КҮРІШТІ, ӨНДІРІСТІ, ТӨРТ ТҮЛІКТІ ШИЕЛІ

0
363
????????????????????????????????????

Байырғы берекелі мекен Шиелі бүгін де Жақаевтай жасампаз тұлғалардың ізін жалғастырған, күріштігі, бақшалығы жайқалып, өндірісі өркен жайған, төрт түлігі кең өрістеген игі істердің қайнаған ортасы. Ұлыстың ұлы күні Наурыз қарсаңында Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлымен орайы келген сұхбат ілгері ауданның тыныс-тірлігі жайында өрбіді.

— Әшім Оразбекұлы, өткен жыл соңында ауданда республи­кадағы бірегей жоба тампонаж­ды цемент зауыты іске қосылға­ны­нан хабардармыз. Іс барысы қалай болып жатыр?

— Шиелі ауданының шығыс бетінде орналасқан индустриялық аймақта әу баста жоспарланған 6 жобаның үшеуі жүзеге асырылуда. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі жылына 1 млн. тонна тампонажды цемент шығаратын, жобалық құны 6 млрд. теңге болатын тампонажды цемент зауыты. Зауыт құрылысы 2016 жылы желтоқсанда басталып, өткен жылы Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Елбасының қатысуымен өткен телекөпір бары­сында республикадағы инновациялық жобалардың бірі ретінде іске қосылды. Қазір зауыт 10 мың тонна клинкер шығарды. Зауытта негізінен іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айынан бастап цементтің 3 түрі шығарыла бастайтын болады. Өнімнің басым бөлігі (жартысынан көбі) тампонажды цемент болады. Бұл өнім ұңғымалардың айналасын қатайтуға мұнай-газ өндірісінде пайдаланылады. Өнімнің екінші түрі — портланд цемент, яғни негізгі цемент. Сондай-ақ тұзды жерлерде қолданылатын сульфатқа төзімді цемент. Зауыт автоматтан­дырылған жүйемен жұмыс істейді, зертханалық сараптамасы бар. 260 адамды жұмыспен қамтиды. Жұмыс­шылардың 90%-ы жергілікті жерден, 10%-ы Қытай Халық республикасынан келген мамандар болады. Қазір зауыттың вахталық кентінің құрылысы да аяқталып қалды. Бірнеше жатақ­хана, асханасы болады. Спорт зал да салынбақ. Зауыттың айналасында қызмет көрсететін бірнеше кәсіпорын­дар жұмыс істейтін болады. Индус­триялық аймақ облыстық бюджеттен қаражат бөлініп көгілдір отынға қосылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде темір жол, электр желісі, сумен, бір сөзбен айтқанда инфрақұрылыммен қамтамасыз етілді. Зауыттың тоқтамай жұмыс істеуіне тиісті жағдайдың бәрі жасалған.

Индустриялық аймақта сондай-ақ асфальт-бетон зауыты бар, шағын әк зауытын салып жатырмыз. Бұл зауыт бүкіл Қазақстанды әкпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Өнім сапасы өте жоғары, белсенділігі 92% болады. Бұрын мия тамырын өңдейтін зауыт іске қосылған болатын. Қазір мия тамыры­ның бағасының төмендеуіне байланыс­ты, сондай-ақ инвесторлар арасындағы мәселеге байланысты зауыт тоқтаң­қырап тұр. Биылғы жылы бұл зауыт та іске қосылады деп есептейміз.

— Жалпы бұл зауыт өзін-өзі ақтайтындай жоба ма?

— Қазір оны тап басып айта алмай­мыз. Бұл жерде мәселе сұраныстың көбейіп, азаюына байланысты болып тұр. Қазір зауыт қайта іске қосылады деп отырмыз. Оның алғышарттары бар.

Индустриялық аймақта өткен жылы асфальт-бетон зауытты да іске қосқан болатынбыз. Қазір маусымға байланысты тоқтап тұр (қыстың күні асфальт салмайды ғой). Бетон шыға­ратын цехтың құрылысы басталды. Биылғы жылдың соңында түрлі бетон өнімдерін шығара бастайтын болады. Бір қуанарлық жаңалық, Жаңақорған, Шиелі аудандарын Түркістан облысы­ның азық-түлік аймағына енгізу туралы меморандум жасалды. Жуырда бірнешелеген өнім өндірушілеріміз өнімдерін апарып көрсетіп қайтты. Қызығушылық бар. Мысалы, түркістан­дықтар Шиелі ауданының кірпішіне қазір де тапсырыс беріп отыр. Жыл басынан бері Түркістанға 250 мың кірпіш жібердік. Қазір Шиеліде кірпіш шығаратын 2 зауыт бар. 1 млн. кірпіш шығаратын зауытқа түркістандықтар алдын ала тапсырыс беріп те қойды. Сұлутөбедегі 4 млн. кірпіш шығаратын зауытқа 2 млн.-дай кірпішке де тапсырыс алдық.

Аудан орталығында құбыр шыға­ра­тын зауыт бар. Темір-бетон бұйым­дарын шығаратын зауыт өнімдерін де апарып көрсеттік. Бұл өнімдерге де қызығушылық бар. Жалпы, Шиелідегі цемент зауытының, құбыр зауытының, темір-бетон, кірпіш зауытының өнім­деріне түркістандықтардың сұранысы болады. Сондықтан қазір Түркістан қаласында өкілдігімізді ашып жатыр­мыз. Құрылыс материалдарын қаже­тінше жеткізіп береміз.

Азық-түлік аймағы болғандықтан азық-түлік өндірушілерімізге де ұсыныс болады.

— Түркістандықтардың біздің азық-түлік өнімдерімізге аса сұра­нысы бола қоймайтын шығар?..

— Біздегі шұбат, жұмыртқа өнім­деріне сұраныс болады деп ойлаймын. Соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан қазіргі Түркістан облысы маусым кезінде бізден томат өнімін көп алып жатыр. Маусым кезінде қызанақты Жамбыл, Солтүстік Қазақстан облы­сына көптеп шығарып жатырмыз. Алдағы уақытта жылыжай өндірісін де жолға қоямыз. Қазір ауданда 17 жылыжай құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылы құрылысы аяқталады деп отырмыз. Күрішіміз, ет өнімдеріміз бар. Ауданда қазір сүт өңдейтін 2 цех жұмыс істейді. Күніне 1,5 тоннадай, жазғы мезгілде 2-2,5 тоннадай сүт өндіріледі. Барлық талаптарға сай сүт өнімдерімен жергілікті балабақша­ларды қамтамасыз етудеміз.

— Шиелінің өндірісі дегенде уран өндірісін де айтпай кетуге болмас…

— Ауданымызда уран өндіретін 2 кәсіпорын бар екені белгілі. «6 кен басқармасы, «Семізбай U» ЖШС-не қарасты «Иіркөл» кеніші. Ауданда сондай-ақ ванадий өндірісі жұмыс істейтіні белгілі. Өткен жылы «Балауса» ЖШС 200 тонна өнім өндіріп Ұлыбри­тания, Тайланд елдеріне экспорттады. Биыл бестотықты ванадий өндіру цехының құрылысы салынып жатыр. Бұл өнім маусым айында шығарыла бастайды деп жоспарланып отыр. Бұл өндірістің келешегі зор деп отырмыз. 2021 жылдан қайта өңдеу зауытын салу жоспары бар. Ол зауытта 1000 адамға дейін жұмыс істейтін болады.

Айтпақшы, ауданда қиыршық тас шығаратын 5 зауыт та жұмыс істейді. Түркістан облысында бұл өнімге де сұраныс болады деп отырмыз. Жаңа айтқанымдай белсенділігі жоғары әк өндірудің көлемін ұлғайтамыз деп отырмыз. Әк шығаратын зауытымыз да бүкіл Қазақстанды өніммен қамта­масыз етуге қауқарлы. Белсенділігі жоғары әк өніміне де сұраныс болады деген жоспар бар. Мысалы, Шымкентте шығарылатын (Сазтөбеде) әктің белсенділігі 60% шамасында. Сон­дықтан алдағы уақытта әк өндірісінің де көлемі ұлғаяды.

Бөлшек сауданы жолға қою үшін қаптап шығару үшін жұмыстар жүргізіледі.

— Үлкен өндірістердің ха­лықты әлеуметтік қолдау деңгейі қандай?

— 6 кен басқармасында 420 адам, «Иіркөл» кенінде 220 адам жұмыс істейді, айлық жалақылары жоғары.   Ауыр өнеркәсіп болғаннан кейін айлықтарының үстеме коэффициент­тері бар. Ванадий өндірісі, цемент зауыты да жаңа айтқанымдай жұмыс­шыларын жатақханамен қамтамасыз етеді. Жергілікті бюджетке түсімдер­ден бөлек, балаларды жазғы тынығу лагеріне жіберу, ауданда өтетін мәдени-көпшілік шараларға, тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету (бұл санаттағы отбасыларға жыл бойына қолдау көрсету үшін әрбір мекемелерге бөліп бергенбіз) бағытын­дағы жүйелі жұмыстары бар. Бұл мекемелер сондай-ақ, соғыс ардагер­лерінің үйлерін жөндеуден өткізіп, жаңартып берді.

— Мүмкіндіктеріне сай қолдау көрсетуде ме?

— «Бизнестің де халыққа бет бұра­тын кезі келді» — деп Елбасы айтқандай олар қолдарынан келгенше қолдау жасап жатыр деп есептеймін. Бұрын­дары «Қазатомпромда» негізінде әлеуметтік мәселелермен айналысатын «Демеу» деген мекеме болды. Қазір әлеуметтік қолдауды «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қорының әлеуметтік саланы қолдайтын мекемесі арқылы жүзеге асырады. Олар өткен жылы балалардың үлкен ойын алаңын салып берді. Биыл тағы да бір үлкен ойын алаңын салады.

— Цифр жүзінде қанша?

— 52 млн. теңге, биыл да сол шамалас болады. Әрине, ел болғаннан кейін ел қажетіне көмек сұрап тұрамыз. Мысалы осыдан 2 жыл бұрын «Қазатомпром» Майлытоғай ауылына ұңғыма қазып берді. Биыл да үлкен қаржыға көмек жасаймыз деп отыр.

Халықтың қажетіне кәсіп иесі ретінде шаруашылықтар да қолдан келгенше көмек көрсетіп келеді.   Жұ­мысшыларға қосымша қаражат бөліп, көлік мінгізіп, үй салып беріп жатқан­дары бар. Жалпы кәсіпкерлер қолдан келген жағдайды жасап жатыр. Соны­мен бірге, оларға ауырт­палық салуға да болмайды. Бір сөзбен айтқанда, олар­ға рахметтен басқа айтарымыз жоқ.

— Ауданда «ақылды ферма» жобасы жүзеге асырыла баста­ған екен. Сол жөнінде тарата айтсаңыз?..

— Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында алдағы 5 жылда ауыл шаруашылы­ғында еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру жөнінде тапсырма берді. Бұл көрсет­кішке қалай жетеміз? Өнімділікті көбейту, қайта өңдеуге басымдылық беру керек. Мысалы, мал басы жылдан-жылға көбейіп жатыр дегенмен бір бас малға жұмсалатын шығынды азайтып, мал тұқымын асылдандыру арқылы өнімділікті көбейту. Консервілеу, шұжық шығару, сүт өндіру сияқты қайта өңдеуге басымдылық беру керек.

Бұл ретте бізге цифрлық техно­логия керек. «Ақмая» шаруа қожалы­ғында 800 гектар жерді алып, топы­рақтың құнарлығынан бастап тексер­дік. Өткен жылы күріш орағы барысын компьютерден бақылағанымызда бір жердің түсімділігі 100 центнерден болса, тағы бір жерде 70 центнерден, келесі бір жерде 50 центнерден болғанын көрсетті. Бұл жердің құнарлығының әркелкілігін көрсетеді. Осыған байланысты тыңайтқыш берудің тиімділігін көтеруге болады. Мысалы, 100 центнерден берген жерге тыңайтқыш аз беріледі. Осы ретте тыңайтқышты тиімді беру арқылы еңбек өнімділігін 30%-ға дейін көбейтуге болады екен. Жерді тегістеу, суды үнемдеу, тұқым сапасын зертха­налық қадағалау, вегетациялық кезең, жанар-жағар май шығыны мұның барлығы компьютерде жазулы тұрады. Жерді айдағандағы, егін еккендегі, жинағандағы шығынды түгел есепте­генде 30-40%-ға азайтуға болады.

Облыс әкімінің қолдауымен, Жақаев атындағы күріш зерттеу институты мен Қазақ-Британ универ­ситетінің ІТ институтымен бірлесіп басталған жобаның өткен жылы «Ақмая» шаруа қожалығында баста­масын жасадық, биыл толық іске асырамыз деп отырмыз. Бұл үшін алқаптағы техникалар интернет желісімен қамтамасыз етілуі керек. Алдағы уақытта техниканы жүргізу­шісіз басқару мүмкіндігі де болады. Бұл мүмкін жағдай. Қазір «қашан болады екен?» деп отыратын уақыт емес.

— «Көзді ашып-жұмғанша» деген процесс дейсіз ғой?..

— Сол уақыт келді. Барлық шаруашы­лықтар осыған келеді. Мал шаруа­шылығы да түгел цифрлық жүйеге келу керек. Бұл — бүгінгі күннің өзекті мәселесі, қажеттілік. Мұны шаруалар да түсініп отыр.

— Диқаншылық саласында механизатор дегендей маман­дар­дың тапшылығы бар дегенді естіп қаламыз. Жалпы, жастар ауыл шаруашылығына барып жатыр ма?

— Аграрлық ауданбыз, аграрлық облыспыз. Ауданда аграрлық колледж бар, мамандар дайындалуда. Трактор айдап жүрген жастар да бар. Ауыл шаруашылығында маман тапшылығы бар деп есептемейміз. Маман тапшы дегенде жастардың жұмысына көңілі толмай айтатын шығар.

Адам өзі өмір бақи солай болады екен ғой. Өзім шаруашылықтарды көп аралаймын. Үлкендерден үйреніп жүрген жастар баршылық, динас­тиялар да бар.

— Мысалы, Ыбырай Жақаев атамыздың ізбасары күрішші жастар да баршылық па?

— Бар, егіп жатыр. Жылдан жылға күріш өнімділігінің артып келе жатқандығы сол ауыл шаруашылығы мамандарының арқасы.

— Елбасы «Дипломмен ауыл­ға» бағдарламасын жандандыру жөнінде айтты…

— «Дипломмен ауылға» бағдар­ламасымен мұғалім, дәрігер, ауыл шаруашылығы мамандары келіп жатыр. Өте жақсы бағдарлама. Қазір бізде кезекте тұрған жастар да бар. Осы орайда айта кетерлігі, жастарды жұмыспен қамтуға байланысты «Жол картасы» жасалған. Өткен жылы мектеп бітірген жастардың 97,5% жоғарғы және арнаулы оқу орында­рына түсті. Қалған 2,5%-ымен жұмыс жасап, тізімін алып, арнайы курстарда оқыттық. 47 баланың 41-і оқып шықты. Кейбірі басқа аймаққа кетеді, «келесі жылы оқимын» дейтіндері де болады.

— «Алтын дән-2018» қоры­тындысымен чемпион болды­ңыздар, биылғы жоспар қандай, биыл да чемпион болуға мүм­кін­дік бар ма? (Бірақ аудандар бірі­нен кейін бірі кезектесіп чемпион болып жатқан сияқты да болады).

— Барлық көрсеткіштер назарға алынады. Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру, мал тұқымын асылдандыру жұмысының нәтижесі, кооперативтердің жұмысы, күріштің, басқа дақылдардың өнімділігі қанша, ауданда ауыл шаруашылығындағы кіші және орта кәсіпкерліктің үлесі қанша, т.б. Сондықтан биыл біреу чемпион, келесі жылы екінші біреу чемпион деген болмайды.

— Айтайын дегенім, егіншілікке байланысты қандай жоспарлар бар?

-Күріш егісін соңғы жылдары су жағдайына байланысты бірқалыпты ұстап келеміз. Өткен жылы егін шаруашылығында суға байланысты қиыншылықтар болды. Қиыншылықтан үрлемелі тоспаның арқасында шықтық. Үрлемелі тоспа арқылы судың деңгейін көтеріп, қажетті суды алдық. Егістікті әртараптандыру бағытында бидай, майлы дақылдар, көкөніс, бақша өнімдері көлемін жылдан-жылға көбейтіп келеміз. Мысалы, біздің базардағы картоп бағасы келісіне 60 теңгеден асқан жоқ. Ал өткен жылы 110-120 теңгеге дейін болған еді. Соңғы 2-3 жылда картопты Өзбек­станға шығарып жатырмыз.

— Өткен жылы қанша егіп едіңіздер?

— Картоп егісі көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Өткен жылы 6,5 мың гектарға картоп ектік. Өз-өзімізді толық қамтамасыз етеміз деп отырмыз. Тұқым шаруашылығымен де айналы­судамыз. Жылдан-жылға диқан­дар тәжірибесі де артып келеді.

— Биыл ауданда қанша гектар күріш егіледі?

— 11 мың гектар шамасында егеміз. Күріш егісін азайтып, суды аз керек ететін дақылдарды көбейтеміз. Егін шаруашылығында өткен жылмен салыстырғанда бидай, майлы дақыл­дарды 1,5-1,7% арттырып отырмыз.

— Демек, биыл да Шиелінің чемпион болуы ғажап емес шығар?

— Тиісті жұмыс әрмен қарай жүргізіле береді. Қалай болғанда да алдыңғы қатардан көрінуіміз керек. Бірақ чемпиондық үшін емес, елдің қолын аузына жеткізу үшін. Елбасының, облыс әкімінің тапсырмасы да осы. Барлығы халықтың бірлігінің арқа­сында жететін нәтиже. Өткен жылғы су тапшылығында ел ауызбірлігін көрсетті. Ың-шыңсыз кезекпен реттесіп су алды. Сол кезде елге, диқандары­мызға риза болдым…

Экспорттық әлеуетті көтеру бағытында да жұмыстар бар. Өткен жылы Ауғанстан республикасына 480 тонна күріш, Иранға 200 бас уақ мал экспорттадық. Биыл да сондай жоспар бар. Перспективалық жоспардың бірі балық шаруашылығын аудандағы су айдындарының көлеміне қарай ұлғайту. Жылына 56 тонна балық өндіретін біз биыл 500 тонна өндіреміз деп отырмыз. Қазір Ресей Федера­циясы өкілдерімен біріккен кәсіпорын құрып осы бағытта жұмыс жасауда­мыз. Құс шаруашылығы бойынша соңғы 2 жыл көлемінде жұмыртқа өндірісі 70%-ға көбейді. Кәсіп иелері құс өндірісін биыл ет бағытында дамытамыз деп отыр.

«СырАгро и К» ЖШС құны 2,5 млрд. теңгені құрайтын күніне 15 тонна сүт өндіретін 1200 бас ірі қара малына арналған тауарлы сүт фермасының жобасын жүзеге асырады. 100 мың бас ірі қара малды бордақылау алаңының құрылысы аяқталды. Сұлутөбе ауылында 70 бас асыл тұқымды ірі қара өсіріп отырған шаруашылық та бар. Олар да биыл шаруашылықты кеңейтеміз деп отыр. Алдағы мақсат етті тереңдеп өңдеу жұмысын жүргізу.

— Шиеліде шұжық шығаратын цех та бар еді?..

— Жергілікті кәсіпкердің шұжық шығаратын цехы қазір қайта жаңғырту­дан өткізіліп жатыр.

— Жалпы аудандағы кәсіп­кер­ліктің нақты даму көрсеткіші қандай?

— Өткен жылы кәсіпкерлік нысан­дарды ашу арқылы 1100 адамды жұмыспен қамтуды жорспарлаған едік. Бұл жоспарды 117%-ға орындадық. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың 25%-ға көтеру керек болса, біз 22,5%-ға көбейттік. Бұрындары бұл көрсеткіш 13%-ақ болатын. Жылдық айналымы 2 млн. теңгеден асатын кәсіпорындар 13%-ды құрады. Осы бағыттағы облыс әкімінің тапсырмасы да бар. Ауданда кіші кәсіпкерлер саны жылдан-жылға көбейіп келеді.

Өткен жылы барлық салалар бойынша кіші кәсіпорындар саны көбейді деуге болады.

— Шиелі облыстағы көкті, көгалды аудан саналатын. Қазіргі жағдайы қалай?

— Көгалдандыру бағытында ауыл әкімдерімен, мекеме басшыларымен бірнеше жиналыс жасадық. Қазір барлық аудандарда жұмыс жүріп жатыр. Оңтүстік аудан болғаннан кейін біз ақпан айынан бастап ағаш еге бастадық. Ағаш егу үшін 3 сенбілік өткіздік. Орман шаруашылығына көшет дайындау жөнінде тапсырма бердік. Кешегі, алдыңғы апталарда ағаштың басым бөлігін егіп тастадық.

Мектептердің алдына неге алма, шие, өрік, жейде екпейміз деп, осы бағытта тапсырма бергенбіз. Өткен жылы да біз ауданда 12 гектарға алма ағашын еккенбіз. Биыл да 26 гектардай егеміз деп жоспарладық. Гигант ауылы өткен жылы 10 гектарға алма ағашын еккен, биыл тағы 10 гектар егеді. Сұлутөбе ауылында жол бойында ашылған қызмет көрсету нысаны бар. Сол жерде өткен жылы 2 гектар алма ағашы отырғызылған, биыл тағы 5 гектарға егіледі.

— Шие де егетін шығар­сыздар?

— Шиенің бір жақсысы өнім бере бастағаннан өз-өзінен көбейе береді. Еккен бір түп ағаш 5 жылдан кейін 10 түп болады. Мектептер егіп жатыр. Осы бағытта арнайы комиссия құрғанбыз. Комиссия алдағы уақытта мекемелерді аралап атқарылған жұмысты бағалай­тын болады. Жалпы бұл бағытта үлкен жұмыс жүргізілуі керек, жүргізіліп те жатыр. Ауылдардың кіреберістері қоршалып ағаш егіліп жатыр. Мысалы, Төңкеріс ауылы өткен жылы 2,5 гектарға ағаш ексе, биыл тағы 5 гектарға егеді. Өндіріс орындарына да тапсырма берілді.Жалпы ағаштың егілгені маңызды емес, көгергені керек. Облыс әкімі Қ.Елеуұлы да жеміс ағаштарын, көкөністі көбірек егуге тапсырма берген.

Өзімнің отбасым осыдан он шақты жыл бұрын үй салғанбыз. Есіктің алдында жеміс бағымыз бар. Шиеліде үй саудалағанда үй сапасынан кейін, «есігінің алдында ағаш бар ма?» деп сұрайды. Әу бастан солай қалыптасқан.

— Өзіміз де бала кезімізде есіктің алдына ағаш егіп, суды шелектеп тасып құятынбыз.

— Өсірем деген адам өсіреді. Мысалы, біздің тұрған үйге де аяқ су келмейді. Құдық қаздым. Кешке таман жұмыстан барғаннан кейін 2 сағат, таңертең жұмысқа дейін 2 сағат суарамын. Қимыл-қозғалыс денсау­лыққа пайдалы. Балаларымыз, немере­леріміз, ағайындарымыз жемісін көріп жатыр. Әр отбасы солай жасаса, айналамыз көкорай болар еді.

— Шиелінің бренді іспеттес тарысы да бар ғой. Тары егісі қалай болып жатыр?

— Ортақшыл ауылында тары егеміз. Бұрындары 50 гектар ексек, өткен жылы 70 гектар ектік. Түсімі жоғары болды. Сапасы өте керемет. Тары піскенде егіс алқабына барсаңыз тіпті көз қызығады, тұнып тұрады ғой, шіркін!

Биыл тағы жер ашып егісін ұлғай­тып жатырмыз. Өйткені Ортақшылдың сөгін бәрі сұрайды.

Бұқар жейдесі де біздің Шиеліде керемет өседі. Үйдегі бақта 4-5 түбі бар. Бұтақтары майысып мол жеміс салады.

— Көпбалалы аналарға қандай қолдау жасалып жатыр?

— Елбасының «Nur Otan» партия­сының ХҮІІІ съезінде берген тапсыр­масына байланысты «Жол картасын» жасап, облысқа өткіздік. Ауданда осы уақытқа дейін атаулы әлеуметтік көмекті 830 отбасы алатын болса, енді 2570 отбасы алатын болады. Бұл да үлкен қолдау. Біздің ауданда тұрғын үй кезегінде 661 адам тұр. Биыл жалға берілетін 18 пәтерлік 1 үйдің құры­лысына облыстық бюджеттен қаржы бөлінеді. Қазір конкурс жүріп жатыр, құрылысы басталады. Инфрақұры­лымы су, электр энергиясы, газ түгел бар. «Nur Otan» съезінен кейін тағы да 18 пәтерлік 4 үйдің құрылысын жүргізуге респуб­ликалық бюджетке ұсынып отырмыз. Егер қаражат бөлінсе биылғы жылы аудан орталығында 18 пәтерлік 5 үйдің құрылысы жүргізіледі. Одан бөлек Ақмая ауылының аума­ғында инфра­құрылымы қамтамасыз етілген жер бар. Қазір жоба-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Жақын күндері сарапта­масын алсақ, оны да (34 үй) республи­каға ұсынатын боламыз.

Кенттегі «Шұғыла» мөлтек ауданы­нан 25 пәтерлік үйдің жерін, жоба-сметалық құжаттамасын дайындап қойғанбыз. Оны да республикаға, облысқа ұсынамыз. Мүмкіндік болып жатса, жылына он үй салғанға не жетсін! «7-20-25» бағдарламасы бойынша да 20 жер телімін белгіледік, үй саламын деген кәсіпкермен де келісім бар. Жақында аукцион болады. Менің ойымша, осы жобалар бойынша оншақты үй пайдалануға беретін болармыз. Олай болса тұрғын үйге байланысты мәселе біраз жеңілдер еді.

Мектептерде көп балалы отбасы­лардың 1-4 сыныптарда оқитын бала­ларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету бойынша да «Жол картасын» жасап, облысқа өткіздік, қаражат бөлінеді деп отырмыз. Балалардың жазғы тынығу лагеріне тегін баруына немесе жеңіл­діктер қарастыруға, көлік тасымалын ұйымдас­тыру жөнінде де «Жол карта­сы» жасалды. Бұл жағдайды қолымыз­дан келгенше өзіміз де жасауға тырысамыз.

— Ауданда инфрақұрылымдық даму жөнінде қандай жұмыстар жүргізілуде?

— 2016-2018 жылдары Шиелі ауданында 3 ауылдық округте, кенттің шет аймақтарында 8 жерде инфрақұ­рылымдық жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда кенттегі «Шұғыла-1», «Шұғыла-2» мөлтек аудандарында барлығы 830 млн. теңгеге электр энер­гиясы мен ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілді. Облыс әкімінің қолдауымен аталған мөлтек аудандардың жол құрылысына 825 млн. теңге бөлінді. Биылғы жылы электр энергиясымен қамтамасыз етуге тағы 700 млн. теңге бөлінеді. Биылғы жылы 43 көше құрылысын жүргіземіз. Жалпы соңғы 3 жылдың ішінде 8 шағын ауданда инфрақұры­лымдық жұмыстар жүргізілді. Өткен жылы «Береке» мөлтек ауданында 1920 үйге арналған инфрақұрылым­дық жұмыстарды аяқтадық. Мұндай жұмыстар ауылдық елді мекендерде жүргізілуде. Гигант ауылдық округінде инфрақұрылымдық жұмыстар толығымен аяқталады.

Шиелі ауданының бір артықшы­лығы, ауылдық елді мекендердің арасы жақын орналасқан. Жақаев ауылында инфрақұрылымдық жұмыс­тар өткен жылы толық аяқталды.

Аудан орталығындағы тұрғын үйлер­дің 98%-ы көгілдір отынға қосыл­ды. Өткен жылы қарашада Жақаев ауылы да көгілдір отын құбырына қо­сылды. Жақын күндері Гигант ауылын да қосамыз. Одан кейін Төңкеріс, Бекежанов, Алғабас ауылдарын қосу үшін қазір жобасы жасалып жатыр. 2 ауылды (Төңкеріс, Бекежанов) мемле­кеттік-жекеменшік әріптестік негізінде қосу жоспары бар. Үлгірсек, биылғы жылдың соңына дейін қосып қалармыз.

Шиелі ауданында қазір 22 ауыл­дық округ, 1 кент, барлығы 40 елді мекен бар. Барлығын бірдей қамтама­сыз ете алмаймыз, бірақ қолдан кел­генше қарекет жасап жатырмыз. Жылыжайларды да көгілдір отын құбыры­на қосуға бейімдеп жатырмыз. Жақаев, Гигант ауылындағы әлеу­меттік нысан­дарды көгілдір отынға қосу жоба­сын жасадық, келесі жылы ауыстыру жос­пары бар. 8 мектептің бу қазандықта­рын мемлекеттік-жеке­меншік әріптестік негізінде ауысты­руды бастадық. Бұл жұмыс та жақын күндері аяқталады.

— Наурыз мерекесіне орай ау­данда дайындық қалай? Қайы­рымдылық шаралары болады ма?

— Ауданда жылдың басынан бері бірнеше мәрте қайырымдылық шаралары өткізілді. Жаңа айтқанымдай аудандағы тұрмысы төмен отбасы­ларға мекемелер, кәсіпкерлер, өзіміз болып жыл бойына көмек береміз. «Мектепке жол» акциясы, т.б. елдің азаматтары үлкен үлес қосуда. Көп балалы аналарға арнайылап көптеген қайырымдылық шараларын өткіздік. Жалпы шамасы 170-тей отбасына қайырымдылық қолдау жасалды. Наурыз мерекесі алдында 20 наурызда тағы әлеуметтік көмек шараларын жасаймыз. Биылғы Наурыз мерекесін стадионда өткіземіз. Халықтың арасында «киіз үйді тігіп алып өздері отырады» деген сөз бар. Сондай болмас үшін стадионның бір жағында ұлттық салт-дәстүрлерімізді, өнерімізді паш етіп, дәріптейтін шаралар өткізсек, бір жағына халыққа арнап 22 шатыр тігетін боламыз. Жылда 4 шатыр тігетінбіз. Мерекелік шаралар халық үшін ұйымдастырылады.

— Мерекеге орай лебізіңіз…

— Жылдан-жылға еліміздің әлеуеті артып, халқымыз өсіп келеді. Тәуел­сіздік жылдарында ауданда жаңа типтік жобадағы 27 мектеп салынды. Әлеуметтік нысандар жаңарып, жақсарып келеді. Кейінгі 2 жылдың өзінде ауданда 21 спорттық нысандар, амбулаториялар салынды. Елбасы халыққа Жолдауларында бірінші кезекке әрдайым әлеуметтік мәселе­лерді шешу жөніндегі міндеттерді қойып келеді. «100 нақты қадам», «5 әлеуметтік бастама», кешегі «Nur Otan» съезінде қаншама міндеттер алға қойылды. Сондықтан еліміздің келеше­гі кемел боларына сенімдімін. Облыс әкімінің кіші және орта кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі бастамалары өткен бір жылдың ішінде үлкен табысқа жетті.

Наурыз — күн мен түн теңесетін, жұртымыз бір-біріне жақсы тілектерін арнайтын ата-бабамыздан келе жатқан жылдың ең керемет мезгілінде болатын, бәріміз күтетін мейрам. Барша сырбойылықтарды, аудан халқын келе жатқан Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Жыл басын жақсы ниетпен қарсы алайық. Ағайын арасында араздық болмасын. Еліміз, Елбасымыз аман болсын. Жұмылған береке-бірлік, келісті тірлікпен әлемнің дамыған отыз елінің қатарында болайық. Елдің патриоты ретінде мен бұған 100 пайыз сенемін.

— Кең арқаулы, мазмұнды сұхбатыңызға рахмет.

Сұхбаттасқан Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here