Әкесінің байлығы — қалыңдықтың бағы

0
909

1874-ші жылдың қаңтарында Александр ІІ-ші қызы Мария Александровнаны Эденбург герцогы Альфредке тұрмысқа берді. Үйлену тойына 3 күн қалғанда сарай алдына Ресейде теңдесі жоқ қыз жасауы көрсетілді. 70 көйлек, төрт ішік, бірі сапфирден, бірі жаһұттан алқалар, 40 жәшік ішкиімдер мен керемет әшекейлер көргендердің көз жауын алды. Оның үстіне қыз әкесі миллион рубль қоса берді. Әдетте қарадан шыққан әкесінің қызға берері 50 рубль болғанда, патша қызының жасауының айырмасы жер мен көктей.

Революцияға дейінгі Ресейде қызына жақсы дүние беру қыз әкесіне үлкен сын болатын. Сол кездегі жазылмаған заң бойынша қыз жасауы қыз беретін жақ пен алатын жақтың келісімімен жүзеге асқан. Егер де қызды 25-ке дейін күйеуге бермесе, онда күйеуді таңдайтын еркі өзінде болғанымен әкесі оған бәрібір дүние беруге міндетті.

Әрине, отбасының бәрінің жағдайы біркелкі емес. Содан да әр отбасы жағдайына қарайды. Мәселен, ХҮІІІ ғасырдың соңында  жез кеніші мен металлургия зауыттарының иесі Турчанинов бес қызының әрқай­сысына киім мен ішкиім толы сандықтардан бөлек, 1000 құл шаруа, 17 пұт өңделген күміс, 20 пұт алтын, көп ақша тұратын жаһұт, інжу, қымбат тастар берген.

Ал, 1774-ші жылы мәскеулік діндар Косьма Ильин қызына 200 рубль, ішкиімі, төсек орны, көй­легі, 2 қоян ішігі, түлкі ішігі, 2 алтын және күміс сақи­на, күміс жалатылған сырға, үш икона бере алған.

Қыз жасауын ортаға керуерт қойып, немесе кілемге жайып, жиналғандарға көрсеткен. Көп дүниені бүге-шүгесіне дейін арнайы құжатқа кіргізген. Сөйтіп, тойға дейін күйеу бала мен оның ата-анасына көрсеткен.

ХІХ ғасырдың екінші жартысына дейін қалыңдық жасауымен танысқан күйеу жақ жасауды көбейту мақсатымен саудаласқан, сауда оңынан болмағанда басқа қалыңдық іздеген жағдайлар кездесіп отырған.

Бәрі оңынан болған жағдайда үйлену тойы қарсаңында қалыңдық жасауы күйеу жігіттің үйіне әкелінген. Сол кездегі белгілі жазушының сурет­теуін­ше қақпа ашылып, алдымен керуерт көрінеді, оны алты адам алып келе жатыр, сосын комод, шкаф тағы бір жиһаздар. Ең соңында қауырсындар, жастық, жеңгетай және қыз жолдас күйме соңынан келеді. Нәселке көтерушілерден айнала жұрт «Кімнің жасауы?» — деп сұрап жатыр.

— «Харламованың, көпес Бирюковқа беріп жатыр» — деп, олар да маңғаздана жауап беруде.

Бай отбасында қалыңдықтың жасауын көруге таныстарын, туыстарын жинайды. 1819-шы жылы нан-тұзы мол мәскеулік Римская-Корсакова қызын күйеуге береді. Сол кезде шенеунік болып жүрген Булгаков князь Вяземскийге былай деп жазады: «Кеше қала халқы қыз жасауын көруге жиналды. Бір қызығы тіпті кәрі Офросимованың өзі «ай да Марьища бетпен жерге құламадың деп баға берді». Бет пен жердің арасы терінің, қымбат әшекейлердің, оюлы кестелердің, сандықтың ішіндегі түрік шәлісінің әдемілігі мен үлкендігіне байланысты.

1835-ші жылы жазушы А.П.Башуцкий «Түрік шәлі қалыңдықтың дүниесіндегі керемет зат. Әдемі­лігін, қасиетін жоғалтпай, әдетте анасынан қызына беріліп отырған. Шәлі үшін бай еместердің өздері де кеше ғана 2-3 мың, байлар 6-10-15 мың төлеп келеді. Енді біздің еуропалық өндіріс шығаратын бол­ғаннан соң қазір 200-500 рублге ала аламыз» — деп жазды.

Уәделескен күн мен үйлену тойы арасындағы апталар мен айлар қыз дүниесін дайындауға арналады. Төсек, асхана жапқыштары сатып алынады немесе тігіледі. Кесте тігушілер оларға болашақ күйеудің аты-жөнінің бас әріптерін кестелейді. Жаңа көйлек, іш киім т.т. тігуге тігіншілерді жалдайды.

Выборгқа шетел тауарлары алымсыз кіргізілетін, содан да көпшілік сонда керегін тіктіріп, Ресейге қолданылған зат ретінде әкелетін.

Тіпті А.С.Пушкиннің өзі де осындай жағдайды бастан кешкен. Ол 1836-шы жылы желтоқсанда Мәскеудегі әкесіне былай деп жазады: «Бізде той. Балдызым барон Геккернге, Голланд королінің жиеніне тұрмысқа шыққалы жатыр. Қалыңдықтың жасауын дайындау әйелім мен апа-сіңлілеріне әжептәуір жұмыс болды, бірақ үй сән, әрі киім-кешек лавкісіне айналып кеткен сияқты, жыным келіп жүр».

Ақшасының санын білмейтіндер Парижден бәрін жаздырып алады, тіпті болмаса Мәскеуге, Петерборға барып келеді. Ал, ауқатты, алайда үнемшіл шешелер қыздарымен 1811 жылдан бері Финляндия княздығы құрамына кіретін болғандықтан Ресейдің қалған бөлігіне қарағанда кедендік жеңілдігі бар Выборгке барады.

Ауқатты Мәскеу көпестерінің қыздарының жасауы 1843-ші жылы ашылған мещандық әйелдер училищесінде тігілген.

Шаруаның қыздары өз жасауларын өздері дайындайды. Бала жасынан ұршық иіріп, тоқып, тігіп, кестелейді. Егер де жалқау болмаса, заң бойынша күйеуге шығуға рұқсат етілген 16 жасқа келгенінде сандығы толып тұрады. Ал, әкесі сиыр, қой, самаурын қосады, жағдайына қарай.

Жасауды құжаттау егер де күйеуге шыққан қыз бала тумай қайтыс болса, онда құжатта көрсетілген жасауы ата-анасына қайтарылған. Жасауды құжат­таудың арқасында күйеуі борышкер болып қалғанда, немесе басқалай да жағдайда оның дүние мүлкі бұғатталғанда әйеліне тиістінің бәрі әйелдің өзінде қалған.

Сондай-ақ, күйеуден қайтқанда да әйел өз жасауын кері қайтарып алуға құқылы. Әдетте, мұндай жағдайлар көбіне даулы болады.

Харковтік көпестің білімді, мінезді қызы, жаса­мыс, бірақ сұлу, Кавказ соғысының батыры, Георгиев кавалері, төменгі дәрежеден генералға дейін көтеріл­ген генерал Криворотовқа тұрмысқа шығады. Олар Харковке жақын жерден керемет үй сатып алып, сонда тұрады. Алайда, өктем күйеуімен мінезі жарас­паған қыз келесі бір ұрыс-керістен соң әкесінің үйіне келеді.

Генерал болса, әйелі кеткеннен соң 3 күн өткенде өз үйінен қыздың әкесінің үйіне дейін жеткізетін 12 өгіз арбаға қыз жасауын тиейді, өгіздердің мүйіздеріне қызылды-жасылды лента байлап, арбаларды айналдыра биік етіп, иіс су флакондары мен желпуіштерді іліп, өгіз арбаларды жетектеген шаруаларға сұраған жұртқа әйелінің жасауын әкесіне қайтарып жатқанын айтқызады.

Намысшыл қыз қайтып генерал есігін ашпайды.

Сарай кеңесшісінің әйелі сотқа күйеуінен өзіне тиесілі алтын білезік, анар білезікті, екі алтын түй­реуішті, алтын заттар салынған қобдишаны, барқыт тонды, үш жібек және бір тоқыма көйлегін, барқыт бас киімін, тиін терісінен жасалған бас киімін, іш киімін алып беруді талап етеді. Сот әйелдің талабы заңды екенін айтып, оған тиесіліні қайтаруға үкім шығарады.

Күйеуі аппеляцияға береді. Онда оны қанағаттан­дырмайды. Содан күйеуінің сенімді өкілі әйелінің ішімдік ішетінін, тәртібі нашарлығын әшкерелеп сенатқа кассациалық арыз береді. Алайда сенат «сот әйелдің құқын мүлкіне анықтап береді. Ал, әйелдің мінез-құлқының бұл жерге қатысы жоқ» дейді.

Сондай-ақ  Челышев деген кеңесші де қайтыс болған қызының жасауын сот арқылы әрең алады. Оның қызының енесінен қызына тиесілі 15 мың рубльді талап еткен арызы 1866 жылы Мәскеу аумақтық сотында қаралады. Енесі келіні мен баласы өзіне ақшаны сақтап қоюға бергенімен қажеттіліктері үшін үнемі ақша алып тұрғанын мәлімдегеніне қарамастан сот жасауды қайтаруға үкім етеді. Енесі ешқандай тілхат көрсете алмайды. Ол ақша мүлік еместігін, ал енесі қайтыс болған әйелдің күйеуі үшін жауапкер еместігін дәйектегенімен, бәрібір 15 мыңды процентімен қайтарады.

Шаруаларда мұндай дау-дамайлар болмаған.

Әйелі қайтыс болған жағдайда оның жасауы күйеуі мен ата-анасы арасында бөліске түседі. Төсек пен көйлектері күйеуіне, ал сандық шешесіне. Егер де әйелі күйеуімен ұзақ тұрса онда бәрі күйеуінде қалады. Бірақ, кедейде қандай мүлік болсын.

1917-ші жылғы қазан төңкерісінен кейін қыз жасауы ескіліктің қалдығы деп танылды. 1927-ші жылы шыққан неке, отбасы және қамқоршылық туралы Кодексте «Ерлі-зайыптылардың жеке пайдалануындағы дүние-мүліктері болуы мүмкін. Дүние-мүлікті екіге бөліп қараймыз. Бірінші ерлі-зайыптылардың некеге дейінгі дүние-мүліктері. Екінші, неке кезінде тапқан дүние-мүліктері.

Бірінші дүние-мүлік ерлі-зайыптылардың әрқайсысына жеке дара тиесілі мүлік болып табылады. Мәселен, қалыңдық жасауы. Егер де тұрмысқа шығарда ол өз әкесінен тігін машинасын, немесе самаурын алған болса, ол оның жеке мүлкі, не істеймін десе де еркі өзінде. Көп жерлерде жергілікті дәстүрге орай көп ретте әйелдің жеке мүлкі оған еншісіне берілген мұра болып келеді.

Алайда ұжымдастырудан соң, тауар тапшылығы мен шаруа кедейшілікке ұшыраған тұста ата-аналардың қыз жасауына құрығанда бір-екі құс жастық беруге де шамалары келмей қалды.

1935 жылғы 10 қарашадағы қызылша алқабының үздік колхозшыларын қабылдауда И.В.Сталин «Қазір әйел еңбек етсе, оның еңбеккүні бар, өз-өзіне қожа. Колхозшылардың ІІ съезінде бірқатар әйел жолдастармен әңгіме есімде. Солардың бірі «Бұдан екі жыл бұрын бірде-бір күйеу маған қарамайтын. Жасауым жоқ. Қазір 500 еңбеккүнім бар. Енді күйеу көп. Бәрінің үйленгісі келеді. Енді күйеуді өзім таңдаймын» деген еді», — дейді.

1939-шы жылғы кіші кеңес энциклопедиясында «Социалистік өмірде қазан төңкерісінен соң әйелдер азат болып, жасау деген құрыды. Енді бәрі тең, әйел мен еркектің еңбекақысы бірдей, ерлі-зайыптылар отбасында тең деп жазды».

Ықшамдап аударылды

ОСТАВЬТЕ ОТВЕТ

Please enter your comment!
Please enter your name here