Мұратына жеткен бақытты жандар

0
468

Әрбір адамның бақыты ең алдымен денінің саулығы, отбасы, жақындарының амандығы болса керек. Менің де бақытым да байлығым: бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан әке-шешемнің күйлі-қуатты, қарттықтың бақытына бөленіп, немере, шөберенің қызығына кенеліп отырғаны, балауса 18 жасымнан қол ұстасып өмір жолын бірге кешіп келе жатқан жолдасым Серік екеуміздің ұл-қыз өсіріп, бүгінде ата-әже атанға­ны­­мыз, бірге туған бауырларым мен олардан тараған ұрпақтар, өзім отын жаққан әулеттен тарайтын барша жұртымызбен қадірлі сыйласты­ғымыз деп білемін. Ұзағынан сүйіндірсін, шүкір­лік, кейде замандас құрбы-құрдастар «мамаң, папаң бар, қандай керемет!» деп қызыға қарай­тыны рас. «Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» деп белгілі әнде айтылатындай өзім де бүгінде немере сүйген әже атансам да әке-шешемнің барына марқаямын. Оларды біраз күн қөрмесем көңілім елжіреп сағынып тұрамын. Ауырса-сырқаса алаңдап аман жүрсе екен деп тілеймін. Жаратқан әу баста жүрегімізге ұялатып, қаны­мыз­ға сіңдірген қасиет баланың ата-анаға деген махаббаты ғой, бұл.

Ал енді ата-ананың балаға деген сүйіспенші­лігі мен қамқорлығы тіпті шексіз. Әке — асқар тау, ана өмірдің ыстығы мен суығынан қорғайтын сая да, пана дейді ғой халқымыз.

Бір қалада тұрған соң ұшқан ұямыз — туған үйімізге жиі барып тұрамыз. Күнделікті телефонмен сөйлескеніміз дидарласып, жүзбе-жүз әңгіме-дүкен құр­ғанға жетпейді.

Үлкен апамыз Гүлнар Шым­кентте. Өсіп-өнген мәуелі шаңы­рақтың тілеуін тілеген әже. Шырайлы Шымкенттегі бір үйіміз. Үлкен ағамыз Нұрадин осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткен. «Орнында бар оңалар» демекші, артында ұл-қызы, неме­ре­лері бар. Екінші ағамыз да осы қалада, балалы-шағалы. Тетелес сіңілім Гүлмира да бүгінде әже атанған, заманға сай кәсіп жасап, бала-шағасын берекелі іске ұйытып отырған отанасы.

«Ойдағы-қырдағы бала-шаға­ның амандығын бер» деп тілейді қарттарымыз. Жалпы қайсыбір ата-ананың тілегі де, асыл мұраты да ұрпағының амандығы, ұрпағының қамы үшін жаса­ған ұшан-теңіз еңбе­гінің ақталып, олардың өмірде өз орнын тауып, қоғамға пай­далы азамат болғаны ғой. Осы тұрғыда біздің ата-анамыз мұратына жеткен бақытты жандар дей аламын.

* * *

«Балалық шағы — патша­ның тағы» дегендей ата-ана­ның қам­қорлығының арқа­сында балалық бал дәуреннің қызығынан кенде болған жоқпыз. Сол кездері екінің бірінің қолы жете бермейтін қала орталығында кең сарай­дай бес бөлмелі үйіміз болды. Ата-ана­мызбен, анамыздың ағасы, өмір бойына ағалық қамқорлығын аямаған, наға­шымыз Дәулет­әлінің атсалысуымен салынған үй елу жылдан астам отбасы­мыз­дың құтты мекені болды. Ескінің тозып, жаңаруы уақыт заңды­лығы. Бірақ жадымызда жазылып, көңіл түкпірінде сақталған қимас шақтардың естеліктері ескір­мейтіні анық. Мынау еңселі үй бой көтерген аумақ сонау шақта жайқалған бақшалық, айнала жүзімдік болатын. Жүзім пісер-піспестен жүзімдік астына тығы­лып алып, табиғат тартуына рахаттана «бас қоятынбыз» тете­лес бауырлар. Аулада алаңсыз ойын соққан кездер, тымық жазғы кештерде жұмыстан келген ата-анамен бірге сәкіге дастархан жайып, отбасымыздың төрт көзі түгел жиналған мамыражай шақ­тар, астан апыл-ғұпыл асап, іңір қараңғылығына дейін қызатын көшедегі ойынға асыққан аға-інілеріміз, бәрі-бәрі, көңілде өш­пейтін есте­лік. Кітаптай парақ­та­лып, ойда тізбек­теле береді.

Сол бір қам­­сыз, шат­тыққа толы бала­лы­ғымыз үшін ата-анаға мың алғыс!

Әке-шеше­міз­дің балалары үшін жасаған еңбегі ешбір ата-анадан кем болмағаны анық. Әкеміз Дай­ра­бай зейнет жа­сы­на дейін көлік жүргізушісі болып жұмыс істесе, ана­мыз Әлпеш еңбек жолын тігін фаб­рикасында тігін­ші болып бастап, кейіннен сауда саласында қыз­мет атқарды. Осы са­лада 25 жыл абы­ройлы қызмет істеге­нінің айғағы: сала бойынша жоғарғы марапат — салалық Министр­­ліктен Мақтау грама­тосын алған. Әр жылдары жер­гілікті деңгейде алған мадақ­тамалары да баршы­лық. Зама­нын­да облыстағы бірден-бір басылым облыстық газетте де жоспарды асыра орындаған екпінді қызмет­кер ретіндегі жетістіктері жария етілген екен. Анамыздың жұмыс­қа ерте кетіп кеш келіп жүріп-ақ, үйдің шаруа­сын тап-тұйнақтай ететіні бала күнімізден есімізде. Үй әрдайым жинақы, балалар­дың киімі әрдайым ұқыпты. Ұқыпты­лық, тиянақтылық, жұмысқа жауап­кершілік сияқты қай ортада да абырой беретін қасиет­тер бала­лары бізге анамыздан дарыған қасиет дей аламын. Анамыздың бір салада табан аудармай ширек ғасыр абырой­мен қызмет ат­қаруы осының  айғағы болса керек. Сырт көзге қарапайым да бір сыдырғы өмір­баянда қызығы мен қиын­дығы қатар жүретін күнде­лікті тыным­сыз тірлік, алаң көңіл, беймаза­лық­тағы қажыр-қайратты ана еңбегі бар.

Үлкен шаңырақтан бір шаба­данмен ғана бөлек шыққан әкем мен шешем отбасылық өмірдің бастапқы жылдарында баспана тауқыметін де тартқан екен. Шабадан арқалап жүріп, пәтер іздеп табан тоздырған кездері де болыпты. Келімді-кетімді қонақ келгенде аяқ созуға мүмкін болмай қалатын аядай бөлмеде тірліктің талай күні өткен.

Кейде үлкендеріміз, олардың қатарына кейде өзіміз де қосылып кетеміз, кейінгі жастардың кейбір әдеттерін жаратпай кейіс­тік айтып жататыны бар. Кейде «қараптан қарап» шаршаңқы жас­тарды көр­генде «Қайран біздің аналар!» дейміз еріксіз.

Еңбек жолын тігін фабрика­сында тігінші­ліктен бастаған анамыз бұл істен осы күнге дейін қол үзген емес. Балалары­на жыртық киім кигізбе­ген үйдегі тігін машинасы әлі іске жарап тұр. Ана­мыздың қолынан шыққан құрақ көрпешелер жаңа қонысты да құлпырта түскен. 19 немере, 31 шөбе­ренің анамыздың құрақ көрпеше тартуын алмағаны жоқ.

Анамыздың тағы бір шеберлік қыры —  тоқымашылығы. Түн ұй­қы­сын бөліп тоқып беретін кеу­деше, жемпірлерін балалық, жастық шағымызда жарқыратып киіп, талайды тамсандыратынбыз. Мектепте оқып жүргенімде анамның жарқыраған сарғыш түсті жемпір тоқып бергені есімде. Фабрикадан шыққандай әдемі бұйымға сыныптас құрбыларым ғана емес, мұғалім апайлар да «қандай әдемі!» деп таң қалыс­қаны бар. «Мамам тоқып берді!» дегенмін мақтанышпен.

«Мақтансақ ананы мақтайық» дегендей, анамыз үшін біз бала­лары мақтанып та марқайып, мадақ айтарлықтай тұсымыз аз емес.

Анамыз зейнетке шыққаннан кейін де еңбектен қол үзбей қиын­шылықты 90-жылдары бақша егісіне бет бұрып, дала жұмысына да араласты. Бұл жұмысы да жемісті болып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Жақсы бапталған сапалы өнім қала базарында көп іркіліссіз өтіп кетіп жататын. Шынын айтқанда, анамыздың бақшалығындағы піскен кезде қақ-қақ айырылып, шырыны сыртына шығып, хош иісі аңқыған әңгелек, әміре қауынындай, біреуін бір адам зорға көтеретін «мрамор» қарбыздарындай тәтті қауын-қарбызды бүгінде ұмытқан сияқтымыз.

Бертін келе заман талабына ілесіп, базар нарығына да үлес қосты сауда саласының ардагері анамыз.

Қазір де сексеннің үстіне шыққанмен  үй шаруасынан қол босатқан жоқ. Заман талабымен балалардың да уақыты жоқ, бірі жұмыста, бірі сабақта дегендей. «Тірліктеріңнен қалма, құдайдың берген қуатымен шалға бір шәйнек шайды өзім де қойып берем ғой» деп балаларды «өз дегеніне» де көндіретінін қайтерсіз үлкен әженің. Жасай беріңіз, ана! Әулеттің асқар тауы әкемізбен бірге жүз жасаңыздар! Бойлары­ңыздағы күш-қуат кемі­месін. Бала-шағаның қызығына тоймай арамызда ақылгөйіміз, тілеушіміз болып жүре бері­ңіздер.Туған ұямыз сіздермен керемет жылы!..

Гүлжахан ДАЙРАБАЙҚЫЗЫ

Пікір қалдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here