НАУРЫЗДЫҢ НЕГІЗГІ МӘНІ — ЖАҚСЫЛЫҚҚА ҮНДЕУ…

0
322

Тартылған теңіздің ойсыраған орнымен жағалаудағы елдің жетім күйзелісі ұмтылмас қасірет. Дегенмен, рухы биік аралдықтар басқа түскен қиындықты еңсере алды. Шаруа күйттеп, кәсіп етіп, береке қазанын қайта бұрқ-сарқ қайнатты. Бүгінгі Аралда алға басқан шаруа аз емес. Арал ауданы әкімі М.Оразбаевпен сұхбатымыз да осы тақырып аясында өрбіді.

– Мұхтар Әуесұлы, Сізбен Ұлыстың ұлы күні Наурыз қарсаңында сұхбаттасқалы отырмыз. Қазақ жыл басы санайтын Наурызға аралдықтар қандай табыспен келді?

– Өткен 2018 жыл ауданның қоғам­дық-саяси және мәдени өмірінде көптеген оң өзгерістер орын алған табысты жыл болды. Биылғы жыл да жағымды жаңа­лықтармен басталып отыр. Аймақ басшы­сының қолдауымен кәсіпкерлік қарқын алып, шағын және орта бизнес субъекті­лері көбейді. Ауылдағы ағайын мемлекет­тік бағдарламалар арқылы оқып, қайта­рымсыз грант және несие алу арқылы өз істерін дөңгелетіп отыр. Кәсіпкерлікті дамыту бағытында биыл Бекбауыл ауылы облыс бойынша «Үздік ауыл» атанды. Шағын және орта бизнесті дамытуға қос­қан үлесі үшін кәсібін жаңадан бастаған жеке кәсіпкер Фатима Сәрсенбаева «Үздік кәсіпкер» атанып, 1 млн теңгеге ие болды.

Сонымен қатар, облыстағы тіректі елді мекендер арасында өткізілген «Үлгілі ауыл» байқауында Октябрь ауылдық округі Шижаға ауылы ІІ орын алып, 7,5 млн.теңге қаржылай сыйлық иеленді (әкімі Нұрбек Жандәулетов). Бұл қаржы ауылды абаттандыру және көркейту жұмыстарына жұмсалатын болады.

Одан бөлек спорт, мәдениет сала­сында да жетістіктер бар. Аудан спорты­ның тарихында Әліби Болатұлына тұңғыш рет әмбебап жекпе-жектен ҚР халықара­лық дәрежедегі спорт шебері атағы беріл­се, осы спорт түрінен Әлем чемпионаты­ның күміс жүлдегері Фараби Сауытбаев Азия чемпионы атанды. Елбасы биылғы жылды «Жастар жылы» деп белгілеп, кейінгі буынға қолдау көрсету керектігін айтқан болатын. Осы бастама ауданда лайықты жалғасып, «Жастық. Жігер. Мүмкіндік» атты «Жастар жылының» ашылуын өткіздік. Алдағы уақытта дарынды жастардың одан әрі дамуына қолдау білдіреміз.

Наурыз – біз үшін маңызы зор мере­келерге толы ай. Ай басталғалы алғыс айту, халықаралық әйелдер күнін өз дең­гейінде атап өтіп, мәдени-спорттық шара­лар ұйымдастырылды. Атап айтсақ, волей­болдан қыздар арасында республи­калық турнир, орталық стадионда «Нұр Отан» партиясының құрылғанына 20 жыл және «Жастар жылына» орай мәдени-көпшілік шара өткізілді. Міне, қазақтың Жаңа жылы қарсаңында осындай игі істер жасалды.

– Наурыз мейрамын қалай атап өтуді жоспарлап отырсыздар? Жалпы, Ұлыстың ұлы күнін мағынасыз шаралардың көлеңкесінде қалдырмай, жаңашылдық енгізу керектігі жөнінде айтылып жүр. Сіз қалай ойлайсыз?

– Әрине, Наурыз – кеңестік идеоло­гияның құрсауында қалып, көп жылдан кейін қайта оралған нағыз ұлттық мере­кеміз. Ұлтты ұйыстыратын, ізгілікке шақы­ратын өзіндік дәстүрлерін енгізу керек секілді. Наурыздың негізгі мәні – жұрттың бір-біріне мейірімін төгіп, кемшіліктерін кешіріп, жақсылыққа үндеу ғой. Мерекенің мәнді өзегін сақтап, жаңашылдық енгізген дұрыс. Осы күні міндетті түрде қайырымдылық жасауды қалыптастырсақ, бұл халықты бір-біріне жақындастыра түсер еді деп ойлаймын. Осындай мақсатта біз де қала көлемінде наурыз айындағы мерекелер қарсаңында аз қамтылған, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі және тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық көмектер ұйымдастырудамыз. Одан бөлек Наурыз мейрамында ірі мәдени көпшілік шара­ларға назар аударып отырмыз. Атап айтқанда жасөспірімдер арасында акроба­тикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш КСРО спорт шебері Дәри Құтты­мұратовты еске алуға арналған республи­калық турнир, «Халықаралық Аралды құтқару қорының» ұйымдастыруымен Алматы қаласында 18-26 наурыз күндері аралығында «Арал теңізі күніне» орай бала­лар командалары арасында футбол­дан халықаралық турнир, қазақ күресінен жасөспірімдер арасында аудандық тур­нир, одан бөлек қазақ күресінен мемле­кеттік қызметшілер арасында аудандық «Түйе палуан» жарысын өткізу жоспары бар. Ең бастысы, наурыз мерекесі Елбасы­мыздың «Рухани жаңғыру» бағдарлама­лық мақаласының тікелей жалғасы болып табылатын Ұлы даланың жеті қырына негізделетін болады. Салт-дәстүр мен әдет-ғұрып та назардан тыс қалмайды. Концерттік бағдарламалар, көңілді кештер ұйымдастырылады.

– Бүгінде қоғамда көпбалалы аналар мәселесі өткір көтеріліп жатыр. Бұған қатысты Елбасы мәлімдеме жасап, әлеуметтік мәселені тез арада шешуді тапсырды. Ауданда көпбалалы отбасы­ларға қандай қолдау жасалуда?

– Қай қоғамда болмасын, қайырым­дылық пен қолдауды қажет ететін жандар болмай тұрмайды. Әсіресе, көп балалы тұрмысы төмен отбасылар, қамқоршысы­нан айырылған көп балалы аналарға әлеуметтік қолдау көрсетуіміз қажет. Осы мақсатта ауданда арнайы топ құрылып, ол топ аудан көлеміндегі көп балалы және тұрмысы төмен отбасылардың мұқтаж­дығы бойынша әр отбасының жеке әлеуметтік картасын жасақтады. Мекеме қызметкерлері 5 мөлтек аудан бойынша 196 көшені аралап, әр үйге барып, жағдай­мен танысты. Жалпы 1172 үй зерделеуден өткізілді. Нәтижесінде аз қамтылған көп балалы, мүмкіндігі шектеулі және тұрмыс жағдайы төмен 173 отбасына 2 млн. 851 мың теңге көлемінде көмек берілді. Ұлыстың Ұлы күні мерекесіне орай тағы 87 отбасына қайырымдылық көрсетілуде. Бұл шара алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Бүгінде ауданда 4369 көп балалы ана,   1104 «Күміс алқа», 1028 «Алтын алқа» иегері бар.

Өздеріңізге белгілі, Елбасының төраға­­лығымен әлеуметтік саясатты іске асыру мәселері жөнінде кеңес өтті. Кеңесте Мемлекет басшысы әлеуметтік осал топтар мен көп балалы отбасылар мемлекет қамқорлығын көп кешікпей сезінулері керектігін айтқан болатын. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету кри­терийі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін арттырылады, яғни 20 789 теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен бірге, аз қамтылған азаматтарға кешенді әлеуметтік көмек көрсетілетін атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі бар. Біріншіден, ақшалай төлем, екіншіден, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шара­лары, яғни оқуға, жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберу, белгіленген тәртіппен микрокредиттер беру секілді. 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 774 отбасы құжат тапсырды, ал осы өзгеріске сәйкес 1 сәуірден бастап 3759 отбасы құжат тапсырады деп күтілуде.

– Өткен жылы ауданда апаттық жағдайдағы тұрғын үйлердің орнына жаңа үйлер салынып табысталғанынан хабар­дармыз. Бұл игі іс жалғасады ма? Олай болса көпбалалы аналар да қамтылатын шығар?

– Иә, дұрыс айтасыз. Аймақ басшы­сының қолдауымен 2018 жылы төтенше жағдай салдарынан тұрғын үйсіз қалған азаматтарға салынған 27 коммуналдық тұрғын үй заң жүзінде құқығы бар пәтер иелеріне берілді. Бүгінгі күні Арал қала­сынан тұрғын үй құрылысы жұмыстарын жалғастыру мақсатында, жоба-сметалық құжаттамалар әзірленіп, қаржы бөлу жөнінде тиісті салалық министрліктерге бюджеттік өтінімдер тапсырылды.

Алдағы уақытта қаржы мәселесі оң шешімін тауып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үйлер салынған жағдайда міндетті түрде, кезектілікті сақтай отырып заңға сәйкес берілетін болады.

– Әлеуметтік ахуалдың бір көрсеткіші – бағаны тұрақтандыру. Бұл мақсатта ауданда қандай шаралар жасалуда?

– Аудандағы 19 түрлі негізгі азық-түлік­тің бағасына күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру жөніндегі жұмысшы тобымен бірге сауда қатарлары мен жеке дүкендерді аралап, ауданның жеке кәсіпкерлеріне негізсіз баға көтермеу үшін тұрақты жұмыс жүр­гізілуде. Негізгі азық-түлік тауарларын жеткізетін жеке кәсіпкерлермен жыл сайын ынтымақтастық меморандум жасалып отырады. Олар негізінен қант, күріш, өсімдік майы, макарон, картоп, жуа, сәбіз т.б. негізгі әлеуметтік тауар­лармен қамтамасыз етіп отырған кәсіп­кер­лер. Одан бөлек «Байқоңыр» ӘКК» ҰК АҚ-ның тұрақтандыру қорымен жеке кәсіпкер С.Саянов арасында жасалған меморандумға сәйкес «Әлеуметтік дүкен» жұмыс жасауда. Сонымен қатар, Арал қаласының «Жаңа ауыл» мөлтек ауданы, Абай даңғылында орналасқан кәсіпкер Г.Исмайлованың «Әли» дүкенінде картоп, жуа, сәбіз, қырыққабат секілді азық-түлік тауарлары халыққа төмен бағада ұсыны­луда. Халықты төмен бағада азық-түлік тауарларымен қамтамасыз етіп отырған осы кәсіпкерлердің дүкендері облыстық басылым бетіне тұрақты жарияланып отыр. Осы арада айта кету керек жуа, сәбіз, картопты өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жуа – 10, сәбіз – 20, картоп – 45 теңгеге арзан.

2019 жылдың 2, 9, 23 ақпанында және 2, 9 наурызында аудан орталығында балық шаруашылығындағы табиғат пайдалану­шы­лардың қатысуымен балық өнімдері­нің жәрмеңкесі өткізіліп, қала халқына 10-15 пайыз арзан бағада сатты. Жалпы саны, 11 ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге, тұрмы­сы төмен 80 отбасына қайырымдылық көмек жасалды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

– Ғасыр ғаламатына баланған САРАТС-2 жобасына байланысты істеліп жатқан жұмыс бар ма? Тарқата айтсаңыз…

– САРАТС-2 жобасын жүзеге асыру мәселесі созылуына байланысты бірінші кезеңіне енгізілген 6 компоненттің 4-уін тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында, республикалық бюджет есебінен бастау жөнінде шешім қабыл­данды. 2018 жылы 29 наурыздағы ҚР бұрынғы Премьер-Министрі Б.Сағын­таевтың Қызылорда облысына жұмыс сапарының қорытындылары жөніндегі және бұрынғы Ауыл шаруашылығы Министрі Ө.Шөкеевтің төрағалығымен өткен мәжіліс хаттамасына сәйкес «Көкарал бөгетінің беріктігін қамтамасыз ету және Сырдария өзенінің атырауын қалпына келтіру» жобасының ТЭН-ін әзірлеуге 20 млн. теңге және Қамыстыбас-Ақшатау көлдер жүйелеріндегі су нысандарын құжаттандыруға 20 млн. теңге бөлініп, қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда.

Дүниежүзілік банк САРАТС-2 жоба­сы­на енгізілген 6 компоненттің 4-уі рес­публикалық бюджет есебінен іске асыры­латындығына байланысты, жобаның атауын «Арал теңізін қалпына келтіру және өңірлік дамыту бағдарламасы» жобасы деп өзгертіп, Арал өңірінің әлеу­меттік-экономикалық жағдайын жақсар­туға байланысты қосымша компонеттерді енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынған болатын. Өткен жылы Дүниежүзілік банктің халықаралық сарапшысы Раймон Вани Анруя ауданда іс-сапармен болып, Қамыстыбас   және Тастақ балық өсіру питомниктерінің жұмысымен танысты.

Сонымен бірге, 2018 жылдың 13 мау­сы­мында Орталық Азиядағы және Еуропа аумағындағы су ресурстарын басқару жөніндегі әлемдік тәжірибе бойынша Дүниежүзілік Банктің менеджері Давид Мишо Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келіп, «Арал теңізін қалпына келтіру және өңірлік дамыту бағдарла­масы» және «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның» (ИДЖЖ-2) екінші фазасының мәселелері бойынша облыс әкімдігінде мамандардың қатысуымен кездесу өткі­зілді. Алдағы уақытта жағымды жаңалық болады деп есептейміз. Бұл жағдай аймақ басшысы Қ.Е. Көшербаевтың айрықша назарында тұрған өзекті мәселелердің бірі.

– Әне-міне дегенше көктемгі егіс науқаны да басталмақ. Сіздердегі негізгі кәсіп балық шаруашылығы десек те, ауданның егін шаруашылығынан да құр алақан еместігін білеміз. Бұл бағытта нендей қарекет?

– Өзіңізге белгілі, Арал ауданында аяқ су мәселесі қиын жағдайда болғанымен ауданның Сыр бойында орналасқан Ақирек және Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жеке шаруа қожалықтары егін егеді. Ақирек ауылдық округі егіске қажетті суды Басықара каналынан алса, Жаңақұрылыс ауылдық округі Қараарық каналынан су алады. 2019 жылы аудан бойынша барлығы 192,3 гектар жерге егін егу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, 20 гектар жерге жаңа жоңышқа, 2 гектар жерге картоп, 73 гектар жерге бақша, 14,3 гектар жерге көкөніс және 83 гектар ескі жоңышқа егілді. Сонымен бірге, алдағы уақытта Ақирек алқабындағы инженерлік жүйеге келтірілген жерлерді игеру мақсатында инвесторлар іздестірілуде. Негізінен аудан мал шаруашылығымен айналысатындықтан жоңышқа дақылда­рын егіп, жыл сайын оның көлемін көбейту арқылы ауданды жоңышқамен қамтамасыз ету жоспарда бар.

– Елдегі туризм туралы айтылғанда тілімізді тістеп қаламыз. Себеп белгілі. Жол, қолайлы жағдай, баға қымбаттығы дегендей. Арал туристік тартымдылығы бар өңірдің бірі. Саланы жандандырып, табыс көзін арттыру бағытында қандай жұмыстар бар?..

— Дұрыс айтасыз, бұған аймақ бас­шысы да қолдау білдіруде. Сондықтан жылма-жыл бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру жолдарын қарастырып келеміз. Мәселен, Аралдың маржаны сана­латын Қамбаш көліне жыл сайын келушілердің саны артып отыр. Өткен жылы тынығушылардың саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 25 пайызға өскен. Жалпы, көл Тәуіп-Жарма каналы арқылы толығып, түрлі балықтар мен жан жануар­ларға бай су айдыны болып есептеледі. Жағасында жер көлемі 494 гектар бола­тын демалыс аймағын құру жоспарланған. 2017 жылы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен 4 073 мың теңге бөліп, 1350 метр су құбырын тартсақ, одан соң 424 шаршы метр жерге жаяу жүргіншілер жолы салынды. Қосым­ша, автотұрақ құру мақсатында 3000 шаршы метрге қиыршық тас төгіліп, қоқыс тастайтын жәшіктер мен орындық­тар орнатылды. Түнгі жарық шамдары мен 1500 метр жерге электр желісі тартылып, абаттандырылды. Бір айта кетерлігі көл басына келушілердің артуы кәсіпкерліктің дамуына үлес қосып отыр. Ондағы 2 гектар жер телімі «Қамыстыбас ауыл шаруашылық өндірістік коопера­тивіне» 2 жыл мерзімге жалға беріліп, бүгінде қызмет көрсетуде. Мұнымен қатар, 1 гектар жер телімін «Сыр маржа­ны» жалға алып, келушілерге жағдай жасау мақсатында 2017 жылы жалпы құны – 71 млн. теңге болатын 10 үйдің құры­лысын аяқтады. Қазіргі таңда кәсіпкерлік мақсатта жаңадан 10 үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы саны 27 кәсіпкер қызмет жасайды. Сондай-ақ, 104 демалыс үйі, 108 адам маусымдық жұмыспен қамтылды.

Қосымша, Қамбаш жағажайын дамы­ту мақсатында бөлінген қаржыға сәйкес 150 гектар жер учаскесіне егжей-тегжейлі біріктірілген бас жоспары әзірленді. Бас жоспарда коттеджді қалашықтар, ойын алаңдары, түрлі сауықтыру шаралары жасалатын демалыс орындары, қонақ үйлер желісі, дәмхана және өзге де қызмет көрсету орталықтары қарастырылған.                Бүгінде, туристердің қызығушылығын арттыру және тынығушыларға қолайлы жағдай жасау үшін жағажайды заманауи үлгіде дамытып, кеңейте түсіру үшін ин­вес­торлармен келіссөздер жүргізу­деміз. Бір қуанарлық жағдай облы­сымыздағы жазғы тынығуды өткізетін бірден-бір орын Қамбаш аймағы республикалық туристік картаға енгізіліп отыр.

— Сұхбатыңызға рахмет. 

Сұхбаттасқан Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here