«ҮЛГІЛІ АУЫЛ» — ЕЛДІҢ ЖЕТІСТІГІ, БІРЛІГІ

0
146

Қаланың оңтүстік батысына қарай, дарияның сол жағалық аңғарында орын тепкен Ақсуат ауылы байырғы берекелі қоныстың бірі.

Көзі көрген жұрт кеңес заманының беріректегі тоқшылық кезеңінің жырын жырласа бұл қоныстың да жайқалған бақшалығын, сүт бұлағын ағызған тайпалған түлігін, қала іргесіндегі ілгері тұрмыс-тірлігі бар ауыл болғанын айтар еді. Кеңес жүйесі бұзылғаннан кейін бірталай уақыт отын-су жағдайының өзі келісіңкіремей едәуір тұралаған кездері де болғанын ұмыт қалдырмайды.

Тіпті берірек келгенше ауылдың ауыз суы, клубы дегендей өзекті мәселелері жылдан-жылға көшіп жүретіні де естерінде.

Сол кезеңдерді бастан өткеріп, көзі көрген жұрттың ауылдың бүгінгі ілгерілеген тұрмыс күйіне шүкірлік айтатыны да рас. Күні кеше қаламен қойнаулас қоныстың тыныс-тірлігінен хабар алып қайтқанбыз. Ауыл ішін бірталай шарлап, елмен дидарласып, лебіздесіп, ауыл әкімдігіне де бас сұғып, бүгінде Жақыпбек Маханбетов, «Наурыз» саяжайы атты қалың қонысты қос елді мекенді біріктіретін Ақсуат ауылдық округінің әкімі Мәмбетәли Сейтжапбарұлы Ақмырзаевпен сұхбат құрған едік.

— Мәмбетәли Сейтжапбарұлы, Ақсуат ауылдық округі өткен жыл қорытындысымен облыс елді мекендерінің алды болып, «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпазы, сондай-ақ, Қызылорда қалалық мәслихаты мен «Атамекен» облыс­тық кәсіпкерлер палатасының бірлескен шешімімен «Жаппай кәсіпкерлікті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына ие болды. Бұл жетістікте ауыл әкімінің рөлі қаншалықты?

— Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлының тапсырмасымен 2018-2021 жылдарға кәсіпкерлікті  қолдау мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес жұмыс жүргі­зудеміз. Бұл қызметке 2017 жылы сәуір айында тағайын­далдым. Сол жылы ауылдық округтегі 29 отбасының «Ауыл шаруашылы­ғын қаржылай қолдау қоры» АҚ Қызылорда филиалы арқылы несие алуына ықпалдастық. Өткен жылы ауыл тұрғындары кәсіп­керлік мақсатта 158 млн. теңге көлемінде несие алды. Жалпы, біздің ауыл тұрғындары кәсіп­керлікке ден қойған деуге болады. Халықтың ынта-жігерінің арқасында ауылда қызмет көрсету бойынша шаштараз, монша, көлік жуу кәсібі жақсы дамып келеді. Мал шаруашылығын кәсіп еткендер көбеюде.

2017 жылдан бері ауылда 4 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Атап айт­қанда, құс шаруашылығы бағы­тындағы «Самұрық құс», сүт бағытындағы «Нұр-береке М» т.б. мал шаруашылығы, егіншілік бағытындағы кооперативтері. Халық кооперативтерге тіркеліп, кооператив атынан несие алып, кәсіп жасап жатыр. Осы орайда айта кетерлігі, «Нұр-береке М» ауыл шаруашылығы кооперативі облыс әкімінің үздік кәсіпкерге берілетін 1 млн. теңге грантына ие болды.

«Үлгілі ауыл» байқауында жүлдегер атандық. Байқау тірек ауылдары бойынша және тірек елді мекеніне кірмейтін басқа да ауылдар арасында өткізілді. Әр ауданнан 2 ауыл ұсынылды,  қаладан біз ұсынылдық, сөйтіп таңдаулы 13 ауылдың ішінен үздік танылдық. Бұл ауыл үшін үлкен жетістік. Жалпы, менің жетістігім емес, елдің жетістігі, ауылдас­тардың бәрі қуанып жатыр.

— 10 млн. теңгенің жұмсалатын орны да дайын тұрған шығар?

— Бұл қаражат ауылды дамы­туға көмек. Қаражатты қоғамдық кеңес мүшелерімен ақылдаса отырып ауылдың қажетіне жұм­саймыз. 80 пайызы ауылды көр­кейту-көгалдандыруға, 20 пайызы мектеп, балабақшаның қажетті шығындарына жұм­салады.

— Қалаға қарасты, қаламен іргелес басқа да ауылдар бар. Бәрінің даму мүмкіндіктері теңдей сияқты. Сіздердің жетістіктері­ңіздің сыры неде?

— Ең алдымен елдің бірлігі. Ауылда ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырхан Остаев, қоғамдық кеңестің төрағасы Өмірсерік Әбуов сынды қазыналы қарт­тарымыз бар. Ел ақсақалда­ры­­­мыз­­дың айтқанына тоқтайды. Өткенде есеп беру жиынында да Өмірсерік ақсақал: «Біздің ауылда бәрі жақсы,екі маршрутымыз жүріп тұр, суымыз бар, жарығы­мыз бар, газ да шешілейін деп жатыр екен. Біздің ауылда мәселе жоқ» деген. Әрі қарай «мәселе қозғалған жоқ». Әрине, жетіспей­тін дүние де жоқ емес. Барлығы бюджеттің қар­жысымен шешіле­тіні де белгілі. Біздің ауылдан көшіп кетіп жатқандар жоқ, көшіп келіп жатқандар көп. Әрісі Арал, Жаңақорғаннан көшіп келіп жатқандар бар. Халық жаңадан қоныстанған аумақтарда көше, кейбірінде жарық та жоқ. Бүкіл коммуникациясы тартылып қойған «Бәйтерекке» халық бара қоймай жатыр, бірақ коммуни­кациясы болмаса да біздің ауылға көптеп көшіп келуде.

Өзім де осы ауылдың тумасы­мын. Әке-шешем, туған-туысқан­дарымның бәрі осы ауылда тұрады. Өзімнің туған жеріме азамат ретінде пайдамды тигізсем деп ойлаймын. Әкімдік қызмет уақыт еншісінде болғанмен, бұл ауылдан алыс кетпеймін ғой. Сондықтан артымда жақсы із қалса деймін. Қолдан келгенше елге пайдамыз тисе деймін.

Ауыл орталығында Кеңес үкіметі тарағаннан кейін жабылып қалып, кейіннен әкімдік, мед­пункт, пошта болып, қазір бос тұрған балабақша ғимараты бар. Қаңырап бос тұрған типтік жобадағы ғимаратты пайдаға жаратайық деп жөндеуді баста­дық. Биыл облыстық бюджеттен 98 млн. теңге қаражат бөлінді, жөндеу жұмыстарын 1 наурыздан бастап кеттік. Жаңа оқу жылында 120 орындық мемлекеттік бала­бақша ретінде ашамыз деп жос­парлап отырмыз. Жаңа балабақ­шада 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

— Сөз орайы келгенде айта кетсеңіз, ауылдық округтің әлеу­меттік нысандармен қамтылуы қалай?

— Қазір ауылымызда «Сыр самалы» деген 140 орындық мемлекеттік балабақша, 5 жеке балабақша бар. Жаңа ғимаратта орналасқан дәрігерлік амбула­тория жұмыс істейді. Жедел жәрдем автокөлігімен жабдық­талған Мәдениет үйі де жаңа ғимаратта орналасқан. Ауылдық округ бойынша 1 орта мектеп, 1 мектеп-лицей бар. Халық саны­ның жылма-жыл өсуіне байла­нысты №268 мектеп-лицейінің жанынан бастауыш сыныптарға арналған 200 орындық ғимарат салынбақ.

— Ауылдықтар қандай кәсіп түріне ынта қойып жатыр?

— Халық сұранысына сай шаштараз, монша, көлік жуу. Сонымен бірге, әрине, мал шаруа­шылығына ден қойып жатыр. Сиыр, жылқы бордақылап, қала жақын болғаннан кейін қалаға апарып сатады. Үстіндегі пайда­сын бала-шағасына тамақ, киім-кешек қылады, оқуына төлейді дегендей. Кәсіпкерлік саласының басшылары да келіп ауылда түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жүр. Өзіміз де халыққа «ауылда отырғаннан кейін ең болмағанда 3-4 сиыр ұстау керек» дегенді айтамыз. Үлкен кісілерге: «бала­ларыңызды кәсіпке тәрбиеле­ңіздер» дейміз. Мысалы, несиеге 10 сиыр алып бақса, төлімен-ақ несиеден құтылады, 10 бас мал өзінде қалады. Әрі бұл өзіміздің ата кәсібіміз. Дегенмен, ауыл халқы қазір кәсіптің керек екенін түсініп келеді. Мысалы, көршісі кәсібін өркендетіп жатса, сол кәсіпті неге өзі де істемеске?!

Сүт бағытындағы малды кәсіп етіп жатқандар бар. «Нұр-береке М» кооперативінің қазірдің өзінде 30 сиыры бар. Шағын сүт зауытын алып келіп, сүт шығаруды қолға алмақ. Қазір ауылдың барлық дүкендерін сүт өнімдерімен қам­тамасыз етіп отыр. Жаңа айтқа­нымдай, қазір ауылда 235 кәсіп­керлік субъект тіркелген. Мен келгенге дейін ауылда салыққа 4 млн. теңге түседі екен. Өткен жылы 14,5 млн. теңгеге жуық салық түсті. Өзімізге түскен түсімді өзімізге жұмсайтынымыз белгілі. Мәслихатқа ұсынып, қоғамдық кеңестің келісімімен ауылдың қажетіне жұмсаймыз. Өткен жылғы салыққа 3 аялдама, 2 көше жөнделді. Биыл да салық түсімі 15 млн. теңге көлемінде болады деп жоспарлап отырмыз.

— Ауылда шағын да болса сүт өндіру кәсібі қолға алынбақтығын айттыңыз, басқа да өнім өндіру тара­пындағы жоба-жоспарлар бар ма?

— Құс шаруа­шылығы бағы­тын­дағы «Самұрық құс» ауыл шаруа­шылығы өнді­рістік коопе­ративі 20 мың құс ұстайтын 2 ангар құрылысын аяқтап, 10 мың құс әкеліп өсіріп, тәулігіне 550 дана жұмыртқа шығаруда. Қазірдің өзінде Қызылорда қаласын  10 пайыз жұмыртқамен қамтамасыз етіп отыр деуге бо­лады. Өндірістік кооператив алдағы уақытта 10 мың тауық әке­ліп, 2 ангарды іске қосамыз деп отыр. Өндірістік кооператив 6 ауыл тұрғынын тұрақты жұ­мыс­пен қамтуда.

Сондай-ақ, өткен жылы қол­ға алынған үлкен жобаның бірі «Қазагроқаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған жылыжай құрылысы. Жылыжай құрылы­сына ауыл аумағынан 2,2 гектар жер бөлініп, бюджет қаражатына қажетті инфрақұ­рылымы жеткі­зілуде. «Қазагро­мир» ЖШС жүзеге асыратын автоматтанды­рыл­ған жылыжай құрылысы қазіргі уақытта 80 пайыз аяқталды. Жылыжай іске қосылғанда 30 адам тұрақты жұмыспен қамты­лады. Кәсіпкер «қала халқын экологиялық таза өніммен қамта­масыз етеміз, қызанақ, қиярдан бастап жылы­жайда өсетін өнімнің барлығын егеміз», — деп отыр. Сондай-ақ, «Роллан» шаруа қожа­лығының 500-600 бас мал бордақылайтын кешенін мамыр айында іске қосамыз. 10 гектар жерге орна­ласқан бордақылау алаңының аумағында қасапха­насы да бар. Бұл да қала бойынша ірі кешен болады.

— Ауылда кәсіпкерлік бағыт­тағы жастар бастамалары да бар көрінеді?..

— «Жас прожект» жобасына өткен жылы біздің ауылдан 8 жас қатысып, әрқайсысы 1 млн. теңге­ден қайтарымсыз қаражатқа ие болып, өз кәсіптерін ашты. Бұл да біздің ауылдың бір жетістігі деуге болады. Өйткені басқа ауылдарда мұндай көрсеткіш болған жоқ. Грант иегері бірі пластик есік-терезе жасау жобасымен, бірі ешкі сүтімен айналысуда. Екеуі әлеу­меттік шаштараз ашып, тұрмысы төмен отбасыларға тегін қызмет көрсетуде. Биыл да 4 жас 6% жеңілдікпен несие алып, кәсібін ашуға талаптанып жатыр. Құжат­тарын тапсырып қойды, кепіл мүліктері де бар.

— Мал шаруашылығын кәсіп еткен тұрғындар баршылық екенін айттыңыз, сондай-ақ дәстүрлі егін шаруашылығының жайы қалай? Бау-бақша егісі де бар ма?

— Ауылдың 400 гектар аума­ғында «Абзал и К» компаниясына қарасты серіктестік күріш өсіруде. Өткен жылы жоғары өнім алып, гектар түсімділігі 60 центнерден келді. Ауыл тұрғындары қала жақын болғаннан кейін аула аумағында бақша егеді. Бақшалық егемін дегендерге арнайы жер дайындап та береміз.

— Елді мекенді көгалдандыру, абаттандыру негізгі шарты болып табылатын «Үлгілі ауыл» бай­қауының жеңімпазы Ақсуатта аяқ судан мәселе жоқ шығар?

— Ауылдық округ орталығы Жақыпбек Маханбетов ауылы аяқ сумен толық қамтамасыз етілген. Мамырдан қыркүйекке дейін аяқсудан ешқандай мәселе жоқ. Электрлік насоспен аптасына 2 мәрте су айдалады. Тұрғындардан ақша жинамаймыз, бюджеттен қаражат бөлінген. «Наурыз» саяжайына да Шіркейлі каналы­нан аптасына екі рет насоспен су айдалады. Бір сөзбен айтқанда, аяқ су мәселесі жоқ.

— Ауыз су жайы қалай?

— Әзірге 100 пайыз болмаған­мен, 90 пайыз қамтамасыз етілген. Ауылдың жаңадан қоныстанған аумағын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін өткен жылы 1 млрд. 200 млн. теңгеге жоба жасалып, «Мелиоратор» ЖШС жеңімпаз болып танылды. Өткен жылы бұл қаражаттың 245 млн. теңгесі бөлінді. «Наурыз» саяжайы аума­ғынан 2 гектар жер бөлініп, ауыз су жинау қоймасының орны белгіленіп мердігер мекеме жұмысты бастап кетті. 100 млн. теңгеге ұңғыма орнатылды, 145 млн. теңгеге ауыз су желілері жүргізілді. Биылғы жылы 530 млн. теңге қаражат бөлініп, таяу күндері жұмыс басталмақшы. «Наурыз» саяжайы, жаңадан қоныстанушылар ұңғымаға қосы­лады. Алдағы уақытта ауыз судан мәселе болмайды.

Жаңадан қоныстанған аумақ­тардағы жарық мәселесін шешу үшін 6 млн. теңгеге жоба жасалды, мемлекеттік сараптамадан өткіз­геннен кейін қаражат бөлінсе деп отырмыз. 18 көшеге талапқа сай электр желісін жүргізіп, 4-5 транс­форматор орнату жоспары бар.

— Жаңадан қоныстанушылары көп ауылдағы көше жағдайы қалай?

— «Елге ел қосылса құт» дейді, бірақ ауыл үлкейген сайын көше мәселесі де бар. Жаңа айтқаным­дай, жаңа қоныста жарық, ауыз су мәселесі де бар. Бюджеттің мүм­кін­дігіне қарай көше мәселесі де жылма-жыл шешіліп келеді. 2017 жылы облыстық бюджеттен 90 млн. теңге бөлініп, 8 көше орташа жөнделді. 2018 жылы 125 млн. теңге бөлініп, 14 көше жөнделді. Биылғы жылы да тағы да 11 көшені жөндеуге 156 млн. теңге бөлінді. Тағы да 10 көшені жөндеу үшін облыстық экономика және бюд­жеттік жоспарлау басқармасына ұсыным бердік. Қаражат бөлінсе, күзге дейін ол көшелерді де жөндейміз. Қазір ауылдың 35 көшесі жөнделіп тұр. Тағы 25 көшені жөндеуіміз керек.

— Кәсіпкерлікті ілгерілетіп жатқан ауылда әлеуметтік ахуал да ілгері болса керек. Дегенмен, ауылдың әлеуметтік ахуалы қандай? Сондай-ақ, ауылдық округ бойынша көпбалалы аналар қанша, әкімдікке мәселемен келіп жатқандар бар ма?

— Біздің ауылдық округте 7800 халық бар, Жақыпбек Маханбетов ауылында 6311, «Наурыз» сая­жайында 1500 тұрғын тіркелген. Халық саны жылдан-жылға кө­бейіп, бала туу көрсеткіші де жақсы. Ауылдық округ бойынша 230 көпбалалы ана келіп тіркелді. Біз олар жөнінде толық мәліметті қалалық әлеуметтік бағдарлама­лар және жұмыспен қамтуды ұйымдастыру бөліміне өткіздік. Ауылдық округ бойынша еңбекке қабылетті жастағы тұрғындар халықтың 36,6 пайызын құрайды, 2876 адам. Ауылымыз қалаға жақын болғандықтан 70 пайызы қалада жұмыс істейді. Жұмыс­сыздардың бірқатары маусымдық жұмыстармен айна­лысады. Жұмыссыздық деңгейі 0,5 пайыз. Бір сөзбен айтқанда жұмыссыздар көп емес.

— Үлгілі ауылдың алдағы жоспары қандай?

— Біздің ауылда орталық алаң болмаған. Осы қызметке ауылдың 90 жылдығымен тұспа-тұс келдім. Бюджеттен той тойлауға ақша бөлінбейтіні белгілі. Дегенмен, ауылдың мерейтойында қарап қалмайық деп ауылдың кәсіп­керлерін ұйымдастырып орталық алаң салдық. Халықты жинап мерекелік шара өткіздік. Оған қала әкімі Н.Нәлібаев, облыстық мәслихат хатшысы, ауылдан сайланған депутатымыз Н.Байқа­дамов қатысты. Эстрада жұлдызы Қыдырәлі Болманов әннен шашу шашты.

Енді «Үлгілі ауыл»  байқауы­нан алған қаражатқа Орталық алаңды одан әрі абаттандырсақ деп отырмыз. Фонтан орнатып, айналасын гүлдендірсек, орын­дықтар, жарық шамдарды көбейт­сек дейміз. Бір бұрышына балалар ойнайтын батут, т.б. орналастыр­сақ. Балалар 3 ай каникулда келіп, балмұздақ алып, ойынын ойнай­тын жағдай жасасақ дейміз. Өйт­кені балаларды қалаға апарып серуендетуге ауылдағы ата-ана­ның қолы тие бермейді, қаражаты да бола бермейді. Мысалы, өзім де балаларымды саябаққа жаз бойына көп болса 3 рет апарамын. Орталық алаңды күндіз балалар ойнайтындай, кешкілік жастар, ауыл халқы серуендейтіндей әдемі орынға айналдырсақ деген жоспар бар. Фонтанның да жобасын жасап қойдық.

Жаңа айтқанымдай биыл атқаруымыз тиіс деп отырған жұмыстың бірі ескі балабақша ғимаратын жақсылап жөндеп іске қосу. Тұрғындардың сұранысына сай көшелерді жөндесек, жаңадан қоныстанушылардың жарық мәселесін реттесек. Жоспар да, жұмыс та баршылық.

— Орталық алаңды балалардың көңілді демалысына орайластыру жайын жоспарладық дедіңіз, ауылда балалардың басқа да арнайы ойын алаңдары бар ма? Спорт жағдайы қалай?

— Маханбетов аулында — 2, «Наурыз» саяжайында 1 ойын алаңы бар. Күтіп ұстауына арнайы қаражат бөлінген.

Ауылдық округке типтік жобадағы бір спорт зал керек екені рас. Дегенмен, әзірге мектептің жер төлесінде ауыл кәсіпкерлерін ұйымдастырып, бөлек есік ашып, спорт залын ұйымдастырғанбыз. Қазір ауылдың жеткіншек жастары күреспен, бокспен шұғылдануда.

— Сұхбатыңызға рахмет. Үлгілі ауыл үлгілеріңіз үрдіске айналсын.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here