатты тұрғын үй, 320 орындық балабақша, Жастар орталығы, Қазақ Орталық Атқару Комитетінің мұражайы және «Болашақ» университетінің студенттер қалашығы ел игілігіне берілмек.

Осы ширек ғасырда қалалық мәслихат қандай даму жолдарынан өтті? 

Жоғарыда атап өткендей, 25 жыл тарихы бар жергілікті мәслихаттың әр шақырылымында өзіндік ерекшеліктерге, тарихи кезеңдерге сәйкестік бар. Еліміздің дамуымен қатар мәслихаттар белгілі кезеңдер мен даму жолдардан өтті. Халқымыз­­дың әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы да жақсара түсті. Сондық­тан да әрбір шақырылым­дағы мәслихат­тар қоғамдағы күнделікті экономикалық және әлеу­меттік мәселелерді шешуде маңызды рөлге ие болып қала береді.

Бірінші ша­қырылған мәслихат депу­таттары (1994-1999 ж.ж.) алдында халықты әлеуметтік қор­ғау, зейнеткерлер, арда­герлер, тұр­мыс деңгейі төмен азаматтар секіл­ді мұқтаж топтарға атаулы көмек көрсету мәселелері тұрды. Осы кезең­дерде экономиканы, тұрғын үй-комму­налды шаруа­шы­­лық жүйесін реформалау, аг­ро­өнеркәсіп кешені кәсіпорын­дарын кайта құру, мемлекеттік меншікті мемле­кет иелігінен алу және же­кешелендіру, бюджеттік түсімдер, салық және өзге де қаржы көздері­мен толықтыру сияқты мәселе­лерді күнделікті шешу қажеттілігі туындады. Екінші шақырылған мәслихат депутаттары сайланған кезде (1999-2003 ж.ж.) мәслихат депутаттары еңбекпен қамту, жұ­мыссыздыққа жол бермеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, тұрмысы төмен тұр­ғындарға қолдау көрсе­ту мақса­тында қала халқының барлық топтарының мүддесінен шыға отырып жұмыс істеді. Үшінші шақырылған мәслихат депутат­тары (2003 — 2007 ж.ж.) өңірдің экономика­лық әлеуетінің артуы­на, қалалық бюджет тү­сім­дерінің молаюына, жергілікті салық түсімдерінің кө­беюіне өз үлестерін қоса білді. Төртінші шақырылған мәслихат де­пу­­таттары (2007-2012 ж.ж.) өкілді орган­дардың өкілеттігін кеңейту туралы заңға енгізілген өзгеріс­терге сәйкес, аймақ­тың экономи­калық дамуына жаңа серпін берген салалық бағдарлама­лардың қабыл­дануына, мемлекеттік бағ­дар­ламалардың өңірде жүзеге асуына бақылау орнатуға өз үлес­терін қоса білді. Бесінші шақырыл­ған мәслихат депутаттары (2012 – 2016 жж) сайланғаннан кейін Елбасы Н.Назар­баевтың «Қазақстан 2050» стратегиясы жарияланды. Осы мақсатты басшылыққа алған қалалық мәслихаттың шешімдері де осы стратегияда көрсетілген әлемдік 10 сын қатерлердің ескерілген, жаңаша бағыттағы шешімдер болды.

Алтыншы шақырылымның жұмы­сында өзіндік ерекшеліктерін атауға болады. Мысалы, қала көлеміндегі шағын және орта бизнестің дамуына үлес қосу, қалаға қарасты елді мекендердегі әкім­дердің шағын және орта бизнесті дамы­тудағы қоғамдық рейтінгісін анықтау, «Атамекен» облыстық кәсіпкерлер пала­тасында қалалық мәслихат депутаттары   кәсіпкерлік субъектілерімен кездесу ұйымдастырып, бизнес өкілдерімен кәсіпкерлікті дамыту, кедергі болып отырған жағдайлар, кәсіптерін құрылыс, өндіріс, ауыл шаруашылығы салаларына бағыттау туралы мәселелер кеңінен тал­қы­ланып, Қызылорда қаласының сәулет­тік келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар мәселесіне орай, тиісті органға қаладағы қараусыз қалған ғимараттарды ретке келтіру бойынша шараларды күшейту, нобайлық-өтініштердің бекітіл­ген сәулеттік концепцияға сәйкес келуін қатаң бақылауға алу секілді жұмыстарды жандандырып, жоғары нәтижелерге жетіп келеміз.

6-шы шақырылымның Депутаттық корпусы тек облыс көлеміндегі мәслихат депутаттарымен ғана емес, сонымен қатар Мемлекет Басшысының елдің әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалары мен саяси реформаларын халыққа кеңінен насихаттап, бұқара жұртшылықпен тіке­лей кездесулер өткізіп, етене байланысып жүрген, аймақтың игі бастамаларына үнемі қолдау көрсетіп, ауқымды мәсе­лелерді шешуге атсалысып жүрген ел­жанды азаматтар — Қазақстан Республи­касы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттарымен де тығыз байланыста жұмыс жасайды.

Депутаттардың құрамы, олардың мәслихаттағы қызметі жөнінде айта кетсеңіз…

Өздеріңізге белгілі, 2016 жылдың 20 наурызында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен қатар, барлық деңгейдегі мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауы өткізі­ліп, Қызылорда қаласындағы 19 сайлау округінен қалалық мәслихатқа 19 депутат сайланды. Депутаттық корпус 70 пайызға жаңарды. Әрбір депутаттың 10 мыңға дейін сайлаушысы бар.

Алтыншы шақырылған қалалық мәслихат депутаттарының орта жасы – 40 жас болса, ең үлкені – 60 жаста, ал, ең жас депутат – 30 жаста. Депутаттардың мәс­лихаттағы қызметіне тоқталатын болсам Қызылорда қалалық мәслихатында 3 тұ­рақты комиссия құрылған. Әр комиссия­ның түрлі сала бойынша атқаратын қызметі де әртүрлі. Мәслихат депутаттары арасында топ жарған қалалық мәслихат депутаттары С.Бихожаева мен Ли Илла­рион Гукхенович «Үздік қалалық мәсли­хат депутаты» төсбелгісімен марапатталса, өзім «Үздік қалалық мәслихат хатшысы» атандым. Бірінші шақырылған мәслихат хатшысы Қожахмет Ілиясов, одан кейінгі мәслихат хатшысы Ибадулла Құттықо­жаев абыройлы қызмет атқарды.

«Бюджет және экономикалық даму мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссия­сы (төрағасы – Ахатов Нұржан Сәбит­ұлы) қала бюджетіне өзгерістер мен то­лық­тырулар енгізу, қаржыны бөлу, депу­таттар тарапынан берілген ұсыныс­тарға қатысты қаржы қарау мәселелерін қарайды.

Бұл комиссия өз мәжілістерінде бюд­жеттің кіріс бөлігінің   орындалуын, қар­жының тиімді жұмсалуын бақылауға алып, сессияда қаралатын бюджет мәсе­лесін жан-жақты талқылап, өз ұсыныс­тарын енгізіп отырады.

«Құқық қорғау және әлеуметтік қол­дау мәселелері жөніндегі» тұрақты комис­сиясының (төрағасы – Ерназаров Қайрат Шаршыбекұлы) құзіретіне әлеуметтік мәселелерді, білім, мәдениет, құқық қор­ғау салаларының жұмыстарын сараптап, мәслихат қарауына ұсыныс беру кіреді.

Сонымен қатар, қылмыс, құқық бұзу­шылықтың алдын алу, жастармен жұмыс мәселелері осы комиссияның назарында. Ал, «Тұрғын үй, коммуналдық шаруашы­лығы, өндіріс және экология мәселелері жөніндегі» тұрақты комиссиясы (төрағасы – Кәрімбаев Мұжиджан Исмаилұлы) қаладағы көп қабатты тұрғын үйлер мен олардың коммуналдық жай-күйіне қатысты мәселелерді, қаланың жылу беру маусымына дайындығы, экология, ауыз су, аяқ су, өндіріс, кәсіпкерлік салала­рының мәселелерін   үнемі назарда ұстап отырады.

— Мәслихаттың алдында қандай күрмеулі мәселелер бар?

Қаланың қай жерінде болмасын атқа­рылатын жұмыстар халыққа, оның жағ­дайын жақсартуға бағытталады. Мәслихат депутаттары сайлау округтері бойынша атқарылатын жұмыстарды талқылап, қордаланған мәселелердің шешілуіне назар аударып, үнемі өз ұсыныстарын беріп отырады. Сондықтан да күрмеулі, күрделі мәселе бар деп айтуға келмейді. Қазір ақпарат дамыған заманда тұрғындар сауалын немесе мәселесін әлеуметтік желі арқылы жазып жібереді. Бұл бір жағынан халық пен билікті тығыз байланыстыра түсуде. Тұрғындар тарапынан газ, тұрғын үй жайында сауалдар жолданады.

Қалалық мәслихат депутаттары тарапынан аз қамтылған отбасыларына, көп балалы аналарға, мүгедектер мен жалғыз басты қарттарға қайырымдылық көмек көрсетіледі ме?

Халық қалаулылары қайырымдылық шараларға қатысуды игі дәстүрге айнал­дырған деп айтуға толық негіз бар. Себебі, қайырымдылық шаралары аясында депутаттар бір жолғы көмектерден басқа, жалғыз басты анаға үй салып беруден бастап, жыл сайын «Мектепке жол» акциясына, жаңадан мектеп сыныптарын жабдықтауға, қолдан тартылған электр бағаналарының орнына жаңадан электр желілерін жүргізуге, көпқабатты үйдің ескірген шатырын жөндеуден өткізуге, өнерпаздардың байқауларға қатысуына, науқас балалардың ота жасатуына дейін көмек қолын созып келеді.

Жыл сайын депутаттар тарапынан Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, «Халықаралық бала­ларды қорғау» күні мерекесінде тұрмысы төмен отбасылардан шық­қан және мүмкіндігі шек­теулі балаларға мерекелік шаралар ұйымдасты­ры­лып келеді.

Сонымен қатар, «Жүрек жылуы», «Тәуел­сіздік шапағаты» қайы­рымдылық шараларына   қалалық мәслихат депу­тат­тары белсене қатыса­тындығын атап өткім келеді. Ал, республика­лық «Мектепке жол» қайы­рымдылық акциясы аясында тек тұрмысы төмен және мүмкіндігі шектеулі отбасы бала­лары қамтылып келеді.

Қызылорда қалалық білім бөлімі жанынан құ­рылған оқушылар мәс­лихатының ұсынысымен жыл сайын мүмкіндігі шектеулі, жетім және тұрмысы төмен отбасы­лар­дың бала­лары жазғы демалыс уақытында «Ақме­шіт», «Евразия», «Мұз айдыны» кешенде­рін­де тегін жаттығуға   мүмкіндік алуда.

Қалалық мәслихаттың жоспарлы сессиясында қаралған «Қызылорда қаласында білім беруді дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылып жатқан шаралар туралы» мәселесі бойынша депу­таттық рейдтер, кездесулер мен тұрақты комиссия отырыстары ұйымдастырылып, жинақталған ұсыныстар қала әкімінің назарына ұсынылған болатын, нәтиже­сінде қала аумағындағы білім беру ұйым­дарындағы бірінші кезекте жөнделуге тиісті мәселелердің қалпына келтірілуіне ықпал етілді. Атап айтқанда, №19 «Тасбөгет» сайлау округінен сайланған депутат Бағдәулет Искаков демеушілік жасап, оқушылардың қауіпсіздігін қамта­масыз ету үшін жылдар бойы шешімін тапай келе жатқан №11 мектеп-лицейінің ауласын қоршап берді. Ал, қалалық мәс­лихат депутаты Қ.Ерназаров салауатты өмір салтын ұстану, бұқаралық спортты қолдау мақсатында Ғ.Мұратбаев атын­дағы орталық стадионға 6 млн. теңгеге жарыс жолын (беговая дорожка) салып берді. Қаламызда былтырғы жылы орын алған қайғылы жағдай барлығыңызға белгілі. Осының салдарынан баспанасыз қалған тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 4 құрылысшы депутатымыз (Қ,Ерназаров, Б.Искаков, И.Ли, А.Сүйінтаев) өз қаражаттары есебінен Тасбөгет кентіндегі 24 пәтерлік екіқаббатты тұрғын үйді толық күрделі жөндеуден өткізіп берді, барлық қалалық мәслихат депутаттары қауіпсіз жерге көшірілген 53 отбасыға азық-түлік және бірінші қажеттіліктегі тұрмыстық заттар­мен қамтамасыз етуге барынша қолдау көрсетті.Өздеріңізге белгілі, бұл шаралар қала тұрғындарының ризашылығын тудырып, қоғамда лайықты бағасын алып келеді.

— 25 жылдықта қандай шаралар ұйымдастырылмақ?

Ия жақсы атап өттіңіз. Республика көлемінде бұл мереке кеңінен аталып өтілуде. 25 жылдыққа орай республика­лық деңгейде «Депутат» энциклопедиясы жарыққа шықты. Энциклопедияның салмағы 3 келіні құрайды. Мұнда еліміз­дегі барлық деңгейдегі 3370 депутат туралы ақпарат енген. Біздің қалалық мәслихатта аталған мерекені ерекше атап өту жоспарлануда. Яғни, депутаттық корпуспен ақылдаса келе сенбі күні қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен бұқаралық спортты дамыту мақсатында спорттың бірнеше түрінен қалалық спартакиада ұйымдастырып жатырмыз. Бұл спартакиаданың ерекше­лігі – оған тек қазіргі шақырылым депу­таттары ғана емес, бірінші шақырылым­нан бастап алтыншы шақырылымға дейінгі депутаттар қатысады.

— Әріптестеріңізге бірауыз жылы лебізіңіз…

— Депутаттар алдағы уақытта да тәуел­сіз еліміздің болашағын баянды ететін игі істердің ұйытқысы бола бермек. Өйткені тұрғындардың әл-ауқатын жақ­сарту, саяси тұрақтылықты сақтау мен экономи­калық-рухани дамуымызға сүбелі үлес қосу – әрбір халық қалаулы­сының аза­маттық борышы. Алдағы уақытта да туған өлкеміз – Қызылорда­ның бүгінін бекем­деп, келешегін кемелдету жолында бірле­се жұмыс жасай береміз деген сенімдеміз. Татулық пен бақ-береке және Отанымыз – Қазақстан Республикасының ұлы болашағы жолында барлық игі мақсат­тарға қол жеткізулеріңізді тілеймін!

— Салиқалы сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан А. ОМАШ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here