К.Шәмшидинова: Мұғалімдердің зейнеткерлік жасы туралы ұсыныс қолдау таппайды

0
853

Тереңкөл ауданындағы №3 Қ.Оспанов атындағы орта мектепте ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова ұстаздар және ата-аналар қауымымен кездесті.

Кездесу басында Білім және ғылым министрі ұстаздар және ата-аналарға Nur Otan партиясының 18-съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықтың әл-ауқатын арттыруға қатысты, әсіресе, аз қамтылған отбасыларды, жалақысы аз адамдарды қолдау үшін бірнеше тапсырма бергендігін, осы мақсатта жұмысшы тобы сапында Үкімет мүшелері түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатқанын атап өтті. Алдымен жалақыны көтеру мәселесіне тоқталды. Бұл жағдайда білім саласындағы адамдардың да жалақысы қосылатын болады

— Біздің мұғалімдердің еңбек ақысы 2008 жылдан бері бірнеше рет көтерілді, — деді Күләш Шәмшидинова. – 2009 жылы – 25 пайызға, 2010 жылы – 25 пайызға, 2011 жылы – 30 пайызға, 2014  жылы – 10 пайызға және 2016 жылы 29 пайызға өсті. 2018 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша жаңартылған бағдарламамен білім беретін мұғалімдерге қосымша ақы төленді. Бұл барлық мұғалімдердің 73 пайызын құрады. 2018 жылдан бастап ұлттық біліктілік  тестілеуінен өткен мұғалімдер 35-50 пайызға дейін қосымша ақы ала бастады. Алдағы уақытта да белгілі жағдайларда мұғалімдердің еңбек ақысы артып отырады.

Министрдің айтуынша, білім саласында басты мәселе – инфрақұрылым. Әрине, Павлодар облысында бұл мәселе маңызды емес. Дегенмен, еліміздің өзге өңірлерінде бұл өзекті болып отыр.

— Тәуелсіздік жылдары елімізде 1672 мектеп салынған, — деді Күләш Шәмшидинова. – 2019-2021 жылдары аралығында 190 мектеп салынады. Бұл 3 ауысыммен оқитын мекептердің және қауіпті жағдайдағы мектептердің мәселесін шешеді.

Сонымен қатар, Күләш Шәмшидинова «педагогтар мәртебесі» жөнінде тоқталып өтті. «Педагогтар мәртебесі» туралы министрлікке 13 мыңнан астам өтініш келіп түскен.

— Біз бұл мәртебені талқыладық, — деді министр.

– Ұсыныстардың көбі қайталанады. Бастысы «педагогтер мәртебесі» арқылы мұғалімдердің құқығы қорғалады. Мектепте бірдеңе сатып алуға күштемеу, мұғалімнің әрекетіне бөгет жасамау, мұғалім мәртебесіне нұқсан келтірмеу сияқты  мүдделер  қорғалады. Мұғалімдерге қатысты марапаттар енгізілуі мүмкін. Қазір де түрлі марапаттар бар. Зейнеткерлік жас туралы ұсыныс қолдау таппайды. Зейнетке шығу жасы барлық Қазақстанның азаматына қатысты. Біз мұғалім дәрігерден артық жұмыс істеді, деп айта алмаймыз. Заң халықтың бәріне бірдей. Сондай-ақ 2 емделу ақысын беру де қолдау таппады. Ол да заң бойынша қарастырылған.

Айта кетейік, Білім және ғылым министрі егер педагог ЖОО-ны бітіргеннен кейін бірден мектепке келіп, мектепте мұғалім немесе директор болып үзбей 20 жыл жұмыс істесе, зейнетақысын есептегенде ЖОО-да білім алған 4 жылын еңбек өтіліне қосу қарастырылып жатқанын ескертті.

pavlodarnews.kz

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here