Тараптар татуласса баж салығы қайтарылады

0
200

Қазақ халқы үшін бітімгершілік – билік айтудың ең озық өнегесі.  Ұлы қазақ даласының билігінің белгілі дара тұлғалары–Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бастаған дана билердің ел арасындағы кез келген дауды бітімгершілік жолымен шешіп, халқымыздың бірлігін, ауызбіршілігін, тұтастығын сақтауға үлкен рөл атқарғаны баршамызға белгілі. Медиация туралы заңымыздың  аты бөлек болғанымен қазақ халқы үшін жат дүние емес. Халқымыздың дарабоз билерінің дәстүрлі билік жүргізу тәсілінің заңды жалғасы.

Медиатор басшылыққа алатын негіз болатын 5 қағидамен ерекшеленеді – еріктілік, тараптардың тең құқылығы, медиатордың тәуелсіздігі және бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол берілмеуі, құпиялылық.

Медиацияның артықшылықтары: тараптар уақытын үнемдейді, себебі, сот рәсіміне қарағанда бұл рәсім әлдеқайда қысқалау, мемлекеттік баж салығы төленбейді және адвокаттың қымбат тұратын қызметі керек емес.

Медиацияның нәтижесінде «кінәлілер» мен «кінәсіз» деген тараптар болмайды. Қысқаша айтқанда, медиация кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған. Жанжалдасушы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да бітімге келе алады.

Мәселен, Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап қоюшы «С» мен «Д» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 926 917 380 теңге мен 9 269 174 теңге тұрақсыздық айыппұл, 28 085 597 мемлекеттік баж салығын және талап қоюшы «Ж» мен жауапкер «К» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнынан 16 000 000 теңге мен 3 572 500 теңге өсімақыны, 587 175 мемлекеттік баж салығын өндіру туралы азаматтық дауларды қарады.

Сот отырысында тараптар өзара татуласу келісіміне келіп, соттан оны бекітуді сұрады.

Сот бітімгершілік келісімді бекітті, оның шарттарына сәйкес жауапкерлер берешек пен тұрақсыздық айыбын 2019 жылдың соңына дейін өтеуге міндеттенді. Азаматтық істер бойынша төленген 28 085 597 теңге және 587 175 теңге мемлекеттік баж сомалары мемлекеттік бюджеттен талап қоюшыларға қайтарылды.

ҚР АПК-нің 277-бабының 6-тармағына сәйкес, тараптар дауды (жанжалды) медиация тәртібімен реттеу туралы келісім, дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасса және оны сот бекітсе сот іс бойынша іс жүргізуді тоқтатады.

Соттың ұйғарымымен тараптардың татуласу келісімдері бекітілді.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот отырысынң хатшысы Г.Тәженова

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here