Жылдар бойғы арманның жемісі — «Мөлдір-Мирас»

0
241

«Қайран біздің аналар арды ойлаған, шілік шауып, ши орып, бау байлаған…» деп Мұқағали ақын жырлағандай сонау тоқсаныншы жылдардың қиыншылығында нарық майданының алғы шебіне шыққан елдің басым бөлігі әйелдер болатын. Нарық дегенді түсініп те болмастан бала-шаға қамы деп талай «ала дорба» жорығына қойып кетіскен. Біраз жылдар ала дорба арқалап, базар жағалап бейнетпен жүріп, жақсы күнді жақындатқан әйелдер қауымы қазір де кәсіпкерлік саланың басым бөлігін құрайды екен. Ала дорбалар иықтан түсіп, жүк көліктерге артылғалы бергі уақытта да кәсіпкерліктің басым бағыты болудан қалмаған сауда-саттық пен қызмет көрсету саласы негізгі денінде нәзік жандардың иелігінде десек артық емес.

Нәзік жандардың төл мерекесі қарсаңында берекелі кәсіп жасап, шаруа дөгелеткен кәсіпкер ханымдардың бірімен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Бұл — «Шұғыла» мөлтек ауданы №1 үйде орналасқан «Мөлдір Мирас» сұлу­лық салонының иесі Ләззат Маутенова ханым.

Бүгінде сұлулық салоны дейтін кәсіп түрінің кең қанат жайғаны белгілі. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» дегендей бұл нысандардың қызметіне сұраныста аз емеске ұқсайды. «Мөлдір Мирас» та көпшілік сұраныстағы салон­дардың бірі. Қалың қонысты көп қабатты үйлердің ортасында орналасқан салонға осы аумақтың үлкенді-кішілі тұрғында­рынан бөлек, қаланың әр қиырынан іздеп келетін тұтынушылар да бар екен. «Өйткені мұнда өз ісінің шеберлері жұмыс істейді», — дейді, біз сөзге тартқан тұтыну­шының бірі.

***

«Бұл кәсіпке қалай келдіңіз?» деп сұрадық Л.Маутенова ханымнан. Әңгіме әріден басталды. Айта кетелік, салон иесі Ләззат ханымның өзі де шебер шаштараз.

— Бала күнімнен қолыма қайшы тисе болды шаш қырқатынмын. «Қайшы тисе» дейтінім алғашқы тәжірибелерім олақ шығып, түзулеймін, дұрыстаймын деп әп-әдемі бұрымдардың «түбіне жеткенім бар». Ол үшін әжемнен таяқ та жегенмін. Сондықтан әжем: «Осы қыздың қолына қайшы бермеу керек» деп қайшыны тығып жүретін. Қайшымен мата қимаймын, басқа нәрсе қимаймын, тек шаш қиамын. Көрші қыздарға, нағашымның қыздарына «шашыңды қиып берейін» деп жалынып жүретінмін. Сөйтіп жүріп «біраз тәжірибе жинақтасам керек» он алты жасымнан бастап маған жұрттың өзі «шашымды қиып берші» дейтін болды. Ол кезде шаштараз өнері дамымаған кез. Ауданда (Жалағаш ауданының тумасымен) бір ғана шаштараз бар. Ылғи нөпір кезек. Таңертең барып, кешке бірақ шығасың. Сондықтан жұрт қолынан келгенше бірінің шашын бірі қиып беріп жүретін. Кейін кәсіби шаштараздың оқуын оқыған кезде жеке тәжірибем іске жарамай қалды. «Бұрын қалай қиғанмын?» деп шаш қия алмай қалдым. Мектепті бітіргеннен кейін шаштараздың оқуына барғым келген, бірақ анам «шаштараз қазақтың қызының қолы емес» деп рұқсат бермеді. Ол кезде шаштараз деген маман­дықтың аса беделі жоқ еді. Анам мұғалім болғанымды қалады. Институтқа бірнеше жыл тапсы­рып, конкурстан құлап қалып жүрдім. Екі жыл балабақшада күтуші, тәрбиеші болып істеп, содан кейін Ленинскіге (қазіргі Байқоңыр қаласы) байланыс техникумы­на оқуға түстім. Оқу ор­нында оқып жүргенімде сабақтан қо­лым босаса болды шаш­таразға бара­тынмын. Ке­зекке отырып алып ше­бер­лердің шаш қиғанына қарап отырамын. Кезегім келіп қалған кезде тағы да кезектің соңына отыра­мын. Бұл жағдайды бір күні бір шебер байқап қалып (кейін ұстазым болған Любовь Первая) «не істеп жүрсің?» деп сұрады. «Осы жұмыс қы­зық­тырады», —   дедім. «Ендеше, оқып кел», — деді шебер. Сөйтіп байланыс техникумында оқи жүріп, кәсіптік училищенің кешкі бөліміне шаштараз мамандығы бойынша оқуға түстім. Анамның қарсылығына бай­ланысты мұны үйдегілерге айтқан жоқ­пын. Кәсіби маман ретінде жұмыс тәжіри­бемді Байқоңыр қаласынан бастадым.

…2000 жылы кәсіпкерліктің мәнісін толық түсінбей тұрып, өзім тұратын үйдің астыңғы қабатынан жалға алып шаштараз ашып, оны 2003 жылы қайта жаптым. Қала орталығындағы салондарда жұмыс істедім. Тәжірибе жинап, шеберлік артып дегендей тұтынушыларым көбейді. Олардың қатарында үлкен қызметтегі адамдар да болатын.

2004 жылы ұлым дүниеге келді. Балам бір жастан асқанда балабақшаға беріп, орталықтағы жұмысқа қатынап жүрдім. Бірақ бұл қиынға түсті. Бір күні «Кому что» газетінің қиындысынан «Шұғыла №1, шаштараз « деген хабарландыру көріп қалып хабарластым. Жалға берілетінін айтты. Сөйтіп осы шаштаразды алдымен жалға алып, жұмыс істей бастадым. Жаңадан тұрақты тұтынушылар қатары пайда болды. 2006 жылы бастап, 6 жылдан кейін сатып алдым, — деді, кәсіпкер кәсіпке келу жолы жайында. Яғни, бұл кәсіп жылдар бойғы арманның жемісі, арман­ның қайрат-жігермен шыңдалған жеңісі десе болғандай.

***

Бұрындары қайсыбір салада болмасын кәсіп жүргізушілер «кәсіпкерлікке кедергі» дегенді айтумен жүретін. Қазір «Елбасы бастамашы кәсіпкерлікке қолдау үшін рахмет», — деп лебіз білдірушілерді естіп жүрміз. Мұның құр сөз еместігіне облыс орталығында кәсіпкерлерді қолдау орталығының ашылғандығы дәлел. Мұн­дай орталықтар бүгінде басқа өңірлер­дерде тәжірибеге алынып ашылып жатқанға ұқсайды. Мұның бір дәлелін Л.Маутенова да атап өтті.

— Елбасының кәсіпкерлікті қолдауы­ның арқасында осындай дәрежеге жеттім деп ойлаймын. Қаржылай мемлекеттен қолдау алғаным жоқ, бірақ жөнсіз тек­серуге тыйым салынғаны кәсіпті ілге­рілетуге көп көмектесті. Бұрын шынын айтқанда папкі ұстап келе жатқан адамды көрсек жүрегіміз зырқ ете қалатын. Кім көрінген келіп, болмайтын нәрсеге акты толтыра салатын. Бастапқы жылдары, тексеруге мораторий жарияланғанға дейін қиналдық. Тиісті жұмысты тексерулерден қорқып емес, өзіміз үшін қызметіміздің сапалы болуы үшін атқарамыз. Алдағы уақытта кәсібімізді кеңейтіп қала орталығынан тағы бір салон ашуды жоспарлап отырмыз.

***

Осы уақыт аралығында жұмыспен қамту орталығымен келісім шарт негізінде 80 шәкірт тәрбиеледім. Жекелей оқытып тәрбиелеген шәкірттерімде бар. Олардың кейбіреулері қазір өздері салон ашып, кәсіптерін жүргізуде. Солардың бірі — Әсел Бекпанова. «ZhasProject» байқауы­ның грантына ие болып, өз кәсібін ашты. Мен алдыма келген шәкірттерге «мақс­атың шашатараз болу ма, ақша табу ма?» деген сұрақты қоямын. «Ақша табу» дегендерді қабылдаған емеспін. Ақшаны ойлаған адам жұмыс істей алмайды. «Шаштаразға ақша жермен келеді екен ғой», — дейді бірде оқуға келген жас қыз. Яғни, ақша өз-өзінен келеді дегені ғой. Бірақ, ол екі-үш күннен кейін-ақ олай еместігіне көзі жетіп, жұмыстың қиын­дығына шыдамай кетіп қалды. Шынды­ғында шаштараздың жұмысы оңай емес. Таңертеңнен кешке дейін тікемізден тік тұратын кезіміз бар. Алдымызға қанша тұтынушы келсе олармен тіл табысу да парыз. Әр мамандықтың өз қиындығы болады. Шаштараз да сондай. Жақсы маман шаш бояулардың құрамы жөнінде білуі үшін химияны білу керек. Тұтыну­шымен мәдениетті сөйлесе білу үшін әдеби тілді білуі керек. Эстетика, этика бірінші қажеттілік. Сондай-ақ, психолог­та болуы керек. Тұтынушының бәрі шаш­таразға тек шашын қидыруға келмейді. Әсіресе әйел заты шаштаразға кейде көңіл-күйі болмағасын келеді. Кейбір жақын-жуық, таныстарыма: «көңіл-күйің болмаса шаштаразға бар» деймін. Шашты дұрыстап, қасты түзеп, тырнақты бояға­сын көңіл-күй көтеріледі. Біздің салон бірыңғай түспен емес, түрлі түспен әрлен­ген. Менің түсінігімде бірыңғай түс көзді шаршатады. Түрлі-түске көз жүгірткенде көңіл сергиді.

***

Шаш адамның денсаулығына, көңіл-күйіне қарай өседі. Бір тұтынушы апайымыз «шашым өсіп кете береді» дейді. Мен оған: «шашыңыз жақсы өссе, денсаулығыңыздың жақсы болғаны, қайта қуанбайсыз ба?», — дей­тінмін. Содан әлгі апайымыз біраз уақыт келмей кетті. Бір күндері келіп «ауырып қал­дым, шашым да өспей қалды» дейді. Адам айнаға қараған кезде ең бірінші шашына көзі түседі. Ең алдымен шашты, қасты, тырнақты жөндеп жүрсе кім-кімнің де көңіл-күйі көтеріңкі болады.

Өткен жылы «Мөлдір Мирас» салонының ашы­луына 12 жыл толуына орай 100 пайыз тегін, 50 пайыз жеңіл­дікпен акция­лар ұйымдастыр­дық. Өз-өзімізді жарнамалау үшін емес, Ұзақ уақыт біздің тұрақты тұтынушылары­мыз болып келе жатқан қалың көпшілікке жақсы көңіл-күй сыйлағымыз келді. Осы орын­ды жалға алып отырған кездері жалға алу бағасы қымбат­таған сайын кетуді ойлап та жүрдік. Осы жерде қалғанымыз тұтынушы­ларымыздың ниеті деп ойлаймын. «Саған осы салонды сатып алып берейік» дейтін кей­бірі. «Сыйға сый» дегендей бізде тұтынушылары­мыз­дың көңілінен шығуға барымызды саламыз. Бағаны елден ерек көтермеуге мүмкіндігінше төмен бағаны ұстап тұруға тырысамыз. Кейде тұтыну­шы­мыздың ақшасы жетпей тұрса да қызмет көрсететін жағдай болады. Бірде салонға үйсіз-күйсіз жағдайдағы бір ер кісі келіп тұр. Шашын алып беруді өтініш етті. Өтінішін орындадық. Адам баласы­ның ешқайсысы өзінің алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Ешкім де жаман бо­лайын демейді. Бәрінде де биікке самғасам деген арман болады. Бірақ өмір жолында шалыс кетіп, сүрініп кетіп, сондай күйге түсіп қалуы мүмкін.

***

Дәл осы қазіргі ұжымыма көңілім толады. Қазіргі шеберлеріміздің бәрі ақыл тоқтатқан, жұмысына берілген. Әрқай­сысы өз ісінің білгірі.

Ләззат Құланбаева — біздің салонға 41 жасында келді. Өзім үйреткен шәкіртім. Қазір осында істеп жатқанына 7 жыл болды. Ерлердің де, әйелдердің де шашын қияды. Талапқа сай жұмыс істейді. Тұтыну­шыларымыз Ләззаттың қызметіне риза. Сұранысқа ие маманымыз.

Маржан Райсова — бет әрлеуші, соны­мен бірге маникюр, педикюр, қас түзеу, қас бояу қызметтерін атқарады. Асыра мақтағаным емес, бұл шеберіміздің де жұмысына тұтынушыларымыз тәнті. Әсіресе, бет әрлегенде адамның түрін өзгертіп жібереді.

Сәуле Асанова — маникюр шебері. Ісіне жауапты, елгезек. Маржан да, Сәуле де шеберлігін шыңдап Алматыдан оқып келген.

Жас маманымыз Жансая Қуандықо­ва­ның да бұл салонда жұмыс істегеніне 5 жыл. Өте алғыр. Маникюр, педикюр, шугаринг, татуаж, қас түзеу, кірпік ұзарту, бет әрлеу барлығын жасайтын бес аспап шебер ретінде мақтан тұтамын.

Жалпы біздің салонда істейтін шебер­лерің бәрі де бесаспап деп айта аламын.

***

Әрине, қызмет барысында бұлжымас талап та қойылады. Бұл біріншіден қызметке жұмыс орнына келгенде жеке басының жағдайы, т.б мәселелерді алып келмеу керек. Өйткені көңіл-күйі қызмет сапасына әсер етуі мүмкін. Жаңа айтқа­ным­дай сұлулық салонына келген тұты­нушы тек шашын қидыру үшін ғана емес, көңіл-күйін көтеру үшін келеді. Сондық­тан олардың көңілінен шыға білуіміз керек. Екіншіден, тазалық жөнінде қатаң талап қоямын. Барлық жабдықтарды дезинфекциялап отырамыз. Мысалы, біреудің басындағы қайызғақты басқа адамға жұқтырып жатсақ онда пайдамыз­дан зиянымыз болғаны. Ешбір адамға зиянымыз тимеу керек. Сондықтан, тазалық — біздің жұмысымыздың басты талабы. Үшіншіден, тәртіп. Жұмыс уа­қыты 09:00-де басталуы тиіс. Тұтынушы­ны қабылдау уақыты алдын-ала жазылған болса, дәлме-дәл сол уақытта қабылдауы­мыз керек. Өкінішке орай, бұны тұтынушы­лардың бұзатын жағдайы жиі кездеседі. Сондай-ақ құрал-сайманы­мыздың сапа­сына да зор мән береміз. Қазіргі уақытта, шаштараз құрал-сай­мандары арзан тұр­майды. Бір қайшының өзі 15 мың теңгеден жоғары. Дегенмен, оларды жаңартып отыру керек. Өйткені, адамның шашы да тірі ағза. Егер қайшы дұрыс өтпей, дұрыс қиылмаса онда шаштың түбі тітіркеніп шаштың құры­лымына кері әсерін тигізеді, — деп шаштараз кәсібінің қыр-сырынан мол мағлұлмат жеткізді Ләззат ханым.

***

Бүгінде шағын кәсібі өрістеп, жақсы нәтижеге жеткен «Шұғыла» мөлтек ауданындағы «Мөлдір Мирас» сән салоны көпшілікке сұраныста екен. Мұны сұхбат құрған шамалы уақытта бірінен кейін бірі үзілмей келген тұтынушылар қатары да айғақтады. Тұтынушылар қатарында бала да, егде кісі де, ер — азамат та бар.

— Бұл кәсіпті алып кетуіме анам, жол­дасым, қызым көмектесті. Олардың қолдауы, көмегі болмаса қолымнан келмес еді. Сондықтан, менің жетістігім — отба­сымның ортақ еңбегі, — деп, ағынан жарылды Ләззат ханым.

Біз де кәсіпкердің алдағы жоспар­ларының нәтижелі жүзеге асуына тілектестік білдірдік.

Ж.АЙМАҒАНБЕТОВА

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here