«Үйден жұмысқа асығатын, жұмыстан отбасыма асығатын жандардың бірімін»

0
226

Әйел – аяулы жар, ардақты ана, ақжаулықты әже, әйел – саясаткер тізбектей берсек, кете береді. Қоғамымызда әйел адам тек қана отбасының береке-бірлігін ойлайтын ғана тұлға емес, ол мемлекет дамуына да араласатын белсенді мүшесі. Елімізде бала тәрбиелеп, отбасы мен жұмысты қатар алып жүретін белсенді ханымдар жылдан-жылға артып келеді. «Билігі мықты елдің – тірлігі құтты» демекші, өз саласында жемісті еңбек етіп, өз ұжымын алға жетелеген нәзік жандылардың бірі – Индира Ақжігітова. Бүгінде ол – облыстық   цифрлық технологиялар басқармасының басшысы. Ақылды әйел, аяулы жар, ардақты ана, өнегелі маман, білікті басшы болып отырған Индира Сансызбайқызының ғибратты ғұмыры кімге болса да үлгі-өнеге боларлықтай. Кең пейіл, дархан жүректі, мейірімі мол, жайдары мінезінің арқасында отба­сының ғана емес, қызметтестерінің де ықыласына бөленген жан. Мереке қарсаңында   Индира Сансызбайқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

Сәлеметсіз бе, Индира Сансызбай­қызы! Алғашқы сауалымды өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған жерге, ата-анаңызға қарай бағыттасам…

— Мен 1973 жылы 1-ші қаңтарда қазіргі Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма ауылында дүниеге келдім. Сол ауылдағы №144 орта мектепте білім алдым. Алғашқы ұстазым марқұм Сәния апай мен мектеп бітіруші сынып­тағы жетекшіміз Бейсен апайларымыз бізге жақсы білім мен тәрбие бергендігінің арқасында ел азаматы болып отырмыз. Барлық ұстаз­дарыма дән ризамын.

12 құрсақтан қалған жалғыз кіндікті анашым өжет, намысшыл, көпшіл, адал болуға тәрбиеледі. Әкем өз қызметінде қайсар, қадірлі, құрметті, достарымен қарым-қатынасынан көпшілдігімен қоса, мықты стратег болатын. Уақытынан ерте туған деп отыратын құрдастары. Ата-анам білім алу мен сауатты­лықпен бірге басты құндылық адамгершілікте деп отыратын.  Екеуі де еңбекқор. Оны көріп өскен біздер де ата-анамыздан үлгі алып өстік.

1989 жылы мектепті «күміс медальмен» аяқтап, Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педаго­гикалық институтына оқуға түстім. 1994 жылы осы институтты үздік тәмамдадым. Еңбек жолымды бұрынғы КИИАП-та физика-техника кафедрасында ассистент болып бастап, қосымша   облыстық гимназияда информатика пәнінен сабақ беріп жүрдім. Талапшылдығым мен біліктілігімнен болар 24 жасымда осы гимназияға мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалып, толығымен ауыстым. Одан келе, білім басқармасы жанындағы ақпараттандыру орталығына директор болып тағайындалып, білім саласында 7 жылдай қызмет атқарып, экономика және бюджеттік жоспарлау басқар­масына бас маман болып тағайындалдым. Одан кейін облыс әкімінің аппаратында бөлім басшысы, аппарат басшысының орынбасары лауазымдарында 12 жылдан аса қызмет атқардым.

1993 жылдан бері отбасылымын. Бүгінде 4 баланың анасымын.

— Цифрлық технология- әлемдік дамудың айнасы. Өзіңіз басқарып отыр­ған цифрлық технологиялар басқарма­сының қандай жаңалығы бар?

Қазір ақпараттық заманауи қоғам. Ақпа­раттың тасқыны минут сайын өсіп жатқан­дықтан оны игеруге технологиялар міндетті түрде қажет. Цифрлы Қазақстан бағдарлама­сының аясында 2018 жылы 40 жобаның бастамасы қолға алынды. Оның 29-ы іске қосылып, 11 -ін 2019 жылға ауыспалы етіп жалғастырудамыз.

Бүгінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға арналған жобаларға аса мән беріліп келеді. Атап айтар болсақ, өткен жылы «Бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі — 112» жобасын іске қостық. Құдай сақтасын, оқыс жағдай орын алғанда адам абдырап қалады. Жоба аясында кезекшілік және диспетчерлік қызметтерінің   жедел ден қоюдағы әрекеттерін біріктіру арқылы адам өмірін аман алып қалуға барынша жағдайлар жасайды. Бір қоңырау мен бірнеше қызметтерді шақыру, олардың ең қысқа мерзімде , ең қысқа жолмен   келуі деген мәселелер басты басымдықта болды.

Ал денсаулық сақтау саласында үйде отырып, «Дамумед» бағдарламасы арқылы ұялы телефонмен дәрігердің қабылдауына жазылу мен дәрігерді үйге шақыру сияқты жоба іске қосылды. Білім мекемелерінде де ата-ана жұмысбасты болғандықтан «Күнделік.кз» арқылы баласының сабақ үлгерімін үйде отырып бақылай алады. Бүгінде ІT-сыныптар, робототехника сыныптары жұмыс жасауда. Әбділда Тәжібаев атындағы кітапханада ІT-парк ашылды. Ол Сырдың жас ІТ таланттарын тәр­бие­леуде өз үлесін қосатын алаң болады деген үлкен үмітіміз бар.

Айтпақшы, 9 наурызда аз қамтылған отбасының балаларына, студенттерге арнап 6 айлық тегін бағдарламалау мектебі ашылады. Оқимын, ІТ — бизнес ашамын деген тілек-білдірушілерден Іtechelon.kz сайтында өтінім қабылдануда. Соған шақырамыз. Оқудан кейін стартапер болуға дейін сүйемелдеп, бизнеске тартылуына бейімдейді.

— Отбасы — ең басты құндылық. Оған әлемнің кереметі де, байлығы да жет­пес. Өзіңіздің отбасыңызға сөз тізгінін бұрсақ…

— Мен үшін отбасымның орны ерек­ше. Жұбайым Ерлан Теңізбайұлы Қызылорда қаласындағы №6 мектеп директоры. Өте білімді жан, білікті математик. Еңбек жолын мұғалім­діктен бастады. Қалалық білім бөлімінде әдіскер қызметін атқарды. Осындай жан­мен шаңырақ көтеріп, 4 азаматты тәр­биелеп отырғаныма Тәңірге тәубе ете­мін. Үлкен ұлым Құддыс жоғары оқу орнын тәмамдап, Астана қаласында қызметте. Екінші ұлым Дегерез Алматы қаласында жоғары әскери оқу орнында білім алып жатыр. 4-сыныпта Арен, ал кенжетайым Ларбада 2-сыныпта. Екеуі де үздік оқушылар.

Отбасы мен жұмысты қатар алып жүру сіз үшін қаншалықты қиын? Өзіңіз осы екі аралықты қалай ұштастыра алып отырсыз?

— Тұрмысқа шығып, басқа шаңырақтың табал­дырығынан аттап, түтінін түзу түтету кез-келген қыз баланың басты арманының бірі шығар. Алла менің маңдайыма өмірдің төрт қуанышын жазыпты. Әрине, қызметті де, отбасын да қатар алып жүру оңай емес. Егерде мен өмірде қандай да бір жетістіктерге жеткен болсам, біріншіден, ұшқан ұямда ата-анам­ның берген тәрбиесі мен білімге құштар­ландыр­ған ұстаздарымның және менің жұмысымды түсінген ер-азаматымның еңбегі. Қай жерде болса да, өте тамаша  ортада керемет білікті әріп­тестермен бірге жүруді жазған Алланың сыйы.

Балалардың кішкентай кездерінде ба­ла тәрбиесіне маған анам жиі көмектесетін. Анамның дүниеден озғанына 2 жыл болды. Оларды аяқтандырып кетті десем болады. Жұмыстан тыс уақытымның барлығын отбасыма арнаймын. Балаларымның сабағын қадағалай­мын, асханада дәмді та­ғамдар әзірлеймін. Жұмыста жауап­тылықтың басында өзің тұрған соң, бар­лық нәрсені жіті бақылауда ұстау қажет. Жұбайым мен балаларым қызметіме тү­сініс­тікпен қарайды, маған әрдайым қолдау таны­тып отырады. Әйел үйдегі шаруаға қандай пысық болса, өзі басқарған ме­кемені де гүлден­діруі міндетті шығар. Өз бала­ларына қалай қамқор болса, қызметкер­леріне де сондай жанашырлық танытамын деп ойлаймын. Сон­дықтан отбасыма да, жұ­мысыма да уақытымды тиімді жұм­сай­мын. Өзімді үйден жұмысқа асығатын, жұмыстан отбасыма асығатын жанның бірімін деп санаймын.

— Қыз келіншектерге жетістікке жету үшін қандай кеңес бересіз?

— Мен жұмысымды қатты жақсы кө­ре­мін. Өзімді басқа салада елестете ал­маймын. Жұмысымда осындай үлкен же­тіс­тіктерге қолжеткізгенім ізденіс пен білім­нің, шыдамды­лықтың нәтижесі деп білемін. Сондықтан ба­лаларымды әрдайым биіктен көру үшін көп оқытамын, қызығатын дүниелерді бірге зерде­леп, бірге жасаймыз. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы «Ұжымда әйел заты тиянақтылық пен жүйелілікті, тәртіпті үйлестіріп отыратын тұлға» деп айтып отырады.

Басшылықта әйелдер үлесі көп болуы керек деп ойлаймын. Әр әйел отбасы мен қо­ғамның айнасы. Әрбір нәзік жан от­басы ұйытқысы, үйдің көркі болумен қа­тар, еңбек етіп, еліміздің алға қарай қа­рышты қадам басуына үлес қосқаны жөн деп есептеймін.

— Өмірлік ұстанымыз қандай?

— Шындықты ексең сенімді табасың, жақсылықты ексең досты табасың, кешірімді ексең келісім табасың, шыдамдылықты ексең жеңісті табасың. Бұл — менің өмір жолымның басты ұстанымы. Адам өмірде адам болып қалу үшін өзін-өзі тәрбиелеуі қажет. Қазір ақпарат көп, адамдар психологиялық тұрғыда әлсіз. Әжелеріміз, аталарымыздың заманындағыдай дене мен қол еңбегі аз. Өзімізбен жұмыс жасауымыз аса қажет. Адамда   мақсатқа жету үшін алға қарай адымды қадамдар болуы керек.

Бала тәрбиелеуде арнайы ұстаны­мыңыз, амал-тәсілдеріңіз бар ма?

Ер бала анасымен сырлас болады. Ұл балалар тәрбиелеп отырғандықтан, келіндерім өзіме ұқсаса деймін. Қазір көп ата-ана жұмысбасты. Сол себепті балаға ата-ананың махаб­баты жетіспейді. Егер бала махаббатқа бөленіп өссе, әлемді махаббат жеңетіні сөзсіз. Баланың жалғыз қалып өсуі, өзімшілдікке алып келеді. Ал көпбалалы отбасында мұндайға жол берілмейді, балалар сүйіспеншіліктің, бауырма­шылықтың, жанашырлықтың ортасында өседі. Балаға орнымен шектеу қойып, орнымен еркін­дікке жіберу керек. Баланы кішкентай кезден бастап ненің дұрыс, ненің бұрыс, ненің қажет, не қажет еместігін ажыратып түсіндіріп отыру керек. Анам мені көзбен тәрбиеледі. Тұңғышым­ды мен де солай дұрыс екен деп тәрбиеледім. Бірақ уақыт өте келе бұл дұрыс әдіс емес екенін ұқтым. Ол менің заманынымда, балалық шағымда тиімді болған шығар. Бұл әдіс арқылы баламды өзіме тәуелді, бағынышты етіп тәрбиелейді екенмін. Бұлай тәрбиеленген бала өзінің ойын еркін жеткізбейді. Соңғы екі баламды еркін өсірдім. Бүгінде екеуінің ойлау қабілеті жоғары, ойын еркін айтады. Балаға жекуден гөрі, орын алған оқиғаны барынша түсіндірсең, келесі жолы қайталамауға тыры­сады. Үйде өз анам арқылы ата-ананы қалай құрметтеу керектігін көрсете білдім. Бірінші Алла дей отырып, жақсылықты ексең, соны тересің дегендей, дәл сондай құрметке бөленетініме сенімдімін.

— Берекелі отбасы болудың құпиясы неде? Сіз үшін әйел бақыты деген не?

— Ең бірінші өзін және жарын сыйлау керек. Тек өзімдікі дұрыс деген отбасы алысқа бар­майды. Бірін-бірін құрметтеп, отбасын бірінші орынға қою керек. Отбасындағы береке деп өзара түсіністікті айтар едім. Ерлі-зайыпты бір-бірін қас-қабағынан түсінсе, көптеген мәселенің алдын алады. Одан кейін сыйластық керек. Әр әйел заты ер-азаматын ардақтап, қадірлесе, қандай жарасымды. Одан кейін сабырлылық қажет. Дүниеге әкелген сәбиінен бақытты сезіну, оған шынайы адами, иманды тәрбие беру арқылы әйел бақытын таба аласыз дер едім. Балаға тек қана материалды азық бермей, рухани азық пен имандылықты қоса берсең, кішкентай нәрсеге қуануды үйретсең, барлығы іздейтін бақытты тапқаның.

Мемлекеттік қызметкер болған соң, уақытыңызды көбінесе жұмыста өткі­земін деп айтып отырсыз ғой. Отбасы­ның шаруасымен кім айналысады?

— Отбасының өз құндылықтары бар. Көп жылдар қызметте болғандықтан анамның арқасында үй шаруасындағы мәселелер мен үшін шешіліп отырды. Ол қалыптастырған тәртіп пен тазалық бүгінде сақталуда.

Сенбі-жексенбі күні жолдасым мен ұлдарымның сүйікті тағамдарын жасап беруге тырысамын. Уақыт тапшылығына байланысты жасырмаймын, дайын тағамды сатып та алатын кездерім бар. Бірақ қолдан келгенше өзім жасауға тырысамын. Жалпы, әйел деген өте мықты жан ғой. Кез келген тірлікке тез бейім­деліп кетеді. Жексенбі күні отбасыммен бірге дәстүрлі суға жүзуге, киноға барып тұрамыз.

— 8 наурызға әйелдерге, қыз-келін­шектерге тілегіңіз.

— Барлығымыз бақытты іздейміз. Ол өзіңіздің жаныңызда тек мән бере біліңіз.   Әйел бақытын көп тілейміз. Себебі, әйелдің бақыты отбасы бірлігі мен бала қуанышында. Яғни отбасы мен балада. Басты дүние әйелде болғандықтан, көктемде олар қуануға, құлпыруға міндетті. Мереке құтты болсын, әжелер, аналар, қыз -келіншектер!

Ой бөлісіп, әсерлі сыр шертіп, салмақты сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ақмарал ОМАШ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here